Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Бақытгүл Сәрмекова. Күн батқан кездегі оқиға...

19.12.2018 5543

Бақытгүл Сәрмекова. Күн батқан кездегі оқиға

Бақытгүл Сәрмекова. Күн батқан кездегі оқиға - adebiportal.kz

Күн қаладағы дамылсыз тіршіліктің төбесінен төніп тұрудан жалықты ма, біреулердің ұрлығы үшін ұялды ма қаны бетіне теуіп қызарып барып, ғимараттың тасасына тығылып жоқ болды. Күн кетті екен деп, қозғалыс тоқтамады, көшелер де, үйлер де, көліктер де шамдарын жақты.

Піскен шашлықтың ысына темекінің түтіні қосылып тұманданған шағын кафенің терезден тысқары тұсында сырасын көңілсіз ұрттап жігіт отыр. Сырт киімін шешпеген, демек асығыстау, бұны басқа да адамдар басқа жерде күтіп отыруы мүмкін. Оған қарама қарсы пальтосы ілінген орындыққа арқасын сүйеп, алма жеп қара торы қыз отыр. Аяғында былғарысы жылтыраған етігі су жаңа болғанымен пальтосының ескі екені желке тұсындағы әбден желініп жазуы өше бастаған этикеткасынан көрініп тұр.

Қып-қызыл алмаға аппақ тістерін кірш еткізіп қадайды да, ызалана тістейді.

- Соңғы кезде алма жегім келеді... – дауысы тұншығып шықты.

- Сені сүйемін. Қаласаң бірге тұрамыз.

- Әйелің мен балаларың ше?

- Балалар есейді, түсінеді. Әйеліме бүгін бәрін ашық айтамын. Бір жағына шығамын, өзім де шаршадым-, деп бокалды басына дейін көтеріп, түбіндегі сыраның соңғы тамшысына тілін тосты. Сыра ішуді жалғастыруға құлқы жоқ екенін білдірді.

Беті айғыздалған смартфонның экранын жарқ еткізіп хат келді. «Сүт, нан, айран ала келерсің. Тамақ дайын». Қыздың қарашығы дамылсыз жүгіріп, смсті оқып алды. Содан соң қасын керіп, мұрнын тыржитып, терезе жаққа қарай мойнын созды. Жігіт орындықтың аяқтарын еденге қажап, сырылдатып орнынан енжар көтерілді.

- Баланы алдырам деп ойлама. Ештемеден қорықпа, маған сен! - еңкейіп қыздың ұқыпсыз түйілген шашынан иіскеді, ол болса ыңғайсызданып, басын алып қашты.

Сыра мен жаңа ғана желінген ащы қытырлақтың иісі аралас демімен қыздың бетіне үрлей сыбырлады:

- Мені шынымен сүйесің бе? Сенімді болсаң сен үшін бәрін жасаймын!

Қыз басын изеді. Кірпігіне бір тамшы жас ілінді де, көздің ұясына кері құйылып жұтылып кетті. Тамағына келген сөзді шығара алмай өзі де жұтынды.

Жігіт тізесі шыққан джинсы шалбарын алақанымен қағып-қағып жіберді де бойын тіктеді. Бойына батылдық жинағандай иығын бір сілкіп алды. Курткасының тереңдеу тігілген қалтасына қолын шынтағына сүңгітіп жіберіп, сырты мүжілген қоңыр былғары әмиянын алды да жалбыраған бір-екі қағаз ақша алды да қыздың қолына ұстатты да:

- Алма алып жерсің. Салқын тигізіп алма!-деді. Аяғын сылбыр басып, кафеден шығып кетті.

Ғашығы шығып кетісімен қыздың езуіне ащы жымиыс пайда болды. «Оңбаған! Нақұрыс!» деді тісінің ортасынан әр дыбысын сыздықтатып күшпен шығарып. «Әумесер! Сенен тездетіп құтылмасам басымды былыққа батырарсың» деді де телефонның экранынан асығыс әріптерді теріп смс жаза бастады.

Әйелімен ажыраспаққа бел буған жігіт кафеден шыға салысымен үйіне тіке бармады. Әдеттегі ісінен жаңылған жоқ. Дүкенге тоқтады. Әйелі тапсырған азық-түлікпен қоса гүл алды.

Жолдың қарсы бетіндегі көпқабатты үйден өз пәтерінің терезесіне қарап жігіт тұр . Жарығы жағулы тұрған асүйге ұзақ тоқталып қарайды. Сыз бен мысық нәжісінің иісін қуалап, сұп-сұр қабырғаларға жан бітіріп, әр пәтерден қуырылған тамақтың иісі шығып, үй кіреберісі буырқанып тұрған шығар.

Зуылдаған көліктердің жолын кесіп өтіп, телефонына келген хатты аша беріп еді... Мөлдіркөзден келген хатты оқып үлгермеді. Бағдаршамның қызыл шамын елеместен жүйткіп келген көлік бүйірден соқты. Жігіт қаңғалақтай ұшты.

Қап-қара асфальтке айран төгілді. Алқызыл роза көлік дөңгелегінің астында сөлі шығып мыжылды. Бағдаршам астына үймелеп қалған көліктер сигналдарын беріп, бажылдасып жатты. Айналаның бәрі ойбайлап қоя берді. Аспандағы жұлдыздарға жансыз көздері ақшиа қадалып, шалқасынан түскен жігіттің езуінен қан аралас құсық жылымши бастады. Экранында «Ешқандай да бала жоқ. Сені алдадым. Маған керегі ақша еді. Енді көзіме көрінбе. Сүмірейген, ұсқынсыз әйеліңмен қал! Идиот! Сені ешқашан сүйген емеспін!» деген хаты бар телефонның шынысын шашыратып, экранын езіп тағы бір көлік өтіп кетті жанынан.

Арада бір сағат өтер өтпестен жол қозғалысы кері ретке келді. Бағдаршамның қайтадан жасылы жанды, сарысы, қызылы...

«Адал жарым-ай» деп аңыраған әйелдің зары күн қарайған шақта сұрықсыз көпқабатты үйдің қабырғасында жаңғырып, сай-сүйекті сырқыратты.

Дәл осы уақытта жігіттің нөмірін телефонынан өшірген Мөлдіркөз айна алдында боянып-сыланып болды да ескі пальтосын кие беріп: «Жаңа пальто алатын ақша табуым керек» деп ойлады.

Ырым

Көрші үйде тұсаукесер той болып жатыр. Қағаз ақшалар мен карта тасталған кілемнің шаңын бұрқырата соғып, ер адамдар карта ойнауда. Құс жастықты шынтағына басып, ойыншылар шеңберінен қалыс отырған папам жымиып анда-санда жанындағыларға қызығушылықпен қарап қояды. «Ол неге ойнамай отыр екен? Ақшасы жоқ па екен? Өскен соң көп ақша тауып беремін, ол да мына ағалармен бірге карта ойнайтын болады» деп ойладым. Осыған ұқсас інімнің сөзі есіме түсіп кетті. Былтыр күзде бір тойда арақ ішкендер төбелесіп, «мөлдір су» жүрген жерден құр қалмайтын әкем сол төбелесте еріні қанап қалған. «Өскенде каратист боламын. Сосын папамды ұрғандарды аямай тебемін» деп еді ол.

- Былтыр қоңыр пальто, биыл қаракөк пальто киіп жүрген. Ақшаны қайдан табады десек, тірліктері белгілі екен ғой.

- Білдей бір мекеменің ақшасын жымқыру дегенің оңай шаруа емес. Кемі он жылсыз шыға қоймас.

Әңгімелерінен түсінгенім Дәулеттің әкесі ақша ұрлап түрмеге түсіпті. Дөңгелектерін тот баспаған су жаңа велрсипедімен мақтанып үй алдынан күніне екі-үш рет өтетін. Қазір жағдайы қалай екен?
Тұсау кесу рәсімі басталды. Балақайдың аяғына ала жіп байланып, тақиясын бір шекесіне қарай қисайтып киген қарт күміс қайшымен тұсау кесті.

- Ала жіптен аттама! Қадамың шалыс басылмасын. Ер жет!-деп тілек айтып жатты жамырасып отырғандар.

Жанымда отырған мамамнан:

- Мама, ала жіптен аттама деген не сөз?-деп сыбырладым.

- Ұрлық қылма, біреудің тапқан еңбегіне ортақтаспа деген сөз. Адал болып өсуі үшін жасалатын ырым,- деді.

- Сонда Нұрдәулеттің папасын кішкентай кезінде ала жіппен тұсауын кеспеген болып тұр ғой?- дедім.

- Келесіде үлкендердің әңгімесін тыңдама, ұят болады, — деп құлағымды шертіп жіберді.

Қонақтық біткен соң үйге келе жатып Сұлушаш апаны көрдік. Түгі жылтыр қызыл кілемді далаға жайып қойып, қағып жатыр екен. Әншейінде әдемі дүние көрсе көзі қызатын мамам бұл жолы қызыл кілемге мән бермеді. Сұлушашқа көзімен ғана амандасқандай ырым жасады да өтіп кетті. Өзін жаңа ғана өсектегенін сезді ме немесе көңіл күйі жоқ болды ма ол бізге бұрылып қарамастан кілемді құлашын кең жайып тұрып ұра берді. Біраздан кейін де сапалақ тиген кілемнің дауысы жаңғырып біздің үйге дейін естіліп тұрды.

ІІ

Қыс түскенде папам ауылдың жігіттерімен қосылып теңізден балық аулайды. Ауланған балықтарды сатып ақша табады. Ақша көп болған күні дүкеннен бізге халуа, кәмпит алып келеді. Әкелген тәттілерді балық құралдары, қажетті заттары бар сумкасына салып алады ма, әйтеуір балықтың дәмі шығып тұратын. Мамамның алақанына қыстыратын ақшаның шетіне кейде балықтың қабыршақтары жабысып қалатын.

Соңғы кездері папам тәттілер әкелуін сиретті. Қармағына балық түспей жүр екен. Ырымшыл мамам «Қолыңа көз тиген» деді де, қармағына қызыл жіп байлап берді. «Дорбаны да жаңалап ауыстыру керек. Келетін пайданың көзін байлайды» деп балықтың шылымымен қаудырлап, әбден ескірген дорбаны пеште жанып жанған отқа тастап жіберді.

Бірінші сыныпта кітап салған қызыл сөмкем бар еді. Мамам соны сандықтан алып шықты да:

- Қызыңның «беске» толған сумкасы ғой. Жақсы ырым шығар. Осыны ұста. Сырт жақта кім мән беріп қарасын, бәрібір ғой,- деді.«Бестікке» толы деген атынан гөрі, көз тиюден қорғайтын қызыл түсіне көбірек мән бергенін сезіп те отырмын. Папамның алпамсадай арқасында менің қызыл сумкам оймақтай ғана болып қалды.

Менің қызыл сөмкемнің арқасында кешке тәтті жейтінімізге сенімді болып, ініме қарап жымың- жымың етіп қоямын.

Кешке балықтан келген папам қызыл сөмкені елеусіз табалдырыққа қоя салды. Балықтың шылымы жұқпаған, тап-таза күйінде тұр екен. Демек қармаққа балық түспеген…

ІІІ

Құрылысқа жұмысқа тұрған папам соңғы кездері жұмыстан мас болып келуін жиілетті. Жұмыс басында кешке таман шаршағандарын басу үшін арақ ішеді екен. Мамамның күрсінісі көбейді. Мотоциклдің алдына отырғызып қыдыртудан қалған папам үшін інім де мұңайып жүр. Туғаннан музыкаға қабілеті жоқ папамның «Ахоуу, бұраң бел, Қамажай» деп түсініксіз сөздермен барылдап ән айтатыны менің де жүйкеме тиіп жүр. Ауладағы дос балалардан ұят. «Қамажайдан» да ұят!

- Байқаймын, әкелерің көк көйлегін киген күні мас болып келеді. Соны кимеген күндері ішпей келіп жүр екен.

Ертеңгі күні жұмысқа кеткелі жатқан папамның жанында қипақтап тұрдым да:

- Пап, мына көк көйлекті кимей-ақ қойшы… — дедім міңгірлеп.

- Сол!

Мамама қарап едім, актрисаларға еліктеп қара қарындашпен сызып алған қасын жиырып-жазып көк көйлектен айырылма дегендей ым жасап тұр екен. Қасын қай уақытта бояп үлгерген деп ойланып жатуға уақытым жоқ, көк көйлектің бір жеңі киіліп қойды. Көк көйлекті киіп кетсе мамамның да қабағынан қар жауып, ашуын бізден алатынын да сезіп тұрмын. «Шешуші сәт таяп қалды" дедім іштей, мынадай көркем сөзді қайдан жаттап алғанымды есіме түсіріп жатуға да уақыт тапшы. Көйлектің киілмеген бір жеңінен тарқыштап шешіп алдым да, сыртқа қарай жүгірдім.

- Өй, өй… Не болды мынаған?- деп тұтығып жатқан папамның сөзін аяқтатпастан, есікті тарс жауып сыртқа қарай жүгіре жөнелдім. Тілі салақтап Ақтөс менімен ілесе шапты.

Ызаланып жылап келемін. Үйдегі салқындыққа кінәлі көк көйлекпен көзімнің жасын сүртіп алдым. Көйлектен тер мен арақтың иісі шығады екен. Шамалы уақыт өткен соң үй жаққа жақындап едім, боз көйлегін киген папам ұзап барады екен.

Кешке жақын папаның арақ ішіп келмейтінін, бізбен бірге дастарханда отырып күліп- ойнап әңгіме айтатынын, бізді мотоциклмен қыдыртатынын ойлап көңілім жадырап жүр. Мамамның да қабағы ашық, бауырсақ пісірді, жер үстелдің дастарханын ауыстырды. Қонаққа жайылатын оюлы көрпешені жайды. Ыңылдап әндетіп жүріп, інімнің тырнағын қиды, мұрынын сулы шүберекпен сүртіп тазалады, кекілін қайырып қойды. Батып бара жатқан күннің сәулесіне боз көйлегі оттай боялып келе жатқан папамды алыстан көрдім. Жақындаған сайын жүрісінің шалыс екені байқалды. Тағы да мас болып келе жатыр екен.

Бізге боз көйлек те көмектеспеді…

Жылу

Жаз бойы өзге балалармен таласа жүріп біз жинаған тезектерді қапқа салып алып келді де, қазандықтың оттығын ашып, солайымен төңкере салды. Отқа салынған әр тезек таныс маған, әр бұдырына дейін, көлеміне дейін көз алдымда. Әр түйірінің бір тарихы бар керек десеңіз. Оттық тұтату үшін соляркаға малынған әнебір жұқалау ақшыл тартқан тезек көрші Қамбар шалдың сынық мүйіз сиырынан шыққан өнім. Өзіміздің сиырларға деп салынып қойылған шөпке түсіп кеткен сынық мүйіз сиырды «Қарасан келгір, шошала тигір» деп әлемдегі бар қарғысты жаудырып қуалап бара жатқанымда, қорамыздың алдына қалдырып кеткен сұйықтау тезегін күннің көзіне әбден қураған кезде қораның іргесіне қарай сүйей салғанмын. Міне, осыған ұқсас әр тезектің өз тарихы бар. Жазғы аптап ыстыққа әбден қурап, кепкен тезектер от тиісімен гүр етіп жана бастады. Сазбен сыланған қоңыр пешке жан бітті. Бойы қыз-қыз қайнап, үйге жылуын тарата бастады. Бірнеше жылдың куәсі болған қара қазан қойылды отқа. Әжем қазан ішін ыстық сумен шайып жіберіп, ешқашан ұмыт қалмайтын «Біссімілләсын» айтты да, ет салды. Көзін сығырайта қабырғада ілулі тұрған сағатқа қарады. Тамақтың дайын болар уақытын жобалау үшін. Қоңыр пешке арқасын сүйей отырды да, көрпенің астына бетін қайырып тастап кеткен сарғыш кітабын алды. Мен де әжеме қарай жылжыдым. Үйреншікті әдет, ешкім тіл қатып сөйлеспесе де, іс-әрекет жасала береді.

Қоңыр пеш пен әжем қатты ұқсайды бірі-біріне: екеуі де жып-жылы, тоңсақ екеуін паналаймыз, екеуі де бір-бірімен үнсіз ұғысатындай. Қоңыр пеш әжем жоқ болса жетімсіреп қалатындай, пеш жағылмаса әжем көңілсіз болатындай. Далада ысқырып тұрған боранның қаһары да түк емес: әжем мен қоңыр пештен қаймығады. Долдана айналасын астаң-кестең еткен ақ боранның ызғары үйге ене алмай, бар жігері құм болып басылатын. Ал, біз қоңыр пешке арқамызды сүйеп қойып мамыражай күйге көшеміз. Көзәйнегін киіп алған әжем сыбырлап кітап оқи бастады. Мен алдына басымды қойып тыңдауға көштім. Негізі, әжем кітапты маған оқып, түсіндіру үшін оқымайды, өзі үшін оқиды. Оқығаны да қызық, іштей көз жүгіртіп оқуға әдеттенбеген, сыбырлаған дауысын анық есту үшін мен әжеме одан сайын жақындай түсемін. Кешегі бастаған «Елім-ай» кітабының бүгін ортасына келдік. Өз заманының адам төзгісіз халін оқып, жүрегі ауыратын болса керек: «Алда, қасқа-ай» деп терең күрсініп алады. Кімді аяғанын білмедім, мүмкін кітап кейіпкерін, мүмкін есіне түскен өз замандастарын.

Сыбыр-сыбыр дауыс. Шырт-шырт етіп жанған от. Қыж-қыж етіп қайнаған қазан. Сарт-сұрт еткен даладағы боран. Пыс-пыс етіп демалған мен. Тыңдап жатырмын. Бір кезде бетіме тамшы тамып кетті. Әжем жылап отыр. Бір-бір көзі шөлмектің түбіндей қап-қалың көзілдірігінің астынан жылжи аққан көз жасы бетіндегі әр әжімнің ізін қуалай жүріп, менің бетіме тамып жатыр. Сонда да оқуын тоқтатпады. «Алда, қасқа-ай» деген бұл жолғы дауысына діріл қоса шықты.


Тыңдап жатып ұйықтап кетіппін. Мұрынды қытықтаған сүр еттің тәтті иісінен ояндым. Әжем кітабының бетін қайырып, көрпесінің үстіне қойыпты да, дастархан жаюға кірісіпті. Кірпігіне қырау қатып, құлақшынын бастыра киген атам қой кезектен келіп жатыр екен. Біздің үйдегі іс-әрекеттің бәрі бірі-бірімен үнсіз байланыста. Атам қай уақытта келетінін алдын ала айтпайды, бірақ атам кіріп келе жатқанда тамақ та пісіп үлгеріп, дастархан жайыла бастайды. Әжем де кітабының бір тарауын аяқтайды. Арада жылдар өтті. Атам қайтыс болды, әжем үлкен ұлының қолына аудан орталығына көшіп кетті. Ортасында жалғыз пеші бар тоқал там бұзылды, орыны күреліп басқа ғимарат салынды. Ауылға газ келді де, бұрынғыдай таласа тезек жинайтын балалардың қолы босап, ерігіп жүрді. Ауыл маңы сиырдың тезегінен қоқып кетті, оны жинайтын, керек ететін адам табылмады. Ал мен үнемі тоңып, бір жылу іздеп жүретін күйге түстім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар