Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бағашар Тұрсынбайұлы: Қазақстандық және қазақ жазу...

27.04.2016 3292

Бағашар Тұрсынбайұлы: Қазақстандық және қазақ жазушысы

Бағашар Тұрсынбайұлы: Қазақстандық және қазақ жазушысы - adebiportal.kz


8380_797250767070701_9071286504145727913_n.jpg
«Өмір туралы жазу үшін өмір сүретін» жазушылықтың өз қиындықтары барын оқырман қауым жіті түсіне бермейтін шығар. Тіпті кей жазушылар үшін жазу оңай болар. Ол мүмкін буырқанған таланттың, мүмкін жазудың салмағын түсінбеудің белгісі. Бұл екіара өте қауіпті құбылыс екенін сіздер жақсы білесіздер. Және талант пен талантсыздың шекарасы, әрі ұқсас қырлары.

Әдебиетте де, кинода да өмірдің өзінен алынған жанды оқиғалардың, сәттердің бағаланатынын ескерсек, әркім өз уақытын жазу керек. Яғни бағалану үшін. Қай қаламгер өзінің «ішінен шыққан шұбар жыланының» бақытты болғанын қаламайды.

Мануэль Перейраға берген сұхбатында Гарсиа Маркестың айтатыны бар. «Жазғанымның бәрі шындық екені шындық, қай-қайсысы болсын өмірден алған дүниелер, әйтпеген күнде бәрі құр қиял болмақ, ал қиял дегенің – Уолт Дисней. Ол мені еш қызықтырмайды. Егер шығармашылығымнан титтей де болса ойдан шығарылған нәрсе табылса, мен қатты ұялар едім. Еш кітабымда ойдан шығарылған ештеңе жоқ. «Жүз жылдық жалғыздықтағы» Маурисио Бабилоньяның сары көбелектен қорқатын эпизодын оқығандар: «Бұл не деген фантазия!» деседі. Сайтан алғыр, бұл жерде ешқандай фантазия жоқ! Бәрі де өмірде болған! Алты жасар кезімізде Аракатакадағы үйімізге монтердің келгені, сонда әжемнің ақ көбелектен қорыққаны күні бүгінгідей көз алдымда, біреулерге тәптіштеп түсіндіруге болмайтын құпия деген осы» деп ағынан жарылады. Әрине Маркес құпиясын ашты. Өйткені кейде жарияланған құпия тылсымырақ сезіледі деп ойлайды. Жасы тоқсанға таяған әйгілі Колумб жазушысы Маркестің бұл жауабын бір ғана ойы үшін жазып отырмын. Ол «егер шығармашылығымнан титтей де болса ойдан шығарылған нәрсе табылса, мен қатты ұялар едім» деген сөйлемі. Өкініштісі қазір біздің әдебиетте өмірде болмаған, құрғақ қиялдың жемісі өте көп. Мүмкін сондықтан жақсы роман, жақсы повесть дүниеге келмей жатыр. Әлемдегі үздік романдардың формаларын әдебиетімізге құр көшіргеннен біз өспейміз. Және оны қанша жерден қай «изммен» атасақ та, бір анығы ол біздің «изм» емес. Жәй көшірме, қондырғы. Біз құр көшіріп, уақиғасын қиялдан жасайтындар туралы айтып отырмыз. Бір қарасаңыз, өмірде солай болатындай көрінгенмен, қиын, күрделі тағдыр жасалғанмен оның жасанды екені көзге оғаш көрініп тұрады. Біз солардан ала отырып, өзіміздің ұлттық әдебиетпен синтездеуіміз қажет еді. Бұл пікір көптен бері айтылып та келеді.

Толстойдың шығармашылығын қарасаңыз, бәрін де өз өмірінен жазды. Және өз уақытында жазды. «Балалық шағын» жазды, ағасымен Кавказға барып, ондағы өмірін, көргенін жазды. Оның романдарындағы кейіпкерлер өзінің аталары, таныстары, замандастары. Және сонысымен құнды. Гоголь мен Чеховтың шығармалары арқылы біз сол кездегі орыс халқының рухани деңгейін көреміз. Немесе Есениннің өлеңдері арқылы Русьтің айбары сезілген жоқ па?!

Ол өз заманындағы саяси оқиғаларға тікелей қатысты өлеңдер жазды. Есенин сол кездегі ең мықты, жаңашыл ақын бола тұра, өзінің түп тамырынан айырылған жоқ. Ә. Балқыбек Есенин туралы мақаласында Н. Вольпиннің естелігенен мынадай жолдар келтіреді. «Есенин, Мариенгоф, Вольпин – үшеуі Тверьдегі Пушкиннің қола ескерткішінің қасында отырады. Мариенгоф әдеттегідей шешенси бастайды.
–Қалай оны білдіңіз бе? Сергей Есениннің кім екенін ұқтыңыз ба? Вольпин жауап береді.

–Анатолий Борисович, оны ақырына дейін сіз де, мен де түсіне алмаймыз. Ол бізге қарағанда күрделі. Міне, сіз маған алақанымдағы дүниедей ап-анықсыз, мен де сізге... Біз онымен салыстырғанда екі өлшемді ғана іспеттіміз. Ал Сергей... Сіз оны өзіңізден екі, менен төрт жас қана үлкен деп ойлайсыз ба? Жоқ, ол бізден қаншама ғасырларға үлкен!
–Бұл қалай?
–Біз бен сіздің топырағымызға, мәдени топырағымызға, арысы жүз елу жыл ғана, біздің тамырымыз он тоғызыншы ғасырда. Ал оны көне де жаңа Русь емізген. Біз ресейлік болсақ, ол орыс... ».
Дәл осы секілді тамырын қазақтан тартпаған қаламгер, өзгелер қазақстандық боп жүргенде, оның қазақ жазушысы боп қалуы қиын. Өмірдегі нәзік қатынастарды жазу үшін ерекше түйсік керек. Жазушының айтпақ бірауыз сөзін кейіпкердің аузына салғаннан, я жайдақ баяндаудан гөрі өмірдегі нақты деталь қолданған артық. Бүгінгі күні әлемдік кино өнері ерекше дамыды. Ал киноның атасы – әдебиет.

2012 жылы қытай режиссері Чжан Имоудың Янь Гэлиннің романы бойынша түсірген «Соғыс гүлдері» деген фильмі жарыққа шықты. Бұл кинокартинада 1937 жылғы қытай мен жапондардың арасындағы соғыста болған оқиға баяндалады. Сонда мынадай эпизод бар. Жау танкісін қирататын қарулары жоқ қытай әскерінің командирі алты-жеті солдаттың үстіне бірнеше граната байлап бірінің артынан бірін танкіге қарсы қояды. Пулеметтің аузынан бораған оққа байланған ажал әлгі солдаттарды жайпап жатады. Сонда ең соңғы жауынгер ақтық демімен танкімнің астына құлап, жарылғыш заттың жібін ағытады. Әр көрерменінің отансүйгіш қасиетін бұдан басқа қандай эпизодпен беруге болар еді. Ұлтына да, ұлысына да қарамастан бұл өр рух кез келген адамның жауынгерлік сезімін оятар еді.
Әр қаламгерге өз заманын жазу қиын дейді. Бірақ сұраныс та сол. Демек қиын болса да, оқырманның қажетін өтеу керек. Бәлкім біздің қаламгерлер бүгінгі күннің бейнесін жасаудан қашатын шығар. Біздіңше бүгінгі қазақ қоғамы әдебиетте көрінбей жатуының мынадай себептері бар.

Біз өткенді аңсайтын, тарихпен мақтанатын халықпыз. Бір кездері тарихты әдебиетпен жазуға тура келді. Өз тарихымызды ашықтан ашық айтқызбады. Жазушылар батырлар, ақындар туралы романдар жаза бастады. Бұл үрдістің ол кездегі мақсаты адал еді. Халыққа тұлғаларын таныстыру. Ал бүгін ол басқа сипатқа ие бола бастады. Әркім өз атасынан батыр, ақын, би жасағысы келеді. Мүмкін расымен сондай да болған шығар. Бірақ ол турады роман жазудың қаншалықты маңызы бар. Әдебиетке тигізетін нендей пайдасы бар? Жоқ. Оның орнына ғылыми зерттеу жасаса, әлде қайда пайдалы болар ма еді. Жазуға қабілетті жоқтар жазушыларды жалдай бастады. Мүмкін бір қажетін өтеген шығар. Бірақ оны әдебиеттегі жаңалық деп, жетістік деп өп-өтірік бағалаудың арты ешқандай ұшпаққа шығарған жоқ. Керісінше негатив тудырды. Жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптаған роман, поэмалар дақпыртқа қызмет етіп кетті.

Егер тарихты жазуға құмар болсақ, өз замандарының «жауы» болған Бейімбет, Жүсіпбек, Мағжан сияқты Алаш алыптарының әдебиттегі бейнелерін жазсын. Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным Алашын» қарап отырсаңыз, жан түршігерлік деректерге тап боласыз. Олар тергеуге алғандары түгел қағазға түскен екен. Тергеуші мен тергелушінің арасындағы сұрақ жауапты оқығанда драмалық шығармаңыз түкке тұрмай қалатындай сезіледі. Өйткені халықтың тағдыры жазылған. Шындық. «Бесеудің хатынан» кейін осындай халықтың тағдыры туралы пьесалар көп жазыла қойған жоқ.

Екінші себебі өмірді танымау. Өмірді көрмегендер қалыптасқан пікірді ғана жазады. Оның басқа бір жауабы боларын да ойламайтындай. Жоғарыда айтқан фильмде монастрдің оқушы қыздары мен жезөкше қыздардың арасындағы қарама-қайшылықтар мен адамгершілік қасиеттер суреттеледі. Сонда жапон әскерлері оқушы қыздардың ән салатынын біліп, полктеріне қонаққа шақырады. Ол жерге барса не боларын қыздар жақсы түсінген еді. Сонда оқушылардың орнына әлгі біз жезөкше деп айтыптайтын қыздар барады. Солай өздерін құрбан етеді. Жезөкшеде де адамдық қасиеттің, жанашырлықтың бар екенін оны көрмеген адам қайдан біледі. Өмір деген кітапта жазылған теориялардай бола бермейді ғой. Сан мыңдаған сәттердің соншалықты қыры бар.

Асқар Алтайдың «Туажатынан» заман шындығын, белгілі бір кезеңнің ахуалын аңдағандай болдық. Ауған соғысына қатысқан Байбураның басынан кешкен оқиғалары арқылы сол кездегі елдің әлеуметтік жағдайын, рухани деңгейін дәл бергендей. Мейлі Байбура әлсіз кейіпкер бола қойсын, кейіпкердің бәрі мінсіз болу шарт емес. Ол шындық. Соғысты көрген Байбура қоғамдағы өзгерістерді қабылдай алмайды. Бұл шығарма кейінгі уақытта жазылса да, 1979 жылы жазылуға тиіс шығарма еді. Оны Асқар Алтайдың өзі де айтады. Бұл роман туралы идеяның сол кезде келгені туралы. Бізді қызықтырғаны романның формасы. Жаңаша жазылған, психологиялық қабаттардың молдығы, Байбураның санасындағы сілкіністері жаңа бір тәсілдер арқылы жеткізеді. Мүмкін ол әлем әдебиеттінде бар шығар. Бірақ бізге дәстүрлі әдебиеттің үлгісімен будандасқан түрде жетіп отыр.

Өз заманымыздың әдебиетте соншалықты көрінбей келе жатқаны мүмкін заңдылық шығар. Қазіргі жастар кейін қартая бастағанда, өз замандарын аңсап, бүгінгі күнді жаза бастайды. Бүгінгі саяси жүйені мақтайды, я даттайды. Шынайы қарым-қатынастың азайып бара жатқанын ашып, адал махаббаттардың қасіретін жазар. Билік жаққа жақындап, шенеуніктердің ортасын көргендер, солардың бейнесін жасар. Мүмкін сол кезде біздің заманның кейіпкерлері әдебиеттегі өз орнын табады. Бірақ дәл сол уақыт үшін ол әдебиет тағы тарих болып қалмақ.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар