Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Бақытбек Қадыр. Із қашқан...

17.02.2020 5211

Бақытбек Қадыр. Із қашқан 12+

Бақытбек Қадыр. Із қашқан - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Менен басқа жоқ па еді ешкім де ерік?

Қорқынышқа кетіп барам,

Қорланған көңілімді басқым келіп.

Не, Қыспен бірге ғайыпқа көшкім келіп...

Не, қияли бір жұмбақты шешкім келіп:

Тәңір неге мәңгілік азап жазбақ маңдаймызға,

Бар-жоғы бес күн беріп?!..

"Ақпан прозасы"

Тыныштықбек

Артына тастаған күпсек қардағы ала-шыбар ізінен қашып келе жатқан жападан-жалғыз бейбақ пендеге шырқау биіктен қарасаң ақ парақтың бетіне шимай-шимай жазу қалдырған қалам тәрізді көрінер еді.

«Жүріп өткен ізің де жазу екен ғой!..»

Бұл өзінің қарға түскен орқаш-орқаш ізінен қорықты... Мұны басқа емес дәп өзінің ізі қуып келе жатқаны қинады. Сосын ойына таудағы орманшы шал оралды.

– Соқпақсыз сапарға шығыпсың, – деді дауысы қырылдаған орманшы шал. Қуықтай бөрене үйшіктің іші темекі мен бу араласып күңгірт тартады.

– Жол сұрасам – жолыңды, жөн сұрасам – жөніңді білмейсің. «Өзін танымас» дегеннің өзімісің? Әлде жорта айтпай отырмысың?, – деді қырылдақ шал жақатпай, кекей сөйлеп. – Пешке бір-екі шөмшек салып қой, – деді бұған қақ-қақ болған төсек сүрейінен тұруға ерініп.

Бұл бір-екі ағашты пештің ауызына тоғытты. Іле пытр-пытр жанған от дыбысы, көптен естімей сағынтып жүрген бір күй секілді құлағына майдай жағып барады. Осы бір дыбыс өткен бір шақтағы өмір-елесін еске түсіретін тәрізді болып еді, санасына ештеңе оралмай, ойы божырай берді.

– Ал қанша жыл отырып шықтың, баукеспем?

– Әсілінде, жазамды он бес жылға кесті. Оны өтеп бола бергенде арнайы қатаң қамаққа алды. Ал ол жерде қанша жыл отырғаным есімде жоқ. Уақыттан жаңылдым. Бәрінен мақұрым қалдым. Түн қайда, күн қайда?..

– Сонымен, бір қыбын тауып қашып шықтың?

– Солай. Он күннен астам аштан-аш жаттым. Түрменің тесігінен бір түсініксіз иіс мүңкіп қолқаны қапты. Бәлкім, бұл өзгерген жаңа өмірдің иісі ме деп ойладым.

Шал осы жерде қыр-қыр етіп күлді мәз болып.

Әңгіме тақ-тұқ сейіліп, екеуі қаракүйе басқан кастрюлдегі асқа бас қойды.

Шекесі жіпсіп, бойына күш жиғандай болды.

– Сөйтсең ненің иісі екен әлгі?.. – деді шал, жалғыз зеріксе керек, әлде әңгіменің қызығын біле түскісі келді ме.

Бір күні маған тамақ тастап жүретін күзетші ізім-ғайым жоғалып кетті. Ақыры қабырғаны тесіп шықтым. Қарасам теңкиіп күзетшім жатыр. Әбден іріп-шіріп бұзылып кетіпті.

Өзгерген өмір емес, көзкөрген өлексенің иісі болды ғой... – деп шал өзінің тауып айтым-ау деген өз сөзіне өзі тамсанып. – Әй кәрі-өмір-ай, ай-ай – деп басын шайқап күлді.

– Сонда мен кімнің тұтқынымын? Үкіметтің бе, күзетші шалдың ба? Әлгі шалды жұрт неге ұмытты? Түсінсем бұйырмасын.

Әйтеуір құдай сәтін салып, бір түнде осында жеттім. Ендігі итпен із кесіп, қуып келе жатқан да шығар, жүрейін, – деп ол қопаңдап дегбірсіздене түсті; өзі ойынан өзі қорқып.

Шал бүгежектеп жүріп, сіріңке, ине-жіп, қолшырақ және ұсақ-түйек жолға деп бір дорбаға салып, аузын жіппен буып, артыған арқаға асып байлайтын қылып қойды. Сосын қарындаштың тұқылымен әлдебір қораптың ақ бетіне карта сызды.

Бұл қоржынын арқасына асынып, түнделетіп жолға шықты. Дала сүттей жарық. Ақ бұйра орман. Үміт пен үрей сапарлас... Ақпанның ақұлпа қары сықыр-сықыр қағып мұның құлақ күйін өзіне еліте жөнелді. Шыңылтыр аяз сырт-сырт етеді. Аспан сынып кететін тәрізді. Түн жүрісі әсте мандып бермейді. Мимырт басып, ілбіп келеді.

Кенет аулақтан үрген иттің даусы шыққандай болды, бұл жүгіре жөнелді...

Ой-елесінен айыққанда өзінің сапарда келе жатқаны есіне түсті.

Таулы өлкеде күннің көзі әманда келте. Мына қарлытаулардың үскірігі ызғарлы, кеші ызбарлы. ...Мұндай азаптың бәрін көнбістікпен қарсы алды. Тар қапас түнек түрмеден шыққан бейбақ пендеге тұмса табиғат еркіндік пен ерлік бітіргендей... Қыстың қысымы әзірге әсер етпепті.

Кешегі орманшы шалдың үйшігінен шыққалы құйырығы жер иіскеген жоқ-ты. Қалжырап қалғанын біліп, қараңғы түспей қоналқаға қамсау болар жай табуды ойлады. Үңірейген-үңірейген иен тоғайдың бір жықпытына сынған сырғауылдарды үймелеп, қос жасады. От жағып, мұздап сірескен қол-аяғын жылытып алды.

Орманның тынымсыз үні үрей шақырды. Бұл ойын басқа жаққа бұрғысы келіп, әр нені бір ойлады...

Кенет бытырлап жанып жатқан оттың жылуымен қар астынан бір нәрсе жылтырап көрінді. Бұл соған бейсауат қарап біраз отырған. Бірақ әлгі нәрсе қар ерігейін сайын ұлғая түсті. Сосын ағаштың ұшымен қазып көріп еді, күміс шынжыр баулы механика сағат болып шықты. Сағат тоқтаған. Сағатты алақанымен жылытып, құлағын бұрап көрді. Механика сағат бірден жүріп кетті. Тағы да қазып еді, су тиіп қобыраған кітап шықты. Шет-шетін жәндіктер мүжіп кеміріп тастапты. Жазулары өшкін әрі түсініксіз. Кітапты қоя салап, тағы да қазып көріп еді, линза, тот басқан бәкі, ине сосын бір шіріңкіреген кішкентай кітапша шықты. Одан әрі күрек, лом болмаса қазылатын емес. Бұл заттарды тәрізі, бір дорбадағы зат деп есептеді. Кітапшаны ашып көріп еді, оның да жазулары өшкен. Тек бір адамның суретінің сұлбасы қалыпты. Кенет бұл заттардың бәрі оның өзінікі екені есіне түсті. Бәрі өзіне таныс, сондай ыстық.

«Бәлкім, мен бұл жермен бұрын жүрдім. Бәлкім, бұрында осылай қаштым? Мүмкін...»

Сосын ол күміс баулы сағатын алып, уақытқа қарады. Сағат тілі – он екі жарым. Күнге қарап білейін десе – түн. Аспанға қарап жұлдызбен болжап көргісі келіп еді, қарағайдың бытысқан бұтақтары көрсетер емес. Күміс сағатты алақанымен жылытып отырып тағы да ой құшағына батты.

Бұл оқуға аттанар күні көңілжетер дос-жаранына қоштасу кешін жасаған. Бұған тұс-тұстан ақжарма тілектерін жаудырып жатқаны; кеш соңында аққұба талдырмаш қыз шынжыр баулы күміс сағат сыйлағыны; өмірінде бірінші рет қыз ернінің ыстығына балбырағаны... Қимай қоштасқаны... Көз алдында.

– Кешір, мені... – деді аққұба қызды есіне алып, – Кешірші қүнәһарыңды..!

Содан бері бұл соқа басты қайда соқпады?!. Дөп-дөңгелек дүние қанша айналмады?!.

Өткен күннің әдемі елесімен де біраз уақыт өткізіпті. Елес те бітті. Орман ішіндегі түрлі дыбыстан жеткен үрейді басу үшін не істемеді? Сосын тағы да сағатын ермек қылды.

«Мөлшері кешкі уақыт 9 иә 12 болса керек. Жо-жоқ, неге тек солай болу шарт? Мүмкін әлемнің басқа бір шетінде сағат қазір расымен 12 жарым болған шығар. Сағаттың 9 иә 12 болғанында не айырмашылық бар? 12 жарым болса, 12 жарым болсын», – деді өзі өзімен кеңесіп. Сағатындағы жылға қарап еді – 1916 жыл.

«Уақыт тоқтап қалған ба, әлде озып кеткен бе?».

Механика сағатын бұрап-бұрап қайта жүргізді. Сосын әрі-ойланып, бері ойланып жылды да жобалап теңшеп қойды. «1940 жыл. Сәрсенбі. Сағат он екі жарым».

Түнгі ызғар сай-сүйегінен өтіп, қол-аяғын мұздатып барады екен.

«Қарғыс атқыр, мына 40-жылдың аязы қарып барады ғой», – деп, сағатындағы уақытты қайта өзгертті.

«Уақытты қалай өзгертем – өз қолымда», – деді іштей масаттанып.

«1919-2019 жыл. Әлде 2020 жыл. Сағат 12 жарым әдемірек көрінетін тәрізді». Бәрібір жылына қоймаған ол, «2040, 2080 жыл...» талықсып, көзі ілініп кеткен екен, әлдебір «ыр» еткен иттің дыбысынан оянып кетті.

Қарғайдың қара-құра көлеңкесі ит жетектеген адам секілді көрінді алғашқыда. Кейін барып көзі үйірленіп, үрейі сейілді.

Табиғат мұның уақытына қарап тұра ма, таң атпайын десе де күн шықпай тұра ма? Таң атыпты. От өшіпті. Сақылдаған таңғы сары аяз миынан өтіп барады. Әйтеуір таусылып түгесілер сапарын тағы да жалғады. Сіреу қардың күтір-күтір үні ғана естіледі.

Ақпан күнінің әлсіз шапағы шашырап бұған да жеткен-ді. Қасат қарды күтір-күтір басып қаннен-қәперсіз ілбіп келе жатқан. Кенет тура жанынан әлдебір бейсауат нәрсе қараң ете қалғандай болды. Жүрегі тас төбесіне шығып, жалт бұрылды. Ештеңе керінбейді. «Әлде орманның жабайы шошқасы болар ма» деп бір ойлады. Тусыртынан келіп жарып өтетін тәріздені бұған. Шошып жан жағына қарады. Жо-жоқ, көлбең ете қалған мұның өз көлеңкесі екен. Өзінің үркесоқтығына, өз көлеңкесінен шошып кеткеніне қысылды.

Бұл көлеңкесін көрмегелі қай заман?! Бүгін алғаш күн көзін көруі екен ғой. Тіптен оның көлеңкесінен тіксініп қалуы да сөлекет емес шығар.

Екпеттеп жата кетті. Өзінің қарға түскен көкшіл-қоңыр көлеңкесін құшақтай алғысы келді...

«...Көлеңке – адам боп қалқайып жүргенінің куәсі екен ғой, тәйірі!?».

Құс қонбас құба түздегі жалғызға жанындағы жалбаңдаған көлеңкенің өзі – ес көрінді.

Аспан айныпты. Көк жүзі күңгірт. «Тәрізі, боран бар-ау» деді ол іштей. Ықтасын тауып алмаққа қамданды.

Қапалақтап жауған қар аққанат көбелектердей қарағайлардың кірпігіне аппақ боп қонақтаған. Сосын жын қуғандай жел келіп, тау-таудың арасын, орман ішін сілкіп-сілкіп алған-ды. Алай-түлей азынаған боран айдаладағы жалғыз адамның әлем-тапырығын шығарды.

Кеше шал сызып берген картаға қарады. Адасқан тәрізді. Айнала аппақ...

«Мынау бағана келген жерім ғой? Мен адастым!?.. Әу баста адасқан пендеге енді бәрібір емес пе?! Не де болса тоқтамай жүре берейін».

...Жағаға талпынар, таласар, қарсыласар қайраты қайсы?! Бұл аһ ұрған жел, сапырылысқан ақбұйра теңіз-боранға өзін еріксіз тапсырды.

Тағы да есіне шал оралды.

«Жөн сұрасам – жөніңді білмейсің... «Өзін білмес» дегеннің нағыз өзі екенсің» деді шал.

Мен неге айдаладағы сүйегі қаусаған шалдың қожаңдағанына бұғып қалдым? Неге есе жібердім. Менің айтар жауабым бар ма еді?

Жөн сұрады. Қолымда адам екенімді айғақтайын не бар? Бәлен жыл түрмеде «№01» деп атады? Енді менде ненің жөні?».

Аңыраған долы боран сәл ішін тартты. Кешегі дауыл қаңбақтай қуалап қу жалғызды бір қарағайдың түбіне әкеліпті. Ес жинап жан-жағына қарады. Аяғына қақпан түскен қасқырдай жүзі ұсқынсызданған. Қолы домбығып көк-сұрланып кетіпті. Тізесін бұта-бүрген іліп жыртқан. Мұйығы да біраз «тағдырды» бастан кешкені байқалады.

Бұдырсыз аппақ қар. Кенет тағы да ақпаның аязынан да суық жел өнебойын қарып өтті. Зәресі зәр түбене кетті. Құлағы шыңылдап, мең-зең күйде. Тура қарсы алдына, – өз көзіне өзі сенбей жасқана қарады.

«О, тоба! О құдай, бұл тағы қай мазағың?».

Жан-жағын қоршаған сымнан өрген тор-темір. Өмір бойы көріп келе жатқан сол өрмекші тор. Өз көзіне өзі сенбей, қайта-қайта қарады. Кешеден бері көргені не сонда? Өңі ме, түсі ме?

Бұл тағы да басын төмен салып отыр еді, қолының сыртына салған татуировкасына көзі түсті. Түрмедегі азапты күндердің бірінде «мәңгі бостандық» деп түрменің тор-темірін қолымен жұлып тұрған суретті салдырған кезі есіне оралды. Сөйткен татуировкасына бір, алдындағы тор-темірге бір қарады. Бастапқыда өзін әлі түрмеде жүрмін бе, кешеден бері көргенім түс болғаны ма деген іштей.

Айнала құлақ сасытқан тыныштық. Ойлана келе бұл тор-темірдің де жұмбағын шешті. Кешегі шалдың картасында бұл көрсетіліпті. Ел шетіндегі шекараға жеткенін түсінді.

Құрсауланған құрыш сымды бұзып шыққанда бір түсініксіз күйге енді.

***

Аппақ тымық, аппақ тыныш дала. Сықыр-сықыр аяқ дыбысы бірде үдеп, бірде үзіліп естіледі. Келе жатып, аңыраған түзден бір қалашықтың үстінен түсті. Тырс еткен дыбыс, қыбыр еткен жан жоқ. «Кезінде тіршілігі қыж-қыж қайнаған қала болған-ау...». Қалашықтың ұзынан-ұзын жатқан көшені көктей өтіп келеді. Аңғал-саңғал үңірейген қараңғы терезелер көрінеді. Солып қалған кәрі кемпірдің шүңірейген көзіндей суық терезелер оның өңменінен өтіп барады.

Кейбір тал-теректер тәртіп-ретсіз жабайы өсіп, терезелерге еніп кеткен. Кейбір талдар балкондармен бытысып, шырматылып қалған. Арагідік құзғын-қарғаның сұқсыр даусы қарқ ете қалғанда оның жон-арқасынан тоқ осып өткендей болды...

***

Табиғат түсі, болмыс бояуы – өткен төрт қонақтан гөрі өзгеше реңге малынған. Аспаннан жерге қарай жылт-жылт еткен бриллиант-күміс түстес кристал аяз-қыраулар төгіліп тұрған саф таза тымық ауа.

Түсі әлеті. Мұның көңіл-күйінде қарға шыққан қарғалдақтай бір сезім қылаңытыпты. Табиғаттың тосын мінезіне әбден үйірлескен. Кез келгеніне төтеп беруге әзір.

Үркексоқтықтан аз да болса арылып, тіптен жүзіне жігерлі бір еркіндіктің табы қонақтап алыпты. Қорлық пен қорқыныш атаулы әлгі тор-темірдің аржағынан ала көзімен атып тұрғандай...

«Бұл елдің, әлде бұл әлемнің деген жөн шығар, иә бұл әлемнің аязында да бір жылу бар тәрізді...»

Кеш түсті. Кешкі жол өндікпеді. Бірақ жүріп келе жатқан жері ыратөмен ылди-еңіс екен де буынын босатып, әлін құртып титықтатып келе жатқан. Бірақ қорқыныштан құтылдым деп ойлаған. Жо-жоқ мүлде олай болмай шықты!

Осы жолы қорыққан жоқ, қорынған жоқ; өлі мен тірінің арасындағы хәлге түсті... Есінен танып, шат-шәлекейі шықты. Мәңгіріп бір қауым уақыт өткізгенін өзі де білген жоқ-ты.

Көзіне түскен бұл қорқынышты тағы бір сәп салып қарап, бетпе-бет келуге бекінді. Мұның айран-асырын шығарған – жол жиегіндегі үлкен тақтайша.

Ой-қиялдың тәп-тәтті құшағына шым батып, екі аяғының барын да, жоғын да сезбестен тынық теңізде баяу жылжыған қайықтай ілбіп келе жатқан-ды. Кенет қарсы алдынан тәкәппар шалқайған «№01 отделение 0.5 км» деген жазуы бар тақтайшаны көзі шалды. Соңғы жазулары күнге қурап, өшкіндеп кеткендіктен «№01» деген жазу ғана көрінсе керек. Құдай қақ төбеден ұрғандай тізесі бүгіліп барып бүк түскен-ды.

Тақтайшаға көзі анық жетер-жетпес жерге келгенде өзіне әбден үйір болған үрей қайта бас көтерген. «№01...» деген жазу тұр! Еріксіз ойына: «біреу мені жіберіп қойып, сыртымнан қарап қызықтап, Мені тәлкек ету үшін, менің өз атымды ұмытып қалған қылмыскер, қашқын екенімді бетіме басқысы келгені ме? Әлде менің істеген қылмысым осылай сазайымды беріп жатыр ма?» деген ой діңкелетті.

Оның көз алдынан «№01» деген кеудесінде және арқасында жазуы бар жазасын өтеушінің азапқа толы ғұмыры көз алдынан зу етіп өте шыққанда, шетін қайырған тоқыма қара тымағының жиегінен қу тартқан самай шашы қылиған...

Бұл лоқсып-лоқсып жіберді. Қанды көбік күтіп еді, түк шықпады. Көзден – жас, көкіректен – жан шығар деп еді, шықпады. Сол іштегі шықпағанның бәрі мұны азаптың соңғы отына салғандай болды.

Қоңырқошқыл түн. Ұшқындаған аяз-қырау әдемі бір ырғақпен баяу ғана сорғалайды. Бұл соңғы рет еңсесін тіктеп, аспанға қарады... Осы кезде әлгі жебірейіл кейіпті тақтайшаның ар жағынан бір жарық шашырап, ауадағы мың-миллион жылтылдаған қыраулармен шағылысып, әуеде аппақ сәуле толқыды. Әлгі жарық ұлғая келіп, тура маңдай тұсынан оның жүзіне төгіліп, көз алдын аппақ қып жіберді.

Жарықтың шашырағын сәулесі ме екен, әлде солып, өліп бара жатқан жанар мына бір жарық нұрды көріп, қайта жанданған, қайта қозданған үміттің шоғы ма екен? Мұның көз-жанарында әлдебір беймәлім жарық жылт ете қалды.

Көрнекісурет: Интернет желісінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар