Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Азия форумы: Ортақ әдеби сыйлық пен электронды кіт...

04.09.2019 4045

Азия форумы: Ортақ әдеби сыйлық пен электронды кітапхана 12+

Азия форумы: Ортақ әдеби сыйлық пен электронды кітапхана - adebiportal.kz

Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси-гуманитарлық салада көптеген кездесулер, конференциялар, түрлі деңгейдегі сайыстар өтетіні рас. Алайда әдебиеттің дамуына негіз боларлық халықаралық форум Тәуелсіздік тұсында өте сирек ұйымдастырылды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бүгін елорда төрінде «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы» шымылдығын түрді. Әдебиет айдынындағы түрлі жаңалықтарды, әдебиет пен қоғам арасындағы рухани байланысты, түйіні шешілмеген күрделі проблемаларды жаһандық деңгейде саралайтын бұл форумның түркі мәдениетін, оның ішінде қазақ мәдениеті мен әдебиетін дамытудағы маңызы зор.

Форум басталмас бұрын тілшілерге сұхбат берген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет келешекте әдебиет бойынша Нобель сыйлығының құрлықтық баламасы – Үлкен Азия сыйлығы тағайындалуы мүмкін екенін тілге тиек етті. Ол: «Бұл форумда үш жылда бір рет Азияның бір мемлекетінде осындай жиын өткізу туралы ұсыныс айтылады. Сонымен қоса, Азия кеңістігінің, құрлығының өзінің Нобель сыйлығы сияқты – Үлкен Азия сыйлығын тағайындау мәселесі талқыланады. Бүгін эстафетаны бір елге беруіміз мүмкін. Осы форумның қорытындысында екі томдық антология жарық көреді. Біз барлық қатысушылардың баяндамасын жинап, сегіз тілге аударамыз. Көркем шығармаларын жинап, антологияға қосу – екінші мәселе. Осы ғимаратқа кірген бетте Азия әдебиетінің көрмесі жасақталды. Азия кітаптарының Қазақстан астанасының төрінде шоғырлануының өзі – Азия елдері ақын-жазушыларының ынтымағын, бірлігін аңғартады деп есептеймін», - деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы.

Әдеби форумды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз алғысөзімен ашып, Азия елдері қаламгерлерінің байланысын арттырып, дүниетанымын жаңаша қалыптастыруда ортақ электронды кітапхана ашу керек екенін атап өтті.

«Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті. Бұл Азияның теңдессіз дүниетанымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз. Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы – қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін. Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүниежүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып, білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни, 2,5 млрд оқырманға тарайды», - деді Қ.Тоқаев.

Президент айтқан тың бастама Азия елдері қаламгерлерінің әлемдік деңгейде танылуына сеп болары сөзсіз. Себебі қазіргі жаһандану заманында электронды оқу құралдары, заманауи кітаптар, цифрлық жүйеге көшкен кітапханалар - барлығы да Азия мемлекеттерінің өркениетін, мәдениеті мен әдебиетін жан-жақты танытуда таптырмас мүмкіндік екені белгілі.

«Алдымен, Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан, әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек», - деді Президент.

Шара барысында сөз алған қонақтар жаңа идеяларымен, тың жобаларымен бөлісіп жатты. Оның ішінде Әзербайжанның әйгілі жазушысы Анар Расул оғлы Рзаев күллі түркі әлеміне ортақ тұлға Қорқыт туралы фильм түсіруді ұсынса, Тәжікстанның халық ақыны Гулназар Келдиев Азия қаламгерлеріне ортақ журнал шығару керектігі жөнінде бастама көтерді. Ал форумда ерекше баяндамасымен көзге түскен Нобель сыйлығының әдебиет саласы бойынша номинанты Ко Ын Азия әдебиеті батысты бағдар тұтпай, еркін дамуы керек деген пікір айтты.

Форумда сөз сөйлегендердің қатарында белгілі жазушы Төлен Әбдік те болды. Оның айтуынша, елордада өтіп жатқан Азия қаламгерлерінің І форумы – әлем әдебиетшілерінің, жазушыларының басын қосу деген сөз. «Жазушының мақсаты – қоғамның бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерін сіңіру. Ал егер адамның бойында ізгілікке деген сенім, қылмысқа деген жеккөрініш сезім болса, бірін-бірін құрметтей алса, жер бетінде соғыс та, терроризм де болмайды. Сол себепті, біз көркем әдебиетті насихаттауымыз керек. Әлем әдебиетінде пікірлесу, өз проблемаларын ортаға салу деген болу тиіс. Сондықтан, біздің Жазушылар одағы ұйымдастырып жатқан бүгінгі форум өте қажетті шара. Біз бүкіл әлемдік әдебиеттің бір бөлшегіміз. Тек қазақ халқына ғана қажеттіміз деген болмайды. Өйткені, ізгілік, адамгершілік, махаббат деген ұғымдар барлық халықта бірдей. Адамзаттық құндылықтар бәрімізді біріктіру керек», – деді Төлен Әбдік.

Айта кетейік, халықаралық жиынға Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, жазушылар одақтары мен қауымдастықтарының төрағаларынан құралған 90 қонақ келді. Олардың барлығы да өз елінде ең танымал тұлғалар деуге болады. Солардың арасында Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері, бейжіңдік жазушы, қандасымыз Әкбар Мәжит те бар. Жалпы, бұл форумға Қытай өзінің үш жазушысын жіберіп отыр. Ирандық Сайид Ходи Киесари де парсы әлемінде көзі тірі жазушылардың ең танымалы саналады. Ресейден Анатолий Ким бастаған 5 әдебиетші, Үндістаннан «Дурбапутра» романының авторы Амар Митра, Малайзиядан ғалым-ақын Мухамад Саллех, Вьетнамнан «Тексіз адам тарихы» кітабының авторы Хуан Дук сияқты танымал әдебиет өкілдері қатысты.

Біржан Ахмер

Суретке түсірген: Бауыржан Жуасбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар