Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ: АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМ...

01.09.2016 3974

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ: АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМ

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ: АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМ - adebiportal.kz



11667338_840906235956965_5091219052566723026_n.jpgАбат Елубайұлына


Осы жайт еске түссе,
мен күлемін,
Балалық-ай, не деген мөлдір едің?
...Қатарымның «ерлігін» тыңдай-тыңдай,
Бір бұзықтық жасағым келді менің.


Асау тай ем.
Тай қашан бас біледі?!
(Қас албасты тал түсте басты мені...).
Тым болмаса қасымда Ыбырай жоқ,
Қауын-қарбыз ұрлауда ол – «мәстір» еді.


Жалғыз шықтым.
(Мұнымды «ел» құптамай ма?),
Мына жайды да түйгем мықтап ойға:
«Жолдасбай ағам қазір жұмыста жүр,
Жұлдыз жеңгем...
Түсте енді ол...
Ұйықтамай ма?»


Бәрі ғажап.
Қатып тұр «план» енді,
(Осыны айтып күні ертең «қырам» елді....).
...Нән қарбызды енді үзе беріп едім,
Жұлдыз жеңгем үйінен шыға келді.


Айқай салып: — «Қарбызды таста» –— деді,
Кенеттен бір ой билеп басқа мені.
Қарбызымды тастамай зыта бердім,
Жете алмасын білемін,
(Ақсақ еді...).


Батырлығым желпиді түңлігімді,
«Ерлігімді» бар бала жыр қылулы.
...Кешке «сымсыз телефон» жеткізді кеп,
Абат ағай естіпті ұрлығымды.


Депті ағай: — «Бара бер, жаза –— менен»,
Содан кейін, әй, кетті маза менен.
Ертеңіне мектепке зорға бардым,
(Кеше сабақ еді ғой - ғажап әлем...).


Соңғы парта...
Әзірге жарап тұр-ау...
Саусағымды қаламым қанатты ма-ау...
Тұқшыңдаймын, басымды көтере алмай,
Әй, неғылған бітпейтін сабақ мынау...


Осы қазір болардай заманақыр,
«Енді ұрлық жасасам ба?
Қара да тұр...»
...Балалардың түзетіп жазуларын,
Ағай маған жақындап келе жатыр...


Қабағын сәл түйіпті...
Салқын демек...
Алақандай жүрегім алқынды ерек...
— «Әй, Бауыржан, мұның не?
Жарамайды,
«Қ»-ның былай аяғын тарту керек.


Дұрыс ұста, қаламды.
Тыңда, бала-ай,
Өшіргішті былай қой, жұлмаламай».
Содан кейін ақырын сыбыр етті:
«Сен енді қауын-қарбыз ұрлама олай...».


«Жарайды...».
Өз даусымды естімедім,
(Сол сәтте жоқ еді өзге еш тілегім).
Айқайламай, ел-жұртқа дабыра етпей,
Ағайым бір күнәмді кешті менің.


«...Бала, маған ұнайсың. Ірі істерің, —
дейсіз бе, — Оны істедің, мұны істедің».
...Менің жаман болуым мүмкін емес,
Өйткені, мұғалімім дұрыс менің!




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар