Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Бәрінен де қой жайып ... немесе бір мақалдың мәні...

16.07.2018 7561

Бәрінен де қой жайып ... немесе бір мақалдың мәні 12+

Бәрінен де қой жайып ... немесе бір мақалдың мәні - adebiportal.kz

Қазақ фольклоры – есте жоқ ескі замандардан бері өмір-тіршілікке бейім, ұқыпты да шаруашыл, есті тұлғаны тәрбиелеудің ең ұтымды құралы болып келді. «Дүниенің есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», - деп хәкім Абай айтқанындай, жарық дүниенің есігін ашқаннан бастап ананың әлдиі, шілдеханаға жиналған жұрттың ән-күйі мен күнделікті бесік жыры – қазақ ғұмыры осылайша өлеңмен өрнектеліп жалғаса береді.

Қиял әлемін, ойлауын байыту үшін ертегіні, тапқырлық пен ауызша есепке бейімдеу үшін жұмбақтар мен санамақтарды, тілі мүдіріссіз болуы үшін жаңылтпаштарды пайдаланды. Батырлар жыры жас қазақтар арқылы патриот болуға баулынса, шешендік сөздер арқылы қисынды ойлап, ұтымды жауап беруді үйренген. Лиро-эпостық жырлар арқылы шынайы махаббат сезімінің құдіретіне бойлаған. Бұған өткен ғасырларда қазақ даласына түрлі мақсаттармен сапарлап мәліметтер жинаған ресейлік-еуропалық зерттеушілер ерекше атап көрсетеді. Солардың бірі академик В.В.Радлов былай деген екен: «Өз көршілестеріне қарағанда қазақтардың арасында шешендік өнер дамыған... Қазақтың әр сөзді ойнақы ететіні соншалық, ол өлең сөзде ұзын сонар суырып салма шешендік өнерін танытып қана қоймайды, сонымен бірге оның әдеттегі тілі, сөздер мен тіркестер құрылымында белгілі бір әуен-ырғақпен ерекшеленеді. Демек сол тілдің өзі бейне өлең өрнегі іспеттес келеді. Тілі бейнелі, сөз төркіні айқын да дәлме-дәл мағына береді. Демек, қазақтарды Батыс Азияның француздары деп атауға толық негіз бар...».

Өзге жұрт осылай бағалаған «Батыс Азия француздары» қазақтардың осы орамды да, сұлу тілінің қазіргі қолданыс деңгейі қандай, келешегі кемел ме деген сұрақтарға жауапты беретін – бүгінгі буын, әрине. Жас ұрпағына тілдік, ділдік, діндік, еңбек тәрбиесін кешенді түрде бере білген қазақ ата-анасы балаға әр жас кезеңіне қарай қалай қарау керектігін де шегелеп айтқан:

Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт,

Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса,

Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас.

Баланы тәрбиелеуде күні кешеге дейін осындай ұстанымда болған қазақтың бүгінгі буын ата-анасының тәрбиесі сәл өзгеше екендігі және анық. Ата-ананың, үлкеннің ескертпесін жүре тыңдап, тіпті сөз қайтаратын, «баланың құқығы» дейтін уәждемені орынды-орынсыз қарсы алдыдан тосқауыл ететін еркетотай буын қалыптасып келеді. Тіпті, күні кеше ғана ойнадар қимылдық ойындардың өзі азайып кеткендей.

Асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар,

Бәрінен де қой жайып көтен жеген озар.

Өткен ғасырлардағы қазақтардан жеткен бұл мақалды тарихи танымдық және тәрбиелік ақпараттық дереккөз деп қабылдаймыз. «Бес тас», «Хан талапай», «Асық ату», «Ат жарыс», «Табыс» т.б. асық ойыны түрлерін өзіміз де ойнап өстік. Мұның бәрі адамды ептілікке, шыдамдылыққа, қырағылыққа, мергендікке, әділдік пен сабырлылыққа үйрететін ойындар. Бұл ойндарды бүгінгі жас ұрпақ ұмытпай, жаңғыртып, қай замандарда болмасын ойнап өскені дұрыс, әрине. Бірақ асық ойнаудың да шегі болған дұрыс. Қазіргі резина, былғары доптар пайда болудан пәлен ғасыр бұрыннан бері қазақтар малдың жүнін жұмсақ теріге орап шандып байлап, доп жасап ойнап келген. Қазақтың допты хоккейі «Доптаяқты» ойнап өскен қариялардың қатары әлі де бар.

Қазақ бошалаң-болпыштықты ежелден хош көрмеген. «Өсер елдің баласы – он бесінде баспын дер, өшер елдің баласы – жиырмада жаспын дер», - деп үлгілеп қайраған қазақ ұланы «он бесте – отау иесі» болуға тиіс еді. Мұны міндетті түрде он бес жасында үйленіп отау иесі болу емес, бір отбасын алып жүруге қажетті өмірлік тәжірибе мен физиологиялық шыдамдылыққа жеткендігіне сенім білдіру деп түсінсек болады. Жоғарыда мысал еткен мақалдың «бәрінен де қой жайып көтен жеген озар», - деген тұжырымды тармағы елтең-селтеңдікке емес, еңбекқұмарлыққа бейім болуды құп көргендіктен айтылғаны анық. Расымен де «қой жайып көтен жеу» – қазақ машлылығында әлі күнге дейін бар дәстүр. Бұған аз-кем тоқтала кетелік. Қазақ отбасы соғым сойған кезде қойдың көтен ішегіне құйрық майды айналдыра молынан жібереді. Қыс бойы арсада кепкен майлы ішекті өзге қоспа мүшелермен бірге қорадағы малының құтына балаған саулығы немесе биесі, өзге де аналығы төлдегенде, сол күні мал баққан қойшыға арнап асады.

Жас төлдеген малдың уызын қоса пісіріп, етпен бірге ұсынып та жатады. Бұл – адал еңбек иесі малшыға жасалған құрмет, ынталандыру, әрі тіршіліктің көзі болған мал дәулетінің құты арылмауын тілеген ғұрыптық жосын. Қойшыға асылатын бұл кәделі асты кей өңірлерде жылқының көтен ішегіне май тығып та жасайды. Қазақ даласының солтүстік өлкесінде «көтен асу» – көрші-көлемді шақырып, кезекпен берілетін арнайы тілеу шай ретінде көрініс тапқан.

Қазақтың әр мақалы мен мәтелінің тамыры ұлттық танымның тереңіне бойлайды ғой. Қазақ фольклорының құдіреті де осы.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар