Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бақытжан Райысова. Жұмақ

01.02.2020 662

Бақытжан Райысова. Жұмақ

Бақытжан Райысова – 1959 жылы қазанның 6 жұлдызында, Шығыс Қазақстан облысы, Катонарағай ауданы, Еңбек аулында (Таңба) дүниеге келген.

1981 жылы С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген.

2000 жылы Бақытжан Раисованың тұңғыш жыр жинағы «Ай мен Алтай» «Білім» баспасынан басылып шығады. 2005 жылы «Сезім сәулесі», 2009 жылы «Шағылға біткен шынармын», 2012 жылы «Ай патшалығы» атты жыр жинақтарын Алматы, Астана баспаларынан, 2017 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Кәусар дүние» кітабы «Дәстүр» баспасынан жарық көрді.

2019 жылы «Орхон» баспасынан қаламгердің «Жалын мен оттан жаралып...» атты мақалалар мен эсселер жинағы оқырмандарға жол тартты. Жуықта ғана мемлекеттік тапсырыс бойынша «Абай әлемі» сериясымен «Жердің күн беті» атты жыр жинағы баспадан шықты. Ақын облыстық, республикалық бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

Қазақстан Республикасы Білім үздігі және Халықаралық «Глобус» академиясының «Қанипа Бітібаева» атындағы медалінің иегері.

Жұмақ

Кері итеріп не оздырып уақытты,

Жан өмірге келгенімен бақытты.

Ұлы өнерді сата алмайтын ешқашан

Төксе дағы алтын, гауһар, жақұтты.

Өмір қатал, зар шегеді шерменде,

Мен жұмаққа барсам дейді өлгенде.

Жылап тұрып, жұмақ санар тірлікті,

Күллі өмірдің әділеті бар менде.

Таң атпаса қара жерге құлап түн,

Несі қызық күресі жоқ жұмақтың.

Қобыз сарын қосылмаса не болар,

Қаңбағына мұң оралған қыраттың.

Сыңсып өскен жүзімнен дәм татарсың,

Өне бойы тәтті ұйқыға батарсың.

Жұмақтан да жалығарсың бір күні

Бақпен бірге келмесе егер қатар сын.

Мың-миллион раушан гүлдің жамалы,

Көкжал толқын күнде сүйген жағаны.

Бұл фәниді жұмақ демей не дейсің,

Күнәдан пәк сәби есік қағады.

Көк төрінде қатар жүзгени күн, айы,

Қыран ойы, шексіз және қиялы,

Бір ғұмырға бір жұлдыздан келетін

Маған жайлы осы дүние жұмағы.

Көк пен жер

Көк кісінеп, мөңкиді,

Жерге үйретіп әрнені.

Тұлпар бұлттар жөңкиді,

Елең қылмай кермені.

Аспан құлап шерленер,

Көлге айналып құйғаны.

Жер үстінде дөңгелер

Қаздаң қағып сирағы.

Жаңбырдан соң құшағы

Жазылады амалсыз.

Жерге қонған жұлдыздар

Көкке ұшады алаңсыз.

Заңдары ұлы қағанның:

Тепе-теңдік орнайды.

Қос ғашығы ғаламның

Қауышпаса болмайды.

Кешқұрым

Қызарып, өртеніп,

Құлайды күн басы,

Маңдайға жазылған кешқұрым сызбасы.

Үйіне енеді ел,

Қоралап Ай қашып,

Еліткен елсізді ертегі мұң басып.

Періште өтеді,

Пері де өзеннен,

Кешқұрым кермегін баладай сезем мен.

Айдала, айнала жиып сап күлкіні,

Қараған арасы қою түн кілкіді.

Әупілдек үні де емес бұл кешкі үн,

Байғыздың жыры да күйіндей ескінің.

Бейуақ, бейсана, құпия кешқұрым

Ұйыған жалғыздық уайымын естідім...

Екі дүние

Қалмаймыз-ау, кетеміз ғой бір күні,
Дір еткізіп көк аспанның түндігін.
Суырылып жанмен бірге жанарым
Үзіледі -ау, жерден сонда кіндігім.

Құт ағатын құба-құба таңдардан,
Бұқтырмадан, қайыңдардан, талдардан.
Бәрін қиып, қимай мүлдем кетсем де,
Айырар кім мені адами ойлардан?..

Сағынышым, бет аларсың сен қайда?
Өлең қайда, жабысатын таңдайға.
Жараланған қарлығашқа су беріп,
Жем шашатын біреу жүрер торғайға.

Кірпік қақпай күн тебеді әткеншек,
Ай иіліп, басы жерге жеткенше,
Қайғысы мен қуанышын ұсынар
Шымылдығын жаппай өмір өткенше.

Осы ғұмыр, осы уақыт, осы күн,
Бабалардың қалған қара қосымын.
Жұмақ көріп жұбанатын жанымның
Шексіздікте кездесетін досы кім?..

Қысқа күндей қымқырылған өмірім,
Қыздыратын сан қызықтың көрігін.
Осы күнге жеткен ақиқаттарға
Неге менің көншімейді көңілім?

Жол көрсетті сәби кезім кекілді
Үлгі болды,
Найзағайдың әрекеті өтімді.
Екі дүние ортасында тербелдім
Ғаламзаттың бір кесегі секілді...

Жоғалту

Ізгіліктің іргесі сөгіліп,

Көкжиектен

кентаврдың сұлбасы көрініп,

Көз кеткенде... ұшқыр жаның егіліп,

Соңында қалған Сөз ұлып...

Таулар шөгіп, аласарып,

Шындықтың өңі

шапалақ тиіп, қабарып,

Даланың селеу шашы қоңырайып,

Ап-айқын көзқарастар тағыланып.

Ошақ оты ақшамен аласталып,

Жылы сөзден

ұртымыз уланардай жақ ашпадық.

Айналайын қара жер

жұмаққа айналып кетер деп,

Жетімге әдейі қараспадық...

Өтірік жылау

Өмір ойыншық емес,

Өтірік сығымдайтын көз жасын,

Уытты шындықты қозғаса дауыл қозғасын,

Жүрек шын жылай ма, егіле созсаң сөз басын?

Қиялы жерге қайысып біткен құрақпын,

Сүйініп өстім сылдырын естіп бұлақтың.

Жүзіп айдында жүрек жасаған тұрақтым,

Менің өзім де

Қатал тағдырға иіліп туған сұрақпын.

Тебіренген таудың күрсінісімін мен деген,

Қамықса көңлім кәусарға ғана шөлдеген.

Шайтани қылық жанымды кетсе сыздатып,

Таным шыңдарын сәндеген болса мұз қатып.

Үріктім сонда ізетті тұрып іріген

Іңірдегі Айдың қарақошқылдау үнінен...

Бақытжан Райысова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар