Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Бас-Алқа» әдеби клубы өз жұмысын бастады...

10.04.2017 6673

«Бас-Алқа» әдеби клубы өз жұмысын бастады

«Бас-Алқа» әдеби клубы өз жұмысын бастады - adebiportal.kz

«Әдебиет порталының» жанынан құрылған «Бас-Алқа» әдеби клубының алғашқы отырысы өтті. Жиынға әдебиетіміздің классик қаламгерлері Төлен Әбдік, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы бастаған ақын-жазушылар қатысты.

Алғашында «Asia-postmodern» деген атаумен құрылған бұл клуб ақылдастар алқасының мүшесі Төлен Әбдіктің ұсынысымен өзгертілді. «Бас-Алқа» деген атауды Тыныштықбек Әбдікәкімұлы қойды. Қажығали Мұханбетқалиұлы клубтың атауын «Алқа» деп қалдыру туралы пікір айтып еді, көпшіліктің дауысы «Бас-Алқаға» ауды.

«Бас-Алқа» клубы – әдеби шығармаларды аға буын мен жастар бірігіп талқылайтын, сарапқа салатын тәуелсіз орта болмақ. Клубтың отырысы енді айына бір рет болады деп жоспарлануда. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі классик қаламгерлер тікелей немесе онлайн түрінде шақыртылып, әдеби ортамен кездеседі. Қаламгерлер, әдебиеттанушылар жекелеген тақырыпқа байланысты ашық пікірлесетін болады. Клубтың келесі басқосуының тақырыбы ақылдастар алқасының шешімімен бекітіледі.

Жиынның модераторы Бауыржан Қарағызұлы жаңадан қызметке келіп жатқан «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Өтеғалиев Досымбек Қонысбекұлын қаламгерлермен таныстырды.

«Бас-Алқа» әдеби клубы бүгінгі қазақ әдебиетінің дертін көпшілікпен бірге талқылайды, қазақтың талантты қаламгерлерін шетелге жарнамалауға, шығармаларды аударуға барынша күш жұмсайды. Болашақта жылдың әдеби қорытындысын осы клубтың төңірегінде өткізу жоспарланып отыр» - деді ол. Одан ары қарай клубтың мақсатын, міндетін толығымен түсіндірді.

Алғаш сөз кезегін алған «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Өтеғалиев Досымбек Қонысбекұлы: Барлығы интернетке көшіп жатқан заманда, үкіметтің қолдауымен «Әдебиет порталы» өз жұмысын жүргізіп отыр. Бұл порталда әдеби шығармалар, талдаулар, сұхбаттар үздіксіз жарияланып тұрады. Әрине, біз «Қазақ әдебиеті» газетімен бақталас емеспіз. Дегенменде, қазір порталдың өзіндік оқырмандары қалыптасты, әсіресе жастар арасында көп. Енді қарқынымызды күшейтіп, кезекті бір белеске шығайық деген ниетпен, «Әдебиет порталының» жанынан әдеби клуб құрып отырмыз. Осы клубтың аясында жаңадан жазылып жатқан шығармаларды талдасақ деген ниет бар. Сол сараптамаларды портал арқылы көпшілікке жариялаймыз. Клубтың шешімімен үздік деп танылған көркем шығармаларды кеңінен насихаттап, шетелге танытсақ, аударсақ, оқытсақ деген игі мақсатымыз бар. Осы клубтың жұмысын бақылап, бағыттап отыратын ақылдастар алқасын құрып отырмыз», - деп пікірін білдірді.

Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік: Ақылдастар алқасының тізімін көріп шықтым. Бұлардың бәрі маған жақсы таныс. Тек соңындағы жастардың бір-екеуін білмейді екенмін. Бірақ, бұлардың барлығының басын біріктіру қиын болады. Сондықтан, тізімді қысқартқан дұрыс.

Айтып отырған ұсыныстарыңызға толық қосыламын. «Әдебиет порталы» шын мәнінде оқырманның санасынан өз орнын алды. Қазір интернетке кірсек болды, «Әдебиет порталы» бүгін не айтты екен деп қарап отырамыз. Біз туралы ештеңе жоқ па екен, - деп өз фамилямызды да іздейміз. Сондықтан, бұл портал бүгінгі заманның құралы. Жаңа сіз Досымбек, «Қазақ әдебиеті» газетімен бақталастыққа түспейміз» деп айтып отырсыз, керісінше олармен бәсекеге түсу керек. «Әдебиет порталы» үлгілі оқырмандарды өзінің төңірегіне жинау керек. Қазақ әдебиетіндегі үздік шығармаларды топтап, шетелге шығару деген үлкен мәселе. Оның механизмін қалай іздестіресіздер, сапалы шығармаларды қалай сұрыптайсыздар, ол өз алдына үлкен мәселе. Қазақ әдебиетінің бағы ашылмай жүргені – сапалы аударманың жоқтығы. Әйтпесе, Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырауын» жақсылап тұрып аударса, қандай керемет! Немесе, Мұхтар Мағауиннің «Шақан-шерісін» аударса, небір философиялық ойларды әлем оқырманы табар еді. Біз әлемдік әдебиетті оқып жүрміз ғой. Асып-тасып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бізде жақсы шығармалар баршылық. Сондықтан, құрылып жатқан клубтың алға қойған мақсатын қолдаймыз. Арасында әңгімелесу, бір-бірімізбен пікір алмасу болған дұрыс, оған тұрақты түрде қатысып тұрамыз. Әдебиетті құрлыққа, ұлтқа бөлудің керегі жоқ. Әдебиет бүкіл адамзатқа ортақ дүние. Толстойды оқыған адам, оны орыс екен деп ойламайды. Оны өзімнің жазушым, ұстазым - деп есептейді.

Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы: Мен мына клубтың идеясын, жоспарын толығымен қолдаймын. Ақылдастар алқасы деген көп болмауы керек. Нарық заманында олардың басын қосу қиын болады. Шама келсе, ақылдастар алқасының құрамы осы қалада болу керек. Әйтпесе, өтірік болады.

Біздің әдеби өмірдің тоқырап қалғанына кемі жиырма жыл болды. Өткенде Жазушылар одағының пленумында осы мәселені көтердім. «Ағайындар-ау, осы бәленбай пленум өткізесіздер. Өткізетін пленумдарыңыз не? Президенттің халыққа жолдауы, қоғамдық мәселелер, үкіметтің тапсырмасы деген сияқты саяси оқиғалар. Біз сонда қашан әдебиеттің мәселесін күн тәртібіне қойып, пленум өткіземіз? Неге біз әдебиеттің проблемалары туралы арнайы пленум өткізбейміз? Қазіргі жастар прозасы, поэзиясы туралы айтпаймыз ба енді?». Қиын жағдайлар бар. Жазушылардың ішіндегі қайнаған пікірлерді қоғамға шығару үшін осындай жиындар керек. Біреуге ол ұнар, біреуге ұнамас, мәселе онда емес. Өткенде осы порталға арнайы сұхбат бердім. Біраз мәселені айттым. Маған риза болғандары да, наразы болғандар да болды. Себебі, бізде әңгіме ашық айтылмағаннан кейін қоғам қалғып кетті. Жақсы болсын, жаман болсын әдебиет туралы пікірлер айтылып, талқыға түсіп жату керек. Жақында әдеби жыл қорытындысына арналған Жазушылар одағында үлкен жиналыс болды. Астанадан өз еркіммен жалғыз мен бардым. Сол баяғы әдет бойынша құрғақ баяндамамен шығарып салды. Осымен жыл қорытындысына үш жыл қатарынан барып отырмын. Ылғи өкпелеп қайтамын. «Баяндаманы талқылап, жарыc сөз жасамай-ақ қояйық. Қалғанын газеттен оқисыздар ғой» - деп шығарып салады. Сосын мен: «Жарыc сөз жасаймыз!» - деп айқай салдым. «Біздің әріптестеріміз қазіргі әдебиет туралы не ойлайды екен, соны білгім келеді», бір пікірталас өткізейік дедім. Сосын Нұрлан Оразалин тұрып: «Бұл ұсынысты дауысқа қояйық, көпшілік шешсін», - деді. Дауысқа салып едік, мені қолдап бес-алты адам ғана қол көтерді, қалғаны үнсіз. «Жарыc сөз өткізбей-ақ қояйық деп еді, бәрі қол көтерді. Сосын мен кекетіп, өте дұрыс, демократия жеңді, - деп кетіп қалдым. Пікірталас болмаған жерде әдебиет ешқашан өспейді.

Ақын, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Әдебиет порталы» деген үлкен жұмысты қолға алып отыр. Жазушылар одағы деген, жақсылап жұмыс істесе, қуатты ұйым ғой. Бұл портал болашақта сол ұйыммен текетіресетін күшке айналу керек. Комуникация дегеннің істемейтін нәрсесі жоқ. Техниканы қолдана білсең, басымызды кез келген уақытта қосуға болады. Экранның ар жағынан отырып бетпе-бет пікірлесуге мүмкіндік бар. Сырттай порталдың жұмысын бақылап отырамын. Талай шаруалар атқарылып жатыр. Сан алуан пікірлерді батыл беру, жастарды насихаттау сияқты жұмыстарыңызға ризамын. «Әдебиет порталы» дене болса, «Бас-Алқа» клубы бас бола ма деп ойлаймын. Бірігіп істесек, айқын мақсатымыз болса, үлкен дүние болайын деп тұр. Біз бұл клубты қолдаймыз, кез-келген отырысына қатысамыз.

Сонымен қатар, жиынға Құралай Омар, Ербол Алшынбай, Ұмтыл Зарыққан, Есбол Нұрахмет, Арман Шеризат, Бақытбек Қадырұлы сияқты жастар қатысып, өз пікірлерін білдірді.

«Бас-Алқа» клубының кезекті отырысы келесі айда өтеді. Жиында талқыланатын тақырып алдын-ала жарияланады. Клубтың модераторлығын әр отырыста «Әдебиет порталы» сайлап отырады. Ақылдастар алқасының толық тізімі келесі басқосуда белгілі болмақ.

Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар