Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бауыржан Ердембеков: Абайдың әнші шәкірттері...

12.03.2016 6239

Бауыржан Ердембеков: Абайдың әнші шәкірттері

Бауыржан Ердембеков: Абайдың әнші шәкірттері - adebiportal.kz

Абай Құнанбайұлы

Музыка саласында жазба мәдениетінің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі олардың халықтың жүрегінде сақталуында. Композитор болғанымен, нота білмеген Абайдың әндері ауызша таралды. Абай әндерінің халыққа кең таралуына, біріншіден, ән табиғатының халыққа жақындығы, тыңдаушысын баурап алар тосын әуен мен терең мазмұн болса, екіншіден, сол әндерді үлкен сахна - сахарада нағыз күміс көмей әншілердің орындауы еді. Абай әндерін орындаушылар ән өнерінің хас шеберлері-тін. Ақынның өзі айтқандай: «Адам аз мұны біліп ән саларлық, тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық»,- деп, Абайдың жаңа әндерін тосырқап қабылдаушылар да аз болмады. Сол кезде әнші шәкірттер тек әнді таратушылар ғана емес, терең мазмұнға құрылған ғибратты әндердің насихатшысына айналды. Бұл арада сазгер Абай өз бойындағы барлық құндылықтарды әнге деген ыстық ықыласын, өзі шығарған әндерін орындап халыққа таратушы әнші шәкірттеріне сол уақыттың жырын жырлап, мұң мұқтажына араласуына өз бойларындағы таланттарын шыңдап, көрсете білулеріне жол ашты. Әнші-музыканттар Абай үйіне жиналып, өздері шығарған, біреуден үйренген ән, күйлерін Абай алдында ортаға салып, сыннан өткізіп отырған. Абайдың Татьянасын әнші шәкірттердің автордан үйренуі тұсын Әуезовтен тыңдап байқайық: «...Мұхамеджан домбыраға жаңағы әннің бас қайырмасын тыңқылдатып көрді. Келмей жатыр. Абай бұл кезде өз кезегін жүріп, сәл босап отыр еді.

- Жоқ теріс тартып отырсың,- деп домбыраны қайта алды. Жаңағы әнін үш-төрт қайырып тартып өтті. Мұхамеджан енді домбыраны қайта алғанда, іркілместен қатасыз тарта жөнелді. Сол арада жаттап алған алғашқы екі ауыз өлеңді әнге де салып жіберді» [1, 574-б.].

Абай қасындағы аса талантты әнші-музыканттарды атағанда алдымен Мұқа Әділханұлы есімі айтылады. Сонау Халиолла қаладан келіп жүрген кездерде Абай ауылының ән мен күйін келтіретін Мұқа келе-келе Абай ауылындағы әншілер мектебінің ұстазына айналды. Музыка өнерін қаладан арнайы үйреніп келген Мұқадан «Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Тұрағұл, Әлмағамбет, Мұхамеджан, Өтегелді тағы бірнеше жастар домбыра, гармон, скрипка тартып, музыка тілін үйреніп шығады. Абайдың қызы Күлбадан, Ысқақтың қызы Рахималар да гармон ойнауды үйренеді» [2, Б. 125-126]. Бүгінгі тілмен айтсақ, Мұқанікі музыка үйірмесі іспетті. Абайдың Мұқа сияқты талантты ауылына алғызуы сияқты өнегелі ісі өз шәкірттерінің өмір жолында да жалғасқан. Мәселен, Мағауия інісі Тұрағұлдың ән-күйге әуестігін біліп Семейден Яков деген скрипкашыны алдырып, ақы төлеп, Тұрағұлға скрипка үйреткен. Мұқаның талантын аса жоғары бағалаған Абай оны музыка саласында оқыту үшін Мәскеу, Петербор сияқты үлкен қалаларға жібермек болып, арнайы киім тіккізіп, жол жабдығын да дайындаған көрінеді. Ел арасындағы көп кикілжіңнің бірі қолбайлау болып Мұқа бұл сапарға бара алмай қалған екен [3, 279-б.]. Музыкант Мұқа домбыраны да өзі жасайтын шебер болған. Ең өкініштісі - Мұқаның музыкалық мұрасы нотаға түспей, жасаған домбыралары бізге жетпей қалғандығы. Абайдың немересі, Ақылбайдың ұлы Исраил Мұқаның күйлерін сақтап, тартып жүргенмен, дер кезінде нотаға түспеген музыкалық мұраның қазір көбінен көз жазып қалдық. Мұқа скрипкада ойнап орыс күйлерін қазақ даласына әкелді. Австрия композиторы И.Штраустың «Көгілдір Дунайда» вальсін скрипкада тамылжыта орындағаны соншалық, сол күйдің әсерінен «Он саусақ бірі басып, бірі қаға» деп басталатын лирикалық күйге толы өлеңін шығарады. Әнші шәкірттердің көшбасшысы ғана емес, Мұқа солардың ішіндегі үздігі-тін. Қ.Мұхамедханұлы былай дейді: «1909 жылы Семейде «Народный дом» деп аталатын орында қазақ, татар өнерпаздары домбырашы, скрипкашы, әнші-күйшілердің жарысы болғанда, оған Абай шәкірттері Мұқа Әділханов, Әлмағамбет Қапсалямов, Мұхамеджан Майбасаровтар да қатынасады. Осы өнер салыстыру жарысында бас бәйге Мұқаға беріледі» [3, 283-б.]. Абай дүниеден өткен соң, ұлы ақынды еске алу кештерінде Мұқа, Әлмағамбеттер ұстаз әндерін айтып, күй орындаған. Абайдың талантты шәкірті деп таныған М.Әуезов Мұқаны ертеден біліп, араласып, кейіннен Мұқа образын эпопеясында ең жарқын бейнелердің бірі ретінде сомдады.

Жалпы «Абай жолы» эпопеясындағы әнші-ақындар бейнесі деген тақырыптың әлі көбесі сөгіле қойған жоқ. Әу баста эпопеяның кейінгі екі кітабында Абай және оның маңайындағы шәкірттері тақырыбын көтермек болған М.Әуезовтің жоспары саяси қысымның салдарынан іске аспай қалғанда, жазушы Абай айналасындағы әншілік дәстүрге көп салмақ салуына тура келді. Эпопеядағы ақын шәкірттердің орнын әнші шәкірттер басып, тиым салынған Абай мектебі деген ұғымның оқырман санасынан мүлде өшіп қалуынан сақтағандай еді. «Абай жолында» ән тақырыбы Абайдың Ділдә ауылына қайындап барғанда, Сүйіндік-Тоғжан ауылындағы көріністерде қылаң беріп қап, Әйгеріммен кездесуінде бір жарқ ететіні бар. Нағыз әннің шарықтауы «Жайлауда» тарауында, Абай ауылына Біржанның келуімен көркем көрініс тапқан. Біржанның қасында ән үйренген Әмір мен Оралбай, Әйгерім мен Керімбалалар сомдалған. Біржаннан үлкен ән қуатын алған Абайдың айналасы енді әнді күнделікті тұрмыстың бір қажеттілігіне айналдырғандай. Эпопеяда қалаға келе жатқан Абай балалары жарыса ән шырқап, ел ішінің ығырынан мезі болған әке көңілін бір уақ жадырататын эпизод бар. Бұл келесі бір биікке шырқаған ән тақырыбына барар баспалдақ іспетті еді. «Татьянаның сахарадағы әні» Әуезов көркем шығармасының өнер тақырыбын қозғаған ең бір кестелі тұсы ғана емес, жалпы эпопеяның алғашқы іргетасы осы «Татьяна жырынан» бастап қаланған. Яғни, әлемге аты мәшһүр эпопеяның бастау бұлағы ән тақырыбында жатқандығы тегін емес. Татьяна әнінің Мұхамеджан арқылы Абайдың өзге шәкірттеріне жетуі эпопеяда аса тартымды суреттелген: «Олар тегіс көшіріп болған соң, осы кеш бойында біреу домбырамен, біреу үнмен ылғи «Татьяна хатын» айтуда болды. Тек үйрене алмағандар Мұхамеджанға бастатып, өздері екіден-үштен қосылып отырып айтты. Сонымен, түн ортасы ауғанша, барлығының ден қойғаны - Мұхамеджан әкелген жаңалық сый еді. Көп мезгіл өтіп, жатарманға тақағанда, бұл үйдің ішінде домбыра тартып, ән сала білетін адамның барлығы да Татьяна әнін, мұңын жаттап алды» [1, 580-б.]. Нағыз өмір шындығы жазушы қиялындағы көркемдік шындықпен астасып, бірігіп, тұтасып кеткендей. «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан-саналы жырлар көшіріліп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады» [1, 586-б.]. Осынау құдіретті әнді таратушы жас әншілердің келесі бір легі туралы сөз эпопеяда бұдан былай кеңінен сөз бола бастады. «Абай жолын» сүзген адамға бірден байқалатыны, Әуезов ән тақырыбын сомдағанда өмір шындығынан алыс кетпеген. Көкбай, Мұқа, Әлмағамбеттер Абай әнін жарыса шырқайды. Мұқа «Айттым сәлем қаламқасты» созса, Әлмағамбет «Көзімнің қарасын» айтады. Қаладан келген Әбіш Мұқамен бірігіп скрипка тартып, өнер көрсетеді, барлық жерде Абайдың сөзі, Абайдың әні жас өнерпаздардың аузында. Төрт кітаптан тұратын эпопеяның соңы да әнмен бітеді. Бірақ, қайғылы, қазақ даласына жаңалық шашқан ұлы өнердің иесін жоқтаған азалы ән. Ән өнерін ерекше қадірлеген кемеңгер ақынның қабірінде жоқтау айтқан асыл жар - Әйгерім сазы оқырман жүрегін елітеді. Жазушының соңғы сөйлемдеріне құлақ түрейік: «Адал жар жоқтауымен Абай жаңаша жолға өтті. Ол өлмеске қадам басты! Әйгерімнің әні мен соған оралып айтылған Дәрмен жыры Абай туралы кейін туатын бар өнердің басы еді. Жаңа туған әннен бастап Абай жаңа туысқа ауысқан» [4, 605-б.]. Ән мен өлең! Абай өзі тірі кезінде мүлде жаңа сатыға көтерген осынау бір өнердің екі қанатын ары қарай самғата алар ұрпақ бар ма деген сауалға жауап қатады жазушы. Бар! Ол - Абайдың өнерлі шәкірттері. Топырағы кеппеген Абай қабірінің басындағы жаңашыл жыр мен өзгеше ән Абай өнерінің жалғасы болып шартарапқа тарап жатты.


 

Абайдың жанындағы ақын шәкірттерді сомдауға мүмкіндік болмағаннан кейін салмақты әнші өнерпаздарға салған Әуезов, әнші жастардың тек Абай әндерін таратудағы еңбегін ғана сөз ете алды. Жас өнерпаздар эпопеяда тек Абай әндерін орындаушы, таратушы. Ал, өз жандарынан ән шығарғандары туралы Әуезов сөз қозғамаған. Өйткені, композиторлық дегеніңіз - нағыз ақындық. Ақындық туралы сөз қозғауға мүмкіндік болмағандықтан, Шәкәрімнің, Көкбайдың, Әсеттің, Уәйістің, Ақылбай мен Мұқаның композиторлық қарымы туралы Әуезов айтпады.


 

Өзі ән шығармағанмен, Абай әндерін насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп, көзі тірісінде «Абайдың әншісі» атанған өнерпаздың бірі - Әлмағамбет Қапсәләмұлы. Жасынан Абай жанында жүріп, кемеңгер ақынның ішкі тебіренісін дөп басатын сезімтал Әлмағамбеттей Абай әндерін көңілден шығарып орындайтын адам кемде-кем болса керек. Абайдың, бір жан сияқты үлкен әншілердің әндерін орындаған Әлмағамбет, қолқалап жүріп Ақылбайға да ән шығартып, оны Тұрағұлмен қайыншылап барған Матай жерінде орындайтыны бар. ХХ ғасырдың басындағы Абайға арналған кештерде Әлмағамбеттің ән айтқаны туралы баспасөз беттеріндегі қысқа хабарлардан басқа әнші туралы нақты дерек жоқтың қасы. Бізге жеткен дерек - Әлмағамбеттің үш ұлының бірі - Шәбден ақсақалдың әңгімесі [5] мен ақын М.Ыбырайұлының Әлмағамбет туралы мақаласы [6] ғана. Ел аузындағы естеліктерге жүгінсек, Әлмағамбет Тобықты ішінде Тоғалақ деген атадан. Әлмағамбеттің үш ұлының бірі - Шәбден әкесінің өнерін ұстаған өнерпаз, кейіннен құйма құлақ шежіре адам болған. Әлмағамбеттің қасиетті домбырасы осы Шәбден ақсақалдың тапсыруымен Абай мұражайынан құнды жәдігер болып орын алды. Сол Шәбден ақсақалдың айтуынша малдың бабын білген Әлмағамбеттің әкесі Қапсәләмді Абай жылқы бағуға әдейі алдырып, тағдырдың жазуымен Әлмағамбет Абайдың тәрбиесін көріп өседі. «Абай өз балалары Мағауия, Тұрағұлмен бірге Әлмағамбетті де үш қыс Семейде орыс музыкантына беріп үйреткен» [5, 79-б.] ,- деп жазады Шәбден Әлмағамбетұлы. Әлмағамбет әнші ғана емес, бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаған шебер күйші болған. «Дунайская волна», «Лезгинка», «Возвратное время», «Банкрот», «Полька», «Птичий марш», «Криковяк» деген басқа халықтың ән мұралары Әлмағамбет арқылы елге тараған. Қазақ зиялылары Нұрғали және Нәзипа Құлжановалармен жақын араласып, Абай есімін халыққа таныстыруда бірлесе жұмыс істеді. Төңкерістен кейін Семей қаласында ұйымдастырылған қазақ театрының белді бір мүшесі болған Әлмағамбет әнші өмірінің соңына дейін Абай әндерін халық арасында орындап, насихаттаудан бір танған емес. Әлмағамбеттің қолқалауымен Ақылбай да ән шығарған. Жалпы Ақылбай ән-күйге аса бейім болғанымен, әншілік жолға да мықтап түспеген сыңайлы. Көптің қолқалауымен ән айтып, күй тартқаны болмаса, суырылып шығып әншілік өнерге аса бейіл қоймаған. Әйтпесе, жасынан сал-сері Ақылбайға әншілік өнер жат емес. Шебер музыкант, жақсы әнші Ақылбайдың бізге бір ғана әні жеткен. Оның өзі екі ауызы ғана сақталған. «Бір ән тауып Әлекең бер деген соң» деп басталатын екі шумақ өлең. Қ.Мұхамедханұлы осы екі шумақты екі бөлек ән деп көрсетеді [7, 16-б.]. Анығында бұл бір ән сияқты. Белгілі әнші, сазгер, жазушы Ж.Кәрменовтің Ақылбайдың ішкі толғаныс, сезімінің пернелерін дөп басып, Ақылбай әнінің шығу тарихын көркемдік шешімге шебер орайластырған «Ақылбайдың әні» әңгімесінен танысуға болады бұл әнмен. Бірақ, әңгімеде айтылғандай Мекайылдың емес [8], М.Ыбырайұлы келтіргендей Мағауияның да емес [6], Турағұлдың қалыңдығы Сақыпжамалды алуға Матай жеріне барарда Ақылбайдың Әлмағамбетке шығарып берген әні. Сауыққой, өнерлі Матайдың жеріне құдалар Ақылбайдың жаңадан шығарып берген әнімен барған екен. Сақыпжамал - Матай елінің белгілі байы, Делбегетейдің бауырын жайлайтын Әлжан қажының қызы. Әлжан - ХҮІІІ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген атақты Құттымбет батырдың ұрпағы. Өз заманында батырлығымен аты шыққан, кейіннен бойындағы қасиетімен елдің аңызына айналған Жалаңаш батырдан Назар туса, Назардан Әлжан туған [9, 47-б.]. Шамамен, 1835-1918 жылдары өмір сүрген Әлжан елінде бірнеше жыл болыс болған, елге қадірі артып, қартайған шағында Мекеге барып, қажы атанады. Әлжанмен сыйласқан Абай байдың қызын өзі көріп, ұнатып, Тұрағұлға әперген. Қазіргі Әлжан көлінің жағасына Абай бастап келген құдалықта Ақылбай әнінің тұсауы кесілген екен. Сақыпжамалдан ұлы - Жебіраил, екі қыз - Ақылия (Ақыш) пен Мәкен туады. Тұрағұлды қуғынға салған кеңес заманының белсенділері Томскіде оқуда жүрген баласы Жебіраилдың түбіне жетсе, екінші ұлы Зүбаир елден кетіп, қырғыз жақта аштан өледі. Ел естелігіне құлақ түрсек, Ақылбайдың «Ақтамақ» деп аталып кеткен Көкен қызға арналған «Асықтық сәлем айттым Көкеніме, жүре берме әркімнің жетегінде» деп келетін ән-өлеңі де болған көрінеді [10, 497-б.]. Осы әнге қатысты бір деректі Т.Әлімқұлов келтіреді: «Осы күні Оңтүстік Қазақстанда «Сәкеннің әні» деп салатын бір ән Абайдың баласы Мағауияның (дұрысы - Тұрағұлдың Б.Е) қалыңдық ойнауға бара жатып шығарған әнінен айнымайды» [11, 151-б.] ,- деген пікіріне де құлақ аспай болмайды. Абай ауылының әні қазақ жерінің екінші бір қиырына Сәкен арқылы жетуі ықтимал немесе осы әуенге ұқсас ән болуы да мүмкін. Бұған жауапты ән өнерін зерттеушілер береді деген ойдамыз. Тұрағұлдың өзі де, балалары да әнші болған. Жебіраил әнді домбырамен жақсы айтқан, әсіресе Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» нақышына келтіріп орындаушы еді делінеді естеліктерде [12, 96- б.]. Ал, Мәкен Тұрағұлқызы - Абай әндерін бірден-бір бізге жеткізуші адам. Осы арада айта кетуіміз керек, Абай әндерін жұртқа жайып, насихаттаушы әнші шәкірттер болса, кейінгі буын, дәлірек айтқанда Абайдың ұрпақтары ақын баба ән мұрасының бүгінге жоғалмай жетуіне айтарлықтай үлес қосты. Отызыншы жылдары А.Жұбанов Абайдың әндерін Тұрағұлдың кенже қызы Мәкен Ахметжанованың орындауынан жазып алып, нотаға түсірсе, Л.Хамиди Әрхам Ысқақовтың айтуымен біраз әнін нотаға салады. Шәкәрім әндерінің дені бізге ұлы Ахат арқылы жетсе, әнші Мұқаның скрипкада, домбырада ойнаған күйлерін сақтаған Ақылбайдың баласы Исраил болған. Абай ұрпақтарының өнері, игі істері туралы әңгіме бөлек бір тақырыпқа жүк боларлық.


 

Тұрағұл әнші, шебер музыканттығымен қоса, сазгерлік өнерге де құлаш сермеген сыңайлы. Тұрағұлды көзімен көрген Н.Алдажаровтың естелігіне тоқталайық: «Тұраш аға ақын, әрі композитор болған. «Әйел сыны» деген өлеңі бар, әнін де өзі шығарған:

Дәл қарға бет қызылы тамған қандай,

Ақ таңлақ айналасы атқан таңдай.

Кірсіз тіс, жайнаған көз, қырлы мұрын

Әжімсіз аппақ тегіс тіп-тік маңдай,-

деген. Тұраш ағаның осы өлеңі мен әні ұмыт болмасын деп магнитофонға жаздым» [12, 95-б.] ,- деп бізге белгілі «Хат» өлеңінен үзінді келтіреді. Турағұл әншілік, сазгерлік жолға түспегенімен, бұл өнерден де қара жаяу еместігі байқалады.


 

Абайдың ән мектебінің ірі өкілі - Майбасардың Мұхамеджаны. Сол уақытта әншілік пен сал-серілік қатар жүргенін ескерсек, Мұхамеджан жасында қасына топ жиып, салдық құрып, ел аралап, ән салады. Қасында Құдайбердінің баласы Әмір бар. Әмір Құдайбердінің Ботантай деген екінші әйелінен туған да, бала көтермеген Төлебике бәйбіше Әмірді бала қып алған. Әнші, серілігіне қоса Құнанбайдай алыптың ерке де, тентек немересі Әмір Абай ортасына жарқ етіп келіп, лап етіп сөнген ерекше жан болған. Мұхамеджан мен Әмірдің салдығы сол өңірде ерекше болып, тіпті шектен шығуға айналған соң, Құнанбай, Абай болып тиым салған да. Бұл оқиғаны М.Әуезов «Абай жолында» бояуын қалыңдатып, Құнанбайдың қатыгездігін көрсете түсу үшін көркемдік қиялға иіп суреттейтіні бар. Серілігі асқан асау Әмірді Құнанбай қылқындырып, теріс бата бергенде, Абай арашаға түседі. Ал, өмір шындығы сәл басқашалау болған. Өз ауылының қызына ғашық болып, ырыққа көнбей бара жатқан Әмір мен Мұхамеджанды арбаға таңып қойғаны рас. Бірақ немересін қылқындырып, ешқандай теріс бата бермеген. Таңылып жатып намазын бұзып, ән айтқан екеуіне дауа жоқ екенін біліп, босаттырып жіберген екен [қараңыз: 13, Б. 129-130]. «Мұхамеджанның үлгі-өнеге алған, әншілік тәрбие көрген адамы осы Әмір сал болса, әндерінің денін Абайға еліктеп шығарып отырған. Абай дәстүрі, Абайдың әншілік сарыны Мұхамеджан әндерінде айқын сезіліп отырады» [14, 175-б.] ,- дейді Ж.Кәрменов. Әмір жастайынан қайтыс болған соң, Мұхамеджан жетімсіреп, сал-серілік жүрісіне тиым салған Құнанбай, Абайларға өкпелеп, (кей деректерде басқа ағайындарымен сыйыспай Б.Е) қайнына Қызылмола жаққа көшіп кеткен.


 

Жау болды Абай ағам жасымыздан,

Кетпеді күнде қиқу басымыздан.

Қорқытып әбден жеңіп алғаннан соң

Көршінің бәрін қуды қасымыздан.

Сұрасаң арғы атамды Ырғызбай-ды,

Шындаса жатқа олжа болғызбайды.

Еліне Қызылмола кеттім шығып

Қудалап ағайыным тұрғызбайды.

Көк үйірім айдын шалқар көл емес пе?

Ырғызбай қайда жүрсе бел емес пе?

Еліне Қызылмола кеттім шығып

Көңілімді көтергім жөн емес пе?-

Осы өлеңді естіп Абай кісі жіберіп Мұхамеджанды көшіріп алғызған» [12, Б. 92-93] ,- делінеді бір естелікте. Осыдан былай қарай Мұхамеджан Абай шәкірттерінің тобына қосылып, Абайдың дәстүріндегі әндердің насихатшысына айналады. Абайдың келіні Кәмәлияның айтуынша: «Әкем әндерін халыққа таратқан әншінің бірі - Мұхамеджан» [15, 200-б.]. Абайдың «Татьянасын» алғаш орындап, бүкіл өнерсүйер қауымды елең еткізген осы Мұхамеджан болса, құдіретті әншілігімен қоса ақындығы да болған Мұхамеджанның бізге жеткен осындай бірер ауыз өлеңінен басқасы кезінде ұмыт болғанға ұқсайды.


 


 


 

Пайдаланған әдебиеттер:

1 Әуезов М. Абай жолы. 1-кітап. - Алматы: Жазушы, 1990. - 606 б.

2 Ысқақов Ә. Абайдың өмір жолы // Жүрегімнің түбіне терең бойла. -Алматы: Жазушы, 1995. - 296 б.

3 Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. 3-кітап. - Алматы: Дәуір, 1995, - 320 б.

4 Әуезов М. Абай жолы. 2-кітап. - Алматы: Жазушы, 1990. - 624 б.

5 Әлмағамбет ұлы Шәбденнің әңгімесі // Абай. - 1994. - № 11. - Б. 78-80.

6 Ыбырайұлы М. Абай әншісі Әлмағамбет // Абай. - 1993. - №5. - Б. 54-59.

7 Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. 1-кітап. - Алматы: Дәуір, 1993, - 224 б.

8 Кәрменов Ж. Ақылбайдың әні: Повесть және әңгімелер. - Алматы: Жалын, 1980. - 152 б.

9 Керейбаев Қ. Қазыналы Қалба. - Алматы: 2003. - 464 б.

10 Исабаев Б. Ұлылар мекені. - Новосибирск, 2001. - 623 б.

11 Әлімқұлов Т. Жұмбақ жан. - Алматы: Жазушы, 1993. - 223 б.

12 Алдажаров Н. Абай туралы әңгімелер // Жұлдыз. - 1992. - №1. - Б.80-103.

13 Жұртбай Т. Құнанбай. - Алматы: Алаш, 2004. - 400 б.

14 Ән туралы әңгіме (Сұхбат) // Жұлдыз. - 1989. - № 6. - Б. 174-179.

15 Абайдың келіні, Әубәкірдің әйелі Камалияның есте қалғандары // Жүрегімнің түбіне терең бойла. - Алматы: Жазушы, 1995. - 296 б.


 

 

Бауыржан Ердембеков, Филология ғылымдарының докторы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар