Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Бақытжан Қанапияновтың сара жолы...

20.05.2022 2458

Бақытжан Қанапияновтың сара жолы 12+

Бақытжан  Қанапияновтың сара жолы - adebiportal.kz

Өнердегі дәстүр – көркемдік тәжірибені ары қарай сақтап, жаңарту, жарасымды бітім туғызу. Дәстүрдің көркемдік қуаты ерекше. Өткен кезең көркем тәжірибесін қазіргі буынға жеткізудегі мүмкіндік аясы мол.

«Көркем творчество процесіндегі дәстүрлік пен жаңашылдықтың байланысын көркем мұраны игеру мен дамыту жолдарының өзіндік ерекшеліктерін қозғағанда, өнердің бұрынғысы мен бүгінгісінің өзара күрделі қарым-қатынасын, өмірдегі ілгерілеушіліктің мәнін сараптағанда көркемдік дәстүрлердің эстетикалық-философиялық болмысына ой жарығын түсірмей болмайды» (Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясы. А., 2001, 107-б).

Көркемдік дәстүр эволюциясы көркем өнердегі көркемдік-эстетикалық санадан туындайтын күрделі құбылыстардың қатарынан орын алады. Ол – ежелгі мектептер, ағымдар, бағыттармен өзектес жатқан арналы құбылыс. Көркемдік дәстүр дегенде оны өнердің жалғасы, оны байытушы, жаңғартушы өміршең құбылыс деп қарастырғанымыз жөн.

Адамзат мәдениетіндегі үздік үлгі, дәстүрлерге байланысты академик Р.Нұрғалиев өзінің «Телағыс» монографиясында былай деп жазады: «Үздік үлгілерден үйренуге құмарлық, адамзат дәстүрлеріне ден қою, туған топырақ байлығынан қол үзбеу - әлемдегі барша талапты қаламгерлерге ортақ қасиет. Ұлттық дария, әлемдік телегей теңіз – осы телағыстың тоғысуынан қазақтың арналы қазынасы – көркем әдебиеті жасалады».

Біз әдебиет тарихында этникалық тегі басқа болып, өзге елдің әдебиетін жасаушыларды да білеміз. Орыс жазушылары: Илья Эренбург – еврей, Кантемир – молдаван, америка жазушылары: Уильям Сараян – армян, Джозеф Конрад – поляк болса, қазақ жазушылары: Әкірам Ғалимов, Сабыр Шарипов, Машқар Гумеровтердің – тегі татар болған. Ұлты тәжік Садриддин Айни тәжікше де, өзбекше де жазған. Тегі қазақ Ақмолла үш тілде, қазақша, татарша, башқұртша жазған. Үш елде оны өз әдебиетінің өкілі деп біледі. Африка жазушылары – француз тілінде, үнді жазушылары ағылшын тілінде қалам тербеген.

Ал енді орыс тілінде шығармашылық дүниелерін тудырған қазақ әдебиетіндегі Бауыржан Момышұлы, Бақытжан Момышұлы, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Бақыт Қайырбеков және бүгінгі біздің әңгімемізге өзек болып отырған талантты ақын Бақытжан Қанапияновтың шығармашылығын қай қатарға қоюға болады? Әрине, олардың барлығы – қазақ қаламгерлері. Басты мәселе тілде емес халықтық, ұлттық рухта, қаламгерлердің өз ұлтына деген перзенттік көңілі мен жүрек соғысында, елім деген үндерінде жатыр.

Бүгінгі біздің әңгімемізге өзек болып отырған қазақтың талантты ақыны Бақытжан Қанапянов қазақ поэзиясында өз биігін айқындаған талант.

Қазақтың көрнекті ақыны Бақытжан Мұсаханұлы Қанапиянов 1951 жылғы 4-қазанда Көкшетау қаласында туды. Бақытжанның бесінші атасы Сұлтанбек төре, Кереку-Ертіс бойын жайлап, сондағы елге аға сұлтан болған. Ақынның әкесі Мұсахан Қанапиянов бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында, Сырымбеттегі қазақ орта мектебінің директоры, Көкшетау облыстық оқу бөлімінің бастығы сияқты абыройлы қызметтер атқарған. Бақытжанның анасы Күләш апай да бала оқытқан, ел сыйлаған ұстаз. Алаштың асыл ұлы Жұмағали Тлеулинмен аталас, текті жердің қызы болған.

Бақытжан Қанапиянов 1974 жылы қазақ политехникалық институтын бітіріп, Қазақ ССР-інің Ғылым академиясы жанындағы металлургия және кен байыту институтының инженері болып қызмет атқарды. Одан кейін Мәскеу қаласындағы жоғары әдеби курстарды (1981-1983) тәмамдады. «Мосфильм», «Қазақфильмде» сценарист, режиссер ретінде еңбек етіп, баспаларда редактор, басқарушы болып жемісті қызмет етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ҚР Мәдениет министрлігінде баспалар жөніндегі басқарманың төрағасы қызметін атқарды.

2004-2006 жылдары ТМД елдерінің мемлекетаралық кеңесінің баспалар және полиграфия жөніндегі басқармасының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Қазіргі таңда Бақытжан Қанапиянов «Жібек жолы» баспа үйінің директоры. Ол – сан қырлы талант иесі. Инженер, ақын, жазушы, сценарист, режиссер, баспагер мамандықтарын игеріп отыр. Қоғамдық үлкен жұмыстар атқарып жүрсе де ақын шығармашылық тоқырауға түскен жоқ. Жеті томдық шығармалар жинағын шығарды.

Ақын, жазушы бола жүріп, Бақытжан Қанапиянов баспагер ретінде елін үлкен жаңалықпен қуантып отыр. Ол басқаратын «Жібек жолы» баспа үйінен қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 50 томдық академиялық толық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Он жыл астам уақытқа созылған бұл жобаның аяқталуы Б.Қанапияновтың үлкен табысы.

Бақытжан Қанапянов әдебиеттану және әртүрлі публицистикалық сипаттағы жүзден астам мақалалардың авторы.

1981 жылдан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының басқармасының мүшесі, Халықаралық кітап шығарушылар Ассоциациясының вице-президенті.

Бақытжан Қанапянов – ұлттық рухы биік ақын. Оның ұлттық болмысы жөнінде ақиық ақын Кәкімбек Салықовтың былай дегені бар: «Маған Бақытжан өлеңі орыс тілінде жазылса да қазақтың иісі, менталитеті, рухани күші аңқып тұрады.

... жөн болар аңсап жеткенің,

Мен күтем аппақ кептерім.

Осылай ұғып сақтармын,

Дәстүрін ғашық сақтардың, -

дегені қай төреден тараса да таза қазақтығын қастерлеп арғы бабаларымыздың сақтар екенін мойындағаны үлкен ақыл, ойшыл азаматтан туындап отыр («Қазақ әдебиеті» 30.09.2011. №39 (325551).

«Бақытжан орысша жазса да ана тілін жақсы білді. Оның қазақтың маңдай алды лиро-эпикалық «Қыз Жібек» атты дастанын аударуы үлкен ерлік және ерекше табысты дүние. Орыс ақыны аударса, оған жасап берген «подстрочник» (жолма жол аударма беру) қандай болса аударма туынды да сондай болады. Ал, қазақ тілін білетін ақындардың аударғаны мүлдем басқа дүние. Абайды орыс ақындары қаншама аударса да нәшіне келтіре алмады, ал Әуезхан Қодардың аударған өлеңдері оқырмандардың ойынан шықты, бұл досымыздың Мағжанды аударуы да ұнайды. Сол секілді Бақытжанның «Қыз Жібекті» аударуы ел зиялыларының ризашвлық білдірген жақсы бағасын алды. Бақытжанның бұл еңбегін бүкіл шығармышылық жолындағы айшықты белгісі, мәңгі жасар дүниесі деп білемін» («Қазақ әдебиет» №39 (3555) 30.09.2011).

Үлкен ақын К.Салықовтың бұл бағасын ақын талантын, оның ұлттық рухын шынайы түсінген жанның зор бағасы деп білгеніміз жөн.

Б.Қанапияновтың ақындық түйсігі, өмірді сезіну өрісі ерекше. Суреткерлік зерде, көркем машығы ешкімге ұқсамайтын дара. Жалпы ақындықтың стихиясын, оның толғағын, қайнар қуаты мен күшін орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин былайша беріпті:

И пробуждается поэт во мне,

Души стесняется лирическим волнением.

Трепещеть и ищет, и звучит как во сне

Излиться, и свободном проявлением.

И мысли в голове волнуется в отваге

И рифмы лёгкие навстречу им бегут,

И пальцы просятся к перу, перо к бумаге,

Минута — и стихи свободно потекут.

Ал осы ойды қазақтың ұлы ақыны Абай былайша өрнектеп жалғастырып алып кеткен:

Адамның кейбір кездері

Көңілде алаң басылса;

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлыттан ашылса.

Сылдырлап өңкей келісім

Тас бұлақтың суындай,

Кірлеген жүрек өз ішін

Тұра алмас әсте жуынбай.

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз.

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз.

Осындай ғаламат түйсік, дүние сырына зерделі көзбен үңілу ақын өлеңдерінде толып жатыр. Осы сырды ақынның «Алақан» деген өлеңінен аңдап қарасақ:

Алақанда,

Жолдар үзік-жүзігі,

Бағандарды

Санаудың жоқ қызығы.

Сайды аялап,

Жетті таулы сілемдер,

Иірімдер

Және тағдыр сызығы.

Немесе:

Кел, өткерген

Қос өмірді көз жеткен,

Еске алайық

Алақанда өрнектен

Бара жатыр

Жасыл сүрлем бойында,

Сәйгүліктер

Басқан ізін мөрлеткен.

Суреткерлік сезгіштік, шынайы өмір бедері жатыр бұл жолдарда. Философиялық астары мол, өмір, ақиқат болмыстың терең сырлары қамтылған өлеңдер де жетерлік ақын шығармашылығында.

Ағайынды күндеме,

Жатқа да озған үндеме.

Сенікі саған бұйырар,

Бірдеме демеу дұрыстық,

Қызықты күндер жалғасар,

Қайғылы күндер жармасар.

Алдыңда ұзақ өмір бар ...

Шөкім жер. Үнсіз тыныштық.

Өмір болмысының ғаламат сыры жатыр! Ой мен сезім, суреткерлік парасат, сілемдері, ойшылдық иірімдері мен мұндалап жатыр.

Ақын туралы сөзімді тағы да Кәкімбек ағамыздың ақын бауырының ақындық өрісі жайындағы төмендегі ойлармен аяқтағым келіп отыр. «Бақытжан Қанапияновтың ақындық өнерін сөз етсек, ең алдымен айтарым, өлең – анасының ақ сүтімен келген, Алланың өзі мәңгілік серік етіп берген жан досы. Оған қоса әкеден ерте қалған баланың мұңы қозғау салып, көкірегіндегі өлеңге деген атты үрлей түскен, қыздыра түскен. Үшіншіден, ардақты анасының алты баланы бағып жалғыз қалған аналық арманы Бақытжанның өз арманы болып кетті. Анасы ұлым жақсы азамат болсын деп тілесе, сол қасиетті тілекті әкесінің өсиетіндей етіп орындауға қажырлы талпыныс бітті. Міне, осылардың бәрі, әрі өзі шеккен замананың желісі қажымас қайрат, талмас қанат бітірді. Сондықтан да Бақытжанның өлеңдері ешкімге ұқсамайтын жеке дара желісі мен жемісі бар оқырман қауымға қажеттілігін танытқан өміршең өлеңдер.

Бұл өлеңдердің қуат-күшінде, жадына сіңірген энергетикасында рухани ұмтылыс бар, ұлтына деген риясыз берілгендік, өнерге деген сүттей тазалық, сөнбес махаббат бар. Жүрек көзімен біреулер байқамасты байқайтын құдірет берген көрегендік бар. Міне, осы көрегендік сезімталдық, суреткерлік, ойшылдыққа жеткізіп, сыншылдықтың сойқан күшін танытты». («Қазақ әдебиеті» №39 (3255) 30.09.2011).

Зор табыс биігінен көрінген, поэзиядағы өз сөзін айта білген, айтулы қаламгерге алда да үлкен денсаулық, шығармашылық зор табыс тілейміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар