Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бақытжан Алдияр. Кінәз – басым сыймайды түгел заңғ...

20.10.2019 4945

Бақытжан Алдияр. Кінәз – басым сыймайды түгел заңға 12+

Бақытжан Алдияр. Кінәз – басым сыймайды түгел заңға - adebiportal.kz

ӨМІРБАЯН


«Өтемістен туған он едік...»


Махамбет



Атадан туған алты едік,
Алты бөлек жалқы едік.
Кілең шеккі жеп өстік,
Бір емшекті тарта еміп.

Алты бірдей жетімек,
Апыл-тапыл жетіп ек.
Қақты бізді әруақ,
Бақты бізді өкімет.

Жерді еңкейіп емгенбіз,
Елге ербиіп ергенбіз.
Дәрменсіздік дәнінің
Дәмін татып көргенбіз.

Құлатпадық күйді епті,
Ұнатпадық күйректі.
Аңшы әкеміз адымды
Аңдап басуды үйретті.

Дәмін сездік аш тілдің,
Бәрін кездік тас, қырдың.
Қабыланмен қағысып,
Қанын жұттық қасқырдың.

Иен дала, ерен дүз,
Иесі біз дегенбіз.
Алан сүтін ішкенбіз,
Аю өтін жегенбіз.

Әкеден ап үлгіні,
Тұтынғанбыз пірді ұлы.
...Қансонардан сол әке
Қайтпай қалды бір күні.

Тезге салып төте сын,
Түзетті өмір қатесін.
Әл-дәруан көргенбіз
Әкеміздің әкесін.

Көндіге алмай ізге бір,
Күреңіткен күз-көңіл.
Пісте сатты шешеміз...
Пісірді ғой бізді өмір.

Дара қондық әлемге,
Бала болдық бар елге.
Жан емеспіз деуші едік,
Жатыры бір, жаны өңге.

Жас еді деп тым әлі,
Жұрт өтірік жылады.
...Бейіш жақтан боп шықты,
Бесінші ұлдың тұрағы.

Алтау едік, бес қалдық,
Алла барын еске алдық.
Көп жерлеген Кеңестен
Көрген жоқпыз еш тарлық.

Көлге көзде жас тұнбай,
Кеудені езге бастырмай,
Жанымыздың жарасын
Жалап жаздық қасқырдай.

Тон ішінде жетіліп,
Көп ішінде бекідік.
«Жетім қозы – тасбауыр...»
Дегеніңіз өтірік!

Тоқтамайтын көші ұдай,
Тағдыр ғой бұл, досым-ай.
Менің өмірбаяным
Өрім-терім осылай.

Жаныма ұйып мұң ұяң,
Жылағым кеп... жымиям.
...Жібісеңші сен де енді,
Зарпы ойламай зымиян,

Ей,тасбауыр Дүнием!

* * *



Заң шығады күн сайын, заң шығады,
Күмәні бар және де бар сұрағы.
Күллі әлемге күмәнді кінәз – кеудем,
Күлкім келер заңдарды тарсынады.

Кінәз – басым сыймайды түгел заңға,
Тірелетін рух – тегін, тіл – арзанға.
Біздің заңдар – қиын-ды көпшілікке,
Біздің заңдар – тиімді бірер жанға.

Қасым салған қасқа жол майдаланды,
Есім салған ескі жол қайда қалды?!
Ата заңның жетінші бабын көрсем,
Ата жауым ториды айналамды.

Тәуке жазған емес ол «Жеті жарғы»,
Жетістіріп тұрған жоқ беті зәрлі.
… Ертең жайлы ертегі айтып отыр,
Екі көршім – жұмыссыз екі жарлы.

Бірі жүрер – түсіне Барыс кіріп,
Бірі жүрер – ісіне таныс күліп.
Тыңдаған боп екеуін мен отырам,
Шырғалаң көп жүрекпен ғарышқа ұлып.

Барыс та емен мен өзім, басқа да емен,
Көкбөрімін көкке ұлып, ашқан әлем.
Алматыңда ешқандай шатағым жоқ,
Шаруам да шамалы Астанамен.

Көкбөрінің өзімін көші дара,
Көкке ұлысам көз қадап, шошыма да.
Менің заңым – Баба заң-Дала заңы,
Менің жаным – киелі осы Дала!

Көкбөрімін, қасамды қасқыр-жаным,
Қасаң заңды бар ма екен басқа
ұрғаным?!
Менсінбедім ешқандай өкіметті,
Көкіректі ешкімге бастырмадым.

Маған десе Барыс бол, арыстан бол,
Маңайыма жолама, алыстан көр.
Ғарыштан жол салып ап, Көкбөрімін
Көктәңірдің өзімен алысқан қол.

Тұрпатыма қарап ап ой шыңдарсың,
Түн қанатын Далама жайсын баршын.
… Ай туыпты, Айға ұлып қайтайық бір,
Айналамнан табылар қайсың барсың?!

Жүріңдер…

Орыс тілі апай (баллада)



Тумай жатып бәрін білген бәленің,
Бәтеңкесін теріс киген бала едім.
Өзіме тән бар болатын дүнием,
Өзіме тән бар болатын әлемім.

Тіршіліктің тауып жүрген есебін,
Тірі жанның бәрімен де дос едім.
Шаңын қағып жүретінмін көшенің,
Көршіміздің ұрлап мініп есегін.

Ұқсамаса ұқсамасын жорғаға,
Екеумізді шақыратын жол ғана.
Есениннің жатқа оқитын өлеңін,
Есегіне теріс мінген сол бала.

…Қара шашы секілденген қара түн,
Былайғы жұрт біле бермес көп атын,
Сол ауылда әрі әдемі, әрі жас,
"Орыс тілі" апайымыз болатын.

Жүрегіне қадалғандай сан ине,
Мұңлы көзбен қарайтын ол фәниге.
Өзіне сай бар еді ішкі есебі,
Өсегі де таусылмайтын әрине.

«Аңғал қыз-ай, алданған ғой» десе ауыл,
Сол кездегі аңқау бала, асау ұл,
«Кім алдайды, неге алдайды, неге деп
Ойға батып кететінмін неше ауыр.

Бала қыздай кей мінезі күлкілі,
Иіссудің бар еді онда түр-түрі.
Көп ойланып апайыма содан мен
«Ғашықпын» деп өлең жаздым бір күні.

Алшысынан түсті деп ем асығым,
Ертеңіне сабақтан соң жасырын,
Іштен жауып мұғалімдер бөлмесін,
Мені оңаша алып қалды «ғашығым».

Сосын...
Сосын көзбен қарап сәл мәнсіз,
Бауырына басып мені қорғансыз,
«Баласың ғой, не білесің?-деді де,
Ағыл-тегіл жылады-ай бір армансыз.

Жылады-ай бір, жылады-ай бір жанымен,
Жүрегінен жас боп аққан қанымен.
Сондағыдай мұңға толы қарасты
Ешкімнен де көргенім жоқ әлі мен.

Жан-жағымнан соққандай-ақ сан дауыл,
Бәрінен де осы қарас болды ауыр.
Содан кейін ешкім көрген жоқ оны,
«Орыс тілі» апайынсыз қалды ауыл.

Мен білмеймін қайда екенін, мекенін,
Оны ойласам мұңға батып кетемін.
Бір он жасқа есейдім мен сол күні,
Сонда ұқтым мен ғашықтықтың не екенін.

Солай, досым, кімге ұстатсын қасқа-арман?
Әр тағдырда бір құпия астар, мән.
Осылайша менің алғаш өлеңім
Махаббаттан соққы жеуден басталған.

ГҮЛБАХОР


(баллада)



Балалық шақта барлығы да әсем, тәтті өмір,
Таңсәрі сайын ататын балдай дара таң.
Жайсыз бір күйге түсіп қалатын пәк көңіл,
«Жайлаудың қызын әперем» десе шал атам.

«Өзбектің қызы өзгеден болар тәтті» деп,
Өзгеше көзбен жымиып шалым қараса,
Өзектен шыққан өлеңдерден де сәттірек
Өрім бір ойға батушы ем сонда тамаша.

Гөзәлдің сол бір Гүлбахор еді-ау есімі,
Бахор дегенің көктем ғой менің тілімде.
Бала көңілдің сондағы батыл шешімі,
Қолымды саған жеткізем дегем түбінде.

Көктемнен тіпті болмайтын титтей айырмаң,
ГүлКөктем сұлу, көктегі ару Күнді өпкен.
Атадан тірі, анадан өлі айырған
Аяр Тағдырға жоқ еді сенің дым да өкпең.

Бала қиялдың түбіне кейде ой жексең,
Сан қилы арман тоғыса келіп санаңа,
Нанталап болып кетемін деуші ең бойжетсең,
Намәлім маған Наманган дейтін қалаға.

Наманган деген нән қаламенен ауырған,
Намысым келіп сендегі балаң арманға,
Абайлап сосын сұраушы ем туған бауырдан,
Сол қала жайлы оңаша кейде қалғанда.

Сұраймын тағы «қазақтар онда көп пе, аға?!»
Жоқ дейді бауыр, қазақтар онда неғылсын?!
Қазағы болмас ол қандай қала жоқ баға,
Көзіме сурет келеді сосын небір сұм.

Жыраққа сол бір жібергім келмей өзіңді,
Кеудеме қонған қызғаныш құсын сөйлеткем.
Байқамай жүріп мендегі адал сезімді,
Бойжетіп бір күн кеттің сен әтлес көйлекпен.

Ержеттім мен де, еркіндеу өстім ер мінез,
Еркелеу едім, кедей де болсам кердеңмін.
… Тағдырдың сыны тағы да саған келді кез,
Көршіңе сені ұзатып әкең берген күн.

Қаттылықтан сол қалаға кеткем қаңғырып,
Қауақ басыма Тағдырдың жазып жарлығын.
Өзіңді сосын ұмытпақ болдым мәңгілік,
Ұмытпақ болдым Көктемді, Гүлді, барлығын.

Ұмытқым келді сәттерді сонау тым шырын,
Өшіргім келді сезімнің отын сен жаққан.
… Мәжнүнталдар атқанда жаңа бүршігін,
Бір сұмдық хабар естілді бір күн ел жақтан.

Қырқада біздің құлпырғанда әсем қырмызы,
Қып-қызыл қанға боялды мендік шер-дәптер.
Көктемнің көркем көк көйлек киген Гүл қызы
Мәжнүнталға асылып қапты деп жатты ел.

Жалғанда мынау жақындай бере жалтарған,
Көктемнің солай көгілдір Гүлі солды әсем.
Қарт көрші біздің хат тауып апты қалтаңнан,
«Наманган жаққа кеттім мен…» депсің онда сен.

Хатыңнан сол бір қатты боп біттім түбінде,
Түңіле қарап өткінші жалған бес күнге.
Көктемді көргім келмейді менің бүгінде,
Гүл атаулыны сыйлаған жоқпын ешкімге.

Кешіргей досым жасасам кейде асылық,
Көктемді де алғам өзіме қазір жау етіп.
Туған күн сайын тулаған жанын жасырып,
Тұрады жарым, тұрады бір гүл дәметіп.

Аңғал да адал арылып асыл әдеттен,
Қатыгез болып кетсе егер жайсаң кешегі ер
Гүл мінез жарым гүлдесте-ғұмыр дәметкен,
Гүл менен Көктем, Гүлбахор ару…
Кеше гөр!

КӨКБӨРІНІҢ ЖЫРЫ



Ай-й-й, аламан жылдар алып бір қашқан заманым!
Аяр жүзіңнен айналып теріс барамын,
Айдамкезін пір тұтқан.
Айналасын күн тұтқан
Ай-ана сынды қаусырды қала-қамалың,
Таусылды білем амалым.

Сонау бір сонау жылдарда,
Соңымнан ерген бөлтірік
Содыр қол келіп ұрғанда,
Айықпас бір дерт еңсемді езіп қорғасын,
Айға мұң шағып, аңырап қалған сор басым.

Әй, өр Түрік, ер Түрік!
Қылшығыма орап өсірген,
Құбыла қарап көсілген,
Иманын теріс келтіріп.
Инаят тапқан бір жауың перзентті мендік өлтіріп,
Ұл орнына ұл болып,
Ұлы иығына Бөрі атам берген Пір қонып,
Сен едің сонда соңымнан ерген бөлтірік.

Алп, алп сені бастырдым,
Алып бір таудан астырдым.
Мыстанның мысын қаштырып,
Дұшпанның сырын аштырдым.
Иілдің-дағы иландың әуел сөзіне
Иығыңдағы хас Пірдің.
Иманыңды енді ұмытып,
Иласыз күйі басыңды неге тасқа ұрдың?!
Таптырып көкте Ай тоят,
Қасиетіңді қайта оят,
Қаныңда қалса қасықтай қаны Қасқырдың!

Танып ал Бөрі-иеңді,
Тауып ал қайта киеңді,
Тау сынды берік түзеп ал жүйке-жүйеңді.
Әулекі сөзбен тілдескен,
Әупірімменен күн кешкен,
Әуегіңді қайта жи енді:

Күрек тісі – көк құрыш,
Көк құрыштан құтылатын жоқ-ты күш.
Жүрегінен аққан қанын жалаған,
Әулетіне жаны алаң,
Әуегімнің әулиесі абадан,

Ай-й-й, Ата Бөрі, қайдасың?!
Азу тісі – ақ алмас,
Ажалы қанша қуса да
Аттап бір басып алдына ешкім бара алмас,

Ай-й-й, Ана Бөрі, қайдасың?!
Айкезбе болып адамзат ұқпас мұңынан,
Айға бір қарап ұлыған.
Айырдан туған жампоздың өзін талдырған,
Айнала белгі салдырған.
Аяусыз кейде қақпанға түссе –
Аяғын кесіп қалдырған,

Ай-й-й, әуегім, енді қайдасың?!
Керуенің түзеп кел, сана,
Көшімнен қалмай ер, сана.
Керегесін күн жеген,
Кеуде тұсын мұң жеген
Кері кеткен ерлеріңді көр, сана.
Бөрі атымызға ылайық
Бөлінбес шерік құрайық.
Бөрілі басы байрақ ап,
Арғымақ атты алшайтып мініп айқабақ,
Алшыдай қырға шығайық.
Бір қолымда – Құраным,
Бір қолымда – Күн көтерген қыраным,
Тәуекел десіп тұрайық,
Тәңірден тәубе сұрайық!

… Деп балконнан бір Бөрі Айға ұлиды мұңайып…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар