Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бауыржан Бабажанұлы: Астана...

29.06.2016 3571

Бауыржан Бабажанұлы: Астана

Бауыржан Бабажанұлы: Астана - adebiportal.kz

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай Сәкен Сейфуллин мұражайы Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана күні құрметіне арнап өткізген «Азаттық аясында» атты Республикалық жыр мүшәйрасында Үшінші бәйгені ұтып алған белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлының «Астана» атты өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

adebiportal.kz



Ұмтылса дәйім төрге елің,

Ордаңды тікпеу, ол да — сын.

...Орынбор опа бермеді,

Орыс тым жақын болғасын...


Төленің орнын басам деп,

Түстіктегі елге бас-көз боп.

Тәшкенге қарай асар ма ек,

Астана қылып тасты өзбек...


Үкімет сүйреп арбасын,

Ақмешітке кеп түскен-ді.

Туымыз қызыл болғасын,

Ордамыз қызыл түске енді...


Уай, жолда талай тоналғам,

Мұны да бірақ кеш түйдік...

Алай да бұлай заманда,

Алматыға кеп ес жидық.


Алма ағашқа атым байладым,

Жүрсем де біраз әлек боп.

Сүтімнің бірақ қаймағын,

Сыпырып алды Сәбет тек...


Тоқырау жылдар...

Ел — есен,

Қосылып біраз әнге аты.

Құрбандық көптеу демесең,

Құтты орда болды Алматы...


Қайтейін, ел боп қыз-әдеп,

Жегіздім, рас, ақымды.

Талай жыл жиған ыза-кек,

Желтоқсан болып атылды...


Тәуелсіздігім — Толағай,

Сан ғасыр күткен арман-ды.

Қабағына елдің қарамай,

Енді өзім тіктім ордамды.


Талай жыл өзек өртеніп,

Ішқұста болған батыр — біз.

Есілдің бойы ел толып,

Қауқылдасып бір жатырмыз.


Астанам — елдің басы едің,

Қырын кетпеген ырымы.

Жаңа мыңжылдықтың басы едің,

Мың жылға жеткей ғұмырың! 




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар