Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бағашар Тұрсынбайұлы: Тынымбай тұңғиығы...

24.04.2016 5006

Бағашар Тұрсынбайұлы: Тынымбай тұңғиығы

Бағашар Тұрсынбайұлы: Тынымбай тұңғиығы - adebiportal.kz

Жаңа ашылған «Портрет» айдарына Тынымбай Нұрмағамбетовты алғашқы кейіпкер етіп алғанымыздың өз себебі бар. Өмірдің мағынасына, адам жанының нәзік қалтарыстарына терең үңілу оның прозасына тән сипат берді. Оған жазушының шығармаларына ерекше көрік беретін юморын қосыңыз. Оны басқа қазақ жазушыларынан айырықша ерекшелей алмайтынымыз сияқты, ұқсастығын да көп деп айта алмаймыз. Бірақ олардың бәрі дәл осы жазушы сияқты оқырман ықыласына ие бола алмады. Оның артықшылығының бірі – оқырман махаббатына бөленгені.


Жолдастарымның көбі құрылыс мамандары болғаннан кейін олармен әдебиет төңі­регінде көп шүйіркелесе қоймаймыз. Кітап оқу, жазу оларға жеңіл, рахат жұмыс боп көрінетіндіктен де: «сенің жұмысың жақ­сы осы», – деп жиі айтады. Әкімдіктегідей таң­ғы сегізде келіп, кешкі алтыда шығатын қа­таң жүйенің өкілі болмағаннан кейін де мен солар айтқан «жақсысының» мәнін тү­сіне қоймаймын. Сірә, таңғы сағат он шама­сында жұмысқа келіп, мақала жазу үшін берілетін уақыт еркіндігін кейде шамадан тыс, асыра пайдаланып жүрген «еркелігі­міз­ді» жақсылық деп ұқса керек. Әйтпесе, жазуын кәсіп етіп жүрген адам үшін мақала жазудан қиын дүние болсын ба?! Маған сал­са, солардың жұмысы – рахат.


Оларға жазудың қиындығын, кітап оқу­дың ләззатын да түсіндіріп әуре болмаймын. Дегенмен, олар ара-тұра «оқитын кітап айтшы, кітап оқымағалы көп болды», – деп қи­­ғылық салады. Тура сол сәтте қай жазу­шы­ны, ақынды айтарыңды білмей абдырап қаласың. Құдды бір, кітап оқитын адам се­кілді салмақтана сұрағанда, өзіңнің де көп ештеңе оқи қоймағаныңды аңғарасың-ау. Солай кітап сұраған бір инженер досыма Ты­­н­ымбай Нұрмағамбетовтың кітабын бер­ген­мін. «Соғысқа кеткен балалары оралмай, ағаштарға мұңын айтқан ана туралы әң­­гімесін оқып жыладым», – деді.

Тынымбай Нұрмағамбетов прозасы оқыр­ман таңдамайды. Оның жазушылығы көпке ортақ. Бәріне түсінікті тілмен, жал­пы­ғы ортақ оймен, қазақтың жаны дейтін құн­дылықпен оқырмандарын ізгілікке ша­қырады. Оны эпикалық жазушы деп айта ал­маймыз. Романистерге тән үлкен жазу­шы­лық тынысын да осы уақытқа дейін көр­сет­кен емес. Оның жанры: повесть пен әңгіме.


«Жалын» журналының жабық бәйгесінде жүлдегер болғаннан бүгінге дейін жазушы шығармашылығын тамсана оқымаған адам аз. Бердібек Соқпақбаевтың бір ғана жылы сөзі тек жазушылық сапарына ақ жол тіле­ген аға пейілі емес еді. Жас қаламгерге өзі де үлгі болды. Бар шығармашылық, адами бол­­мысымен де. Қарапайым тұрмыстың иелерін, олардың өмірі мен мінезін, ауыл тағ­дырын, сондағы қазақ хәлін жазуды өзі­нің басты тақырыбы етіп алған Тынымбай Нұрмағамбетов тек қана шынайы жазуды мақсат етті. Оны оқырмандары сол нәзік се­зімі мен шынайылығы үшін жақсы көреді десек те болатындай. Осы уақытқа дейін жазушыға деген оқырмандарының махаббаты бір кеміген жоқ. Қайта керісінше, жыл­дан-жылға артып келе жатқанына оның про­засынан артық ештеңе жауап бере алмас еді. Ол туралы мақтау сөздер тек қана жа­зылып қойған жоқ. Халық (оқырман) ішін­де ауызша да айтылып келеді. Көбіне мақ­тауды оқып үйренген біз үшін ауызша ай­тылған мақтау бағалырақ көрінеді. Өйткені, оған ешкім тура сол сәтте айт деп тапсырыс бере алмайды. Адам көңіліне жаққа­­н ­дү­ние­­сін жүрек сөзімен айтады. Және ол көпшілік ор­тасында емес, әр жерде жиылып алып, өлең, роман, әңгіме туралы сұхбат­та­са­тын шағын мәжілістерде сөз болады. Сон­дай қан­шама мәжілісте Тынымбай аты мақталды десеңші. Дәлелді, дәлелсізі бар бұрқырап жатқан сөздерден аңғаратын бір нәрсеміз – олардың Нұрмағамбетовке деген шексіз сүйіспеншіліктері еді.


Асылы, оқырмандардың жақсы көретін өз қаламгерлері болады. Біріне ұнаған жазу­шы, я ақын екіншісінің талабына жауап бе­ре алмай жататын. Жазушылардың ұс­тан­ған ағымы мен стиліне байланысты бө­­лінетіні сияқты оқырмандардың да түр-түрі болатынын сан рет оқығанбыз. Соны ес­керсек Тынымбайдың прозасын ұнатпай­тын оқырмандар да болуы керек. Бірақ біз әзір­ге ол туралы бір теріс пікірді естідік де­сек, жалған болар еді.


Өмірдің өзін жазуды дағдысына ай­нал­дырған жазушы үшін адам жанының көрінісі бі­рінші орында. Оның қай кейіпкері болса да, бар жан дүниесімен сіздің алдыңызға ке­леді. Тіпті, иті, аты, қодығы, сиыры, бұзауы да адам тілін түсініп, иесімен бірге қуанып, қай­ғырады. Бұл әдістің шығармаларына қаншалықты өң, әр, жан беріп тұрғанын оқы­ғанда ғана сезінесіз.
Тынымбай кейіпкерлері жиналып келіп бі­рін-бірі толықтарады. Кей жазушылардың әр кейіпкерін өзінше талдап, әрқайсысының өз айтары бар болып шығады. Шығарманы то­лықтай алғанда әр кейіпкер тесік сөмкенің әр жерінен салақтап тұрған сәбіз сияқты та­қырыптың шеңберін бұзып тұратын. Ал Ты­нымбайдың кейіпкерлері брезент қапқа ны­ғыздалғандай, шашаусыз, жұмыр.


«Айқай» повесіндегі Мехмедтің өлімі мен Жалаңаштауда алапес адамдардың ішін­де қалған Сұлтанның «аталап» жүгірген айғайының арасындағы жан азабы – өмір мен ажалдың ортасындағы бақыт пен шат­тықтың, дүниелік мәннің жауабы. Өкі­ніш­тер­мен көмкерілген ғұмырдың бір өрескел қа­тені түзетуге шамасы жетпейтінін айт­қы­сы келген автордың бұл шығармасы адамзат ғұмырынан ғибрат айтатын мөлтек аңыз сияқты. Түрік пен грек соғысы кезінде Арки­салай шалдың немересі Дионисті өлтірмей қал­ған «мейірімі» оның тағдырына қателік бо­лып жазылғанын ол кезде Мехмед қайдан білсін. Бір жақсылық істедім деп, өз іші­нен рахат тапқан түрік жауынгерінің өмі­рі қасіретпен аяқталар тұста өз баласының ал­дындағы кінәсы үшін азап шегіп, елсіз да­лада сол бір қорқыныштан ажал құшқан кейпі сорлылықтан гөрі өз қатесін жуып-шай­ған адамгершілікке толы еді. «Ең әуелі кә­сіп емес, мұң, шер, адам жаны бірінші кө­рінуге тиіс қой» деген Ахмет Байтұр­сы­н­ұлы­ның қағидасын Тынымбай берік ұста­на­ды. Кітап аннотациясында жазылғандай бұл шығарма соғыс туралы емес еді. Неме­се соғыс тудырған қасіреттің емі жайындағы әфсана да емес. Бұл адам жаны туралы дас­тан болатын. Әркім өз қателігі үшін жауап береді. «Қанға қан, жанға жан» деген ере­же тек соғыс үшін деп кім айтыпты. «Егер бір жамандық қылсаң, ол өзіңе немесе ұр­пағыңа қайтады» деген өмірлік тәжірибеден туған моральдік акті бірінші планда.

Жазушының осы повесінен басқа шы­ғар­малары қазақ тұрмысының, жанының жо­ғын іздейді. Оның кейіпкерлері бар бол­мы­сымен көз алдыңа келгенде өзгерген, аз­ған қазақ пен бұрынғы қазақты салыстырып көрсетеді. Екі жақты, жақсы мен жа­ман­ды пропорционалды түрде тең ұстап оты­рады. Ал «Айқай» (әлде, «Айғай») бүкіл адам­заттың ортақ проблемасына қол созады. Соғыс қай ұлттың басынан өтпепті? Қай пен­де өмірінде өзі кешірмейтін қателік жа­самапты? Кім өз қатесін түзеуге, кінәсін шаю­ға талпынбапты? Жан атаулының өзі өлер­дей қорқатын үреймен бетпе-бет келген­де жолығуға дәті шыдап па? Жоқ. Бұның бәрі адамның өз әлсіздігі. Және артық­шы­лығы да. Мехмедтің Айшенің алдындағы сер­ті жапанда қалған Сұлтанға бір бару бо­латын. Қанша қашса да, осы бір уәделі сөз­ді орындамауға оның ары шыдамайды. Орын­дайын десе, Сұлтанның алдындағы жа­зығы бар. Осы екі оттың арасында қал­ған Мехмедтің жайы тым аянышты. Хиос ара­лындағы сол баланы неге өлтіре салмады екем деген ойы тура осы сәтте өкінішке ай­наларын ол кезде білген жоқ. Ешқандай пен­де өзі жасап отырған жақсылығының да, жамандығының да кейін зор өкінішке ай­наларын білмейді. Адамның осындай шек­теулі болмысымен шындық іздеуге талпынған жазушының әрекеті тым сәтсіз де емес. Кейіпкермен бірге шарқ ұра іздеген жұм­бақ сезімнің шешуі – қорқынышты жеңу. Алдыға мақсат қою. Сол мақсаттың жо­лында жан құрбан болса да, аянбау. Адам­ның бүкіл өмірі жеке басының қуаныш-қай­ғысымен, отбасымен, оның қиын­дық­тары­мен көрікті екен. Осы компоненттер жоқ бол­са, кісі ғұмыры мәнсіздене түспек. Тіпті, өлім­нің өзі өміріңнің мағыналы не мағы­на­сыз болғанын әшкерелейді.


Сол әшкере болған кезге дейін осы дү­ниедегі уақытша сапарыңды барынша әді­лет­ті, адал, адамгершілік жолымен әсем­деу­ге талпын дейді. Бұл повестегі айғай тек қа­на Жалаңаштаудан Тороға дейін естілген Сұл­танның даусы ғана емес, бұл өмірден мән іздеген адам жанының айғайы болатын. Ары кеткенде «өмірді мағыналы сүрің­дер» деген ескерту дабылы еді.

«Сіз не нәрсені кескіндесеңіз де, ол өзі­нің шынайы жағдайындағыдан әлсіздеу бо­лып шығады» деген орыс жазушысының сө­зі рас-ау. Повестегі Жалаңаштау мен То­ро­ны суреттеген жазушы нақты пейзаждан гөрі өз қиялына көп жүгінеді. Кейіпкерінің там­сануы арқылы берілетін тау суретіне кейіп­кермен бірге ғашық болсаңыз да, көре алмайсыз.

Тынымбайдың әдебиетке келген кезі қа­­зақ прозасының мықтылары иық тіресіп тұр­­ған уақытпен сәйкес келеді. Ол за­ман­дар­да бүгін көзі кеткен жазушылардың көбі тірі. Солардың арасында жазушы болып та­нылу үшін зор шығармашылық қуат керек еді. Олардың мойындау сөзіне ие болуы мәртебе-тұғын. Бүгін жазған адамның бәрі ақын, жазушы атанып жүрсе, ол кез үшін бұн­дай құбылыс жат саналатын. Талап күш­ті, талғам жоғары тұрды. Сол талапқа жауап беріп, талғам үдесінен шығу үшін де жазу­шы­ның ізденуіне тура келетін. Сол ізденіс қа­ламгерді өзінің соқпағын қалыптастыруы­на көп ықпал етті. Мәскеудегі Горький атын­дағы әдебиет институтында білімін же­тілдірді. М.Горький атындағы Бүкілодақ­тық жастар сыйлығына ие болған қазақ жазушысының басты ерек­шелігі не еді? Ауыл тақырыбын жазатындығы ғана ма?

Тынымбай Нұрмағамбетовке дейін де, оның қатарластарында да ауыл тақырыбын жазған жазушы аз болған жоқ. Бейімбет Майлиннен бастап, «Ауыл хикаяларын» жаз­ған Оралханға дейінгі аралықта қаншама жазу­шы бар еді. Мұхтар Мағауин, Төлен Әб­дік те сол тақырыпты қаузады. Өйткені, ауыл­дан шыққан қазақ жазушысы үшін одан артық шикізат жоқ болатын. Ауылдағы қа­зақ өмірі, ауылдан қалаға келген қазақ тұр­мысы, қаладан ауылға өзгеріп барған қа­зақ мінезі де осы жазушылардың шы­ғар­маларынан көрініп жатты. Ал Тынымбай осы көріністі басқа бір ракруста берді. Ол ур­банизация басталған кездегі қазақ психологиясы еді. Сол бір аралықтағы өзгерген мінез ғана емес, сол болмыс қалай өзгерді, баяғы қалыптан не қалды, не жоғалды деген сұрақтарға өзінше жауап берді. Әкесі өс­кен, өзі қалада тұратын баланың көп ұрпақ алмаспай-ақ оңай жаңа заманның өкілі болып шыға келгенін суреттеу арқылы жазушы тез өзгергіш, еліктегіш қазақ мінезін әшкерелейді.


«Мешкей» повесіндегі Алыпхан мен Би­фатыма сол аралық кезеңдегі қазақта пай­­да болған бір мінездің иелері болатын. Кәм­песке кезінде бар байлығынан айы­рыл­ған, ата-бабасынан бері дәулет үзілмеген отбасының тақырға отырып қалғаны мен бай­лардың есебінде дүниеге ие бола қал­ған кедейдің психологиясы қалай өзгергенін кө­ресіз. Оңай олжа мен қолындағы табан­ақы, маңдай терімен тапқан мүліктен айырылу мінезді, тұрмысты өзгерткенімен бол­­мысты қопара алмайды екен. Сол сияқ­ты, тоқсаныншы жылдардың басында, же­ке­шелендіру мен коммерсанттық арқылы көп кедей байып қалған. Әкесінің ескі су­ретін көруге намыстанатын Пістегүлдің мі­незі «жаңа заманның» балаларының бәріне тән бол­ды. Әлеуметтік иерархияның ең төмен са­тысында тұрған Алыпхан аз уа­қыт­тың ішін­де байып шыға келді. Кедей кезінде де от­басының оны-мұны шаруасына көп ара­ла­са қоймайтын отағасы мұнша байлық қайдан келді деп те бас қатырмады. Жаңа өмір­ге тез үйренді. Сәбиіне тамақ берсе де, өзі бір тістеп барып ұсынатын мешкейлігі одар ары асқындағаны, шырай бітпеген де­несіне май жинап, қоңды бола бастағаны бол­маса, оған мына дүние соншалықты өз­гермеген сияқты еді. Ақыры сол мешкей­лі­гінен қарыны тесіліп, қаза табады. Тойым­сыздық ақыры қашан да – апат.

Тынымбайдың бүкіл әңгімелері мен по­вестерін екі топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы мына дүниедегі бар жақ­сы­лыққа іңкәр адамның аңсары. Ол зұлымдық атаулыға қарсы, бейбітшілік пен мейір­бан­дықты насихаттайтын, адамгершілік пен құ­дайшылықты жақсы көретін жазушының сөзі. Екіншісі тек жазушының өте жатық ма­шығымен жазылған юморға толы шығар­малары. Олар алғашқы топтағы шығарма­лары сияқты ауыр жүк арқаламайды. Тек кейіп­кер­лерінің мінезіне, әпенделігіне оқырманы еш күмәнсіз сеніп, рахаттанып, демалып оқи­тын юморлы шығармалары. Бірақ осы екі топқа ортақ басқа жазушы­ларға көп ұқ­самайтын тынымбайлық бір ерекшелік бар. Ол шын қазақы болмысты аңсау. Мұң­лы сезімге толы «Атақонысын», «Бәй­те­рек­терін» айтыңыз. Тіпті, түрік жауын­­гері туралы «Айқайын» алыңыз. Со­ның бәрінде әйтеуір қазаққа жақын, осы ізгі қасиет қазақта бол­са екен деген ой менмұн­далайтындай. Юмор­ға құрылған «Бөрібай­дың тымағын ит алып қашқан қыс» пен «Сушысын» айтыңыз. Күле отырып, демаласыз. Өзіңіз Бөрібаймен за­мандас болған­дай, я туған күннің қашан бол­ғанын әңгіме еткен ақсақалдармен бір дас­тарханда отырғандай боласыз. Бірақ сол бір әңгімелердегі қазақ дәстүрі, салты ұмы­тылып бара жатқанын еске салып тұр­ғанын да аңғарасыз.

Өз қазағын қанша сынаса да, жаман мі­незін қанша жек көрсе де, қартайған ша­ғында ешкімге сұхбат бермей, оқырман­да­ры­мен жүздеспей тығылып отырса, оның бар шығармашылық қуатын, талантын аш­қан сол өзі жек көретін, әрі жақсы көретін қазақ мінездері еді.


«Бір күні бір қоғамдық ортада Стендальға бір буржуа келіп, жұмсақ та жағымды үнмен оның қандай қызмет атқаратындығын сұ­райды. Сол сәтте тентек мінезді оның бетіне жү­гіріп шыққан мысқыл күлкіден өңі бұзы­лып кетіп, кішкене көздері ашудан жылтырай қалып, қалжың араласқан ызалы бай­сал­­дықпен: «мен адам жүрегінің ба­­қылау­­шысымен» деп жауап қатыпты. Бұл, әрине, шымшыма сұрақ қойған және жауабынан сілейіп тұрып қалған әлгі адамның бетіне найзағайдай жарқ еткізіп лақ­ты­рылған жауап-ирония еді. Дегенмен, осы ыза­лы қалжың араласқан сөз-жа­сырынбақ ойы­нында шындық та бар еді...», – дейді Цвейг. «Адам жүрегінің бақылаушысы!». Осы бір анықтама белгілі дәрежеде Тынымбайға да келеді. Оның көп шығармаларына ортақ қасиет кейіпкерлерінің өзімен өзі мұңдасуы, сырласуы. Монолог, жартылай монолог әді­сі оның бүкіл дерлік шығармаларында бар. Және сол жазушының сүйікті әдісі екеніне де күмәнданбайсыз. Әлгі досым оқығаннан кейін жылаған ананың зары монолог ар­қылы беріледі. «Атақонысындағы» шал мен жұртта жалғыз қалған кемпірдің мұңы, Мех­медтің жан азабы да осы әдіспен жа­зылған. Кейіпкерінің жан дүниесіне еніп кететін жазушы оның тап болған ситуиациясын өзі бас­тан кешіріп отырғандай жазады және оқырманын иландырады. Оның кейіпкерлері рухани күрестің қаһармандарына айналады. Шығарманы біткеннен кейін сюжет те емес, мазмұнда емес, әуелі санаңда тұрақ­тап қалып, ойыңа түсе беретін сол монолог болады. Адам жүрегін езетін сөз оқырманды мұң­лы бір тұңғиық әлемге жетелеп бара жа­тады. Әбіш Кекілбаевтың «...біздің кө­кірегімізде Гамлет рухы әлі тірі» дегеніндей, Тынымбай кейіпкерінің рухы біздің көкірегімізде қайта бір тіріледі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар