Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бақытбектің бұла жырлары...

18.12.2018 3876

Бақытбектің бұла жырлары

Бақытбектің бұла жырлары - adebiportal.kz

Бақытбек Бекмұрат – Көкше өңіріне танымал таланттарымыздың бірі. Бақытбек өзінің жырларымен оқырман қауымға мол таныс, Көкше өңіріндегі өнерпаз інілеріне аға боп қалған Алмас ақын Темірбайлардан кейін, поэзия көгінде түлеп ұшқан Қуаныш Оспанов, Мерген Тоқсанбайлармен бірге Көкшедегі жыр көрігін оқырман қауымға бірнеше жыр жинақтарымен танымал.

Ұмытпасам, Бақытбек Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік Университетінің филология факультетінде оқып жүрген студенттік жылдарының өзінде алғашқы жыр жинағын шығарып үлгерген ақын. Содан бері Бақытбектің ақындық тұрғыда өсіп, дамып, кемелденіп, өрістеуі көз алдымызда. Алғашқы балауса, балғын жырлары қазір ойлы, салауатты, көркем жырларға ойысқан. Ақындық сөз саптасы, сөз тіркестерін қолдануы түрлене түсіп, поэтикалық мозаикасы ойнақы, жарқын сәулелермен толыға түскендей. Көркемдік палитрасының бояулары да қанық түспен арайланып, оқырман қауымды жылы шуағымен баурай түскендей. Бақытбектің соңғы жырларын оқығанда, жылы сезім, жылы шырай, жылы әсер ықпалынан шыға алмай, оның жыр тұнығына бойлай түсеміз. Жырларының ойлылығы, көркемдік идеясының батылдығы, сезімге тиер сыршылдығы, жүрек лүпілін сездірер нәзік иірімі – оның ақындық сүрлеу – соқпағының қалыптаса бастағанын аңғартқандай.

Жай пенделерден ақынның өзгешелігі – дүние діріліне, ғалам сырына құлағы түрік, ерекше сезімтал.

Гүл солады... Сөнер біздің сезім де,

Ал ғұмыры өзіңменен өзімде.

Сабағынан үзілгенде Түймедақ,

Таңның шығы қалар сенің көзіңде.

Дүниедегінің бәрі өткінші. Қуаныш та, қызық та, қайғы да. Бірақ осы қас қағым ғаламда лирикалық кейіпкер тұлғасы Түймедақ гүліне ғашық.

Осы гүлді ұнатады көңілің,

Осы гүлге құмар қылған сені кім?!

Таң алдында қауызына шық тұнған,

Түймедақпен егіз бе әлде өмірің?!

Көшпелі елдің ұрпағы табиғатпен, жаратылыспен егіз, тұтас бірлікте. Кіндігімен ажырағысыз. Ғылымда мұны гомеостаза дейді.

Бақытбек жырларында этнофорлық қасиет басым. Сән – салтанатымен өткен ғасырларға ығысқан көшпелі елдің болмысы поэтикалық сурет ретінде ақын жүрегінде әсерлі таңбаланған.

Келе жатыр таң атып, бозторғайдың шырылы,

Бара жатыр жоғалып, түндегі айдың сынығы.

...Қарап тұрды қызығып, қарап тұрды сағынып,

Көзін алмай суреттен көшпенді елдің бір ұлы.

Мұның бәрі көшпелі елдің ұрпағының ұлы сағынышы, ұлы арманы, ұлы аңсары, ақын жүрегі Есенин, Мағжандар сияқты қала болмысын қабылдай алмайды.

...Қайтейін, қала, саған босқа налып,

Болмаса болмысың жоқ астаналық.

Адамдар тасқа айналған... Ақ қайыңдар,

Жылайды жапырағын жасқа малып.

Ақын табиғат пен адам болмысын тұтастыруға шебер. Осы кейіптеуді көп ақындар метафоралық тәсілмен беруге шебер. Ал Бақытбек оны метаболалық тәсілмен береді. Яғни теңестіріліп отырған құбылыстар бір – бірімен іштей терең астасып кеткен. Бір – бірінен ажырағысыз. Екі құбылыс тең. Мысалға ақынның «Қыз-көктем» деген өлеңінде қыз қайсы, көктем қайсы, ажыратып алу қиын.

Мінезін табиғаттың түсінелік,

Бұл дағы Жаратқанның ісі делік.

... Түнімен ұйқысырап шықтым білем

Қыз-көктем қайта-қайта түсіме еніп.

Ақынның «Катарсис» өлеңі ерекше. Эстетикада катарсис деген ұғым бар. Яғни пенденің, қарапайым адамның дүние кірін жуынып, ерекше жаңаруы, жаңғыруы, түлеуі. Ақын осы құбылысты «Көңілімнің көзәйнегін кір басып, Ақ бұлттардың көз жасына жуындым», «Періштелер ұшып кетті кеудемнен, Жүрегімнің музыкасын тыңдаған», «Мөлдіреген тамшы шыққа айналып, Жапырақтың жанарына іркілдім», - деген сияқты әсерлі метафоралармен өрнектейді.

Қазақ «ақ» түсті киелі, қасиет тұтқан. «Абылайдың ақ туы» деген сияқты, ақынның көркемдік танымында да, ақ түс ерекше қасиетке ие. Ақынға сөз берейік:

Биік таулар ұйқыда таң алдында көз ілген,

Айдында аққу сыңсиды өзін жалғыз сезінген.

Көл шетінде ақ боз үй, ал аспанда ақша бұлт,

Ақ боз үйдің қасында ақ боталы боз інген.

Сөзіміздің басында Бақытбектің ойлы ақын екенін айттық. Салыстырмалы түрде Бақытбек әлі жас болса да пәлсапалық ой иірімдері ақын өлеңдерінде мол кездеседі. Пенденің өмірлік жолын ақын төмендегідей поэтикалық формуламен өрнектейді:

Өмір жолы – тар соқпағы тағдырдың,

Үміт және өкініштен қаланған.

Артық, кемі жоқ, адам ғұмырының барлық болмысы осы екі жол өлеңге сыйып кеткен. Ақынның шеберлігі демеске әддіміз жоқ!

Қорыта келгенде айтарымыз, Бақытбек өзінің отты, қызулы, жалынды, нәзік лиризмге құрылған өлеңдерімен алда да жыр сүйер қауымды өзінің шуақты, көркем жырларымен тәнті ете береріне кәміл сенеміз.

Сәбит Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар