Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Балапан Рабат. Армысың, адал махаббат!...

16.04.2021 3753

Балапан Рабат. Армысың, адал махаббат! 12+

Балапан Рабат. Армысың, адал махаббат! - adebiportal.kz

Балапан Рабат Бейжіңде тұратын ақын. Ол қытай астанасындағы қазақ радиосының дикторы. Ақынның қалың оқырманына "Дәурен-ай","Сырғалым","108 пәтер" атты жыр жинақтарымен белгілі. Бүгін өздеріңізге асқаралы алпыс жасқа толып жатқан Балапан аға Рабаттың бір топ жырларын ұсынып отырмыз.

I.

Тысында терезенің,

Тіршілік тыраңдаған.

Адамға не дер едің,

Біреуін бірі алдаған.

Әркіммен жөні келсе,

Болады достасуға.

Жан емес, сені көрсе,

Болады қоштасуға.

Мен де бір қос аяқпын,

Жер үстін шиырлаған.

Жармасып жасамақ кім,

Бақытқа бұйырмаған.

Өзімде өз бақытым,

Дәулетім, сәулетім де.

Өткен жоқ аз уақтым

Өлеңнің әуресінде.

«Жай тапсын жаны› десең,

Тастағын мені жалғыз.

Өмірден әлі бәсең

Оп-оңай жалығармыз.

Тәнім – жас, жаным – кәрі,

Тәлейім тәй-тәй басқан.

Керісіп соның бәрі

Кеудемде айқайласқан.

Көңілдің көгі мұнар,

Қаптаған қара қарға.

Дәніксе кәнігі зар,

Өлмеске шара бар ма.

II.

Күркіре аспан, күркіре,

Сіркіре жаңбыр, сіркіре.

Күндерге ашық мас болған

Басымды менің сілкіле.

Шатырла, шалқы найзағай,

Үніңнің өктем абзалы-ай,

Түндерге түнек қас болған,

Түйреп өт мені найзадай.

Соқ дауыл, бора, бұрқасын,

Қоздырып ақын ынтасын.

Еңіреп тұрған еменнің,

Қиып өт тура қылтасын.

III.

Сен сыйлаған қызыл гүл қурап бара жатыр ма,

Өмір көгін өкініш турап бара жатыр ма…

Біле алмадым, сүйіктім,

Тірлігіме тақуа, тағдырыма тасбауыр,

Келген кісі секілді жұлдыздардан басқа бір,

Тіл алмадым сүйіктім.

Жырдан өзге нәрсемен салтым болып санаспау,

Тұрмысымнан жұпыны, тұрқымнан да қораштау,

Ұялмадым сүйіктім.

Тастан тамыр дәметіп, үміттендім құздан да,

Қылық іздеп, жыр іздеп қымыздан да, қыздан да,

Қиялдадым сүйіктім.

Адыра қап арманым, мылжа-мылжа мұңым да,

Жердің асты болмаса, жер үстіне шынында,

Сия алмадым сүйіктім.

IV.

Беу махаббат, бармысың?

Бармысың сен, махаббат!

Айдап әлем қарғысын,

Сыйла шаттық, шапағат.

Ақшаға да айланба,

Бақшаға да айланба.

Өлім бе, әлде өмір ме,

Келейік бір байламға.

Өлейін сен өл десең,

Сенсіз өмір тұл маған.

Тағдырыма сенбесең,

Табан асты күл болам.

Қасыма кел, өтінем:

Есіркемей ес болғын.

Сені тастап кетіп ем,

Енді міне, еш болдым.

V.

Армысың, адал махаббат,

Бармысың мынау жалғанда?..

Оқыстан осып шапалақ

Көңілің әбден қалған ба?

Жалбаңдап жаман жапалақ

Жаныңды баурап алған ба?

Қарлығаш едің, қаталап

Қанатың қапы талған ба?

Қаның да сенің қатал-ақ,

Қауышам десең арланба.

Жақсылық, мейір, шапағат,

Таразың еді, арманда...

Жан жарым болсаң бол азат,

Жан анам болсаң қарғанба.

Армысың, адал махаббат,

Бармысың мынау жалғанда!

VI.

Түймедейден түйедей мұң арқалап,

Қуаныштан көрмеді құмар тарап.

Өтіп жатыр өксіген ай, апталар,

Өтіп жатыр өлмеген мұнар сағат.

Қош, махаббат, шынымен көріспей ме,

Наз-наласын менімен бөліспей ме?

Жауласқан ел жатқанда татуласып,

Ымыраға екі адам келіспей ме?!

Қош махаббат, көңілің нәзік неткен,

(Оралмайды білемін, қазым кеткен.)

Дәптерімде қаларсың дәтке қуат,

Күңірен – күз, қыс – ашу, назым – көктем.

Білмеймін, сұрамағын кімді, нені,

Көңілім неткен менің ділгір еді.

Табиғат мен секілді «ақымақтан»

Ақын жасап жатыр ма кім біледі?..

VII.

Меңіреу емес айнала,

Меңірейген мен ғана.

Менің мына күйімнен

Секем алған сен ғана.

Намыстанып нән қала,

Есіркеніп ен дала,

Екіленіп жүргенде

Есің кеткен сен ғана.

Жүрек жүдеу, жан жара,

Соғылсып сең-нала.

Жұбатып жүрсем жынды су,

Жұбатқан да сен ғана.

Шипа болып ем жаңа,

Мейірленсем мен мана,

Қуаныштан күле алмай,

Жылаған да сен ғана.

Жақпай ісім Аллаға,

Алып жатсам «жолдама».

Көзің жасы көл болып,

Көметін де сен ғана.

VIII.

Болады деп бір тойым айта алмаймын,

Топалаңсыз, тойсыз-ақ тарқар қайғым.

Қазынамды қалтырмай елге беріп,

Ой-қазыққа өзімді арқандаймын.

Босағанда арқаннан қайда барам,

Қиялмен-ақ көкке ұшып, айға барам.

Маңып кетсе махаббат маңайымнан,

Мамық төсек, мақпал қыз қайда маған.

Болашаққа болғанмен өнер үлгі,

Біле бермес былайғы ел өлеріңді.

Күйіп-жанып жазғанмен әйел жайлы,

«Көріктілер› көрмейді өлеңіңді.

Сарқылдаса сайқалдың сағанағы,

Әдемілік әйелге мағыналы.

Ақынсың деп, жүрекке жақынсың деп,

Бірі ғашық болған жоқ маған әлі.

Самал сынды сәтке бір есіп өткен,

Махаббат та бейшара есі кеткен.

«Сүйем» деген жалғыз сұлу сөзден,

Айлы кеште, ағайын, есінеп пе ең.

Сағыныштар сарғайып қауышқанда,

Қызғанышты, қылықты тауысқанда,

Жабығасың, бәрінен жалығасың,

Махаббатың тұрмысқа ауысқанда.

Қапияда жалғанып үзген үміт,

Жоғалған жіп жаздағы күзде өріліп.

Опасыз боп кетесің одан ары,

«Біреудікі біреуге қыз көрініп».

ІХ.

Өзің барсың өлеңім, зеріккенде,

(Ермек емес едің ғой зеріккенде.)

Мұқтажымды, мұңымды саған айтам,

Сенен өзге қалмады серік менде.

Мұңдасым да, сен болып сырласым да,

Құйын тұрды құтырық бір басымда.

«Қалай аһпар жазам» , – деді қадағалап,

Алаяқтар айлалы жүр қасымда.

Мен оларға (о, құдай) өкпелемен,

«Қол үшін бер» тағы да «өкпе» демен.

Аз айлалы тобырдан айнысам да,

Көңілімде орын бар көпке деген.

Серігімсің өлеңім, қасамдасқан,

Қадамымды қатайтар босаң басқан.

Сейіледі, сен айтшы қашан мұнар,

Айығады қара бұлт қашан бастан?..

Өзің айтшы, өлеңім – жалын-жырым,

Қалай боп тұр қабағым, халім бүгін.

Шыңға жеткен қыранның балапаны,

Суға кеткен немесе салындымын.

Оң жағым да, сол жағым, төбем де әсем,

Көтерілмей, көпірмей келем бәсең.

Мына халық нанбаған «нақұрыс» дер,

«Өлең үшін өртеніп өлем› десем.

ХХ.

Ай, бала, мыналардың түрі жаман,

Жөнімен қарамайды бірі маған.

Білсе егер, бошалаған мен бір түйе,

Болсын деп, әнім – есен, жырым – аман.

Халқыма мұнан артық не беремін,

Шабытсыз шайқы болсам не керегім.

«Шарапты шишасымен көтергенде,

Тапқаның кәне» десе не дер едім.

Ақынның түсіме еніп аш аруағы,

Жанарым бейуақытта жасаурады.

Жанымды түсінетін жақсыларым,

Апыр-ай, шаһит болған қашан бәрі.

Жерім жоқ сөз мәнісін жұмбақтаған,

Мен бір жан өзін-өзі құндақтаған.

Далам да, ауылым да, бауырым да,

Балам да, әйелім де қымбат маған.

Емхана, терезеден тысқа қарап,

Тұрамын өлеңімді құсқа балап.

Ұшады жүрегімнен ауыл жаққа,

Ылайым, талмасын де қысқа қанат.

Бәрін де қой, қой, бала!

Болсақ аман,

Аспайды көпіргенмен көл сағадан.

Жатпай ма тебіреніп терең теңіз,

Тоқтау су тобықтағы сол садағам.

1997 жыл, қазан.

АСТАНА АЛЬБОМЫНАН

Қысқа дейді кісінің ғұмыр жасы,

(Білеміз ғой, білеміз бұрылмасын.)

Қысқасына қамығып, ұзағына,

Неге сенің ауырды жұмыр басың.

Ауырады, әрине ауырлайды,

Бірде жүрек, бірде өт, бауыр қайғы.

Мұраты бар мықтылар таусылғанша,

Мұраты жоқ мақұлық ауырмайды.

Бұл әншейін сөз емес көсіп қалған,

Өсиеттен өрмелеп өсіпті арман.

Ер мен езді бөліп ап, бөліп-жармай,

Тарихты тербетіп бесік қалған.

Аласарма әйтеуір, бәйтерегім,

(Жеке мүдде желігіп айтар емін,)

Жүзге жетпей жүздері айдай болған

Мың жасаса адамдар қайтер еді?!.

ҒАСЫРДЫҢ СОҢҒЫ СОҚПАҒЫ

Қалам алсаң – көкек те өлең, көл де өлең,

Кешіріңіз, болғаным жоқ көлде мен.

Туған жерім тулақ болды не шара,

Тандырына тамшы тамбай шөлдеген.

Қалам алсаң – шөже де өлең, шөл де өлең,

Ана – шабыт шамырқанса төлдеген.

Уайымға жүкті болған жыр ару,

Уақыттың уағызына көнбеген.

Қалам алсаң – жауын да жыр, қар да өлең,

Жыр-ананың ақ жаулығы ар деген.

Тік ұшарман тіліп өтер көгі жоқ,

Жылдар бойы жылыстаған арбамен.

Қалам алсаң – қымыз да өлең, қыз да өлең,

Жан дауысын естімейді құз-керең.

Жүрек болсам соғар едім кеудеңде,

Түнек болсаң рауан боп сыз берем.

ҚАЛАМ АЛСАҢ...

Қара сия, ақ қағаз –

Ақ пен қара отасады, о ғажап.

Алмағайып ақ-қараның құрбаны,

Айналайын, ақындарға обал-ақ.

ТАҢ РАУАН

Таң рауан, таң рауан ــ

Жер бетіне жарық нұр жамыраған.

Түннен аман шыққандар түрегеліп,

Күнге қарап көңілі жадыраған.

Шымқай қызыл, шытырман шығыс жиек,

Жарығымен жаулайды, ығыс түнек!

Сәбиінің бетінен шөп еткізіп,

Жас аналар оянды ырыс тілеп.

Көк жапырақ, көгалдар тершіп енді,

Бойын жазып, буланып жер шіренді.

Маң далаға ұзады мама төлдер,

Ақ айдынды аққулар еншіленді.

Қызық бастап, қиқулап, үн сап айдын,

Бұйра толқын бұрқанып қосады айбын.

Ақ айдаһар өтеді жер бауырлап,

Арасымен ағарып ну тоғайдың.

Сағым жауып кілегей кіл даланы,

Құба шөлге ақша бұлт бұлданады.

Тіршіліктің қан тарап тамырына,

Ана-жердің ажары нұрланады.

Қоғадайын жел тисе қобыраған,

Сабылмаңыз, сап адам, сабыр адам.

Көзін ашқан ұйқыдан баршамызды,

Жарылқайды таң жарық, таң рауан.

ТАЛ ТҮС

Шаңқай түс, шар айна шартарап,

Күн нұры кір үйге, мархабат.

Жарты күн жанталас оңай ма,

Көз аям кетіпті қанталап.

Жарылқап жамағат, жарық күн,

Жанымды түсінсе қарықпын.

Жалауын көтермей адамдар,

Танауын көтерсе тарықтым.

Жағылған жазықсыз күйе ме,

Жазылған жосықсыз жүйе ме.

Көз көріп көңілім бұзылды:

Өзгеріп түймеңіз түйеге.

Табындым кісілік киеге,

Жүгіндім жөні бар жүйеге.

Жүгірдім татулық жолында,

Бүгілдім бүлінбес иеме.

Заманам саялы саяңда

Оқыстан оқ аттым қай аңға.

Көпіріп ермедім ешқашан,

Өтірік, өсек пен аяңға.

Талшығын аялап құрақтың,

Аршыдым көздерін бұлақтың.

Самарқау санаға сәуле боп,

Жабырқау жандарды жұбаттым.

Бірі емен жорықта сылбырдың,

Қатарға қашан да үлгірдім.

Жағынбай жанымды асырап.

Шағынбай шаруамды тындырдым.

Осылай таң атып, кеш кірді,

Жаңарды, арманым ескірді.

Жүрсем де жұмысқа жегіліп,

Жұмсаған жерім жоқ ешкімді.

Досым да сыралғы, қасым да,

Қасымда – бәрі де осында..

Ілекер ынтымақ болғасын,

Ілестім ілбіген қосынға.

Осылай жарты күн тағы да,

Есен-сау сырғыды бағыма.

Жолымды жоримын келесі,

Қолымды таянып жағыма.

Айдынға құдиған құздайын,

Қағазға төнемін, сызбайын.

Ентелеп ояну үшін де,

Ертерек ендеше мызғайын.

КҮН ЕҢКЕЙГЕНДЕ

Күн еңкейді ــ оңып түс, бұзылды рең.

Шашырады бояулар қызыл күрең.

Жыра-сайдан далиып етек-жеңі,

Түрегеліп келеді ұзын біреу.

Күн еңкейді, көлеңке түрегелді,

Аспай-саспай ауылға кіреді енді.

Апақ-сапақ, айнала азан-қазан,

Ала мойнақ арсылдап үреді енді.

Күн еңкейді, төңірек түнереді,

Сығалайды сәуленің сүмелегі.

Ай тұтылса жұлдыздар жымыңдасып,

Тау қалғыса төбелер шіренеді.

Күн еңкейді, күмбезің меңірейді,

Түсінбеймін, түн сенің нең үрейлі.

Бар болғаны асығып арнасына

Бала бұлақ шатқалда еңірейді.

Күн еңкейді, жо, жо, жоқ еңкеймеді,

Аймалайын дегені еңкейгені.

Жарты шарды жарылқап жарығымен,

Оятады ұйқыдан ертең мені.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар