Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бауыржан Майтай. Анамыздың ізін жүрегімізден іздей...

19.08.2019 6256

Бауыржан Майтай. Анамыздың ізін жүрегімізден іздейміз… 16+

Бауыржан Майтай. Анамыздың ізін жүрегімізден іздейміз… - adebiportal.kz

Поэзия – өткенді сағыну, аңсау емес, тіпті, өткен уақыт туралы шер толғау да емес, ӨТКЕН жайында естеліктерді қайта тірілте алатын құдіретке ие сөзді музыкаға айналдыру, сөзге жан бітіру. Шын поэзияда сөз өз еркімен өмір сүреді. Онда сөз тапқырлық, жасандылық, ұраннан арылып, өзінің әу бастағы әуезді, шынайы әрі момақан мәніне оралады. Мұндай өлеңдер жаттауға емес, түсінуге, шын мәнінде түсінуге де емес, сезінуге жетелейді.

Қарапайым сөздердің үйлесімі шешендік пен ұйқасқа құрылған, бәлкім, жұрт жаттап алған көптеген өлеңдерден қуатты болатыны сондықтан. Асылы, шешендік пен ұйқасқа көмкерілген көптеген өлеңдерді теріс аударып, ұйқасын алып, пафостық әуенін бәсеңдетсеңіз, түкте қалмауы мүмкін... Ондай өлеңдер құрғақ сөздердің жиынтығы болуы кәдік...

Біз Бауыржан Майтайдың топтамасын оқи отырып, осындай тұжырымға еріксіз ораламыз. Оның өлеңдері мен «Neopoema»-сы Өткен Уақыт жайындағы реквиемге толы естеліктерді жадымызда жаңғыртарлық қуатқа ие екенін бірнеше рет қайталап оқығанда аңғардық. Шағын поэманың жалғасы іспетті бөлек тақырыптағы жырлар да алдыңғы тақырыпты одан ары қаузай түскен, бірін-бірі толықтырған, оқырманын Болмыс хақындағы бейресми толғамдарына жетелеген бұл топтама – ақын ізденісінің мүлдем бөлек арнаға бұрылғанының дәлелі. Бұл өлеңдер туралы жеке-жеке тоқталуға болар еді, біз жалпылық бағытын ғана шолдық. Егер әдебиеттанушылар зер сала оқыса, бұдан да көп ойды аңдауы сөзсіз. Себебі, мұндағы жырлар – көпқырлы сюжеттердің монтажы. Онда декоратив солғын көрінеді (бұл дәстүрлі жыр үшін өте үлкен кемшілік саналады), керісінше, символ басым, ишара мол. Суреткерлік бояу емес, бояудың мың құбылған түсі де емес, сан түрлі бояуды өз орнымен қолданудың айрықша үйлесімі болса керек...

«Әдебиет порталы»

ЖЕРДЕГІ ЖҰЛДЫЗДАР

(Neopoema)

Жолаушы, мына жолда күрескен іздер,

Кімнен қалғанын білмейсің,

Кімдікі екенін де дәл солай.

Олар бұрын асқақ таулардың да арқасын қажаған,

Қажаған да жара салған,

Жараға біздер жол деп ат қойдық.

(Жол деп атадық.)

* * *

Біздің айналамызда бірін бірі жасырған іздер,

Ауа дерсің бізді торлаған,

Сонымен тыныстап отырғандаймыз.

Аспанды жапқан,

Бізді де жасырады.

* * *

Иә, сенің анаңның да ізі қалған,

"Неге әке емес" дегеніңді де білем.

Өкініш мазағынан ол да өшкен,

Басқа бірі өшірген.

Ізді із жасырады.

Анамызды сағынамыз,

Оның бейнесі тек бақытты сәттер болып жүрегімізді жылытады.

Оның ізін жүрегімізден іздейміз.

* * *

Іздерге құммен гүлдер қол созған,

Қан да, тер де жауған.

Жаңбырдай сорғалап,

Бұлттай ұйыған.

Оған кінәлі Құдай емес,

Оған кінәлі Уақыт емес,

Оған кінәлі сайтан емес.

* * *

Оған мүсіркей қарайсың,

Ізге емес, анаңа емес,

Жаңбыр шайған тас мүсін шалға,

Ол із үстінде отырған болар,

Оның да орнына із түсер.

Мүсін артында қараңғы із тығылады,

Алды жарық, із көлеңкелері тербелген.

* * *

Гүл ұстаған қызды көргеніңді еске ал,

Жалғыз гүл оның басқан ізіне дейін бақытты көрсететін.

Қайта кезіккенде,

Сол іздің көрінбеуі сағыныш оятады,

Сенің ғана еншің емес,

жоғалтқанымыз сағыныштың есігін жиі қағады,

Көкірегіміздегі жүрек сияқты.

Жетелеп кетуді күтеді.

* * *

Менің далам –

Бірін бірі кескілеген,

қарақотырланған ескі жарлардың мекені.

Тұлпардың шабысы,

Дәруіштің күбірі,

Құдайдың аяны кезген.

Таң атқанда қара,

Кеш батқанда қара,

Бәрібір олар сағынышқа боялып жатады,

Тамырдай жүрегіңді орайды.

Жолдар, жолдар, сені басып өту –

Жүректі сағынышпен орайтының,

Бізді шақыратының ауыр.

* * *

Олар мәңгі осылай күреседі,

Бірін бірі өлтіреді,

Оған кінәлі Уақыт емес,

Оған кінәлі Құдай емес.

Оған кінәлі сайтан емес.

ҚЫЗЫЛ ӨЗЕН

Есімнен кетпейді, өзен жағасында əкемнің,

Осы өзен басында баласына қанжар қадаған әке туралы,

Бала қанына мына өзен түсін жұттырғанын естігені жайында айтқаны.

Өзенге қорқа қарағаным...

Есімнен кетпейді,

Өзен жағасындағы сол сəттік көрініс.

Толқынға қасқая бағынған өзен жиегі.

Өтіп жатқан уақыт пен егіз өзен өзін-өзі жұтып жорғалап,

Ұсақ толқындар бір-бірін жетелей жағаны қармап,

Қорқа қарасаң үріккен,

Күле қарасаң күлген бейнеге енгені.

Əкеме қарағаным...

СУРЕТ

Олар өз суретін іздеді.

Алтын сандықтар,

Том-том кітаптар,

Наным мен сенім ,

Иен далаға иек сүйеген балбалдар,

Түнек шыңырау мен тұңғиық аспан,

Бəрі - бəрі,

Құшағын ашты тозған суреттер толған.

Əрқайсысы бір-бір сурет алып

"Бұл - менмін" деп айқайлады.

Тануға болмайтын суретті,

Санасында жасап алған өзіне ұқсатып.

"Бұл - менмін" деп ұрандатты.

Бізде ұранды шын көргелі қашан.

Қашаннан бері ұраншынға айналды?

Мені ой мыжғылап үнсіз қалдым,

Егер тіл бітсе, суреттер бізді танымайтынын айтар еді.

ШЕҢБЕР

Көп қабатты үйлер көкке қол созғандай көрінеді...

Ағаштар да тамырынан қашып шыққысы кеп

немесе тамыры ағаштан кеткісі кеп жанталасқандай көрінеді.

Бұл рас, тілсіз түсінер түс іші,

Түсте ғана осылай болар.

Әлде біздің,

өмір – түс,

түсіміз өмір ме?

Не екенін білмейтін шығармыз.

Біз де өзімізден қашып шыққымыз келетіндей,

Әлдебір теңіз жағасындамыз,

Ағысы жоқ, жақындайды,

Толқыны жоқ, тұншықтырады.

"Топан су қаптады, бізді құтқаратын кеме бар,

Нұхтың кемесі" деген әуенге сіңген баяғы дауыстар,

Оған апаратын көп жолдарды да айтады,

Сенеміз, сендіреді,

Ол Нұх кемесі емес екенін сезсек те үміт көзін ашамыз.

Бізде тек үміт қана қалды.

Өзімді түс көріп жатырмын деп сендірем,

Өңім болса мен жынданған шығармын.

Түсіміз – шын өмір,

Өміріміз көрген түс сияқты.

Ешкім де құтқармайды.

ЖЕТКІЗУШІ

Шағылған құмыра, сынған жапырақ,

Әлде көбелектің сыңар қанаты,

Оларды бүтін көргім келеді,

Бала кезіңде кемпірқосақтың жартысын іздегенім сияқты.

Әкем әкесінен қалған сынған заттарды қайта жасап,

Шешем әжесінен қалған өнерімен жыртық шекпен жамайтын.

Екеуіне де қызыға алмадым,

Олар үйреніп алуымды жиі айтқан.

Мен оларға тартпадым,

Олардың жамап-жасқап қалдырған дүниесі тозған,

Расы - уақыт уыстап шашып жіберді.

Балаларыма шешем тіккен шекпен және

Әкем жасаған ескі мылтықтың суретін ғана көрсете аламын.

Олар мен мақтауын асырған соң ғана суретке қызыға қарайды.

Соңғы кезде түсімде

әкем мен шешем

ауылдағы көпірден өтпекші боп жүргені...

Көпірге сенбейтіні,

Ренішке толы көздеріне сызылғаннан...

Бірде көпір жоқ сияқты,

Бірде көпір мен боп елестейді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар