Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Байрон-Лермонтов-Қасым...

10.10.2018 9796

Байрон-Лермонтов-Қасым

Байрон-Лермонтов-Қасым - adebiportal.kz

Бүгін қазақтың ұлы ақыны Қасым Аманжоловтың туған күні. Әрі осыдан тұп-тура 80 жыл бұрын ақынның алғашқы жыр жинағы - "Өмір сыры" жарық көріпті. Төмендегі мақала осынау қос датаның құрметіне.

Бұл зерттеудің мақсаты – әлемдік әдебиеттің ірі өкілі Джордж Байрон «Еврей сазы» (Hebrew melodies) циклында жазған, кейін орыс ақыны М.Лермонтовтан тәржімалаған дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Жаралы жаным менің» (My soul is dark) аударма өлеңін өзара салыстыра отырып талдау.

Өлеңнің түпнұсқадағы және екі аудармадағы атауларын бірдей деп күмәнсіз айтуға болады: «My soul is dark» (Байрон), «Душа моя мрачна» (Лермонтов), «Жаралы жаным менің» (Аманжолов). Есімдік те, зат есім де, сын есім де тең мағынаға ие. Тек Қасым сын есімді тармақтың басына қойып, инверсия жасаған. Бұл өлеңге ә дегеннен өте күшті эмоциялық реңк беріп тұрғаны даусыз.

Байрон бұл өлеңін метрикалық (әуезді) жүйеде 4 бунақты ямбпен, екпінді соңғы буынға түсіре отырып, (мужская рифма) шалыс ұйқаспен (абаб) жазған. Бұл өз кезегінде күшті эмоцияларды беруде дәл таңдалған тәсіл. Тура осы әдіс байроншылдық өлеңге тән өршіл рух пен асау мінезді берді.

Ал М.Лермонтов өз аудармасында Байронның түпнұсқасындағы метрикалық жүйе мен шалыс ұйқасты сол қалпында пайдаланған. Бірақ алты және төрт бунақты ямбты қатар қолдана отырып, ұйқастың екпінін соңғы және оның алдындағы буынға (мужско-женская рифмовка) түсірген. Осылайша Лермонтов орыс поэзиясына бұрын-соңды қолданылмаған тың тәсіл енгізді. Екінші тармақтағы «келте қайыру» (бар болғаны үш бунақ) эмоциялық күйді одан сайын шиеленістіре түседі [1, 4]. Мысалы,

Душа моя мрачна. Скорей певец, скорей! (6 бунақ)

Вот арфа золотая [2, 152]. (3 бунақ)

Дегенмен де, бұл жерде Байрон түпнұсқасы Лермонтов аудармасына қарағанда анағұрлым еркін.

Ал Қасым өз аудармасында силлабикалық, оның ішінде қара өлең ұйқасын (ааба) пайдаланған. Негізінен 11 буынды болғанмен, төрт тармақ 12 буынды, ал 1 тармақ 10 буынды [3, 268]. Мысалы,

Бірінші шумақтың екінші тармағында:

Арфаны мынау алтын қолыңа алшы (12)

Екінші шумақтың бірінші және екінші тармағында:

Біржола үміт, арман қалмаса өліп, (12)

Кеудемде бір оянсын тебіреніп. (10 )

Үшінші шумақтың бірінші тармағында:

Мейлі әнің болсын тағы тағдырымдай (12)

Төртінші шумақтың үшінші тармағында:

Соқты енді қатал сағат толды кеудем [4] – (12).

Сонымен бірге, Қасым ақын әр тармақтағы дауыс толқынын қатаң түрде қазақтың қара өлеңіне тән үш бунаққа салған.

Енді, өлеңнің түпнұсқасы мен орыс және қазақ тілдеріндегі аударманың құрылысынан олардың өзара лексикалық сипатын талдайық.

В.Г.Белинский: «Гетеден аударған аудармалардан біз оның аудармашысын емес, Гетенің өзін көргіміз келеді; егер Гетені Пушкиннің өзі аударса да біз одан өзін емес, Гетені көрсеткенін талап етер едік» [5, 277] деген.

Бұл талапты В.В.Ивановтың: «...егер кәдімгі ғылыми-техникалық мәтінді аударуда бұл мәтіннің мағынасы еш өзгеріссіз қалу керек болса, поэтикалық аудармада өлеңнің поэтикалық үлгісі қаз-қалпында қалуы тиіс» [6, 371] деген пікірі қуаттай түседі.

Бірінші шумақ:

Байронда:

My soul is dark – Oh! quickly string

The harp I yet can brook to hear;

And let thy gentle fingers fling

Its melting murmurs o`er mine ear [7, 167].

Лермонтовта:

Душа моя мрачна. Скорей, певец, скорей!

Вот арфа золотая:

Пускай персты твои, промчавшися по ней,

Пробудят в струнах звуки рая.

Қасымда:

Жаралы жаным менің. Тез, тез, әнші,

Арфаны мынау алтын қолыңа алшы.

Жорғалап жөнелгенде саусақтарың,

Пейіштің ыңыранып күйі ояншы.

«My soul» - «Моя душа» - «Жаным менің». Көріп тұрғанымыздай, бұл жерде Қасым инверсия (орын ауыстыру) жасаған.

«Quickly» (аудармасы: «тез, жылдам») үстеуін Лермонтов та, Қасым да қайталаған («Скорей, певец, скорей!», «Тез, тез, әнші»). Бұл өлеңдегі жоғары ырғақты, қызу эмоцияны жеткізе білді. Ағылшын тілді түпнұсқада бұл «Oh!», яғни, «О!» одағай түрінде.

Аудармалардағы «певец», «әнші» қаратпа сөзі Байронда мүлде жоқ. Бірақ, ол арфаны тартушы өнерпазды көне ағылшын тіліндегі «thy», яғни, «сенің» сөзімен, яғни тәуелдеу есімдігімен аңғартса керек. Лермонтов «певец» сөзін қосу арқылы өлеңнің ырғағын жеткізсе, Қасым «әнші» қаратпа сөзін қолданумен бірінші шумақтың ұйқасын түзген (әнші, алшы, ояншы).

Ағылшынша мәтінде «арфаның» (the harp) еш сипат, белгісі жоқ. Ал, Лермонтов пен Қасым «золотая», «алтын» эпитетін қолданып, өлеңге ерекше реңк берді.

Бірақ, Байрондағы айқындалып берілген өнерпаздың «жұмсақ саусақтарын» (gentle fingers) екі ақын өз аудармаларында тек «саусақтарың» деп берген.

Түпнұсқадағы «murmurs» сөзінің тура мағынасы орысшада - «шепоты», қазақшада - «сыбдыр» және Байрон мұны арфаның үніне жатқызады. Ал аудармашы екі ақын бұл сөзді одан сайын әсірелеп, «звуки рая», «пейіштің күйі» деп жеткізді.

Ағылшын шайыры өз өлеңіне жанын қинаған қайғы-қасіретті арқау етіп алған. Түпнұсқада көкірегін алапат қайғы кернеген, бірақ, одан арылуды жан-тәнімен қалаған, қайсарлығының арқасында күш-жігерін сарқып бітпеген қаһарман тұлға бейнеленген. Ол әлі де «пейіштің күйі ыңыранып» оянар деген үмітте.

Екінші шумақ:

Байронда:

If in this heart a hope be dear,

That sound shall charm it forth again:

If in these eyes there lurk a tear

`Twill flow, and cease to burn my brain.

Лермонтовта:

И если не навек надежды рок унес,

Они в груди моей проснутся,

И если есть в очах застывших капля слез –

Они растают и прольются.

Қасымда:

Біржола үміт, арман қалмаса өліп,

Кеудемде бір оянсын тебіреніп;

Суалған көздерімде бір тамшы жас,

Бар болса, балқиыншы соны төгіп.

Қасым мен Лермонтовтың аудармасында түпнұсқада жазылған нағыз романтикалық сырлы, мұңлы «heart» (жүрек) сөзі мүлде қолданылмаған, оны орысшада «в груди», «грудь», қазақшада «кеудемде», «көкірегімде» деген сөздермен алмастырған.

Байронда жалғыз ғана үміт (a hope) бар. Бұл жерде ағылшын тіліндегі «а» артиклі «бір, жалғыз» деген мағынаны білдіреді. Ал Лермонтовта үміт көп – «надежды». Ал Қасымда «үміт» қана емес, «арман» да бар. Мысалы,

Біржола үміт, арман қалмаса өліп,

Кеудемде бір оянсын тебіреніп.

Байрондық өршіл рух өз өмірінің мәнін «қатал сағатқа» қарсы ымырасыз күресу деп біледі. Оның үлкен қасіретті көкірегінен сілкіп тастап, үміт отын қайта үрлеуі үшін бар болғаны көз жасы керек.

Үшінші шумақ:

Байронда:

But bid the strain be wild and deep,

Nor let thy notes of joy be first:

I tell thee, minstrel, I must weep,

Or else this heavy heart will burst;

Лермонтовта:

Пусть будет песнь твоя дика. Как мой венец,

Мне тягостны веселья звуки!

Я говорю тебе: я слез хочу, певец,

Иль разорвется грудь от муки.

Қасымда:

Мейлі әнің болсын тағы тағдырымдай,

Маған жат шаттық үні, о құрбым-ай.

Келеді бір жылағым, абзал жыршым,

Тұрғанда көкірегім қарс айрылмай.

Осы жердегі - дай, - ай, - май дыбыс өрнектері өлеңнің «әуестілігін, лирикалық-эмоционалдық стилін мейлінше арттырып, көркемдік қуатқа айналып, поэзиялық асқақ әуенмен шендеседі. Аудармашы ақын әдейі құрса да, не болмаса дыбыс жарастығына табиғи түрде көшсе де поэтикалық ойды жүрекке, миға шебер ұялатып, мазмұнның эмоционалдық мәнерлігін өткір жеткізеді» [8, 67].

Екінші тармақтағы, «notes of joy» - сөзбе-сөз берсе «қуаныш ноталары» болады. Лермонтов инверсия жасау арқылы «веселья звуки» (звуки веселья) деп алса, Қасым «шаттық үні» деп әуезді аударған.

Қасым аудармасындағы «тағы» сөзі «wild», «дикая» сын есімдерінің тура баламасы. Жабайы немесе асау тағдыр. Асаулық, дауылдай өршіл рух, ымырасыз күрес жолы Қасымның төл поэзиясына тән сипат.

«Жаны жаралы» лирикалық қаһарман «үміт, арманның өлгенін» құр күтіп, қол қусырып отырғысы келмейді. Ол тек қана азап пен қайғығы толы түпсіз, мағынасыз «шаттық үнінен» бойын аулақ салу үшін жан арпалысына түсуде. Осы талпынысы арқылы қаһарман өзінің күрескерлік қырын, қайғыға қарсы ымырасыздығын білдіреді. Бар арманы – ағыл-тегіл жылап, көз жасын төгіп, мұң-шерден арылу. Аласұрған көңіл арфаның үнінен, өнерпаздың шеберлігінен медет күтеді.

Байрон мен Лермонтов оған (өнерпазға) жай «minstrel», «певец» деп елеусіз тіл қатса, Қасым жүректі өз аңсарына жеткізетін жыршыға тұпнұсқа мен орыс шайырының аудармасында болмаған – «құрбым-ай», «абзал» деген сөздерді арнап, жан-тәнімен сүйеніш, таяныш іздеп, үздіге, бар пейілін төгіп жырлайды.

Төртінші шумақ:

Байронда:

For it hath been by sorrow nursed,

And ached in sleepless silence, long;

And now `tis doomed to know the worst,

And break at once – or yield to song.

Лермонтовта:

Страданьями были упитана она,

Томилась долго и безмолвно;

И грозный час настал – теперь она полна,

Как кубок смерти яда полный.

Қасымда:

Сіңіріп көп қасірет жұтқан ұдай

Булыққан жан сарайым бір ашылмай;

Соқты енді қатал сағат, толды кеудем –

Ажалдың уға толы шарасындай.

«Булыққан жан сарайын ашу» үшін жан арпалысы, мұң-налаға, зарлы күйге толы қайратты қарекеті.

Байронның трагедиялық лирикасы – ұлы істерге риясыз ұмтылыс, өмір көп қасірет (sorrow) шектірсе де өшпейтін армандары. Асыл мұраты – еркіндікке, махаббатқа, шығармашылыққа бүтіндей берілу, ең соңғы демі қалғанша поэзияға адал қызмет ету.

Сондықтан, Байрон өз өмірінің бүкіл мән-мағынасын өлеңнен, өнерден іздейді, өзге іс оған жұбаныш емес. Бұл оның осы өмірде арқалаған басты миссиясы. Ағылшын шайыры өмірінің бүкіл мәнін (квинтэссенция) өнерде деп біледі. Ал тығырыққа тірелген азапты жағдайда ақын бұл жаңаруға алтын арфа, ән-әуез, өмір сүруге деген қатты қалау арқылы жетеді. Ақтық таңдау – ашық. Еңсесін тік ұстап, абыройлы күрес жолы, Байрон өз өлеңінің соңында оқырманына жеке таңдау жасауға ұсыныс қалдырады.

Қорытындыда:

And now 'tis doomed to know the worst,

And break at once - or yield to song.

Егер осы екі жолды жолма-жол мағынасына келтіре аударсақ, онда лирикалық шиеленістің мынадай шешімін көреміз:

«Ал енді ең сорақыны білу менің сормаңдайыма жазылған екен,

Бірден үзіліп кетейін бе әлде әнге елтіп, жазмышқа бой ұсынайын ба».

Осылайша, ағылшын ақыны қасіреттен құтылудың бірінші жолын өмір мен өлімнің арасындағы мәңгілік күреске тірейді, ал екінші жолы – біржола бордай езіліп, егілуден жұбаныш табу деп бағамдап тоқтайды.

Бірақ Лермонтов пен Қасым өмір мен өлімнің арасына таңдау жасамайды.

Сондықтан да, өлеңнің соңғы жолдарының аудармасы:

Соқты енді қатал сағат, толды кеудем –

Ажалдың уға толы шарасындай, - деп берілген.

Таңдау жоқ, қасіретті қасқайып қарсы алатын асау тағдыр бар.

Ернат Қашқынов,

аудармашы, журналист

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. О. Куянцева. Компаративный анализ трех переводов стихотворения Дж.Г.Байрона «Душа моя мрачна» из цикла «Еврейские мелодии».
  2. М.Ю.Лермонтов. Сочинения в двух томах. Том первый / Сост. и комм. И.С.Чистовой; Вступ.ст. И.Л.Андроникова. – М.; Правда, 1988. – 720 с.
  3. З.Қабдолов. Екі томдық таңдамалы шығармалар. Екінші том. «Жазушы» баспасы, Алматы. 1983.
  4. www.qasym.kz – дауылпаз ақын атындағы әдеби-танымдық портал, «Аудармалары» бөлімі.
  5. В.Г.Белинский. Стихотворения А. Струговщикова, заимствованные из Гете и Шиллера. Полное собрание сочинений, т. ІХ. М., Изд-во АН СССР, 1953-1956, стр. 277.
  6. В.В. Иванов. Лингвистические вопросы стихотворного перевода. Труды института точной механики, вып. ІІ. М., 1964, «Машинный перевод», стр. 370.
  7. Selections from Byron. Moscow. Progress Publishers, 1979.
  8. С.Негимов. Өлең өрімі. Кітаптың электронды нұсқасы.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар