Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Бақытбек Қадыр. Ирина...

10.03.2022 4050

Бақытбек Қадыр. Ирина 12+

Бақытбек Қадыр. Ирина - adebiportal.kz

Ирина

(Эссе-новелла)

Сібірге келген жаздың өзі бір мереке іспетті. Жаз мысалы қала көшелеріне сыймай анау көкмұнар басқан Көкше шыңдарына, мынау Қопа көлінің жағасына сағым ойнап, айнала еріп-балқып бара жатқандай шаттыққа толып кететін. Қысылып-қымтырылып тұрған бір нәрсені босатып жібергендей немесе шідерлі аттың тиегін ағытып, кең далаға, желге қарсы жүйткіткендей, күллі дүниенің күрмеуі шешіліп, бүгулі нәрсе көсіліп кеткендей қала тұрғындары да арқаны кеңге салып, маужырап, мамыражай күйге бөленуші еді.

Бұл оқиға – дәл сондай жайлы, күн жылуы мейлінше төгіліп тұрған күні басталды. Ол кезде мен Көкше академиясының нән талап студентімін. Қалада етене аралас-құрлас жүретін Нұрлан деген ауқатты, бизнесмен досым бар еді. Сол жаңадан киім дүкенін ашыпты: «Келіп дүкенді көріп, өзіңе қалағаныңды ал», - деген жомарт пейілмен.

Дүкен іші ығы-жығы адам. Жаңа ашылғанына қарамастан дүкен саудасы қызу екен. Бір әредік адам қарасы азайғанда ғана Нұрланмен тілдесіп, «құтты болсын» айттым. Ол: «Үлгеретін емеспін, бір сатушы қыз іздеп жатырмын», - деген қарбалас адамша.

Сатушы болуға біраз қыз-келіншек келіп бағын сынап көрген екен Нұрлан олардың ешқайсын жаратпапты. Біреуінің сөзі, біреуінің мінезі, енді бірінің тек бір тілді ғана игергені себепті ешқайсы сыннан өтпепті. Сөйтіп тұрғанда бір әдемі орыс қыз келді. Жаз шықса орыс қыздарының құлпырып салатын заңы емес пе. Оның үстінде киген қысқа кофтасы, шолақ юбкасы өзіне жарасып-ақ тұр. Кеудесіндегі екі түйме түймеленбеген әнтек ашық, ар жағынан тырсиып тұрған аршын төсінің бұлиған шеті, сымдай тартылып жарқыраған ап-пақ балтыры тіпті тартымды. Және оның былай киінуін ешкім сөлекет көріп, сөкпейтіндей.

– Ирина, – деп таныстырды өзін. – Нұрлан оны-мұны жайды сұрап алды да, – Болды, осы қыз ұнады, қазірден бастап жұмысқа кірісе беріңіз, – деген алақанын ысқылап. Сөйтті де, – Айтпақшы, Ирина , вы владеете казахским языком, хотя бы чуть-чуть?

Ирина ақырын ғана жымиды:

– Ия, мен қазақша былем, – деді биязы ғана қазақшалап.

Нұрланның көктен тілегені жерден табылды.

***

Дүкенің үстіңгі қабатындығы кабинетте экраннан Иринанының сұлуығын тамашаладық. Талай сұлудың сырғасын сыңғырлатқан Нұрланның аузы ашылып, дымы құрыды. «Камераны Иринаға жақындатып қойшы», - деймін менің де желігіп қозып. «Сен сығыр көзіңнің сұғын қадағанды қой, Ирина өзімдікі тегінде. Қара да тұр әлі-ақ сындырып аламын», - дейді ол бәстескендей.

– Мына қыз оңайлықпен сынбайды-ау. Болмыс бітіміне қарамайсың ба, қарашы, өзін қалай әдемі ұстайды, тіп-тік сондай жайдары. Әр клиентпен мұқият сөйлесіп, құр жібермейді. Шіркін, аршын төс, алма мойын...

Киім алған адамның ар жақ-бер жағына шығап, неше түрлі комплименттер айтып жатқаны Иринаның. «Сізге құйып қойғандай, жарасып-ақ кетті, өңіңізді ашып тұр», - деген сыңайдағы сөздерді төгіп жатқаны сөзсіз.

***

– Кешке көл жағасына барамыз, Ирина келісті, бір құрбысын ертіп шығатын болды, сүйретіліп кешікпей дәл уақытта жет, кешке қызық болады, – деді Нұрлан телефон шалып.

Кешкі Қопа көлінің жағасы думан. Жұрттан оңашалау, бір топ талдың арасына жайғастық. Нұрлан кәуап пісірді. Оның ондайға ыспарлығы бар-тұғын. Ал Ирина өзімен ерте келген құрбысын таныстырды. Шашы да, өзі де қара торы украин қызы екен.

– Мария – деп таныстырды. Ол бір көп сөйлемейтін томаға тұйық болып шықты.

Ал Ирина болса, ауыз жаппайды. Бірде қазақша, бірде орысша, сондай ашық-жарқын. Езуінен күлкі арылмайды. Нұрлан да әңгімешіл, екі қызды күлкіге қарық қылып тастады. Кейде Ирина мен Нұрлан екеуі ұзын-сонар әңгіме соғып кетеді, кей тұста мен бірдеңе деп киіп кетемін, ондайда Ирина дереу маған бұрылып, қазақшаға көшеді.

– Нурлан Нуртазаевчке қазақ жеріне қалай келгенімізді айтып жатырмын. Біздің аталарымыз 1870 жылдары 30 шақты үй осында жер аударылыпты. Біздің семья Россияның Красный-Яр облысы, Калитвенсий селосынан көшіп, Көкшетау уезіне тұрақтапты. Содан бері екі ғасыр өтті. Атам Ұлы Отан соғысында Киевті азат ету шайқасында ерлікпен қаза тапқан екен. Әкем менің 3 жасымда қайтыс болыпты. Олардың бәрініңде бір арманы – Россияны, Красный-Ярды бір көру болған екен. – Иринаның көзіне болымшы мұң ұялады. Ол да оған сондай әдемі жарасып, тіпті де сұлуландырып жібереген.

Нұрлан тарихқа жүйрік-тұғын:

– Рас, алғашқы қарашекпендердің қоныс аударуы 1860 жылдардан басталған, – деді.

– Да ладно, вприям қарашекенділер демеңізші, Нурлан Нуртазаевич.

– Ну, это история же. А назови меня просто, Нурай.

Ирина күлді.

– Так не могу. Сосын маған бұрылып: – Давайте, «Таңертең бір қыз суға келеді, охоу» деген әнді айтыңызшы, отыныш.

Ирина әннің арасындағы «Охоу» деген жеріне қосылып, әнге елітіп отырды.

Кеш сондай көңілді өтті. Түн ортасы ауғанда мен Марияны шығарып салатын болдым... Нұрлан Иринаны ертіп кетті...

***

Бұдан кейін Нұрлан мен Иринаның ортасында махаббат пайда болды. Талай қызықты кештерді бірге өткізді... Мен оқуымды Астанаға ауыстыратын болып, өз әлегіммен кеттім.

Нұрланның кәсібі өрге басты.

– Қазан айында Ирина екеуміз үйленетін болдық, Көкшеге кел, әңгіме көп, – деген.

Ирина үшеуіміз түскі ас ішіп отырған едік, Нұрлан:

– Айтпақшы, мен Омбыдан жаңа тауар әкелгелі жатырмын. Менімен бірге барып қайтуға қалай қарайсың? Омбыдағы архивтен бірдеңе қараймын деп жүр едің ғой, – деген Нұрлан. Мен қуана келістім.

– Нурик, Омбыға мен де барайыншы, Ресейді көргім келеді, – деп Ирина қиыла кетті.

– Екеуміз қатар кетіп қалсақ, саудаға кім қарайды, только бұл жолы емес.

– Как раз, өзіме той көйлегін алам, Омбыдан, отыныш.

Нұрлан бұдан әрі келісерін де, келсіпесін де білмей отырып қалды...

***

Шекара бекетінен өткеннен кейін-ақ, бір жері қызғылт сары, бір жері күрең, бір жері жасыл Ресейдің шексіз де шетсіз орманды даласы жадырап көз тартады алдымыздан. Жол бойындағы шағын-шағын деревнялардың түтіні көрінді будақтап. Тізгінде - мен. Нұрлан шаршадым деп салонның артқы орындығына отырып, ұйықтап қалды. Алдыңғы жақта Ирина отырған, самбырлап сөйлеп келе жатқан, кенет үнсіз қалды. Байқасам, көздері боталап жылап отыр екен. Тоқтамай жылайды. Әнге көңілі босап отыр ма деп магнитофонды өшіріп қойдым. Тым-тырыс. Ол терезе жаққа басын бұрып алып, тіпті екі иығы селкілдеп жылайды.

– Ирочка, бәрі дұрыс па?

Үн жоқ. Қыбыр етпейді.

– Ира, бір жерің ауырып отыр ма?

Мені естімейтін сияқты.

– Тоқтайын ба?

–...

Оның жылағаны басылмаған соң, жол жиегіне тоқтап едім, Нұрлан да оянды. Керіліп-созылып жан-жағына қарады. Мен иегімен қалыңдығын нұсқадым. Ол Иринаның жылап отырғанын көріп, аңырып отырып қалды. Ирина жұбанбады. Жылауын қоймаған соң Нұрлан оны салонның артқы орындығыны, жанына алып отырды.

– Неге жылып отырсың, жаным? Бір жерің ауыра ма?

Үн жоқ. Нұрланға да ләм деп тіл қатсашы.

– Біреу ренжітті ме? Нұрлан маған қарады, – Баха, сен бірдеңе дедің бе?

– Ешетеңе дегем жоқ.

Нұрлан көп жұбатты. Өлердегі сөзін айттып, өбектеді. Ирина тіпті оны естімейтін, мылқау-меңіреу болып қалғандай.

«Мұндай қырсық адамды көрсемші».

Ирина жылай-жылай әлі құрып, көгеріп талықсып кетті. Тоқтап, су бердік. Су ішкен соң сәл жылағаны басылды, бірақ безеріп, мелшиіп отыра береді. Біраздан кейін ол тағы да әніне басты. Сосын Нұрлан ашуланды:

– Все, хватит уже. Че плачешь? Скажи, что случилось.

–...

– Тағы сықсия берсең айдалаға тастап кетем сені, көк көз на...

–...

– Болды, Нурик, ештеңе деме. «Көңілдің кірі айтса кетеді, киімнің кірі жуса кетеді» деген. Адам болған соң бір мұңы бар шығар. Ата-бабасы армандап кеткен Россияны көріп, көңілі босаған шығар, бәлкім...

– Баһадүр, сен араласпай-ақ қойшы. Өз жөніңе отыр, жолыңа қара.

–...

Үшеуміз үш жаққа қарап, үнсіз отырмыз. Омбыға да жақындап қалдық.

Ирина жылауын қоймады. Тағы да жұбаттық. Тоқтамайды. Тіпті егіліп, еңкілдеп ебіл-дебіл жылайды. Өз қайғысына булығып, қыстығып жас төкті.

– Баха, тоқта! Түс. Рульді өзіме бер.

Нұрлан машинаны орнынан қатты қозғады. Орнынан атылған машина жүз сексен градус айналып, келген бағытымызға қарай бұрылды да жылдамдықтың ең шегімен зулай жөнелді. Омбы қаласы бізді түсінбей абдырап қалған адамша көз ұшында кейін қалып, ұзай берді. Базар да, архив те, той көйлегі де әдірем қалды. Ызғытып келе жатқан машинаның жылдамдығы Ресейдің әсем орманды даласын көрсетпей, бұлдыратып сағымға айналдырған. Айнала бұлдырап бара жатты...

Көрені сурет еркін ақпарат көзінен алынды

Бақытбек ҚАДЫР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар