Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Бәрімізді жел ұшырады...

26.03.2021 4306

Бәрімізді жел ұшырады 12+

Бәрімізді жел ұшырады - adebiportal.kz

Еділбектің ой-өзенін, сезім-орманын кешіп ұзақ жүрдік. Алаңсыз аралай алғамыз жоқ. Қапыда қалған тұстарымыз көп. Сезіндік. Алқындық. Шарқ ұрдық. Төбеміздегі «Қалалық құстар» анда-санда қиялымызға қиқуын қосып, алыстан бақылап жүрді. Біз соның дәргейінде болдық-ау деймін. Қайда барсақ та сол құстың шаңқылы естіліп тұрды... Өзен кешкен сайын тереңдеді. Орман жүрген сайын қоюланды. Қараңғы іңірдің ар жағынан бірдеме оқыс жарылғандай, суық дауыс, ауыр ыңыраныс естілді. Бір кезде астымдағы Өзен өртеніп жатты. «Қасқа бала!..» деген дауысты ғана соңғы рет қармап үлгірдім. Одан кейінгісі есімде жоқ... «Шайтанның әскеріндей жөңкілген бұлттардың» ығында «Қалалық құстар» түнге сіңіп қаралы құстарға айнала бастағандай. Жырға толы қауырсындары өртеніп жатты. Құлаған қауырсын Өзеннің бетін жауып кетті. Айнала күкірт иісі. Өзен қап-қара болып түнеріп жатты. Бұрқ-сарқ етіп қайнап жатты. Менің дұғам Құдайдың дәргейіне жетер емес. Көк пен жердің арасында теңселіп жүр. Көк пен жердің ортасында өртеніп жүр. Ақын менің теңселген дұғамды: «...Күрең шашы көк тіліп, Табаныңның астында қыңсылайды тектілік...»,- деп тұншықтыра түседі. Содан бері Өзен өксігін баса алар емес. Кеудесін кек кернеген қалпы сұрланып жатыр. Құсалы құстары жатсынбаған. Бауырын шайқап ұшып-қонып жүр. Құстар бізден көрі қашан да қайырымды ғой.

«Қалалық құстар» деп отырғаным – ақын, аудармашы Еділбек Дүйсеннің жаңа кітабы. Кітап барынша ұқыптылықпен, ыждағатпен құрастырылған. Еділбек оған жанының ең аяулы әуендерін талғап кіргізген. Өлеңдерді бейресми түрде екі бөлімге бөлген болар едім. Олардың шекарасын «Жазу не жазбау керектігі туралы жазу» дейтін Абзал досқа арналған өлеңі бөліп тұрар еді. Бұл мүмкін формалық жақтан ғана. Әйтпесе, осы өлеңнің екі қанатына қонған әлемде үлкен тұтастық, анық қолтаңба бар. Соңғы түйінді Бэй Дао мен Бодлер бастаған таңдаулы тәржімалар легі толықтырып тұр.

Бір де осы Абзал Сүлейменмен болған сұхбатта: «Жас әдебиетшілердің мойнындағы қыл арқанды тарта берсек, өзімізден аумайтын көшірме жасап шығамыз ғой»,- деп айтқаны бар еді. Жиырманың бел ортасына енді іліккен осы үркердей топтың басты шығармашылық нысаны – көшірмеден қашу. Бұл жерде қарапайым плагиатты айтып тұрғамыз жоқ. Шығармашылық болмыстың қайталанбауын, еркін кеңістікті меңзеп тұрмыз. Яғни, әдебиетімізді әбден тұралатқан жасанды жүйеден қашу. Бұл тұрғыдан Еділбек және оның замандастары біраз ағаларына үлгі боларлық биікте. Мұндайда жалған намысты сиырып қойып, әділін айту ләзім. Оның «Жазу не жазбау керектігі туралы жазу» өлеңінің тіні – біздегі қазіргі рухани кембағалдықты суреттейді. «Мұқтаждық көрмеген Құдайларға» өлеңнің ішінен күдірейе қарайды. Оларды келекелейді. Аяйды. Жалпы ақ өлеңді, еркін өлеңді текстің ішінде тұрып талдау әбестік болар еді. Мұнда бастысы өлеңнің контекстін ашу маңызды. Дегенмен ол қашанда айнымалы. Үнемі қозғалыста. Тамырын тап бастырмайды. Еркін өлең сонысымен азат. Бұнда форма да жаңа, ой да жаңа. Осыларды үндестіретін бейнелеудің тілі де жаңа. Бұлар – поэзия үшін ең маңызды факторлар санатынан. Өлеңнің бұл процесі адамның жаратылысы сияқты ғұмырлық жұмбақ күйге ие. Бейсананың күңгірт әлдиі сияқты. Мүмкін бұл өлең («Жазу не жазбау керектігі туралы жазу») – ақынның өзін шалшық суда шалқасынан жатқандай, әбден ластанған санадан арыла алмай, өзін жиркенішті күйде елестеткендіктен туған тұңғиық гүлі шығар. Анна Ахметовадан қалған бір сөз бар ғой: «Шіркін, осы жұрт білсе ғой, өлеңнің қандай қоқыстан өсіп шығарын»,- дейтін. Айтыңызшы, адамның ішінде қоқыстан көп тағы не бар?! Өз ішіңе қанша үңілсеңде табатының сол ескі-құсқы ғой. Қоқыстан гүл өсіру қасіреті – ақынға бұйырған несібе.

Осыдан екі-үш жыл бұрын-ау деймін. Еділбектің «1782 км» деген өлеңін оқып төбе құйқам шымырлап кеткені есімде. Өйткені, сол жылдары бәріміз Еділбек жазған өлеңнің аурасында жүргенбіз. Баяғыдай дүркіреген поэзия дәуірі болса, адамзаттың ең биік мінберінен оқуға лайық шер еді. Бұл өлең – ақынның Қытайдағы буырларымызға жасалып жатқан геноцидке қарсы нәлеті болатын. Және қарғыстың ең биік, ең сұлу, ең дегдар деңгейдегі үлгісі. Ақжарма, аңқылдақ, ашық образға құрылған өлеңге бой алдырған былайғы оқырман, «үнсіздік шеңберінде өлген...» бұл күйді түсінбегені анық. Оның үстіне бұл өлең бір нүктеден шашыраған сәуледей, әр оқырманның көңіліне сиқырлы оттың ұшқынын тастап, мың бояулы атырапқа бастайтындай, сан қырлы жолдарға жетелей алатын күшке ие. Өз айнасынан әркімнің шын келбетін көрсете алатындай қуаты басым. Әнтек, кеудемді «Ғасырлардай ауыр, «Берлин қақпасы» басқанда» мен осы өлеңді оқып тұрамын. Ақынмен бірге жанымның жел ұшырған бақ-бақ гүлдерінің ұлпасын теремін. Бір сәтке болсын «Бәрімізді жел ұшыратынын» (А.Киаростами) үнсіз сезінемін. Қабылдаймын. Бұл өлең қанша ауыр болса да, Шопеннің ноктюрндері секілді жанға тыныштық сыйлай алады.

Еділбектің жаныңды «жын иектеген иен үйдей» құлазытатын тағы бір өлеңі бар. Осы бір үрейден қашан айығар екенбіз. Дұрысы бұл жоқтау өлең. Тумаған ұрпақ туралы, құрылмаған қоғам туралы азалы ән. Тарих жасаған қателіктің жаңа өскіннің бойынан өзгеше түрегелуі. Немесе сол өскіннің санасының бастығырылуынан туған нала. Асқар Сүлейменов: «Қазақтың төл романы өзінің эпосынан басталуы керек еді»,- деген ойды айтады ғой. Бұл жерде Сүлейменов роман ғана емес, тұтас әдебиет, тұтас қоғам өз топырағынан өсіп шығуы керек еді деген ойды меңзеп тұрғаны анық. Өкініштісі біз өзіміз жасамаған әдебиет пен өзіміз құрмаған режимнің мұрагеріне айналдық. Және оған қапысыз сендік. Әлі де сол талды қармап келеміз. Еділбектің «Ұйқысырауы» осы көрмеген түстің буға айналған бейнесінен дерек береді.

Әлі есімде...

Жел үйірген қоқыс ішінен ұшқан тарғыл шүберек

Ауыл үстін айналып жүріп кетеуі кеткен ескі бағанаға ілінді.

Содан бастап тарғыл түс – ұранға айналды,

Тарғыл шүберек – жалауға айналды.

Ескілік – беріктік мәніне ауысты,

Бағана – қасиетті ағашқа айналды.

Мен де бәрі секілді бұған құлай сендім.

Осы жолдардағы метафизикалық қуатқа ие тіке теңеулер соншалықты сәтті шыққан. Физика тілімен айтқанда бір қалыпты қисық сызық бойымен жөңкілген ойлар, соңғы нүктеге жеткенде адамды енжар күйде қалдырады. Қисық сызық бойымен «құдайсыз кітаптарға сүрініп-жығылып» қайта өрлеуге мәжбүр боласың. Шын мәнінде, еркін, азат өміршең өлеңдердің аяқталу нүктесі болмайды. Егер ол аяқталар болса, екінші кейіпте, яғни әр оқырманның өз кеудесінде жаңғырып барып тыныс табады... Еділбектің өлеңдері табиғаты жағынан элизияға жақындау. Көп оқырманды жанына жақындата бермейтіні содан. Оның тіл ұшында ғана теңселген ойларына аналогиялық ырғақтар өз саулесін түсіріп, тіпті айшықтай түседі. Жалпы өнердің жауы – ашық-шашық образдар болса керек. Ол үшін оқырманның қарапайымдылығына дейін құлдыраудың қажеті жоқ әрине.

Біз сияқты кіші халықтың кішкентай ақындары үнемі өз тамырына, өз түп болмысына жиі оралып отыруы керек сияқты. Орхан Памуктың отыз неше жасында Американың арнасынан асқан таңғажайып әлемін көріп, өз ішінде өзі жоғалып, ақыры өзін басынан бастап қайта жинақтап, бүгінгі модернистік келбетін сомдағаны сияқты. Еділбектің «Дала», «Кенті баба сағанатамындағы азаншының баспалдағы үстінде», «Түс. Ұмыту» сынды өлеңдері осындай ойға жетелейді. Еділбек поэзиясының ең өзегі де осы сенімінде. Өз топырағынан түлеп, өз топырағынан жаратылған өнер екендігінде. Таласбек теориясындағы «Сұлулықта оянудың» табиғатын дөп басуында.

Мен бүгін Бастан кешіріп тұрмын

Бұта саусағының сезімін

Көшкен бұлтқа бір қарыс жетпеген...

Бірақ мені есіне түсіре алмаған секілді

Ұмытшақ Дала.

Еділбек өлеңдеріндегі осы булыққан күмән – қайталанып отыратын ішкі сарын. Өзін алдамайтын ішкі дауысы. Күмән қашанда адамның адам екендігінін сезіндіретін ізгі түйсік. Ол біз ойлағандай адамның шарасыздық хәлі немесе сенімнің антонимы емес. Ол сенімнің өзгеше кейіптегі бейнесі. Күмән – өзін өміршең һәм парасатты сезінетін сенімдерден әлдеқайда биік. Декарттың «Ойланамын, демек бармын» тұжырымдамасындағыдай, Еділбек поэзиясындағы картезияндық күмән барлық сенімнің негізіне үңілмей, сыни ойлаудан өткізбей жаны жай таппайтын саналы күмән. Суретші Сэмюэл Батлердің «Сенбеймін! Жаратқан ием, күмәнімді сейілте көрме!» дейтініндей жүрек жұтқан күмән.

Кенет...

Бақ ортасында күшік ұлый бастады:

қоңыраулы түйелер керуені адасып барады,

имамның сылтып басқаны

аспан төсінде жұлдыздардың шыңғырып аққаны

көшелердің ауыр күрсінгені...

Ымырт қараңғысында бақ ішіне аттадым,

аттады менімен бірге

адасқан қара күшік.

Осы өлең бойына жасырынған адасқақ натура ақынның өз ішіндегі күмәнмен астасып, жүлгеленіп, зорайып көрінеді. Қоңыраулы түйелер, шыңғырған жұлдыздар, қалбаңдаған қара күшік... бәрі де ақын ішіндегі қым-қиғаш үйлесімділікті кескіндейді. Өмірдің ең көлеңкелі тұстарын ақтарыстырады. Көрдей суық әлемге тіксінбей қарайды. Өйткені, ақынға дүние қашан да тар, жанына сая кез келген құбылыс көңіліне олқы болса да, ол өнердің алынбас қамалы бағындырған әлем ішінде тұрып үн қатады. Сондықтан оның күмәні де сондай сенміді, жарқын кейіп танытары сөзсіз. Еділбек өлеңдерінде құдайлық сенім, құдайлық күмән, күнә сынды адамзатпен қатар туған сакральды ұғымдар, қауашағын толық жармаған, жасырын кейіпте үнемі белең беріп отырады. Осы кітаптағы соңғы өлең адамды осындай екіұдай ойға қалдырады. Бұл өлең жаныңды көне қорымдардың арасынан оянғандай ауыр сезімге бөлейді. Өлеңдегі негізгі ассоциациялар тізбегі: Естелік = табалдырық = уақыт = жаңа мен ескі = құдай сосын күнә. Өлең өмірден аттанып бара жатқан адамның соңғы аманаты немесе дұғасы сияқты елес береді. Болмаса жас кемеңгердің бал ашқаны дерсің...

Жарығым...

Мен бір күні

Естеліктерімді босағаға жерлеп,

Ырымдарым мен тыйымдарымды босағаға жерлеп,

Үміттерім мен күдіктерімді босағаға жерлеп,

Ойым құсеттенген күйде,

Уақыттың гүлдегенін күтіп

Табалдырықта отырсам...

Біздің ұғымымызда табалдырық – құт-берекенің ұясы. Табалдырық – ғарыштық түсінік. Екі әлемнің шекарасы. Тіреуіші. Ақын осы әлемде жоғарғы бір үн келіп «Сен біржола жаралғансың» деген пайым шығарғанша (өзін-өзі) күтеді. Катарсистік күй кешеді. Және барлық болар кепті сана сүзгісінен өткізеді. Өлеңнің аяқталуы тосын. Жұпарлы. Өлеңде шын мәнінде екі ғаламды тоғыстыратын босағаға тән қасиет бар. Жоғарғы рух пен төменгі рухтың арасындағы кеңістікті толтырып, құдірет пен адамның арасын нәзік болмыспен жалғап тұрады. Ақын өзінің төбе көзі арқылы осы екі әлемді нұрландыруға тырысады. Бұл жерде ақын бәрінің бастауы өзі кенін және құрбандыққа лайық екенін үнсіз мойындайды. Өлеңде ақынның өзі тіреуіш қызыметін атқарып тұрғанын, өзіне өзі ту сыртынан үңіліп тұрғанын сезінбейді де. Қуанарлығы бұндай салтанат көп ақынға бұйыра бермейтіні. Осының бәрі өлеңнің боямасыздығынан, адам айтқысыз қарапайымдылықтан туған күрделі образдың жемісінен. Өзі бір өлеңінде «Сенің құлшылығың – ең үлкен екіжүзділігің» деп батыл үкім шығаратынындай кеп.

Еділбектің модернизацияланған ұлттық өлеңдерінен Үстірттің керіш топырағының ащы дәмін сезбеу мүмкін емес. Өлеңдеріндегі тұнықтық пен тереңдік ен даладағы шыңырауды елестетеді. Оның өлеңдерінен Маңғыстау даласының азынаған желі бетке толассыз ұрып тұрады. Кейде Каспийдің долы толқынындай өзін-өзі жарға ұрғылайтын асаулығы да жарасымды, бекзат көрінеді. Еділбекте бәрі бар. Ең бастысы уақыт пен мүмкіндік мол. Оның ішінде тұншыққан жаралы арыстандар әлі-ақ ауызын айға білеп, қорқауларды жанарымен жасқап, кең далада еркін жосатын болады. Біз ол күнге де куә боларымыз анық. Әзірше айтарымыз – «Қалалық құстардың» қанаты талмасын!

Мен сонда да түңілмеймін,

Тік тұрам!

(Топырағың – қорғап өтер құт-мұрам).

Желден сұлу жыр жазам да,

Бәріне

«Таудан биік төбе барын» ұқтырам!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар