Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ
Бата-тілектер - ұлт жанының айнасы...

20.11.2020 31922

Бата-тілектер - ұлт жанының айнасы 12+

Бата-тілектер - ұлт жанының айнасы - adebiportal.kz

Қазақтың бай ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі – бата-тілек сөздер. Бата-тілек сөздер қай дәуірде пайда болды дегенді тап басып айта қою оңай емес. Бірақ қалай болғанда да, бата сөздер – адамдар арасындағы ізгілікті қарым-қатынастың ежелден бергі жарқын белгісі ретінде көрініс тауып келе жатыр. Бата сөздер – адамдардың бір-біріне жақсы тілегін, ықылас-ниетін білдірудің құралы. «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Жақсы сөз – жан азығы», «Жақсы сөзге жан семіреді» – дейтін қазақ халқы әрбір орайы келген жағдайларда бір-біріне жақсы сөз арнап отырған. Тіпті біреудің туысы, жақыны өмірден өткенде оған жұбату айту үшін барудың өзін «жақсы сөз айту» деп атаған. Соныменен, қазақ халқының ауыз әдебиетінде ежелден өзіндік орны бар, есте жоқ ескі замандардан қазіргі күнге дейін айтылып келе жатқан, ғұрып-салттық сипаттағы рухани құнды қазынамыздың бірі – бата-тілек сөздер және бұл да біздің ұлттық кодымыздың бір ғажап тылсымы деген болар едік. Әдеттте, жоғарыда атап өткеніміздей бірадамның келесі бір адамға немесе адамдарға арналған лебіз сөздері «бата-тілек» деп аталады. Бір қарағанда, бата мен тілек бір болғанымен, олардың өзіндік айырмашылығы да бар. Сондықтан да бата мен тілек сөздердің өзіндік ерекшеліктерін білу қажет болады. Бата мен тілек сөздер күнделікті өміріміздің барлық дерлік жағдайларында жиі ұшырасып жатады. Бата – қазақ және басқа да халықтардың дәстүр-салтында өзінің ізгі ниетін, ақ көңілін білдірудің бір түрі болып есептеледі. Баталар көбінесе өлеңмен, кей-кезде түйдектелген қара сөзбен де берілетіндігі белгілі. Байыптап қарайтын болсақ, бата қазақ халқының өмір-тіршілігіндегі барлық маңызды делінген оқиғаларға, тіршілік-шаруаларға, көңіл-күйлік құбылыстарға байланысты айтылады. Мысалы, алыс-жуыққа жол жүру, келін түсіру, қыз ұзату, көлік алу, жарыстарда жеңіске жету, ауру-сырқаудан айығу, қандай бір апаттан, пәле-жаладан сақтану т.б. жағдайларда ел сыйлайтын ақсақалдардан, жолы үлкен ел ағаларынан, ауылдың, әулеттің үлкен кісілерінен, қадірлі, құрметті жасы үлкен қариялардан «Әумин!» - деп арнайы бата тілелінеді.

Жалпы, бата-тілек сөздерді ауыз әдебиетінің жанры ретінде қарастырып, оларға ғылыми анықтама беріп, тұжырымдар жасаған ғалым, зерттеушілер де кейінгі екі ғасыр жүзінде біршама бар екендігін атап өткен жөн. Қазақ халқының ауыз әдебиетін жинастырып, зерттеуді алғаш Ресей патшалығы арнайы ел арасына жолдаған ғылыми экспедиция мүшелері жүзеге асырды. Сондай-ақ қазақ арасынан шыққан көзі қарақты ел ағалары да бұл іске жұмылдырылғанын білеміз. Осыған орай, бата-тілек сөздер жайында берілген сан түрлі анықтамалар мен зерттеулерді қарастыру барысында, аталған тақырыптың барынша зерттелеген тақырыптар қатарына жататындығына қоса, зерттеу еңбектер неғұрлым көп болған сайын, олардағы пікір алуандығы да соғұрлым көп бола түскендігін байқаймыз. Бата-тілек жайында зерттеу жасаған филолог ғалым Ғалым Доскен фольклорлық бұл жанрға мынадай анықтама берген екен: «Бата сөз қазақ фольклорының дербес шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата сөз – халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктердің айғағы іспетті.» Демек, бата – қазақ фольклорының дербес жанры ретінде қарастырылатын, әрі поэзиялық өлшемдерге ие, мазмұны гуманистік сарындағы сөздер болып есептеледі. Осы тұрғыда бір ескерерлігі: бата-тілек сөздер тек қазақ халқында ғана бар деуге болмайтындығы. Бата-тілектер – әлемдегі бірталай халықтардың фольклорында бар үрдіс. Соның ішінде түркі халықтарында кеңінен тараған дәстүр десе де болады. Осы тұрғыдан алғанда, бата беру – әсіресе, көшпелі халықтардың барылығына дерлік тән десек дұрыс болады. Орта Азияның көшпелі халықтары қазақтар, монғолдар, қырғыздар, ауған даласындағы тайпалар арасында бата беру дәстүрі әлі күнге жойылмай, сақталып келе жатыр.

Бата беру дәстүрі түркі-моңғол халықтарының ішінде, Азияның сонау қиыр шығысындағы сахаларда, одан бергі алтай, қазақ, қырғыз, монғол, ойрат т.б. арасында көрініс тапқандығын білеміз. Бата беру, тілек айту рәсімінде аздап өзгешеліктер боғланы болмаса, олардың мазмұны жағынан пәлендей айырмашылығы жоқ. Бұлардың барлығына тән ортақ тақырып – бата арқылы ізгілікке шақырау, тілек тілеу екендігін көреміз. Бата беру – алда жасалар сапарға, әлдебір іске жол ашу мақсатында беріліп жатады. Бата беруші де, бата алушы да бұл арада жан дүниесі ізгі сипатта болатындығымен бұл рәсім құнды болып саналады. Бата беру – берушінің жан дүниесінің риясыздығын танытса, бата алушы да оның аурасын риясыз қабылдай отырып, сөз арқылы жағымды энергиямен қуаттанатындығына сенеді. Сондықтан да қазақ халқында бата беруді немесе бата алуды үлкен жауапкершілік санайды. Бата беруші адам – жайдан-жай, бейсауат жан емес. «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» дейтін нашарлар бата бере алмайды. Бата беретін адам – отты-жігерлі «баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас»,- деп орайы келген жағдаяттарда адамдардың өздері лайық көрген жандардан ізгі бата алуды мәртебе ретінде қарастырғандығын байқаймыз. Шындығында, жоғарыда атап өткеніміздей, бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Бата алушы риясыз берілген ақ батадан рухани қуат алады, ол берілген бата ары қарайғы өмір жолында жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батырлардан, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған. Бір айта кетерлігі, бата беру – негізінен ер адамға тән екендігі. Сонынмен қатар, кей кезде көп жасаған әз аналардан, ел ардақтап, таланты мен даңқ-дәрежесін мойындаған ақ жаулықтылардан бата алу дәстүрі де әредік кездесіп жатады.

Бата-тілек сөздердің табиғаты және олардың фольклорымызда қашан пайда болғаны туралы зерттеулерге үңіліп көрелік. Бата сөздер өте ертеде пайда болған ауыз әдебиетінің ерекше саласы екендігін айғақтайтын деректер көп. Адамзат баласы табиғат күштеріне сиынып-табынумен қатар, олардан келетін қауіп-қатерден аулақ болуды да ертеден аңдап, өзіне де, өзгеге де тілек тілеген. Ертедегі тас суреттерде бата-тілек тілеп жатқан тәрізді бейнелерге қарап осылай жорамалдауға болады. Қазіргі негізінен ислам дініндегі адамдарға тән сияқты болып көрінетін, Аллаға қолын жайып бата беру, тілек тілеу және осыға ұқсас үрдістер біздің ежелгі тәңірлік дінімізде де, өзге де көптеген халықтардың діни ритуалдарды орындау кезінде бар екенін және қазір де солай болып келе жатқандығын атап өткен жөн. Бата-тілек беру жайында қазақ даласына түрлі жолмен келген шетелдіктердің жазбасында жиі айтылады. Сондай деректердің бірі, 1757-жылдары Жоңғарияның соңғы әміршілерінің бірі Әмірсананың соңынан өкшелеп қуған шүршіт армиясы қазақ даласына кіруіне қатысты құжаттарда айтылған екен. Аягөз өзені маңында шүршіт армиясы қосынына керей Қожаберген батыр көп адамымен келіп жолығады. Осы кездесу жайында Цинь боғдыханына жазылған баянатта Қожаберген батырдың аттан түсіп, тізесін бүгіп, қолын көтеріп жыр айтты деген мәліметті шүршіт қолбасы жазып қалдырған екен. Бұл - әрине, жат жұрттардың алдында қолын жайып айтқан жай ғана жыр емес, қонақтардың сый-құрметі үшін берілген бата болғандығы анық. Бата-тілектердің қазақ фольклорындағы көрініс табуы жайындағы мол дереккөздер Ресей мемлекетінің мұрғаттарында сақталған. Қазақ хандығын біртіндеп ықпалына кіргізіп, бөлшектеуді бастағаннан кейін Патшалық Ресей билігі Ұлы Даладағы еркін де өр халықты саяси-экономикалық және рухани тұрғыда толық отарлауды мақсат етті. Сол үшін қазақ халқының жан дүниесін, психологиялық ахуалын, тарихы мен дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін т.б. жан-жақты зерттейтін арнаулы мекеме құрып, қаржы бөліп, экспедициялар ұйымдастырыла бастады. Ресейлік қоғамтану ғылымдарының түрлі саласында елеулі еңбек сіңіріп, түркі халықтарының рухани байлығы туралы іргелі зертттеулер жасап қалдырған белгілі ресейлік ғалымдар А.Левшин, Н.Баскаков, В.В.Радлов, Г.Н. Потанин, Ә.Диваев т.б. әр кезеңдерде Орта Азия тұрғындарының, соның ішінде қазақ халқының ауыз әдебиеті жайындағы көптеген құнды мәліметтерді Ұлы Далаға жасалған экспедициялар арқылы молынан жинап, олар туралы өз еңбектерін жазып жариялауы арқасында ұлтымыздың көптеген рухани мұралары қазіргі күнге аман-есен жеткені - тарихи ақиқат. Сонымен қатар аталған ғалымдар қазақ фольклорының бір саласы ретінде қарастырған бата-тілек сөздер жайындағы ұғымдардың бірізділеніп, жүйеленіп, қалыптасуынан да өз кезегінде үлкен ықпал жасағаны анық еді.

Ресей ғылымында қазақ ауыз әдебиеті жайындағы мағлұматтар көптеп жариялана бастауы біздің әдебиетімізге деген қызығушылықты еуропалық ортада оята түскендігі анық. Бұл іске Мұса Шорманов, Шыңғыс Уәлиханов сияқты ел ішіндегі беделді тұлғаларды да тарту ісі жүзеге асырылғанын олар жинап тапсырған фольклорлық, этнографиялық мазмұндағы еңбектерден көреміз. Сол дәуірдегі орыс-немістің ұлы шығыстанушысы, түрколог, академик В.В.Радловтың «Түркі халықтарының халық әдебиеті үлгілері» деген он томдық еңбегі 1870 жылы жарық көрген екен. Осы еңбектің үшінші томында бата сөздер жайлы айтылып, көптеген үлгілері беріледі. Атап айтқанда осы еңбектің «Бата сөз» тарауында жетпіс алты жолдан тұратын көне үлгідегі бес бата сөз берілген. Бұл сөздер кейіннен ғалымның қазақ тілінде жарияланған «Алтын сандық» кітабында жарияланғанын білеміз. Бата сөздерді жинау турасында сөз болғанда ерекше айтылатын тағы бір толымды еңбек – оңтүстік өлкелерден ұзақ жылдар бойы қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырған туыстас башқұрт халқынан шыққан ресейлік фольклортанушы ғалым Әбубәкір Диваевтың «Тарту» атты еңбегі екені анық. Бұл кітапта елу тоғыз жолдан тұратын бата үлгілері берілген.

Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін ел аузынан жинаған ресейлік ғалым-зерттеушілердің еңбектерінде бата сөздердің алуан түрлі үлгілері бар. Түркітанушы ғалым В.В.Радловтың «Алтын сандық» атты жинақ кітабында қазақтың бата сөздері ретінде берілген жазбалардан үзінді алып қарастырайық:

Е, құдайым, жарылқа:

Жарылқасаң малды қыл.

Біткен жұрттың алды қыл!

Маған қас қылғанның

Малын алып зарлы қыл! –

деп Жаратушыға бірінші жақтан үн қатып, бата алушыға тілек тілесе, енді бірде үшінші жақтан сөйлеп, бата алушыға құдайдан тілек тілеп отырғанын көреміз. Мұндағы сөздердің барлығы да тыңдаған жанға жағымды. Қазақ қашанда малы мен басы тел өсіп, қатар көркеюін Жаратқаннан тілеген халық:

Мал мен басты пана берсін!

Саған қас қылған дұшпанды

Табанының астына сала берсін!

Осы отырған боз үйге,

Қыдыр ата дарысын!

Бәйбішесі бұл үйдің

Он екі құрсақ көтеріп,

Ұл мен қызға жарысын!

Мұндай ықыласты сөздерге кім разы болмасын. Қазақтар мен өзге де түркі тектес халықтардың рухани мұраларын жинал, зерттеумен өмір бойы шұғылданған, қазақ тілін ана тіліндей білген казак-орыс баласы Григорий Николаевич Потаниннің еңбектерінде өзге де фольклорлық туындылармен қатар, бата-тілек үлгілері де бар. Мысалы, ғалым қазақтарда бие саууға қатысты мынадай бата айтылады деп атап көрсетеді:

Сабаң жиылмасын,

Іркітің басылмасын,

Жанторсық жаныңнан кетпесін,

Биең желіден кетпесін...

Ресейлік фолькортанушы ғалым А.Васильевтің қазақ халықтық ауыз әдебиетінің үлгілері бойынша 1905 жылы Орынборда «Бата сөз» деп аталатын жинақ бастырып шығарған екен. Осы кітаптағы кейбір бата түрлері қазіргі күнге дейін халық арасында айтылумен келе жатқанын көреміз. Мысал үшін халқымыздың бата беру салтында әлі күнге дейін жиі қолданыстағы мына бір мәтін кім-кімге де таныс:

Е, құдайым, жаздай бер,

Жаздай берсең, жазбай бер!

Е, құдайым, күздей бер,

Күздей берсең, үзбей бер!

Е, құдайым, қыстай бер,

Қыстай берсең, қыспай бер,

Көктемдегі көгеріп өскендей бер!

Сонымен қоса, осы бата сөздің мәтініне көз жүгіртетін болсақ, ондағы мағынаның бірөңкей позитивтілігімен қатар, ейде негативті ойдың да қатарласып келе беретіндігін көреміз. Бұл – өз кезегінде бата сөздердің бір мезгілде алғыс немесе қарғыс болып кете алатын мүмкіндігі барлығының айқын куәсі бола алады:

Е,құдайым, жарылқа,

Жарылқасаң малды қыл:

Біткен жұрттың алды қыл!

Бұған қас қылғанның

Малын алып зарлы қыл!

Яғни, мұнда батагөй адам бата-тілекті тыңдаушыға арнай отырып, оның іс-әрекетіне алдағы күндері жағымсыз сипатта қатысты болуы мүмкін адамдарға лағынетті қарғыс арнауды да бірге орындап, "бір оқпен екі қоян атып" кете барғанын көреміз. Бұл – мүмкін, қарғыс та болатын шығар. Ресейлік зерттеуші, жинақтаушы ғалымдардың еңбектері қай дәуірде де өз құндылығын жоймақ емес. Олар салған зерттеушілік мектеп үлгісі – кейінгі отандық фольклортанушыларға анық бағдар бола алды. Орыс фольклорлық зерттеу мектебі үлгісінде, біртіндеп отандық фольклортану ғылымы қалыптастып дамығаны анық.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі фольклорлық туындылардың ғажайып үлгісі бата сөздер кеңес дәуірінде де үздіксіз жинақталып, ғылыми айналымға енгізілумен болғанына осы бағытта жасалған, көзге көрінерліктей еңбектер куә бола алады. Фольклортанушы ғалымдар бата сөздерді жинақтап, оларды жүйелеп, оқырмандарға ұсынып, ғылыми тұжырымдамалар жасады. Бата-тілек сөздер турасында алғаш қарастырған отандық ғалымдарымыздың қатарында алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы сияқты ұлт зиялылары тұр. Қазақ әдебиеттануы мен тіл ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басында бата-тілектер, жоқтаулар, мақалдар т.б. көптеп жинастырғанын білеміз және оған төменде арнайы тоқталатын боламыз. Кейіннен бата сөздерді мұрағаттардан іздеп тауып, ел аузынан жинап сұрыптау, топтастыру, кітап етіп бастыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу нәтижесінде толымды еңбектер дүниеге келді. Атап айтқанда, әр жылдары белгілі ғалым С.Негимовтің «Ақ бата», М.Исламжанұлының «Баталар», Қ.Ысқақовтың «Ақ бата», Н.Уәлиұлының «Бата-тілектер» жинақтары құрастырылып жарыққа шықты. Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілері толықтырылып жинақталуы нәтижесінде жарық көрген «Бабалар сөзі» 100 томдық академиялық басылымға мақал-мәтелдер үлгілері топтастырылғанын білеміз.

Бата сөздерді лингвистикалық және әдебиеттанушылық тұрғыда зерттеу жұмыстары да кеңес дәуірінен бері қарайғы кезеңдерде жолға қойылғанын айтып өткен дұрыс. Осы тұрғыда бата сөздерді тілдік, әдеби тұрғыдан қарастырушылардың бірі – филолог ғалым Зоя Үмбеталина. Ғалымның «Қазақ ауыз әдебиетіндегі бата сөз жанры» атты филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефератында бата сөздердің жанрлық тұрғыда жіктелуін қарастырғанын көреміз. Сонымен қатар бата сөздердің тілдік, стилистикалық тұрғыдағы ерекшеліктерін тілші ғалым А. Машимбаева қарастырған. «Тілек-бата сөздерінің суггестиясы мен прагматикасы» атты филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефератында ғалым бата сөздердің тілдік-психологиялық қолданыстық қырларын зерттей келе, бата-тілек болатын сөз тіркестерінің психологиялық қолданысын төмендегідей түрлер бойынша жіктеп бөлуге болатынын талдап көрсетеді:

- қанағаттану тілектері: «Бәрекелді, аман бол»;

- сүйсіну тілектері: «Айналып кетейін»;

- көңілі толу тілектері: «Аз болса да, саз болсын»;

- қуану тілектері: «Ақ түйенің қарны жарылды»;

- риза болу тілектері: «жасаған жақсылығың алдыңнан шықсын», «жасаған жақсылығың Алладан қайтсын», «мың болғыр», «мың жаса»;

- мақұлдау тілектері: «айтқаның ақ болсын, «айтқандарың періштенің құлағына шалынсын», «айтқаның болып, дегенің келсін», «айтқаның келсiн»;

- демеу, қолпаштау тілектері: «құдай өзіңе жар болсын», «сабақты ине сәтімен болсын»;

- жұбату тілектері: «арт жақсылығын берсiн», «арты қайырлы болсын», «арты той болсын» «ақыры жақсылық болып, қуанышқа ұлассын»;

- болған іске, қазаға сабырлық таныту тілектері: «Алла сабыр берсін», «сабыр суын берсін».

- ақыл қосу тілектері: «көре-көре көсем боласың», «ақылыңа ақыл қос», «сол қолыңа оң қолың араша болсын»;

- бағыттау тілектері: «барар жерің бақыттың ордасы болсын».

Бұл пікірге қосыла отырып, бата-тілек сөздердің мағыналық тұрғыда жіктелуі бұдан да ауқымды екендігін және нақты қанша түрге бөлуге болатындығын да тап басып жазу қиын екендігін атап өткен жөн болмақ. Отандық көптеген танымал лингвист ғалымдарымыз тілдік тұрғыдан бата-тілек сөздерді барынша індете зерттеп, толымды зерттеу еңбектер жазғандығын айрықша атап өткен жөн. Жалпы осы тұрғыдан алғанда, бата сөздердің тілдік қолданыстық ерекшелігі туралы белгілі лингвист ғалымдар Әбдуәли Қайдар, Нұргелді Уәлиұлының іргелі зерттеу еңбектері барлығын айта аламыз. Сонымен бірге батаның «туыстас» түрі алғыс, қарғыс мәнді фразеологизмдердің семантикалық ерекшеліктері туралы С.Төлекова, К.Рысбаева қатарлы тілші ғалымдар өз еңбектерінде зерттеу жасап, біршама тоқталғанын атап өтуге тиіспіз.

Сондай-ақ қазақ әдебиетіндегі салт-дәстүрге қатысты артефактілерді молынан жинаумен айналысқан ғалымдар мен зерттеушілердің де бата сөздерге қатысты мағлұматтарды толықтыруда зор үлесі бар. Атап айтқанда, қазақтың ескілі-жаңалы сан алуан салт-дәстүрлерін, көнелі-бүгінгі әдет-ғұрып үлгілерін жинақтап, кітап етіп бастырған Сейіт Кенжеахметұлы, Нұралы Өсерұлы, Ахмет Жүнісұлы, Биқұмар Кәмалашұлы қатарлы этнограф ғалымдардың көлемді еңбектерінен бата мен қарғысқа қатысты сан түрлі ұғымдарды, мәліметтерді табуға болады. Аталған ғалымдардың әрқайсысының еңбектері – тынбай жинау, зерделеп құрастыру нәтижесінде қолға келген толымды дүниелер екендігі даусыз және бұл құнды дүниелер қазіргі күні қалың көпшіліктің күнделікті жиі қолданысында жүр.

Отандық ғалымдардың бата сөздердің анықтамасы жайындағы ой-пікірлерді қарастыратын болсақ, бірін-бірі толықтырып отыратындай алуан түрлі тұжырымдар жасалғанын көреміз. Ұлт филологиясының атасы Ахмет Байтұрсынұлы бата сөз жайлы 1926 жылы жарияланған «Әдебиет танытқыш» атты ғылыми еңбегінде былай деп анықтама берген екен: «Бата біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар айтады. Батаны шалдар – басы бар табақты тартуға алы келгенде де, асты жеп болғанда да бата қылады». Қазақ әдебиеттану ғылымына зор үлес қосқан белгілі дәрігер ғалым Халел Досмұхамедұлы «Аламан» атты халық ауыз әдебиеті туралы зерттеу еңбегінде мынадай анықтама береді: «Өз ісінің әбден төселген, ысылған, тәжірибелі шебері, мәселен, би, ақын, бақсы, зергер және тағы басқалар өздерінің қасиетті өнерін ізбасар шәкірттеріне аманат етіп тапсырылғанда ақ батасын береді»,- дей келе, бата сөздерді жанрлық ерекшелігіне қарай ырым сөздер, болжау өлеңдер, қарғыс пен алғыс өлеңдері деп бөлуге болатындығын айтады.

Бата-тілек сөздердің фольклорлық сипаттары мен жанрлық ерекшелігін, көркемдігін өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері зерттеп келе жатқан танымал фольклортанушы ғалым Серік Негимов «Ақ бата» жинағындағы «Бата сөз» туралы жазбасында бата сөздер жайында мынадай анықтама бергенін көреміз: «Шындығында, шынайы шеберлікпен, терең толғаныспен тоқылған бата сөздер сол қауымның адамгершілік-моральдық жаратылысын, ұлттық дәстүрлерін, табиғатқа, қоғамға, дүниеге көзқарастары мен түсініктерін, ырым-нанымдарын аңғартады». Сонымен қатар, отандық фольклортанушы ғалымдарымыз бата сөздердің қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінде көрініс табуын қоңсылас, тағдырлас өзге халықтардың, әсіресе, туыстас, тағдырлас түркі-монғол жұртының салт-дәстүрінен іздей отырып, оларды өзара салыстыру арқылы тұжырымды қорытынды жасағанын көреміз.

Бата сөздер жоғарыда айтылғанындай, тек қазақ жұртында ғана емес, түркі-монғол халықтарында бағзы заманнан бері дәстүрге, салтқа айналып, өмірлік қолданысында келе жатқанын көреміз. Бурят халқы мұны «юрол» деп атаса, алтайлықтар «алқыш» немесе «алқыш сос», монғол халқы «ерөл», қалмақтар «иорэл» деп атайтын болса, осы атаулар арқылы орындалатын лингвистикалық-әдебиеттік және этнографиялық, музыкалық элементтердің синкретті салттық жиынтығының жалпы мазмұны мен идеясы бірдей деуге болады. Осы тұрғыда фольклортанушы ғалым Болатжан Абылқасымовтың мына пікірін ескере отырып, ойымызды сабақтаған жөн болмақ: «иорэл» – қалмақ фольклорының жанры, монғолдарда «ерөөл» делінеді. Қазақша баламасы – бата-тілек. Қарғыс ұғымында «хараал» термині қолданылады. Иорэлдің тақырыбы мейілінше әралуан, өмірдің барлық саласын қамтиды. Көлемі де әртүрлі. Қысқа иорэл тұрақты, қалыпты сөздерден (қазақтың «ғұмырлы бол», «жолың болсын» дегені сияқты) тұрады. Оны жұрттың бәрі айта береді. Ал көлемді көркем шығарма дәрежесіне көтерілген иорэл аса сыйлы. Құрметті, абыройлы адамдардың ғана аузынан шыққан.» Ғалымның пікіріндегі «хараал» – қазақ салт-дәстүріндегі «қарғыс» екендігі анық. Жақсылыққа үндейтін бата-тілек алғыс пен жамандыққа жол сілтер кері сипаттағы қарғыс сөздердің айтылу сипаты бір болғанымен, оларды орындау эмоциясы, тыңдаушының сол сәттегі көңіл-күй қалпы мен оны тыңдаудан кейін туындайтын сезім күйі – бір-біріне мүлде керағар үдеріс екенін атап өткен дұрыс болмақ. Түркі-монғол халықтарының күнделікті өмірдегі барша салт-жорасында, атап айтқанда, шөп шабу, мал сою, жолға шығу, киіз басу, жүн өңдеу, аңға шығу, құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, некелесу, отау тігіп, шаңырақ көтеру, жаңа құрылған киіз үйді жабдықтау, жаңа киім кию – барлық әрекеттер бата сөздерсіз ешқашан өтпейді деуге де болатын шығар. Мұнда бата беруші, яғни батагөйге қойылатын талап: сұлу да мәнді сөздермен, тыңдаушының құлақ құрышын қандыра отырып, разы қылу. Мысал үшін, асқа бата бергенде: «Асың-асың, асыңа, Бақыт қонсын басыңа. Береке берсін асыңа, Қыдыр қонсын қасыңа», - деген сияқты, тыңдаушысын селт еткізіп, шешен тілмен төгілтіп әкету қажет болады. Батагөйлердің тілегі ұйқасты да мәнерлі, нақышты, образды сонымен қатар орындалу ырғағы сазды да нық болып келуі арқылы тыңдаушыны немесе тыңдаушыларды елітіп, ұйыта, риза қыла алған. Ал жоғарыда атағанымыздай «қойнынан сөзі, аузынан сөзі түскен» нашарлар бата айта алмай масқара болса, батаны жақсы біретін тілмарларды халық «батагөй» деп құрметтеген.

Бата-тілек сөздер – фольклорлық жанр болғанымен, мұны заманға сай, мазмұны мен мағынасы түрленіп отыратын сипатқа ие, жанды әдеби құбылыс ретінде де қарастыруға болады. Бата сөздерге көбінесе, экспромт, суырыпсалмалық тән. Бұған әйгілі ақын Шәкір Әбеновтің іс-әрекеті мысал бола алады. 1991 жылы желтоқсанның бірінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚР Тұңғыш Президенті атанған тарихи сәтте бата беру құрметі Шәкір Әбеновке бұйыратын болған сәтте, ақсақалға «былай айтыңыз, олай айтыңыз, батаңыздың тексін көрсетіңіз» деген ұсыныстар мен талаптар айтылса керек. Сонда бірбеткей қария: «Текст жоқ. Құдай аузыма не салса, соны айтамын. Сол жерде естисіңдер!» - деген екен. Сонда сахнаға шыққан тоқсан бір жастағы қарт ақын Нұрсұлтан Әбішұлына бата берер алдында батаның «лебізді бата», «негізгі бата» деп екіге бөлінетіні жөнінде кіріспе айтып алған соң, қол жайып негізгі батасы бергені белгілі. Осы айтылған сияқты, бата-тілек сөздер – көнеден келе жатқан, әрі өзінің заманына, оның ағымына сай жаңғырып, мағыналық жағынан түрленіп отыратын, мазмұнына әр заманның, дәуірдің өзіне тән ұғымдық ерекшеліктерін қамтыған фольклорлық жанр болып табылады. Мысалы, өткен ғасырларда мынадай бата берілетін болған:

Ғали Арыстанның күшін берсін,

Мұсаның өмірін берсін,

Дәуіттің көрігін берсін...

Бұл – ғасырлар бойы Ұлы Далада салтанат құрған ислам дініне қатысты ұғымдарға, аңыз-әфсаналарға негізделгені анық. Сондай-ақ қазақ батырлары мен билерінің ерлігі мен қоғамдағы орнына қатысты да бата-тілектер көп болған. Бата-тілектердің заманға сай жаңарып, мазмұны өзгеріп, түрленіп оытратындығына мына мәтін мысал бола алады:

Абайдың басын берсін,

Жамбылдың жасын берсін,

Күләштің әнін берсін,

Сәкеннің сәнін берсін!

Қажымұқанның күшін берсін,

Қаныштың ісін берсін....

Бұл бата өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бері қарайғы дәуірде дастарханда жиі айтылып келген және мұнда қазақтың әлем таныған марғасқа ұлдары мен қыздарын идеал, үлгі тұтумен қоса, кейінгі толқын жас ұрпағым осы қазақтардың әйгілі болсын деген ізгі арман жатқаны анық. Бұдан соң Қазақстан өзінің ғасырлар бойы аңсаған арманына, тәуелсіздігіне қол жеткізген ақ жарылқап кезеңнен бастап, бата беру дәстүрінде, оның мазмұны мен мағынасында зор өзгерістер көрініс тапты. Мысал үшін:

Әрқашан бейбіт заманды болсын,

Тәуелсіздігіміз баянды болсын,

Көк туымыз көкте желбірей берсін!

Халқымыздың бірлік-берекесі арта берсін!

Еліміз алға нық тарта берсін! –

деген жолдарға қарағанда әр дәуірдің өз арман-мүддесі, аңсар-тілегі болатынына көз жеткізуге болады. Жоғарыдағы мысалдарға қарап отырсақ, бата-тілек сөздердің діни және ұлттық сипаттары барын аңғарамыз. Жалпы алғанда бата сөздердің діни рәсім-жоралғыларда да әрдайым көрініс тауып жататыны жалған емес қой. Сол үшін де бата-тілек сөздердің этимологиялық мағынасына да мән бере отыру қажет болады. Біздіңше сондықтан да бата-тілек сөздердің мағыналық ерекшеліктерін қарастырмастан бұрын, «бата» – сөзінің мағынасына барлау жасаған дұрыс болмақ. Қазақ тілі – бай тіл. Ғасырлар бойы Ұлы Далаға кезегімен келіп, түрлі деңгейде әсер еткен өзге өркениеттердің ықпалымен біздің қазіргі сөйлеу тіліміз қалыптасқан дейтін болсақ, «бата» да осындай жолмен тілімізге төлтума ұғымдай сіңіп кеткен сөздің бірі. Осылайша, тілімізге әр замандарда енген, қазіргі күндері төл сөздеріміздің өзіндей болып кеткен сөздердің бірі – «бата» сөзі. «Бата» сөзінің түбірінде арабтың «фатиха» сөзі жатыр. Себебі, «фатиха» сөзінің өзі – қазақша тілек, ықылас деген мағынаны беретін болса, қасиетті «Құран» сүрелерінің бастыларының бірі «Фатиха» сүресі. Аталған сүреде: «Бізді тура жолға сала гөр!» - деген тілек сөз барын жақсы білеміз. Атақты Сүгір жыраудың термесіндегі: «Шай құйып та беріп атамның, Батқасын алам деп», - дегендегі «батиқа» да – осы бата. Фатиха – батиқа – бата. Бұл аталған сөздің қазақы құрылымға өту жолы.

Бұл ұғымның діни сипаты дейтін болсақ, мұсылман баласы кез келген жақсы бір істі қолға алғанда, осы жолда өз мақсатына кедергісіз жету үшін Алла-Тағалаға сиынып, одан жәрдем, медет тілейді. Алла-Тағаладан істің қайырын сұрап тілек айту, бата беру – Жаратқанға жол іздеудің, онымен байланысудың ғаламдық күш-құралы, біздің ұлттық дүниетанымымыздың бірегей жүйесі деген сөз. Әдетте, қазақ баласы құран оқып, дұға жасағанда, арабша сүрелерден кейін қазақ тілінде бата тілейді. Өзге көптеген ислам дінін ұстанушы елдерде бұл жоқ. Кейбір батагөйлердің намаздан, құран бағыштаудан кейінгі қазақ тіліндегі нақпа-нақ қысқа немесе ұзынсонар батасы – тыңдағанның құлақ құрышын қандыратын көркемдік сипатқа, әсерге ие екендігін жақсы білеміз ғой. Бұл дегеніміз – ата-бабаларымыздың сонау бағзы ғасырлардан жеткен ізгі дәстүрінің ислам канондарымен үндесіп, астасып, жаңа форматқа ие болуы. Сондықтан да «бата» сөзін ислам дінімен байланыстырғанымызбен, түркі халықтарына, оның ішінде қазақтарға ислам дініні он бір ғасыр бұрын дендеп енген кезінен бастап, есте жоқ ежелгі айтылымының орына осы сөз қолданылды дей отырып, бата беру мен бата алу дәстүрі – біздің түркілік, қазақтық бет-бейнеміздің ертеден келе жатқан ажырамас, бірегей сипаты деп қорытындылауға болады. Осыған саятын болсақ, бата беру дәстүрінің тарихы тым ұзақ екенін, оның қашан, қоғам дамуының қай сатысында пайда болғаны, халқымыздың күнделікті тұрмысына қалай сіңісіп кеткені жайлы нақты ештеңе айта алмайтынымыз да анық. Бірақ, қолымызда бар баталар мен тілектерге мән бере отырып, оларды зерделегенде, біразының бағзы сеніміміз Көк Тәңірінен тілеу мазмұнына ие екенін көреміз. Мұның өзі бата-тілек өлеңдерінің көне наным-сеніммен, тотемизммен тамырласып жатқанын аңғарамыз. Мысалы, төрт түлік және олардың пірлеріне байланысты бата-тілек сөздерінде дәл осы сипат бар:

Ойсыл қара баласы,

Қотанға сыймас түйе бер,

Түйе берсең үйе бер!

Жатқан жері даладай,

Азу тісі қаладай,

Екі өркеші баладай,

Қаршылдаған бурасы,

Жалбыраған шудасы,

Жібектен болсын бұйдасы.

Мұндағы Ойсылқара – қазақ даласына ислам діні келгенге дейінгі, халықтың тотемдік ұғымдарды әспеттеуінің көрінісі, яғни бұл – түйенің пірі. Осылайша, әрбір жан-жануарлардың жеке-жеке пірі болады деген түсінік қалыптасқан. Түп түркілік, яғни көптеген түркі халықтары ислам, христиан, будда т.б. діндердің ықпалына ұшырамай тұрған кездегі бата-тілек сөздердің мағынасын танытанын сөз «алғыс» болған деуге болады. Бұл тілекші сөзді прототүркі халықтары күні бүгінге дейін осылай атайтынына ден қоямыз. Мысал үшін, қазақ тілінде қазіргі күні де «алғыс айту» тіркес сөзі бата беру, тілек айту мағынасын беретін болса, алтайлық түркілерде де – «алқыш сөс», сахаларда – «алқыыс», балқарларда – «алғыш» болуына қарап біз ислам діні дендеп, орныққанға дейін түркілердегі «бата беру» ұғымы дәл осы «алғыс айту» мағынасында түсіндірілген деп тұжырымдауға болады. Сонымен қоса, көне дәуірде алғыс айтатын «алғысшымен» қатар, қарғыс айтатын «қарғысшы» да болғанын көреміз. Қалмақ, буряд, монғол халықтарында мұндай адамды «қаралшы» деп атйды. Қазақ арасында да қарғыс айтуды, боқтауды меңгерген адамдар күні кешеге дейін болғандығы туралы талай аңыздар сақталған. Ислам дәуіріне дейін алғыс немесе қарғыс айтуды дуагер бақсылар жүзеге асырып келген. Біртіндеп бұл дәстүр өзгеріске ұшылап, ендігі жерде алғысты немесе батаны елге сыйлы, көргені көп, жолы үлкен ақсақал немесе ел ағасы беретін қалыпқа көшкендігін көреміз.Ал дау-шарларды әділ шешу үшін, билік процесіне «қарғысшы» деген адамның қатысып отыратындығы туралы мәліметтер қазақ фольклорында көп сақталған. Батаны әдетте, қол жайып айтады және сұрайды. Тыңдаушылар да бата нақ қонуы үшін қолдарын жайып, бата берушіге назарын аударуы тиіс. Мұны – бір жағынан алып қарағанда, сөз құдіретіне ұйыған транстық сәт деуге де әбден болады.

Батаның діни сипаты дейтін болсақ, бұл – әдетте намаздың соңында қол жайып айтылатын дұға екенін тағы да қайталап өтеміз. Қазақша берілетін бұл баталар көлеміне қарай қысқа немесе ұзын (ұзақ) болумен қатар, бата берушінің шешендігіне, ақыл-парасатының деңгей-дәрежесіне қарай татымды, татымсыз, ұнамды-ұнамсыз болуы мүмкін. Бұл жерде, егерде батаның сөздері шынымен асыл болса, төгілдіріп тұрып шынайы ақ ниетпен айтылған болса, мұндай жағдайдағы қысқа батаның да, ұзақ батаның да қадір-қасиеті, әсеі, құдіретті бірдей болмақ. Тек оның қабыл болу – болмауы Жаратқанның құзырындағы іс. "Жақсы лепе - жарым ырыс", - деп қазақ бекер айтпаған.

Қазақ – қашаннан сөздің қадіріне жеткен, оны тыңдай білген, ұйыған халық. Сондықтан да батаның қазақ өміріндегі алатын орны ерекше. Қазақ халқы батаны жай ғана сөз ретінде емес, оны үлкен ғибрат көзі, рухани азық деп қабылдап, көңілге түйіп, жүрекпен екшей білген. Қазақ халқының сан ғсырлар бойы түзілген бай фольклорында тұнып тұрған байлығы – бабалардан жеткен бата-тілектер – олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ізгілік, адамгершілік дәстүрінің көрінісі, ғасырлар бойы данышпандық ой елегінен өткен, өмір тәжірибесінің жемісі. Бата-тілектер – қазақ халқының рухани жан дүниесінің паспорты. Жалпы алғанда, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерінің қай-қайсысы түрін алсақ та, барлығы да халық өмірімен, өзіне тән тұрмыс-тіршілігімен, лайықты салт-санасымен, қалыпастқан әдет-ғұрпымен, тарихы барысында бастан өткерген сан алуан үлкенді-кішілі оқиғалармен тығыз байланыста екендігін байқаймыз. Міне, осыларда халықымыздың дүниетанымы мен эстетикалық көзқарасы, философиялық, қисындық ой-толғамдары ғана емес, өмір мен өнерді тануға деген талап-тілектері де жатыр. Қазақ халқы қай дәуірде болмасын, өз сезімін толқытқан, жүрек қылын тербеткен қуанышы мен шаттығын, қайғысы мен қасіретін, өмірге келуі мен о дүниеге аттанған қазасын әнге салып, өлең етіп жеткізген. «Дүниенің есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», - деп ұлы Абайдың да айтатыны осы. Бата сөздердің ұлтымыздың рухани ғұмыр жолындағы орны қашан да ерекше болған, солай болып қала да берері сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар