Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бағашар Тұрсынбайұлы. Аз өлең туралы қысқа пікір...

23.09.2015 4097

Бағашар Тұрсынбайұлы. Аз өлең туралы қысқа пікір

Бағашар Тұрсынбайұлы. Аз өлең туралы қысқа пікір - adebiportal.kz

 

«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға «Жан-Арым» атты жыр жинағының авторы, ақын Қуаныш Медеубаевтың өлеңдеріне әдебиетші, Бағашар Тұрсынбайұлының жазған пікірін ұсынамыз.


 

www.adebiportal.kz


 


 



 

11187262_367851003405358_8733518647323782208_o.jpg

КӨК ҚАҒАЗ


 

Тағы да бетіңді аштым көк дәптерім,

Күйбеңін жаза берем, соқтап ненің?!

Өз жолыма адасып қайта түсем,

Өз жанымды өз арым соттап менің.

 

Көк дәптерім бар жиған жыр байлығым,

Күллі адамзат түбінде тыңдай ма, ұлын?

Өнерімен қымбат қой жаным мынау,

Бұл тағдырға әйтпесе сынбайды кім?!

 

Бұл тағдырға кім әйтсе патша еді,

Құдай деген бір абыз ақ шал еді.

Мен өнердің құдайы ар деп едім,

Тірлік бірақ құдайың Ақша деді.

 

Сатылған мен сатқындық жайлаған ен,

Өмірді мен ақшаға байламап ем.

Патша асқынған дертінен айыққанша,

Ақша астында қор болған, қайран әлем..!

 

М.М.- ға...

 

Өлең - өмір ізінің соқпақтары,

Соқпақтардың танабын от қақтады.

Өлең ғана соғып тұр, жаным құсап,

Тәнім күре тамырын тоқтатқалы.

 

Тәңір өзі жіберген көр деп мені,

Өлең - қыстың қырауы өрнектегі,

Одан асқан керемет көргенім жоқ,

Болса сәби шығар, ол жөргектегі.

 

Өлең – тамшы, құлайтын гүлге бірі.

Жазған күндер, содан соң түндер ұлы!

Әр ақынның қолымен хатқа түсер,

Өлең шығар өмірдің күнделігі...

 

Өнер шығар өмірдің қан майданы,

Өмір болса, тамшы ғой таңдайдағы.

Сені аңсап жазатын, шалғайдағы,

Өлең деген жазулар маңдайдағы...

 

 УАҚЫТ

 

Өмір өтіп барады сағаттарда,

Сағат жылжып жатқанда тағат бар ма?

Ай төсінде егіліп жылап жаттың,

Ақша бұлттар сырыңды таратқанда.

 

Өмір өтіп барады мезгілдерде,

Қылмыскермін, байланған жез күрмеуге.

Өмір өтті, өтті әне уақыт, бақыт,

Сүйдім деуге үлгермей, сездім деуге.

 

Өмір өтті, өтті әне дәуірлерде,

Сен кеткелі жанымды тәуір деуге,

Дәтім бармай, көшеде қалдым жалғыз,

Жеңіл күлкі, ой зілді, ауыр кеуде.

 

Өтіп жатыр осылай мезгіл уақыт,

Болмайтынын білемін жездің жақұт.

Жылдар жылжып уақыт көп тұрғанмен,

Сен уақытша екенсің, сездім, бақыт...

 

 

ТӨЗІМІҢ ҚЫЛ КӨПІРДЕ ТАУСЫЛҒАНДА...


 

 

Кеудеңе бұлбұл қонып ән салғанмен,

Пендеге сезімді айтып жар салғанмен,

Ол адам сені мүлде күтпесе егер,

Вокзалдан жаның ұшып қарсы алғанмен,

Вокзалдан сағынысып күткеніңде,

Одан басқа ойламай түк те мүлде,

Ақталмаса үмітің, қоңыр кеште

Сағыныш секундтары біткенінде,

Айналып күзгі бақта даусың зарға,

(Шіркін-ай, күздей мұңды маусым бар ма?)

Өз үнің өз кеудеңнен шықпай қалып,

Төзімің қыл көпірде таусылғанда,

Жүрегін мұхиттағы мұздық қылып,

Сол адам жоғалғанда күзді ұқтырып,

Ең соңғы кеудеңдегі дем біткенше,

Ең соңғы үмітіңді үздіктіріп,

Күте біл, сарғая біл, сарыла бір,

Көктем кеп екпесе де бағыңа гүл,

Сезім бар жүрегіңді жылатпа да,

Ең іңкәр сәттеріңді сағына біл...

 

 

СОҚПАҚ

 

Шығыстың Ұлы Қытай қорғанындай,

Орыстың Сібірдегі орманындай,

Әр қадам басқан сайын қиындаған,

Жалғаған болашаққа жолдарымдай,

Көсіліп даңғыл жол көп жатсадағы,

Кеудеме шабыт құйып ақ самалы,

Даланың соқпағына қайта түсем,

Қаланың жүрмейтұғын патшалары.

Сол соқпақ аман сақтап сүргіндерден,

Сан белеске шығарды жүргім келген.

Ол өйткені пәк еді, ардың жолы,

Балалығым сияқты бір күн көрген.

Бақытын бұлдайтұғын бір күн берген,

Қалалық қаңғыбасқа күлгім келген,

Жолдардың торабында ғайып болған,

Әкемнің қайда екенін білгім келген,

Соқпақтың сүрлеуінде сүргін сүрген,

Қайғымды шаңға көміп, күлкім сіңген,

Өмір деген осынау соқпақ екен,

Өкінішке сыймайтын бір күрсінген..!

 

 

МЕН КЕЛЕМІН...

 

Періштеге жыр жазғым келгенімен,

Білмеймін, сүйдім осы пендені мен.

Жеңілгеннің мұңдасы болдым білем,

Дос болуға жарамай жеңгенімен.

 

Көз алдыма пәрәнжі тұтқанымен,

Басқа есіктен іздедім тұтқаны мен.

Ұтылғанның қасында табыла алмай,

Бірге шарап ішіп ем ұтқанымен.

 

Әрбір қазақ, досым ең, боздағым ең,

Оз тұлпарым, шабытты қозға күрең.

Озбағанның мен шаңын бірге жұттым,

Бірге көрмей бәйгені озғанымен.

 

Солай, солай, күрсінген таңда күрең,

Бақыт аулап уақыттың қармағымен,

Бәйге ұтқан тұлпардың арманымен,

Мұңын бірге бөліспей қалғанымен,

 

Мен де келем, бәйгеде шалыс баспай,

Өтірікті соңымда алыс тастай,

Жалғанынан ерте озған ақын құсап,

Арманынан жөңкілген қалыспастай,

 

Мен келемін. Келемін жолда күрең,

Қапталымда жарысқан жорға кілең...

Бар ғұмырдың шындығын жазып келем,

Тағдырымның жазылған жолдарымен.

 

 

 

ӨЛГІҢ КЕЛГЕНДЕ...

(Л.М.-ға)


 

 

Шоқтай қызыл еріндерің асыға,

Нарттай қызыл раушан тақтың шашыңа,

Әлемдегі жалғыз Муза сияқты,

Әлемдегі жалғыз Ақын қасына,

 

Аялдадың, баяндадың мән-жайды,

Сүйер едім, іңкәр көңіл сондай-ды,

Күйер едім, өртке шалып таңдайды,

Сезім кімді алдайды?

 

Сен өлімге... Мен өлеңге асықтым,

Батыры кім, батылы кім, жасық кім?

Мен өзеннің өз арнасын бұра алмай,

Сен теңіздің телегейін тасыттың.

 

Мен өзіңе, ал сен маған ғашық па ең?

Өз шерімді жұттым күміс қасықпен.

Тамшысынан үміт күттік нөсердің,

Алшысынан түспейтұғын асықпен.

 

Мен де құса, сен де іңкәрсің бар ма амал?

Бәлкім біздер бірге күтер таң да бар...

Өзге кіммен бақ табармын сапарда,

Өз жолыңды сен де енді таңдап ал.

 

Тағдыр солай, өмір солай кембағал,

Бұл жазмышқа жаса өзің енді амал.

Тамұғымда қалам жалғыз, жалғызбын,

Жұмағыңа бара алмай сен барар.

 

Ұмыта алмай, өшіре алмай өткенді,

Сен де бәлкім қимай жүрсің көктемді...

Өмірімнің соңы менің көп нүкте,

Сен өмірге қоя алдың ба, леп белгі..?

 

Сенен жаным, еркелігің бітпесін,

Менен жаным, бақытыңды күтпеші.

Өміріңнің соғып тұрсын сағаты,

Өлеңімнің қойылғанша нүктесі.

Белгілі ғой бітпесі...

Күтпеші...

 

ҚАРАША

 

Ай құлады аспаннан айдыныма,

Қуанышты ұмыттым, қайғыны да.

Жүрегімді екіге бөліп берген,

Түсінбеймін соңғы өткен айды мына.

 

Бір адаммын деуші едім, бір жүректі,

Бір жүректі сұм жалған мың жүдетті.

Қақ жарылып бөлінген жалғыз жүрек,

Періштенің қолында дір-дір етті.

 

Кімді сүйіп, жалғанда кімді ұмыттым,

Бәлкім өткен күнімді, түнді ұмыттым.

Келерімде өмірге, айтшы әміршім,

Ақынды ма, пенде ме, кімді күттің?

 

Мен өмірді сүруді дәл осылай,

Әке болмай, біреуге ағасымай,

Тоқтатамын.

Жүректің емдеп өтсін,

Аспанда күн, немесе жарасын ай.

 

Қанша бақыт сыйлап ем саған да бір,

Қанша уақыт бересің маған дәуір?

Жүрегімді бөлді де кетті жылдар,

Сансыз тағдыр жүргенде санамда ауыр.

 

Солай, дәуір, осылай қоштасайық,

Мәңгілік пен жалғыздық достасайық.

Жеті дерек, жеті күн, жеті ғасыр,

Екі бөлек жүректі жасқа шайып,

 

Уақыт қалсын еленбей сағаттарда,

Төзім қалсын жете алмай тағаттарға.

...Бір бөлігі жанымның әнге айналып,

Қалсын бірі өлең боп парақтарда...

 

 

АСПАНТАУ

 

Аспантаудан асып көктің дерегі,

Аспан жаққа қашып кеткім келеді.

Айғайтастан дауыс салсам жаңғыртып,

Мақпал түндер көкке жеттің демеді.

 

Қайнар жақтан қайнар іздеп шөл басар,

Жұбанышым бола алмаса ол да аса,

Көктемді іздеп кетер ме еді жылыстап,

Қыран шыңдар қанаттарын қомдаса.

 

Биікке олар ұмтылса егер дәл мендей,

Жете алмайтын, төзе алмайтын дәрмен кей,

Шайтанкөлдің құдіретін аңсармын,

Сайқал мұңның суретімен әрленбей.

 

Әлем тұрса, жаным тұрса асқақ қыз,

Біраз жолды бірге жүріп тастаппыз.

Көңіл сенің көйлегіңді жұлмалап,

Өмір сенің өлеңіңе тастапты із.

 

Сол өлеңді мәңгі дос деп сайлап тек,

Сол ізбенен жүрегіңді айға ап кеп,

Маған жазған хаттарыңды, мақпал түн,

Аспантаудың мұздығына байлап кет.

 

Сол мұздықта жаным қалсын жаурап бір,

Ақ қарына ақ көңілім аунап құр,

Шайтанкөлге сіңіп кеткен жастарым,

Мұзға айналып, Аспантаудан баурап тұр.

 

Өзім тұрмын мұз-сүңгілер пішінде,

Сол биіктен сен де жаным кішірме.

Сен жыларсың, сол мұздықтар ерісе,

Жылап келіп, жылап кету үшін де...

 


 


 

Аз өлең туралы қысқа пікір


 

 

Bagashar.jpg

Авторын білмей, шығармасына пікір айту әрі оңай, әрі қиын. Оңайлығы –танымайтын авторға өз ойыңды бүкпей, тайсақтамай айта аласың. Қиындығы – оқып отырған шығармаңның жақсы жағын аз байқап, қиянат жасап қоям ба деген қорқыныш.


 

Маған берілген жеті бет өлеңнің авторы туралы ойым әр өлеңін оқыған сайын өзгерді. Бір қарасаң, төселген, поэзияның техникасын жақсы білетін, өзіне дейінгі ақындарды әжептәуір оқыған қалам иесі. Енді бірде өлең жазуды жаңа бастаған жас ақын.


 

Өлеңдерінің тақырыбын қарасаңыз, «Көк қағаз», «Уақыт», «Соқпақ» деп келеді. Толысқан ақындардың бұндай тақырыпқа өлең арнаулары сирек кездеседі. Көбіне жас ақындар осындай өлеңдер жазады. Ол үлкен ақындарға еліктеушіліктен туған құбылыс. Өмірінің ылдиы басталған, өмірлік те, рухани да тәжірбиесі мол ақындар өздерінің ғұмыр сапарынан түйгендерін осылай өлеңге түсіруге құмар келеді. Ал жастың құмарлығы – ақындық атаққа ұмтылғаны. Бұл автордың осы тақырыптағы өлеңдеріннен рухани тәжірбиесінің аздығын, пайымның әлі балаңдығын байқайсың. Өлеңдерінің ұйқасы болғанымен, стильдік құрылымның тұтастығы жоқ. Әр тармақта бір-бірімен қабыспайтын ойлардың төртеуі төрт жаққа қарап тұрады. Бұл өлеңнің поэтикалық қуатын әлсіретеді. Өлеңнің жазылуының сөзсіз сыртқы себебі болуы керек. Ештеңе әсер етпей, жәй қағаз, қалам алып, бір тақырыпты өлеңге айналдырудан поэзия тумайды. «Саусақты сорып жазу» деген сөз сондай әдетке айтылған болса керек. Оңай, қиналмай жазған шығарма қашанда арзан, бағасыз. Бұл жерде екі түрлі қиналу бар, азаптан жан қиналу, жақсы жазу үшін қиналу. Жан қиналу дегенде автордың өлеңдерінің көбі мұңға, арызға толы. Сол үшін де жан азабын кешпей жазуға болмайды. Қолдан қайғы жасау, қолдан қуаныш жасау – жасандылық. Әл әдеби шығарма қай кезде де шынайлығымен құнды. Махаббат туралы өлеңде зарыққан сағыныш пен жан сүйінетін ләззат болмаса, қалай болар еді?..


 

 

«...Өмір өтіп барады мезгілдерде,

Қылмыскермін, байланған жез күрмеуге.

Өмір өтті, өтті әне уақыт, бақыт,

Сүйдім деуге үлгермей, сездім деуге.», - деген шумақтағы соңғы екі тармағы шын мәніндегі уақыттың тездігін, өмірдің жылдам өтетіндігін әйбат жеткізген. Сүйіп, тіпті, сізеп үлгергенше өмірдің, уақыттың, бақыттың өтіп кететіндігін аса бір нәзіктікпен жеткізген. Бұл «М. М-ға» деген өлең автордың өзіне арналғандай сезіледі. Өзіне өзі ескерту жасаған ақынның сөзі сияқты. Айна алдында тұрып өзіне есеп берген жанның кейпі. Осы өлеңді:


 

«...Жылдар жылжып, уақыт көп тұрғанмен,

Сен уақытша екенсің, сездім, бақыт...», - деп аяқтайды. Сүюге де, сезуге де үлгертпеген уақыт кенет ұзарады, оның жанында бақыт мезеттік болып қалады. Ақын сол бақытын аңсайды. Бақытын іздеп, өткінші өмірге арыз айтады. Осы бір шынайы жолдар оқырманын селт еткізеді.


 

Ақынның мен оқыған өлеңдерінде тұтыс шынайылық аз. Бірақ әлгіндей сәтті тармақтар бар. Әсіресе, әр өлеңін аяқтарда сәтті шығаруға тырысады. Тапқырлыққа, оқыс ойға барады.


 

 

Мысалы:


 

***

Өмір деген осынау соқпақ екен,

Өкінішке сыймайтын бір күрсінген..!


 

 

***

 

Бар ғұмырдың шындығын жазып келем,

Тағдырымның жазылған жолдарымен.


 

 

***

Жылдар жылжып, уақыт көп тұрғанмен,

Сен уақытша екенсің, сездім, бақыт.


 

 

Бұл өлеңдерде қарапайымдылық бар. Ол жаман емес. Керісінше қазірге поэзия үшін тапшы қасиет. Бірақ сол қарапайым, сүйкімді болмысын кейбір жадағай ойлар сұрықсыз ғып көрсетеді. Шаблон ойлар, трафереттік жолдар бар. Вокзалда сағынып күту, Өмірдің соңы көп нүкте болуы сияқты ойлар қашаннан бері айтылып келе жатқан сөз ғой.


 

Аз өлеңмен ақының бар болмысын тану мүмкін емес. Қысқа жазған пікірде де байқағаныңды түгел жеткізе алмайсың. Негізгі түйген ойыңды айтасың. Бұл өлеңдердің авторы – ақын. Өлең болған соң, авторы әрине, ақын болады дерсіз. Бірақ жалпы мағынасында айтып тұрған жоқпын. Жазғандары – өлең. Соншалықты көркем болмаса да, өлеңдік қасиеті бар. Оңай жазбауға, көп нәрсені өлең қылмауға әдеттенсе екен деп ойлаймын. Көп жазу да қайратты кемітеді. Осы өлеңдерді оқығанда көбіне Мұқағали ойымда тұрды. Сол ақынға көп еліктейтін сияқты. Мұқаңның ойы, ырғағы бар өлеңдерінде. Бірақ, шалқар шабыт, төгілген сезім, шұрайлы тіл жоқ. Еліктеу ғана. Жақсыға еліктеу арқылы ғана жаңа жол табылады. Талабына нұр болсын. 


 

Жақсы өлең оқыдым. Жаңалық байқамадым. «Бәрі де баяғыдай» (Т. Шапай). 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар