Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бақыт Смағұл: "Мирзоян шынымен «Мырзажан» ба?!"...

01.06.2015 2026

Бақыт Смағұл: "Мирзоян шынымен «Мырзажан» ба?!"

Бақыт Смағұл: "Мирзоян шынымен «Мырзажан» ба?!" - adebiportal.kz


11350563_1391427784520728_8759172008279369922_n.jpg

Көкшетау қаласының орталық базар аймағындағы Мирзоян көшесімен алшаң басып келе жатқан қазақтың бір қартын тоқтатып, әңгімеге тарттым. Одан өзі келе жатқан көше атауын иеленетін тұлғаның кім екендігі жайлы сұрадым. Бірақ, жөнді жауап бере алмады. «Ол өзіміздің Мырзажан ғой» деді бір сәтте. Аласапыран жылдары қазақты қынадай қырған қаскүнем екенін айтқанымда, сене алмады ол. Шынында да, «Мырзажан» кім, қазақтың досы ма , әлде қасы ма?! 

«Мырзажан» деп атап кеткен Мирзоян да қазақтың жауы болып шықты. Қазақ байғұстың Голошекин сияқты алашты дүрбелеңге салған қаскүнемнің қысастық ісінен кейін билікке келген Мирзоянды «Мырзажан» деп әспеттейтін жөні жоқ еді. Себебі, алдыңғысы «жарлының малын, жалғыздың жанын» алып, малмен күн көрген қазақты аштыққа ұшыратты. «Жабайы халық екен, қасық пен шанышқыны қалай ұстатуды үйрету керек» деп бөсіген сол Голошекин аш халыққа ең алдымен қасық пен шанышқыны қалай ұстауды емес, ішетін тамақ тауып беру керектігін қаперіне алмағаны қандай өкінішті еді.

Мырзажан ше? Ол да Голошекиннің кебін киді ме деп ойларсыздар. Оның отызыншы жылдардағы саяси науқан кезінде Голошекиннен де асып кеткенін біреу білер, біреу білмес. Сөйтсек, Голошекин қазақты малынан айырып, аштық нәубетін ұйымдастырса, Мирзоян қазақтың даналарын қуғындауымен алдына жан салмады. Осы арада бұлай жалаң сөзбен қазақ «Мырзажан» атандырған Мирзоянды қаралауға болмас дейтіндер де табылар. Шынында да, Мирзоян қазаққа не істеді?

Бұған жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жетпіс жыл бойы «жабулы қазан» күйінде жатқан мұрағат деректері жарыққа шығып жатыр. Соның бірінде Қазақстанды басқарған Левон Мирзоянның 1937 жылы желтоқсанның 2-сі күні Сталинге жазған құпия хаты жайлы деректер табылды. Онда: «Бізге бірінші санат бойынша 8 мың, екінші санат бойынша 8 мың антисоветтік элементтерді репрессиялауға құқық берілді. Бұл лимит толық пайдаланылып, 1600 адамға асыра орындалды. Қалғанын толық жою үшін екі санат бойынша тағы да 1600 адамды репрессиялауға рұқсат етуіңізді сұраймыз» делінеді. Хаттың соңында Левон Мирзоянның қолы қойылған.

Онсыз да аз қазақтың аштықтан қырылғаны аздай, саналы азаматтарын қудалаудың бұдан асқан тауқыметі жоқ шығар. Қандай қасірет дерсің. Жоспарды артығымен орындап, жақсы атты болып көрінгісі келген «Мырзажанның» да осылай қазақты нәубетке ұшыратуға себепші болғанын енді біліп отырмыз.
Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді өзінің бір пікірінде Мирзоянның тұсында қазақ қоғамында өнер мен мәдениет дамып, ауыл шаруашылығының өркендегенін айтқанымен, қазақ зиялыларын саяси қуғын-сүргіннен қорғап қалды дейтін фактінің жоқтығын да алға тартады.

Өздеріңізге белгілі, кеңес елінде жаппай қуғын-сүргін Кеңес Одағының ішкі істер халық комиссары Н.И.Ежовтың 1937 жылдың 30 шілдесіндегі өте құпия шығарған бұйрығынан кейін бастау алды. Онда бұл науқанды 5 тамызда бастап, төрт ай ішінде аяқтау көзделеді. Бірақ, бұл қаймана қазақты сорлатып, басына қара бұлт үйірген қудалау бір жарым жылға созылды. Мысалы, Қазақстанда сол 1937 жылдың аяғына дейін 2500 адам атылып, 5000 адам ұзақ мерзімге сотталу керек болса, бұл он бес есеге өсіп кетті. Сөйтіп, бізде 118 мың адам қудаланып, оның 25 мыңы атылды.

Ал, бұл жаппай қудалау науқанына Мирзоян үлес қоспады деп айта аламыз ба?! Оның Сталинге құпия жолдаған хаты-ақ кімнің кім екенін әшкерелеп тұр емес пе?! Басқа ұлттық республикаларға қарағанда біздегі қудаланған адамдар саны мыңдармен есептеледі. Көрші өзбек ағайындар бұл көрсеткіш жөнінен ең соңында тұр. Сонда Өзбекстанда біздегідей «бүйректен сирақ шығарған» «Мырзажандардың» болмағаны ма?!

Ғаламтор желісін ақтарып отырып белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлының осы оқиғаға байланысты айтқан пікір сөзін тауып алдым. Ол: «Ел билігіне одан кейін (Голошекинді айтып отыр-автор) әкелінген Л.Мирзоян (1934-1938 жылдар) қазақтың малына тиіспей, халықтың Ахмет Байтұрсынов бастаған арыстарын қырып салды. Қайран малсақ қазекем оны «Мырзажан» деп атады, «ұлдарымызда не атаңның құны бар еді?!» делінеді.

Бүгінде азат ел болып, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып жатырмыз. «Мырзажан» деген Мирзоянымыз қазақты қудалауға келгенде алдына жан салмаған болып шықты. Ал, қазақты азат ел етемін деген ұлы Абылайдың ақ ордасында алаштың арыстарын қырған қаскүнем Мирзоянның атындағы көше әлі тұр. Әлде өз жауына да төрінен орын ұсынған қазақтың бұл мырзалығы ма екен?!

Қазақтың жауы қазақ болды ма десек, алашты билеген өзгелер де өктемдігін жүргізіп, ойына келгенін істеген екен ғой. Осыдан кейін Мирзоянның атындағы көшенің бұлай тұра беруі нақақтан-нақақ атылып, асылған арыстарымыз алдында кешірілмес күнә екенін ескергеніміз абзал. Бұл ұлттығымызға да сын. 

Біздің жарқын болашағымыз үшін жандарын қиған арыстарымызға көлеңкелеу көшені беріп, ал, қазақты ұлт ретінде құртудың қолшоқпары болған Мирзоян сияқтыларға төрімізден орын ұсынамыз.Әділдік қайда? Қазақтың әр қаласындағы Мирзояндардың аты өшетін кезі де туды емес пе? Ендеше біз кімге қарайлап, кімге жалтақтамыз. Басқаның қабағын бағып, іштен тынған күндер де өткен жоқ па? Мирзоян сияқтылардың есімін түп-тұқиянымен құртып, атауын тарихтан өшіретін күн жетті. Осыдан кейін аяулы арыстарымыздың алдында қалай тағзым етер екенбіз?!



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар