Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бақыт Сарбалаұлы: Ой түзеген оғлан...

29.08.2016 3667

Бақыт Сарбалаұлы: Ой түзеген оғлан

Бақыт Сарбалаұлы: Ой түзеген оғлан - adebiportal.kz



NUR_9787.JPG

Уақытты жақсы, мағыналы өткізудің бір жолы – өлең оқу. Ал, уақыт – Алла-тағала өлшеп берген өмірің. Міне, осы өлшеніп берілген өміріңнің бір емес, талай сәтін өлең оқуға арнауға болады. Әрине, ойлы да отты өлеңді... Әйтпесе, жалаң да жадағай «жырға» жолықсаң, өресіз, өрнексіз «өлең» оқысаң – алтын уақытың бекерге өткендей, желге кеткендей өкінесің. Шындығы да сол. Ал, ақылы бар, саналы адамда, мына жарық дүниеге қонақ адамда, бастан тағдыр кешіріп ата-бабалар үмітін ақтап, әулет жалғастығын сақтап, ұрпақ өсіріп, еңбек етуге, тіпті ерлік жасауға жаралған адамда ысырап етер артық уақыт бар ма?!


Ерте оянып жүректе арайлы үміт,

Сан үйрендім қозыны санай жүріп.

Әжеміздің ертегін әліппе ғып,

Талай жылап, қызықтан талай күлдік.


Өмір өзі екен ғой сұрақ, құрбым,

Сан сиқырлы әуенге құлақ түрдім.

Кеше үйренген, көп көрген білімдерім

Іс басында аздығын бір-ақ білдім.


Шындықтарға солай да айналды арман,

Жеңіс таптым арпалыс, майдандардан.

Үмітімнің тізгінін берік ұстап,

Түйіндедім ой жібін байланбаған.


Күнін кештім ерлену, жасулардың,

Азабында өртендім ашулардың.

Бой түзеген сұлудай жігітіне,

Ой түзедім өрінде асулардың...


Басы ашық өрелі өлең. Бір Дәулетбек Байтұрсынұлы – автор ғана бастан өткермеген, бәріміз де бастан өткергендей өмір өр-өрістері. Ашығын айтсақ, қала баласы емес, ауыл баласы және бұдан бұрынырақта бастан кешкен өмір өр-өрістері. Қазір ауылда да ертегі айтатын әже қалды дейсің бе? Дәулетбектің жүрегін жарып шыққан сыр, шындығы шымырлап тамып тұрған жыр.


Сонда осындай ой-әсерлерді ақ қағазға түсіріп, жеткізіп тұрған сыншы мен ғанамын ба? Жоқ, дұрысы – өлеңнің өзі де. Өйткені, оның өн бойында осындай мән, өнерлік сұлулық – сән, өмірмен қосанжар өрілген өлеңдік тән болмаса, бұлар жоқ болса, мен қайдан сын сөз құрастырып, не сыр айтпақпын? Бәлкім, мұндай болмыс-күй аталмыш жырмен танысқан оқырмандардың бәрінің бойында жүз-көрініс те берген шығар. Демек, көптеген «ақындарымыз», біраз халық жаңылысып жүргендей, «мата даңқымен бөз өтпейді, ата даңқымен сөз өтпейді», «жетектеген иттің түлкі ала алмайтынындай», жаман өлеңді жақсы сыншы ақтап-мақтап жақсы ете алмайды. Бұл – бос әурешілік. Енді осы себептен келіп ой түйіндесек, талдаушы қандай да бір өлеңнің ақ-қарасын ашып, барын – бар, жоғын – жоқ деп, ақиқаттан аттамауы керек.


* * *


Жоғарыда мына өлеңнің авторы Дәулетбек Байтұрсынұлы дедік. Оның осы өлеңде шын ақын екені аңғарылып тұр. Ал, ол – қалған өлеңдерінде кім? Ақын ба? Ақын болса, қандай ақын? Бізге – сыншы маған, қалың оқырман саған – халыққа жақын ба? Міне, осылай андыздаған сауалдарға да, өмірдегі кедергі-зауалдарға да нақты жауапты Д.Байтұрсынұлының «Күнәсіз мекен» (Алматы. «Нұр-Принт» баспасы, 2006 ж.) кітабы мен «Топыраққа сіңген нұр» (Алматы. «Ан-Арыс» баспасы, 2013 ж.) жинағы өзі жауап береді. Және жақсы жауап береді.


Жоғарыда біз жүздесіп, тілдескен өлең - «Күнәсіз мекен» кітабының «Өркен» атты алғашқы бөлімінің бірінші өлеңі.


Алтын табақ – күміс нұрлар тарата,

Биік тауды аймалайды таң ата.

Бір жағында – қарауытса көлеңке,

Бір жағында – балқып жатыр кең өлке.


Бір қапталы – нұрға бөксе жылынып,

Бір қапталы – тітіреткен суық, ық.

Сондықтан да күнгей менен теріскей,

Келе жатыр бір-бірімен келіспей...


Асқар тау. Екі қапталы екі түрлі: бір жағы – салқын, көлеңке, екінші жағы – шуақ, көктем. Неге бұлай? Себебін де түсіндік. Бір беті – күнгей де, екінші беті – теріскей.


Туылыппын көш жолында таудағы,

Екі адымдай күркешенің аумағы.

Боран үдеп, туырлықты жұлқылап,

Қар да сонда тұрған дейді жауғалы.


Күнгейі мен теріскейі – бәрі айқын,

Бар адамдар шалқасынан қарайтын.

Үйсінтаудың етегінде туыппын,

«Таудай бол!» деп анам жаны қалайтын.


Содан болар достарыма күнгеймін,

Бөктердегі алуан-алуан гүлдеймін.

Содан болар дұшпаныма – теріскей

Боламын да – жақтырмаймын, сүймеймін,

Олар үшін шапағатты білмеймін.


Бұл жерде де өлең өзін-өзі таныстырып, тақырыбы болған Өр Текестегі Үйсін таудың үкілі табиғатын ашып, авторы – ақын Дәулетбектің де өзі туған тауына тартқандығын әдемі әйгілеп тұр. Ол да тауға ұқсаған, достарына күнгейі – нұр төккен, қастарына – теріскей, қар боратқан адам. Айтпақшы, асқар Үйсінтаудың ішінде де оның туған жері – Тұғылшын, «Мөлдір су, айна бастау, құрақ шалғын».


Үйсіннен қайнап шығып күліп аққан,

Жағаңда таңым атып, күнім батқан.

Аққу мен қаз-үйректі қарсы алушы ем,

Көктемде қайта оралған жылы жақтан.


Дәулетбек осындай тамаша туған жерде өсіп-жетілген, ат жалын тартып мінген, қазақтың бір қызына ғашық болып, жар сүйген. «Тұғылшын, ерлік, намыс, арым сенен, Алдым ғой дарын, шабыт – бәрін сенен» Ендеше оның қазақтың бір азамат перзенті болуы, аянбай еңбек етуі, нұрлы мақсатқа жетуі, қаламын ұштап, ақындық қанасына толуы міндет. Ал, азамат болу оңай ма?!


Азамат – емес жұртқа жалпылық ат,

Ерлікке зорға келер нарқы қымбат.

Мәңгілік ала алмайды осы шыңды,

Халқының жүретіндер салтын былғап.


Дәулетбек, міне, осындай жолға ерте түскен. Қытайдағы қалың миллиардтар арасында қазақтық намысын бермеген, төменнен биікке өрлеген адамдықтан Азаматтыққа жеткен, талапкерліктен Талант тауына өткен Алаш баласы.


Бұл – оп-оңай, теп-тегіс өмір жолы емес.


Қытайда туу, сол жақта үлкен өмір жолын бастап, поэзия серкесі болуға талаптанып, атажұртқа армандай жетіп, ақындық жолын қуудың өзі-ақ Дәулетбектің тамыры терең, тағдыры берен қазақ ұлы екенін байқатпай ма?! Дәулетбек тарихи отанына 1994 жылы 30 маусымда аяқ басыпты. Тәуелсіздігіміздің ең бір қиын шағы – қаз тұрып, қабырға қатайтып жатқан кезі. Еліміз еркіндік алып, дербестікке қол жеткізбесе, ол Алматыға келмес те еді. Міне, осындай өтпелі, өткелді уақытта егемендіктің нығаюына атсалысып, тәуелсіз елдің Тәуелсіз тұлғасы болу – ерекше бақыт қана емес, ересен сын, ауыртпалық, жауапкершілік екені де дәлел тілемесе керек. Жаңа жердегі ағайынға сіңісу, жұмыс табу, отбасын бағу, баспана-пәтер жайы, қалың қытайдың ішінде қазақ атана жүріп, мұндағы өз қандастарың арасында қытай атану, сол атақты «өшіріп», Қазақ Елінің азаматы болу, ең негізгісі – жаңа Қазақ Елінің абыройлы Ақыны болу өзгелер қалай жазса да, өзі қалай жырласа да жарасар тақырып-тағдыр емес пе?!


Алатаудың етегін қоныс етіп,

Ойға салды басымнан мол іс өтіп.

Құтылып ем қытай боп кетпеу үшін,

Жіберер ме мынау жұрт орыс етіп?!


Аталып ем Қытайда «шолақ етек»,

Ат қоюдан ғажайып ғаламат ек.

«Отаным» деп оралсам, «қытай» болдым,

Тимесе екен қырсығы балама тек.

(1 маусым, 2001 жыл)


Қандай парадокс! Бірақ ащы шындық. Мұның бәрі – айналып келгенде, өз тізгінің өзіңде болмаудың кесірі, бодандықтың бостандықты құрсаулап жібермей жатқан санадағы бостандықтың жемісі. Анығын айтқанда, Дәулетбекті ақын еткен де бойына біткен талант: сөз түсіну қабілетін ұштауға қоса осындай тағдыры. Тірес пен күреске толы тағдыры.


Ақын кітабының «Күнәсіз мекен» деген атының өзі қызық та тосын. Ол қандай мекенді айтып, жырлап отыр? Мына жер бетінде күнәсіз мекен бар ма екен өзі?!


Бар екен, қадірлі оқырман! Ол – осы жинақтағы жыр мекені.


Осыған орай, еріксіз «Жыр дегеніміз не?» деген сұрақ және көлденеңдейді. Бұл жерде ақындықтың талант, тағдыр екенінің басы ашық, яғни қара жер болмаса, тіршілік те жоқтығы сияқты аксиома болғандықтан және біз оны атап, айтып кеткендіктен, әңгіме өлеңнің төл бітім- болмысына келіп тірелсе керек.


Демек, жыр дегеніміз – ең бірінші тазалық, адалдық, яғни ақынның өтірік айтпауы, екіжүзділікке салынбауы. Ақын Қадыр Мырза Әлі әдемі айтқандай, ондай қадамға бару «жыр көзіне шөп салу» ең қуаныштысы – Дәулетбек кітабы, барша туындылары дерлік осындай жасандылықтан, жалғандықтан ада.


Тіршілікті біз қалай етеміз деп,

Неше көктем ауысты, неше күз кеп...

Қия бассам кезігем қиянатқа,

Кетсем бе екен күнәсіз мекен іздеп.


Ақынның жеке басы тәуелсіздігіміздің жиырма жылында неше түрлі қиындықтар көрді, отбасына қаншама кедергі-кеселдер жолығады десеңізші. Тіпті халқының басына алуан экономикалық апат, әлеуметтік-рухани дағдарыстар да тап болды. Осындай жағдайда өзіңді аман сақтау, бейтарап қалмай, жаның ашып, жақсы көргендіктен де жақын-жұрағатыңды, туған қазағыңды әлгіндей тар жол-тайғақ кешулерден құрымай-құламай өтуге жүректен шыққан сөз-жырыңмен шамаң жеткенше жәрдемдесу азаматтық емес пе? Демек, бұл қандай да жыр атаулыға әйтеуір тазалық, адалдық қана емес, махаббат, адамшылық – имандылық, азаматтық та тән болуға тиістілігін көрсетпей ме?


Міне, осы жеке кісіге де, жырға да өте қажет үш қасиет: махаббат, имандылық, азаматтық Дәулетбек Байтұрсынұлының біз танысып, таразылап отырған қос кітабына да тән басты ерекшеліктер деп айта аламыз.


Кеткендей-ақ болсам да кеше ғана,

Келмегелі көп бопты осы араға.

Әкем менен шешеме сәлем беріп,

Басымды идім киелі босағаға.


Аңсағанда ете ме үй алыстық,

Көңіліме бір күйді құяды ыстық.

Осы ұядан өмірге жолдама алып,

Осы ұядан қымсынбай қияға ұштық.


Қайран сезім, қанатын сілте күйдің,

Қуаныш пен қайғысын бүрке мидың.

Тәңір, сенен сұранам,

ұрпағынан

Босағасын айырма үлкен үйдің!


«Үлкен үйдің босағасы» атты осы өлең жас ақын Дәулетбек әлі Қытайда жүргенде жазылған. Шымырлаған шындық жанды жандырған махаббатпен жеткізілген. Өзі туған босаға, ұшқан ыстық ұя. Солай болғанмен, жүрек Үлкен үйге – тарихи Отан Қазақ Еліне бұрылып тұр. Адамдық ықылас лүпілдеп, ақындық ұйқас та «шүпілдеп» тұр.


Бауырлар, ояныңдар,

Мынау таңғы ауадан ой алыңдар.

Қырға шық, өзенге бар,

Тауға шық, кезеңге бар,

Алдыңда жатсын жазық, ой, адырлар,

Мынау жасыл даладан ой алыңдар.


Оянды бар тіршілік,

Көгеріп көк те, міне, жатыр шығып.

Құс сайрап әнге бөлеп,

Ұшуда сан көбелек,

Ұйқыдан басың ісіп,

Жатырсың батырсынып.


Жібімей қоя – жылдар,

Дарымай ой-ағымдар.

Бас шайқап өтті күндер,

Білдің бе, кім келіп, кетті кімдер?!

Көктем келді!

Бауырлар, ояныңдар,

Мынау дарқан даладан ой алыңдар!..


Талдаусыз-ақ «түсінікті», бұлақтан көсіп алынған таза, мөлдір бір кесе судай сіміріп салатын туынды. Тек менің ойыма орыстың атақты табиғат жыршысы Михаил Пришвиннің бір жиналыста: «Бауырлар, ұзаққарғалар ұшып келді. Бәріңізді көктем шығуымен құттықтаймын!», – деп салтанатты түрде айтқаны оралып отыр. Жарық дүниенің қадірін білсек, Дәулетбек айтқандай, «көктем келгенде оянып, туған даладан ой алуымыз» қажет-ақ.


Ақын Дәулетбекте мұндай табиғат лирикасы көп. Ол да – туған жер табиғатының танымал бір жыршысы...


Міне, енді екі тағдыр – екі құрбан. Бірі – тұңғыш махаббат, ақ сезімнің ажал табуы болса, екіншісі – туған жерден жырақта, дәлірек айтқанда, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында соңғы демі үзілген қазақ Данабектің өлімі.


«Жүректе қуаныштан бар ма жұғын?

Шайналып қаны ақты бармағымның.

Бір жұлдыз мен аңсаған ағып түсіп,

Тұғыры аударылды арманымның...


Сүйген ғашық кетсе де бұрып басын,

Сағынатын жан барын ұмытпасын.

Көзін жұмған алғашқы махаббатқа,

Осы болсын мұңлы жыр – құлыптасым!»


Енді «Өсиет» деген балладаға көшсек, долыра соққан дәуір желімен Қытайдағы туған жерден шетелге кеткен Данабек қарт көз жұмарда ұрпағына мынаны айтады:


«Ат суғарғам қолыма ұстап шылбырын,

Дәл осыдан нақ қырық бес жыл бұрын.

Жеменейдің жағасына жерлеңдер,

Мәңгі естіп жатайыншы сыңғырын...»


Ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы шығармашылығында мұндай махаббат лирикасы, адам өмірінің сан алуан сыр-құпиясын ашқан, ақтарған жыр, балладалары да жеткілікті. Бұған бақсақ, оны махаббат сөзгері, адам өмірінің де жарқын жыршысы деп айта аламыз.


Мен осы мақаланы жазып бітірдім-ау дегенде, Дәулетбектің басқа өлеңдерін ысырып қойсам да, ескерілуге тиісті бір өлеңін елеусіз қалдырып бара жатқаным есіме сарт ете түсті. Ол – «Тоғыз» деген өлеңі. Мүмкін мамандығы физика пәні болғандықтан да ол жазған, жаза алған жыр шығар. Қалай десек те, бұл – маған қатты ұнаған тамаша туынды.


Тоғыз айда жарық әлем көресің,

Тіршіліктің нұрға малып көбесін.

Есің кіре қуанышқа мас болып,

Содан бастап қайғыға да көнесің.


Мектеп барып, білім алып бір-бірлеп,

Тоғыз айды өткізесің бір жыл деп.

Ой аласың жігіт болып сомдалып,

Ой аласың сұлуланып үлбіреп.


Нөлден бастап сан бітеді тоғызбен,

Қалың цифр жасалады сол ізбен.

Домбыраға тоғыз перне тағылып,

Күй атасы тұңғыш рет топ үзген...


Кәдімгі тоғыз саны. Сонда бұл санда талай жұмбақ сыр, мың бір құпия-қазына бөгіп жатқаны ма? Ал, айтыңызшы, бізде, қазақта бұрын нөл саны жоқ болды делік, бірақ неге сандар тоғызбен бітеді? Оқу жылының тоғыз аймен, үш мезгіл – тоқсанмен аяқталуы түсінікті-ақ делік; ал адам ұрығы неліктен 9 айда және 9 күнде ана құрсағында өсіп-жетіліп, жан бітіп, сәбиге айналады, жарық дүние есігін ашады?! Неліктен ата аспабымыз домбырада тоғыз перне бар?


Осы арада көкейімізге келіп, сыртқа шығуға талпынған бір ойымызды да айта кетсек... Бидай дәні көктемнің бір күні егіледі, үш айда піседі. Егілген күні – туған күні. Домбыра жылдың бір жақсы күні жасалады, сол күн – туған күні. Дәулетбектің бір шығармасы «Орным да, айлығым да, баспанам да...» деп басталатын өлеңі 1996 жылдың 29-қыркүйегі күні жазылыпты. Осы күн – оның туған күні. Ал адамның туған күні неге жарық дүние есігін ашқан күнінен есептеледі? Оның 9 ай 9 күн толғанда туғанын білеміз. Осынша күн жасап үлгерді, ендеше неге ол есептелмейді? Орайлы ой ма, жоқ орынсыз ой ма? Санама келген ойды жасыруды жөн көрмедім... Ары қарай,


Тоғызында жүйрік ат та толады,

Тоғызында сәбиге ақыл қонады.

Күн жүйесі тоғыз планетамен,

Құс жолында айналумен болады?


Неге?


Дүниеге назар салдым толғана,

Жырлар жаздым қаламымды қолға ала.

Серги түскен сексенінші жылдардың

Тоғызынан өлеңге алдым жолдама.


Сонда мұнда да бір сыр мен қыр жатқаны анық қой.


Қыран құстай көкжалдармен тіресе,

Күштілерден күшті болса мың есе.

Көңілімнен көтерілген жырларым,

Тоғыздардай толымды боп түлесе!..


Тілегіңе жет, ақиық ақындар қатарына өт дейміз де Дәулетбек ақынға...


Жалпы, ақынның «Күнәсіз мекен» атты кітабында бірін-бірі жалғастырып толықтыратын үш бөлім – жақсы бір жүйе бар. Алғашқы бөлім – «Өркен». Біріншіден, ол жас ақынның туып, өсіп-өркендеуін көрсетсе, екінші жағынан, ұлының да есімі екен. Өз өркені ғана емес, өміріміздің де Өркені ғой олар. Екінші бөлім – «Арай». Түнді түріп жарқырап атқан таң, төгілген шуақ. Біз, міне, сол арайдың сәулесіне бөленіп, күнгейін қызықтап, ара-арасында көлеңкесіне де куә болдық. Кітаптың үшінші бөлімі – «Нұр». Ақынның шын мәнінде жырлап отырғаны – Алланың нұры болғанымен, ол өмірдің де нұры. Расында да біздің бұлай бөліп, жіктеуіміз жөн емес. Өйткені, жер бетіндегі тіршілік те – он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла-тағаланың нұры. Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дейтіні де сондықтан ғой. Дәулетбектің өзі де осы себепті жаңа «Топыраққа сіңген нұр» деген кітабында:


Тән – топырақ, жер шарынан бірден-бір,

Жан – Алладан рух болып сіңген нұр.

Тіршілікті жалғап тұрған жүрегім,

Хатқа түскен өмір әні – сыр мен жыр, – дейтіні осы себепті болса керек.


Аллаһ, Аллаһ! Бәрін де байыптаған,

Бір-біріне тірлікті лайықтаған.

Аллаһ деген Нұх та аман, қайық та аман,

Қара түнек Аллаһсыз айықпаған.

Қандай шебер қарасаң Алла ісіне,

Енші берген туралап әр кісіге.

Ал, пенделер өмірде кім болады, –

Байланысты ол иман, ар күшіне.


Осы жолдар Дәулетбек ақынның дін Исламды, Хақтың ақ жолын, құдіретін жырлауда адаспай дұрыс бағытта, Абай хакім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы салған сара ізбен келе жатқаны қуантады. Алланың жалғыз діні – мұсылмандық екені ақиқат. Алайда мен адамға Алла көрсеткен тура, ақ жолды, имандылық парыз, заң-қағидаларды дұрыс түсінбей, догмаға айналдыру да Алла жолынан біліп, бәлкім, білмей адасу деп ойлаймын. Мұның себебі: Алланың пәрменісіз, хикметінсіз таң атып, күн шықпайтыны қаншалықты рас болса да, маңдайыңдағы пешенеңе негізгі нәрселер жазылып қойылғанмен, сенің жақсы болуың да, жамандық жасауың да соған байланысты деу де Алла «бұйрығын» теріс ұғынуға сайса керек. Біріншіден, бәрін: игілікті де, иттікті де Алла өзі жасатса, таңда мақшар күнінде бұл Құдай алдында жауап беруде қандай қисын-мән бар?! Екіншіден, бәрін Алла-тағала өзі белгілеп сызып қойса, оқуың да, тоқуың да, қандай ғұмыр кешетінің де күні бұрын мәлім болса, қанша талпынып, қайрат көрсетіп, күрессең де, артық ештеңеге жете алмасаң, онда ондай өмір сүруде қандай қызық-шыжық бар?! Жоқ, ағайын, қалың оқырман қауым, онда Алла ми-сананы, ақыл-ойды, бес сезім – жалқы жүректі, екі көзді, мың-миллион сөзді, қос қолды, күш-қуатты, неше түрлі мүмкіндікті адамға не үшін берді? Демек, гәп – басқада, яғни жалпы алуан түрлі мың сан бағдарламаны Алла сызып-жасап бергенмен, соны қалай және қаншалықты орындау – өз қолыңда. Міне, осы себептен де Мао Цзедун болуға да, Мырқымбай боп қалуға да хұқың бар. Міне, сондықтан да өмір тәтті, қызық. Бірақ бәрібір өмірдің өткінші, жалған. Себебі мұнсыз тағы мән жоқ, мәңгілік жоқ. Қайран ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров осы себептен де: «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен», – десе керек. Біздің Дәулетбектің де:


Тудым, өстім, өмір сүрдім – бәрі шын,

Өлудің де өткіземін барысын.

Бақи жақта өлшенбейді байлығым,

Сынға түсем имандылық – тақ үшін.


Туралықтың туы тұрды кейпімде,

Аллаһ тұрды жүрегімнің сейфінде.

Атақ қумай, шатақ қумай келем мен,

Сөзім қалсын «Иман қуған» дейтіндей, – деп жырлағанындай, жүрегімен мына күнәлі өмірден «безініп», жырымен күнәсіз мекен мүсіндейтіні де сондықтан.


* * *


Енді осы арада мен халықтың «Теңіздің дәмі тамшысымен білінеді» деген қанатты сөзіне жүгінсем де болады. Өйткені, біз келтірген мысалдар Дәулетбек Байтұрсынұлының асыл адамгершілік (имандылық) суатын да, өзіндік ақындық қуатын да жеткілікті байқатады десек жаңылыспаспыз. Ал бұларды да жан-жақты қамтып, тереңдете түгелдеу де – ауқымды, арнайы зерттеудің еншісі. Біздікі – ердің жасы елуге келіп, елінің алдында есеп беретін кезеңге алқынбай, сарқылмай жетіп отырған ізгі іні, абзал Адам, ардақты Азамат, арқалы Ақын Дәулетбек Байтұрсынұлының бай ақындық дәулетін, рухани-әдеби қазынасының сұлу сәулетін қалың оқырманға таныстырып, таныту тұрғысындағы құтты қадам болса ғанибет.


Мен мұндай мүшелтой кезінде тек мақтап, ақтайтын әдеттен бас тартып, Дәулетбек ақынның осындай елеулі, толысқан творчестволық әлемінде өзі ескерер алдағы уақытта жол бермесе, өлеңі бұдан да өңдене, өрнектене түсер кемшілік-осалдықтар бар ма дегенге де сәл жауап бере кеткен жөн шығар деп ойлаймын.


Жалпы өнер-өмірдің заңдылығы – мықты, мінсіз нәрселер халық түсінерліктей, халыққа қызмет етерліктей, халықты түзерліктей тамаша ғана емес, қарапайым болады. Меніңше, Дәулетбек өлеңдерінің табиғилығы, өзі жырлап отырған өмірдей қарапайымдылығы – жақсы да басты қасиеті. Тек, осы кейде қарабайырлыққа ұласып кетеді екен. Өлеңнің өзіндей емес, мақаланың сөзіндей болып. Мұқият қарап, Дәулетбектің өзі жүрегінен қайта бір өткізсе, бұлар оп-оңай тауып алып, жетілдіруге болар жекелеген жолдар, сөздер. Мен, сондай-ақ, Дәулетбектің мынадай бір:


Отты өшірер мөлдір, тұнық суданбыз,

Ауаменен егіз болып туғанбыз.

Орнықтырып бір Алланы жүрекке,

От ұшқынын ортамыздан қуғанбыз, – деген шумағындағы ой-түйінге де мүлдем келіспес едім. Бәлкім, кейде «От – шайтанның шаһарланған қалыбы» да шығар. Дегенмен, ол – артық от, жолдан шығарар, күйдірер, өртке түсірер от. Ал, жалпы отсыз өмір бар ма? Өлең де жоқ емес пе? Жан – Алланың рухы болғанда топыраққа жылу дарытып, жүректен ыстық қан таратып, жандырар отты рух емес пе?! Бойында оты жоқ, сөнген сөзді, сап-салқын күлді «өлең» деп кім қабылдайды?! Дәулетбектің өзінің өлеңдері де отқа оранып, сәуле-шуақ бөліп тұрғандықтан да, біз жарығын көріп, жалынына бөленіп, осы мақаланы жазып отырған жоқпыз ба?!


Ең бастысы – өзің тел өскен қатарың Керім Елемеске арнаған жырыңда:


Төбесіне көтерген Отан атын,

Оқыған жан жырынан от алатын.

Ең құрметті атаққа ие болды,

Аршыл ұлан Ақын деп аталатын, – деп айтылғандай, Дәулетбек, сен – әдеби өмірдің ішіндесің! Керек болса, жырдағы негізгі жеңіс те, өмірдегі басты бір жеміс те осы.


Сөзімнің соңын да Дәулетбек ақынның азаматтық-махаббат, адамдық-имани негізіне, лебізіне жүгініп, түйгім келеді:


Әрбір жырды жоқтан жонып, термедім,

Өлең – менің болған емес ермегім.

Құйылып кеп қонған ойды қағазға

«Көңіл тойсын көргенде» деп зерледім.


Жөңкіліп бұлт сүзіскенде топ болып,

Түнгі аспанды жарқ еткізер от көміп.

Зарядтардың ағысындай өлеңім,

Жүректерді дір еткізсін тоқ болып.


Жаңа жазған жырларың да халықтың ми-санасына жетіп, жүректерге тоқ болып соғып, дір еткізе берсін, Дәулетбек бауырым!


«Қазақ әдебиеті» газеті №16 (3388) 18-24 сәуір 2014 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар