Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Бақытгүл Бабаш, ақын: Әлемге мейірімділікпен, маха...

17.02.2017 6509

Бақытгүл Бабаш, ақын: Әлемге мейірімділікпен, махаббатпен қараймын

Бақытгүл Бабаш, ақын: Әлемге мейірімділікпен, махаббатпен қараймын - adebiportal.kz

 - Бақытгүл әпке, әңгімеміздің басын өлеңмен бастасақ... Тағдырыңыздан, болмысыңыздан хабар берер шығармашылығыңыздан бір өлең оқыңызшы?


 - Мұнар таудың басында,

манаураған Ай ма екен?

Бір көрінсе болмай ма

бізге бақыт?


Қайда екен?

Жанарыма-жұмыр жер, 

құшағыма-мына әлем,

Сиып кетер

мейірлі құс-көңілдің

сыңары ем.


Қайырылған қанаты

қыранға енді не дейсің?

Қу дүние, әйтеуір

қайырымға кедейсің...


Мұнар таудың басында

мамыр ма екен, маусым ба?

Жүрегіме түскен жүк

төзімімді тауысуда.


Тамның бәрі қосым деп,

кімге ұйыпты күпір ой?

Жанның бәрі досым деп,

бір биіктік күттім ғой!


Құз басынан құлаған

қызды көрсең – мен шығар.

Жапан түзде жылаған

күзді көрсең – мен шығар...


Бір бақытты аңсаған

тағдырыма тайғанақ,

Мұнар таудың басынан,

манаурайды Ай қарап...


69201312fc8794480c70a3bf68a046f3.jpg


 - Сіздің «Жетім қозы» өлеңіңіз балалық шағыңыздың хабаршысындай секілді. Жалпы, шығармашылығыңызда өткенге өкіну, өмірге деген өкпе бардай көрінеді.


 -  «Өкініш бар өміріме жетерлік» деп жазыппын. Өлең  деген бір сәттік көңіл күйдің көрінісі ғой, дәл сол сәтте күнгейімнен көлеңкем көп болып кеткен шығар. Өмірге өкпелеген сәттерімнің көбі өліммен байланысты болыпты. Жақыныңды жоғалту, әрине, ауыр. Бірақ қазір ойлап отырсам, менің тағдырға деген базынам мен мұңымнан өзгерген ештеңе жоқ екен. Қанша тарықсам да, торықсам да, бұл – менің өмірім. Демек, солай болуы керек болды. Барлық күйініш-сүйінішімен тағдырымды қабылдаймын.

Өміріме өкпе артқаннан табам не?

Жаға алмадым жалыны ыстық жақынға от.

Тамшы болып көктен тамбай қалар ма ем,

Жаралғанша ақымақтау ақын боп... – деп жазыппын. Мүмкін менің бағым осы ақымақтау ақын болғаным шығар? Өлеңсіз көп әйелдің бірі ғанамын. Жүрегіме жырдың дәнін сепкен Жаратқанға мың мадақ!


 - Өміріңізді өлеңмен өресіз. Ақ парақ алдында қалам ұстағанда әуелі нені ойлайсыз?


 - Қаламды менің қолым емес, жүрегім ұстайды. Ақылдан бұрын жүректі тыңдаймын деп адасқан тұстарым аз емес. Бірақ бәрібір болмысыңнан безе алмайсың. Жүрек нені ойлайды, нені сезінеді, қалам соны жазатын құрал ғана.

Жанарыма жақұттай қып жиғам мұң,

Қорғасын-ой өр кеудемді кетті ойып.

Кешір, жүрек, сені қанша қинадым,

-Өлең үшін, - деп қойып...


 - Ақындарда өлеңді мый жазады немесе жүрек жазады деген пікірталас бар ғой. Сіз соңғысына қосылатын секілдісіз, солай ма?


 - Иә.


 - Есімде, ең алғашқы кітабыңызда қысқа әңгіме жариялаған едіңіз. Бүгінде прозада қалам тербеп жүрген жоқсыз ба?


 - Жоғарыда айттым ғой, өкінішімнің көбі өмірден өтіп кеткен асылдарыммен байланысты деп. Бірақ мен үшін жаныма ең жақын жандар туралы өткен шақта жазу өте ауыр. Мысалы, әжемнің өмірден озғанына қанша жыл болса да, әлі өлең арнамадым. Ішімде жазылып жатқан сияқты болады да тұрады, мүмкін уақыты келгенде қағазға түсер. Айымгүл құрбым туралы жаза алмай жүрдім. Сегізінші жыл дегенде ғана әңгімеге айналды. «Жалғыз қыз» да сол. Өлеңге симайтын дүниелер болады. Қазір проза жазып жүрген жоқпын.


 - Жуырда бір топ қаламгерлер Испанияға сапарлатып қайттыңыздар. Сапардан қандай әсермен оралдыңыз?


 - «Қазақ ақындарының антологиясы» Испанияда шықты», - деп Танакөз Толқынқызы хабарласқанда,  алпыс ақынның қатарында атымның барын естіп қуандым. Жалпы, Дәурен Берікқажы мен Танакөз Толқынқызы қазақ әдебиетінің бағы үшін жаралған жандар. Басқаның жазған жыры үшін қуана алуға да үлкен жүрек керек. Мадридтің төрінде керемет кеш өтті. Атақты аудармашы Хосе Хорхе Падроннан жылы лебіз естіп, көңіліміз марқайды. Бұл сапар сенім берді, жігер берді, шабыт берді. Батыс Еуропаны көріп қайтуға қолдау көрсеткен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа да ризашылығымды білдіргім келеді.


a87fdd13374f1ae5a729f93c05d7385c.jpg



 - Испан тіліне қандай өлеңдеріңіз аударылды?


 - «Сағыныш қалды көзімде» деген өлеңім аударылды.


c004a88de5eaf6114de29673703bf85e.jpg



 - Сізге ғибрат болған оқиға қандай?


 - Дәл қазір ойыма оралып отырған жоқ. Жақсылық жасағандарға дер кезінде жауап бере алмай қалған кездерім болған шығар, бірақ ешуақытта ұмытпаймын. Жамандықты жадымнан өшіруге тырысамын. Жүрегімде ыза, кек ұстағым келмейді. Әлемге мейіріммен, махаббатпен қараймын.


 - Алда кітап шығару жоспары бар ма?


 - Жоспар көп. Оның ішінде кітап шығару да бар. Бірақ арман-мақсаттарымды жарияға жар салып айта бергім келмейді.


   - Ендеше,  жоспарларыңыз орындалуға жазсын! Әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан: Наурызбек САРША



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар