Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Бақыт Кенжеев: Қазақ боп жазылғанымда, әкемнің жыл...

21.07.2017 5953

Бақыт Кенжеев: Қазақ боп жазылғанымда, әкемнің жылағанын тұңғыш көрдім

Бақыт Кенжеев: Қазақ боп жазылғанымда, әкемнің жылағанын тұңғыш көрдім - adebiportal.kz

Осыдан 35 жыл бұрын Бақыт Кенжеев КСРО-дан Канадаға эмиграцияға еркінен тыс кетті. Шығармалары шетелде басылды, «күмәнді адамдармен байланысы бар» және басқа да қылмыстарға қатысы бар деп айыпталды. Ол «тіл біліп», сонда мойындалатын дипломмен кетті. «Басқа мемлекетке кетерде олардан әлеуметтік тұрғыда он жылға артта қалғаныңа дайын болуың керек», – дейді ол.

Сынау – жанашырлықтың белгісі

Бақыт Кенжеев Қазақстанда дүние есігін ашқан. Оның өлеңдері ағылшын, француз, неміс, испан, голланд, италян, украин, қытай және швед тілдеріне аударылған. Бүгінде Нью-Йоркта тұратын ақын өзінің Отанына үлкен құрметпен қарайды.

Бақыттың ата-тегіне аз-кем тоқталып өтейік. Оның ата-анасы Мәскеуде танысып, бас қосты. Әкесі Шүкіролла бұл қалаға іссапармен келген болатын. Арада көп уақыт өтпей Мәскеуде туып-өскен Елена Карасева күйеуімен Шымкентке баруға бел байлайды. Мұнда Бақыт өмірге келгесін үш жылдан кейін, яғни 1953 жылы бұл отбасы Мәскеуге бас сауғалап келеді. Өйткені үкімет 1923 жылы өмірден өткен Шүкіролланың әкесі Оңтүстік Қазақстанның ишаны болғаны туралы істі қайта көтеріп еді.

– Бәрін тастап, тез жиналып, кетіп қалдық, әйтпесе, әкемді ұстап, түрмеге жабар еді, – деп еске алады Бақыт. – Әйтпесе, менің тағдырым басқаша қалыптасар ма еді, кім білсін?!

Әдебиеттің білгірі, байырғы журналиспен әңгімеміз сол күндері қызу талқыланып жатқан ағылшын Джеймс Палмердің ЭКПО-2017 туралы жазған дүниесінен басталды.

– Журналистің өз пікірін айтуға қақысы бар, – дейді Бақыт. – Ит үреді, керуен көшеді. Байқағаным, посткеңестік елдердің халқы тез ренжігіш келеді. Біреу-міреу Қазақстанды немесе Ресейді сынай қалса – бәрі ренжіп шыға келеді, ал мақтаса – бәрі кеудесін соғады. Айталық, Францияны мақтап не жала жауып жатса да, еш селк етпейді. Мәселе, біздің жұрттың пікіріне тәуелділігімізде.

Өзім сүйіп оқитын Тһе Есоnомist журналында әртүрлі тақырыпта өткір мақалалар жиі жарияланады. Кейде журналда сыналған елдің өкілінің редакцияға жазған хаты «Оқырман хаты» бөлімінде жарияланып жатады. Меніңше, бұл демократиялық қалыпты жағдай.

Өзім қазір тұрып жатқан Америкада, болмаса, ұзақ жыл тұрған Канадада мемлекетті, үкіметті кемшілігін айтып, жақсы мағынада сынау – жанашырлықтың белгісі.

Егер Нью-Йорктың полициясының жұмысын сынап, сөгіп жазып жатса, газетке ренжіп, хат жазу оның ойына да келмейді. Олар керісінше жиналыс жасап, «біз шынында да, дұрыс жасамадық па?» деп ойланады.

Палмер сынағаннан кейін екі күннен соң Астана аэропортына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Бұл туралы естігенде қалай қабылдадыңыз?

– Мен құрметтейтін адамды осылай ұялтуға бола ма? Көшелерге, басқа да нысандарға марқұм болған қайраткерлердің есімі беріледі. Бұл, меніңше, орынсыз және талғамсыздық. Саясат туралы көп әңгіме айтқым келмейді, себебі, мұхиттың ар жағында жатып, қалағанын айтып жатыр дейді біреулер. Әйтсе де, саяси жағдайды тұтастай алып қарасақ, көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанның жеткен жетістігі көп. Әкемнің отаны қарыштап дамуда деп айта алам. Мұнда да ұрлайды, (мұнсыз бола ма?) бірақ аз, меніңше.

Нағыз азамат есеппен үйленбейді

– Тура 35 жыл бұрын сіз Ресейден Канадаға эмиграцияға кеттіңіз. Бізде де қазір жақсы өмір іздеп шетелге көшіп жатқан адам көп, көпшілігі Ресейге кетіп жатыр. Көп жылдан бері эмиграцияда жүрген адам ретінде бұған не дейсіз?

Нақты дәлел болмаса, ештеңе айта алмаймын, меніңше, бұл шындыққа жанаспайды. Өзім Ресейге көшіп кеткен ұлты орыс екі адамды жақсы танимын. Оларға Қазақстанда ұлтшылдық өршіп тұрған секілді көрінген. Сосын Мәскеуге емес (онда олар кімге керек?), Ресейдің кішкентай қаласына қоныс аударып барады. Бүгінгі Ресей қоғамының шындығын көзімен көреді: бай мемлекетте гастарбайтер боп өмір сүрген жақсы екен, жатақханада тұрып, отбасыңа ақша жіберіп тұрасың.

Олардың жоспарлап барған ойы іске аспайды, Дондағы Ростовта өз кәсібі бойынша жұмыс істеп, (бір отбасы туралы айтам. – Б.К) нан табу өздері танымал әрі беделді болған Алматыға қарағанда әлдеқайда қиын екенін түсінді. Отбасы қайта кері көшіп келді. Сол себепті, бұл сұрақты драмаға айналдырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Мен Мәскеуде жиі боламын, онда тәжік, молдаван, украин диаспорасы бар... Ал қазақтар өте аз. Оның біразы бұрын барып, сонда тұрақтап қалған қазақтар. Айтқандай, тағы бір адамды білем, Мәскеуге кетті, қайта көшіп келді, сосын қайта кетті. Бұл жолы Черногорияға кетті. Ол Қазақстанды сол баяғыдай жақсы көреді.

– Сіз туралы «канадалық Лораға шетелге кету үшін үйленді» деген қауесет бар...

– Бұл – өтірік әңгіме, біз үйленгеннен кейін Мәскеуде ұзақ уақыт тұрдық. Сосын бізді көшуге мәжбүрледі, бұл туралы сізге айтқан секілдімін. Жоқ, мен дүниесіне қызығып, не шетелдік паспорт пен қалада тіркелу құжаты үшін үйленбес едім. Нағыз азаматқа бұл жараспайды.

Эмиграция туралы не айтуға болады? Басқа мемлекетке кетерде олардан әлеуметтік тұрғыда он жылға артта қалғаныңа дайын болуың керек. Өз елімізде жүргенде туған-туыс пен достың қадірін білмейміз. Адам шетелге кету туралы идеямен ауыра бастағанда жаңа жерде бәрі дұрыс, бәрі жақсы болатын секілді көрінеді. Жоқ, шын мәнінде, бұлай емес. Өз Отаныңа қарағанда ол жақта жетістікке жету оңай болмайды. Ол санатқа кірмейтін бір топ бар, мысалы, халықаралық деңгейдегі үлкен ғалымдар, олар әлемді шарлап жүреді. Бірақ мұндай адамдар аз.

Сіз онда кеткенде тіл білетінсіз әрі қолыңызда сыртта мойындалатын Мәскеу университетінің дипломы бар емес пе еді?

– Иә, рас.

Бәрібір қиын болды ма?

– Әрине. Қазір жағдай басқаша, 35 жыл бұрынғы кездегідей емес. Елден бүгін кетіп жатқандардың сезімі де басқа. Сіз қазір Алматыда, мен Нью-Йорктамын, екеумізге де ыңғайлы уақытта сөйлесіп отырмыз. Ал ол кезде Мәскеуге қоңырау шалу үшін үш күн бұрын поштаға тапсырыс беретінбіз, бес минуттық әңгімеге менің бір күндік жалақым кететін. Кеңестік кезеңде билікте отырған құдайсыз адамдардың кесірінен қаншама адамның зардап шеккенін, трагедиялы өткен шағым туралы қарттыққа салынып айтқым келмейді. Туған-туыстың қасынан алыстап кету – проблема болса, бұл да шешілді. Солай болды, кеттік. Ұнамай ма, оралам. Тек психологиялық аспектілер өз деңгейінде бағаланбайды. Америкада жұмысты тез табуға болады, эмигранттардың (мысалы, орыстар) тұрақтап қалатыны да содан. Олар өз кәсібін атқару барысында толықтай Америка қоғамына сіңісіп кеткенімен, жақын достық қарым-қатынас өз жерлестері арасында ғана болады.

Адам ауылдан үлкен қалаға келген кезде оның басындағы мәселе шетелде болмайтын секілді көрінеді. Онда бәрі басқа, бәрі оңай шешіледі, ақшаны да көп төлейді деп ғажайыпқа толы мекенді елестетеміз. Мысалы, қазір Ресейден көптеген ғалымдар кетіп жатыр. Өздерінің кәсібімен жұмыс істегісі келген оларды жақсы түсінем. Әттеген-ай, олар елінде 100 не 300 доллар алады. Шетелге кетпек ниеттегі орыс зиялыларын райынан қайтармақ болған мақсатта жазылған бір кітап оқыдым. Қателеспесем, «Батыс туралы миф» деп аталады. Өтірікке толы, жалған насихат жүргізетін кітапсымақ. Ал мен барынша шындықты айтып отырмын деп ойлаймын.

Күрделі сөздермен көмкерілген ой таяздығы

Әйеліңіздің Отанына қоныс аударғанда неден бастап едіңіз?

– Өкінішке қарай, химик мамандығы бойынша алған дипломымды іске асыра алмадым. Негізінен, аудармашылық пен журналистиканы кәсіп қылдым. «Канада» радиосында, тағы басқа жерлерде қызмет еттім.

Сіз Халықаралық валюта қорында аудармашы болып қызмет еттіңіз емес пе, демек, қаржы ісіне қатысыңыз болды. Соған байланысты сұрағымыз бар, АҚШ пен Канададағы экономикалық шолушылар біздікілер сияқты түсініксіз жаза ма?

– Жазушы ретінде өзімді мазалап жүрген бір мәселені айта кетейін. Ол – орыс тілінің жұтаңдануы. Бұл мәселе Ресейде ғана емес, Қазақстанда да бар деп ойлаймын. Жастардың сөздік қоры шектеулі болғандықтан, небір «шұбар» сөздерді араластырып сөйлейді. Посткеңестік кеңістіктегі журналистиканың тілі агрессияға толы, өктем эмоция басым, кәсібилік төмен деңгейде. Оған көптеп мысал келтіруге болады. Мысалы, мәскеулік газеттің тақырыбы мынандай: «Өзбекстанның тумасы 9 жасар қызды зорлап, өлтірген». Егер Америкада осындай оқиға болып, мынандай тақырыппен жарияланса, газетке миллион доллар айыппұл салар еді. Себебі, мұндай тақырып басқа ұлтты жеккөруді күшейтеді. Америка – мінсіз мемлекет емес, бірақ онда «Үш негір ақ нәсілді баланы өлтірді» деген тақырып қоймайды. «Үш қылмыскер бала өлтірді» деп жазады.

Сіз жаңа ғана Владимир Костельман басқаратын «Сельпо» дүкендер желісі қаржыландыратын «Киевские лавры» атты әдеби фестивальден оралдыңыз...

– Қаржыландыру деу – жеткіліксіз. Ол – ұйымдастырушылардың, Александр Кабановпен қатар фестивальдің негізін қалаушылардың бірі. Қазір фестивальдің атмосферасы бұрынғыдай емес, себебі, Украина соғыстан, өз тізгінін өзі ұстамағаннан, сыртқы күштердің ықпалынан шаршаған. Белгілі себеппен Мәскеуден де адамдар келмейтін болды. Бұрынғыдай кездескенімізге де таңданбайтын болдық. Екі лагерьдің де: орыс және украинның жақтастары азайып, алауыздық ұлғайды. Мысалы, тамаша ақын Саша Кабанов екі тараптан да қолдау таба алмады. Ұлтшыл-патриот украиндықтар оны қудалап жатыр, себебі, ол Украинаны мазақ еткен. Ал орыс ұлтшылдары да оны «Дұшпанның тілінде» кітабы үшін сынап жатыр. Менің көзқарасымша, екі тараптыкі де дұрыс емес, ақын саясатқа араласуға тиіс емес, ол жақсы өлең жазуы керек. Ал Кабановтың өлеңдері тамаша. Менің ойымша, оны сынайтындар оның деңгейіне жеткен жоқ. Пушкин айтқандай, поэзия пендешіліктен биік тұруы тиіс.

Кездесуде жүрекке сәл мұң ұялағанымен, өзім сыйлайтын жақсы адамдармен кездескеніме қуандым. Вероника Долина келді. Екеуміз бірге кеш өткіздік, залда 250 адам отырды, әдетте поэтикалық кешке адам аз жиналады. Киев – сұлу қала. Он жылдан бері көктемде «Киевские лавры» фестиваліне барам. Сол аралықта фашист деп атауға болатын бірде-бір адамды көрмедім. Ал ресейлік басылымдар орыстың балаларын Киевте ұрып-соғып, күн бермейтінін жазады. Не істейсің? Жалғандыққа толы әлемде өмір сүрудеміз.

«Олжас ағай – ортаңқол ақын»

Сол әдеби кешке Қазақстаннан сізден басқа тағы кім қатысады?

– Бірнеше жыл бұрын менің қымбатты досым, ақын Ербол Жұмағұлов қатысты. Екеуіміз жақын доспыз. Ол баланың кемшілігі көп, мұны айтқаныма ренжімес, дегенмен сондай бір ақыны бар елдің өзі – бақытты ел. Ал Олжас туралы айтар болсақ, «АЗ и Я» – ғылыми кітап емес, олай десек, көркемдік-тарихи «Архипелаг ГУЛАГ» шығармасын да тарихи деуге келмейді. «АЗ и Я» – туған елін шексіз сүйе тұра, орыс тіліндегі сөздерді «қисық-қыңыр» етіп қазақшалап алатын халқына өкпелі қаламгердің қаламынан туған нағыз әдеби шығарма. Орыстың бір ұлтшыл азаматына «амбар», «ямщик», «хозяйство» деген сөздер түркі тілінен алынғанын дәлелдеп көріңіз. Демек, өркениет көшін кім бастады деген сұрақ даулы. «АЗ и Я» шығармасын жата-жастана оқып, кейбір тұстарын жазбаларыма пайдаланып жүрдім. Біздің тіліміз бен мәдениетіміз тамырының тереңдігі, көрші халық тіліндегі сөздердің кейбірі менің ана тілімнен алынғаны қуантады. «Игорь полкы туралы сөз» шығармасындағы мәні түсіндірілген тұсы әлі есімде. Олжас онда түркілік жерлеу рәсімі сипатталғанын нақты дәлелдеген.

Ербол Жұмағалиевтың кемшіліктері мен артықшылықтарына тоқталайықшы. 20 жасында «Олжас ағай – ортаңқол ақын» деп бүкіл елге жайып салды.

– Ерболдың жеке пікірі ғой. Орыс әдебиетінің күміс ғасырының поэзиясында мынандай сөйлем бар: «Бірінші қатарда отырған буржияны эпатаждап, олардың басын шампанның бөтелкесімен жару керек». Елдің назарын өзіне аударғысы келген 20 жастағы бала үшін кешірімді.

Сонда онымен мүйізі қарағайдай қаламгерлер (мысалы, Мұхтар Шаханов) пікірталастырып жатты ғой.

– Не үшін? Олжас – мықты ақын, оның бойында өз буынының бүкіл артықшылығы мен кемшілігі бар. Ол алпысыншы жылдары әдебиетке келіп, үлкен жетістікке жеткен Евтушенко мен Вознесенскийдің қатарында тұрады. Олжас Сүлейменовке «Қыш кітабы» үшін ескерткіш орнату керек. Қазақтың ұлттық сана-сезімін көтерген «Аз и Я»-ны айтпағанда, бұл кітапты жазу үшін үшін батылдық керек еді. Сталиннің заманында атып тастайтын еді, кітаптың таралымын тәркілеп, кешірім сұратты. Жо-жоқ, Олжасқа тисуге болмайды! Ерболдыкі – беделді тұлға туралы балалық пікір еді.

Жақында Евтушенко дүниеден өтті. Ол дүние салардан екі ай бұрын жолығып, пікір-таластырдық. Че Гевара туралы пікіріміз бір жерден шықпады. Мен оны романтикалық киімдегі оңбаған санасам, Евгений Александрұлы ренжіп, Че Гевара өзінің досы екенін, жақсы адам екенін айтты. Мен оны ренжіткім келмей: «Жарайды, Евгений Александрұлы сіздікі жөн» дедім. Че Гевара – қолдан жасалған батыр. Ол, шын мәнінде, Колумбияның бейбіт жұртшылығын ажалмен қорқытып, есірткі егуге мәжбүрлеген байырғы партизандары секілді қатардағы бандит болатын, джунглиде өлген оның өлімін тым әсірелеп жіберді. Фидель Кастро секілді Че Гевара да – мен үшін батыр емес, олар дамып келе жатқан елді қалдық төгетін жерге айналдырды. Куба Ресейдің ақшасына социалистик қоғам орнатып жатқанда, көршілері диктаторлық режимнен құтыла бастады. Оларда әлеуметтік тұрмыс жаман емес, ал Бостандық аралындағы елді жоқшылық жайлаған. Куба туралы аңызды естігім де келмейді, онда екі рет болып, бәрін өз көзіммен көрдім. Романтика... Қайдағы романтика? Онда романтика болса, октябрь революциясынан кейін болған шығар. «Дулыға киген комиссарлар алдымда үнсіз бас иіп тұрды», шындығында, онда лас, қан, мағынасыз энтузиазымнан басқа ештеңе болған емес. Ресейдің Литвадағы елшісінің мәлімдемесін бүгін интернеттен оқыдым, Балтика түбегіндегі үш мемлекет Ресейге «халық шаруашылығын дамытатын жерге жол мен электростанция салғаны үшін» 72 млрд. доллар қарыз екен. Сондай-ақ мақалада кезінде ресейліктерге қарағанда ол елдердің әлдеқайда жақсы өмір сүргені туралы, сондай-ақ басқа да «айғақтар» айтылады. Бұл өтірік қана емес, арсыздық. Онда СССР кезінде салынған металлургиялық комбинаттар мен «Байқоңыр» үшін Қазақстанда есеп айырысу керек. 30 жылы халқының жартысы қырылған халыққа Ресей сонда қанша миллиард қарыз? Бұл қасіретті ақшамен ұмыттыруға бола ма? Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

Бұл туралы ойлаудың өзі қиын. Себебі, бұл тақырып менің еңсемді басады.

– Менің де. Айтпақшы, мені таңдандыратыны қазақтың бұл қасіреті жайлы әңгіме соңғы екі-үш жылда ғана алдыңғы планға шықты. Орыс «патриоттарының» ақталуы қызық: «Қанша орыс қырылды, білесіз бе?» дейді. Кешіріңіз, орыс халқының саны көп, қазақ халқының саны аз. Жартылай орыс болсам да, бұл тақырып менің көңіл-күйімді түсіреді. Өз болмысыңның жартысын жек көріп, жартысын ақтап өмір сүру өте қиын.

...Араласқанды адам болудың өз қиындығы бар

Жартылай қазақ, жартылай орыс боп өмір сүру қиын ба?

– Қалай десем? Қиын. Мысалы, Америкада қазақ боп өмір сүрудің артықшылығын сезінбеймін, себебі, мұнда қазақтар туралы білмейді. Өзімді көбіне «орыспын» деп таныстырам және «таза орыс емеспін» деп қосып қоям. Ал Ресейде өзімді қазақ санаймын. Онда өзім қатты құрметтейтін «ұлтшылдар» бар: Фазыл Искандер, Булат Окуджава, Юлий Ким, Шыңғыс Айтматов, Василь Быков... Осы компанияның арасында өзімді жақсы сезінем. Олар тамаша орыс жазушылары, бірақ олар Борис Акунин, басқалар секілді шоқынған жоқ. Дегенмен, олар өздерін орыс әдебиетінде қонақ секілді сезінді. Бірақ ешқандай әбестік көріп тұрғаным жоқ. XX ғасырдағы ұлы орыс ақыны Осип Мандельштамның ұлты еврей. Ол этникалық тұрғыда орыс емес еді, өзін бөтен сезіну сезімі оның ұлылығын дамытты деп ойлаймын.

Ресейде тұрған кезіңізде сізде де өзіңізді қонақ сезіну, бөтен сезіну сезімі болды ма?

– Біраз уақыт бұрын Путин командасының «Ресейдің патриоттары мен болашағы» атты сайтына кіріп, онда өз пікірімді қалдырдым. «Бақыт Кенжеев есімді адам Ресейдің болашағы туралы пікір айтуға құқы жоқ» деп патриоттар жауап берді. Қарындасым Ғалия Мәскеуде туып, өмір бойы сонда тұрады, маған қарағанда оның кескін-келбеті қазаққа қатты ұқсайды. Ол кезекте тұрған кезінде «сырттан келгендер» деген сөзді жиі еститінін қалжыңдап жиі айтады. Күлкілі һәм мұңлы. Біз «ура-патриоттық» туралы жиі айтамыз, әсіресе, ресейліктер. Шын мәнінде, Отанын шын сүйетін адам жар салып, айқайлап айтпайды. Ол елінің артықшылығын сүйіп қана қоймай, оның кемшілігінен де қорықпайды. Орта Азияның барлық елдерін араладым, қазақ әйелдері тиісті деңгейде құрметке бөленбейтінін айтып, шағымданғанымен, өзге елдермен салыстырғанда, тіпті Ресейдің өзінде де, әйелдерді дәл қазақтардай құрметтейтін елді көрмедім. Бұл – біздің бір артықшылығымыз. Меніңше, әрбір адам өз Отанымен мақтануы тиіс. Отанды сынап жатқан кезде ұялудың қажеті жоқ, керісінше қайтсек дамимыз деп ойлану керек.

Тілді меңгеру қабілеті ана сүтімен дариды деп жатады...

– Қарапайым мысал келтірейін. Әрқайсымыздың сана түкпірімізде өзіміз үшін қымбат естеліктер бар. Мысалы, бір қарағанда балалық шағы арбатта өткен менің Мәскеуде өскен өзгелерден еш айырмашылығым жоқ секілді. Көзімді жұмған кезде мұңға батам, мүлдем басқа мейірімге толы естелікті есіме түсіргім келеді... Көз алдымда үнемі бір картина тұрады... Шымкенттегі тәтемнің үйінде шабдалы теріп, оны қақ жарып, кептіріп, сосын оны базарда сатып жүрем. Мен үшін қымбат естелік. Ал достарым мұндай естеліктің не екенін білмейді. Әрине, Бора Карасев емес, Бақыт Кенжеев болғасын да бір мән бар ғой.

Ал өзіңізді төлқұжатыңызда кім деп жаздырғансыз?

– О, Құдайым-ай! Мен бұл оқиғаны 700 рет айтқам, 701 рет айтайын. Алғаш рет төлқұжат алуға барғанымда қасымда әкем Шүкіролла Кенжеұлы болды. Он алты жасында жасөспірімдер өз ата-аналарын ұнатпайды, себебі, олар ата-анасын жолы болмаған байғұс санайды. «Әке, не үшін барасың?» деп сұрадым. Әкем иығыма қолын салып, үнсіз маған ерді. Полиция майоры: «Сәлеметсіз бе, Бақыт Шүкүроллаұлы! Сізді кеңес паспортын алумен құттықтаймын!» – деді. Ол «Төлқұжатқа орыс деп жазайын ба?» – деді, «Жоқ, мен қазақпын!» – дедім. «Анаңыздың фамилиясын алып, Карасев болуға құқыңыз бар» – деді, «Жоқ, керек емес», – дедім. «Сіз болашағыңызды ойламайсыз ба?» – деді, «Жоқ, орыс онсыз да көп қой», –дедім. Ұзақ пікір-таластан соң, ол мені ақыры «қазақ» деп жазды. Сыртқа шыққасын әкемді көрдім. Менің соғыс көрген байғұс әкем: «Бақытжан, кім боп жазылдың?» – деп мұңлы көзбен қарады. «Әрине, қазақ!». Өмірімде алғаш рет әрі соңғы рет әкемнің көзінен қуаныш жасын көрдім. Әкем жолда бұл жайлы бірде-бір сөз айтпаған. Баяғыда болған осы оқиға жүрегімді елжіретеді.

Тағы да әдебиетке оралайықшы. Владимир Набоковтың «Лолитасы» туралы не ойлайсыз? Сіздің жақын танысыңыз, балалар мен жасөспірімдердің әдептен аттамауын құптайтын Ирина Медведева ол шығарманы автор кедейліктің азабын шегіп, ақша табу мақсатында жазған «педофилдік роман» деген баға берді. Сол пікірмен келісесіз бе?

– Сөз жоқ, Ира жақсы маман, бірақ мұнысы қате пікір. Біріншіден, Набоковтың әлеуметтік тұрмысын әсірелеп, кедей етіп көрсеудің қажеті жоқ. Ол шағын қалалардағы университетте оқытушы болды, жақсы табыс тапты. Өмірінің бұл кезеңін «Пнин» атты романында суреттейді. Екіншіден, Набоков «Лолитасын» жазғанда екі тәуекелге барады. Біріншіден – әйелі өлтіреді және оның құқы бар (әйелінің орнында болсам, мен оны өлтірер ме едім), екіншіден – бұл үлкен еңбекке қаншама жылын сарп етті, Америкада кітабын шығара алмады. Алғаш рет кітап Парижде басылды, порнографиялық әдебиетті шығарып жүрген баспа шығарды. «Лолитаның» бір-екі данасын Англия мен Америкаға әкелді. Осылайша арада үш жыл өтті. Кенет Америка мен Англия оянып, тамаша роман екенін білді. Бұл – педофиль жайлы кітап емес. Бұл махаббат жайлы роман, адам эмбрион күйінен тәртіпті жексұрынға және екіжүзді-педофиль жақсы адамға және шекспирлік кейіпкерге айналады. Романның соңында ол қызға келеді, қыз баяғыдай тартымды емес еді. Жүкті, толық жиырма алты жастағы әйел. Ол романның соңында қызға азғындық жасаған адамды өлтіреді. Бұл – өмірі сәтсіздікке толы адамның үлкен қателігі еді. Ира Медведеваның пікірімен келіспеймін. «Лолита» – мәні терең шығарма. Сыншылардың бағасымен бұл кітап XX ғасырдағы Американың таңдаулы 100 кітабына кірді, рейтинг бойынша 3 орын алды. Генри Миллер туралы да осыны айтуға болады. Оның «Тропик рака» романы – боқтау сөздерге толы, еркек пен әйелдің арасындағы жабайы жақындықты жалықпай суреттеген шатпақ. Ал сол роман әлем әдебиетіндегі ең үздік жүз романның бастапқы үштігінің қатарына кіреді, өйткені, ол – махаббат туралы шығарма. Автор кейіпкерлерінің қиялмен киіндірмей жалаңаш табиғи күйінде суреттеген. Эдуард Лимоновтың «Это я, Эдичка» романы да осы санаттан. Оны да салмақты шығармалардың қатарына қоса алмайсың, бірақ ол да махаббат туралы.

Жыныстық «ауытқушылығы» бар орыстың Михаил Кузьмин деген тамаша ақыны болды. Қазіргі Ресейде (Қазақстанды білмеймін) қайраткерлердің жыныстық өміріне қызығушылық басым болуы себепті, оны «көгілдірлер» тобына не ұлы орыс поэзиясына жатқыза алмай әуре боп жатыр. Әрине, ол – ұлы орыс поэзиясының өкілі, Кузьмин кіммен кездесті, мен үшін бұл әңгіменің мәні жоқ. Оның жеке өмірінің әдебиетке қатысы бар ма? Жауап жоқ. Тұлғалардың шығармашылығын оқығанда олардың пендешілігін емес, ақиқаттың нұрын көресің. Ақиқатты қандай жолмен танытады, маңызды емес. Айтпақшы, Қазақстанда көгілдірлер туралы дүрлігу бар ма? Ресей ғой, есінен айрыла бастады.

Халықтың басым бөлігі бейтарап. Бірақ бізді адамзат жыныстық ауытқуы бар адамдардың кесірінен құлдырауға ұшырады ма деген ой қорқытады...

– Яғни, байбалам бар. Білесіз бе, 40-50 жыл бұрын гейлер өз құқықтарын қорғап, шеруілге шықты. Көгілдірлер бас қосқан барға кіріп, оларды ұрып-соғып, түрмеге жабуға тырысқан. Сол кезде ЛГБТ қауымдастығы қарсы шығып, өз құқықтарын қорғаған. Олар жеңіске жетті. Өз басым мұндай шерулерді ұнатпаймын, талғамсыз өтеді, әрине, болмағаны жақсы.

Сара Садык, camonitor.kz

Аударған Аягүл Мантай

(Түпнұсқадағы тақырып: "Бақыт Кенжеевтің қазақтығы, КСРО мен Ресей,

«Лолита» және батыстық құндылықтар туралы әңгіме )


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар