Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бауыржан Момышұлының Алтайға барғаны шындық па?!...

23.04.2015 3706

Бауыржан Момышұлының Алтайға барғаны шындық па?!

Бауыржан Момышұлының Алтайға барғаны шындық па?! - adebiportal.kz

Бауыржан Момышұлы Алтайға барды ма?


Бұл – көзкөрген куәлардың сөзі.


Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Шіңгіл аудандағы Шың Шысай үкіметіне қарсы «Қазақ ауыл көтерілісі» немесе «Есімхан – Ырысхан көтерілісі», кейде «Оспан көтерлісі» деп аталатын ұлттың бостандығы жолындағы қанды қырғын, сұрапыл соғыстардан жалпы оқырмандар хабардар. Деседе, осы бір ел жадынан кетпейтін, ұлт тарихының қанды ізі болған жанкешті соғыстың «Ол жерде атысты, бұл жерде шабысты» дейтін ғана, оқиғаның ұлы жүлгесін ғана негіз еткен баяндаулар тым тереңге бармайды. Азғантай қазақты араға қыспаққа алып, бидайша қуырып, көкпарға салған Совет Одағы, Қытай, АҚШ, Жапония, Британия елдері араласқан саяси қақтығыс қаншама ұрпақты шатастырып келгенін бір құдайға ғана аян.

Сол соғысқа қатысқан, қанды соғысты өздері көріп білген адамдардың дәлелдері керек, сонда барып мынау Шынжаң өңіріндегі он жылдық сұрапыл соғыстың «Рулар арасындағы қақтығыс», «Белгілі топтың бүлігі», «Бағыт-бағдарсыз соғыс» дейтін сандырақтан аулақ бола аламыз.


Бауыржан Момыш 1.jpg



Әуелі осы шындықты тудырған оқиғаға тоқталайық:

Бұл оқиғаның бас-аяғына ұзақ тоқталып жатпай-ақ, тіке айтар болсам, 1940 жылдан басталған «Қазақ ауылының көтерілісі» 1944 жылға келгенде Моңғолия елінен әскери қару-жарақ және әскер алумен жауларын ойсырата жеңді (бұл оқиғаның ішкі сыры өз алдында бөлек әңгіме). 1946 жылы Алтай гоминдаң үкіметі азат болып, 1944 жылы Моңғолиядан енген әскери қосынның белді әскери қолбасшысы, Оспан батыр әскерінің әскери командирі болып шыққан Дәлелхан Сүгірбаев пен Оспанның саяси көзқарастары ұқсамай, өзара алалық туды. Бұл тартылыс ушыға түсіп, Дәлелхан совет үкіметінің қызылдарынан күш алып, Оспан гоминдаң үкіметімен бірлесуге мәжбүр болды. Ақыры екі топ болып жіктелудің соңы қиян-кескі соғысқа әкеліп соғады. Дәлелхан тобы 1947 жылы Оспан тобынан жеңіліп шегініп, Жеменей арқылы совет үкіметіне өтеді. Міне, осы шегіну де Дәлелханның қорғау командасында басқарған Қаhарман Жақсылықұлы бірге шегінеді (Бұл аралықтағы оқиға баяндау қысқартылды...) Совет жеріне барып күш топтап, ірі қару-жарақпен қаруланған Дәлелханның 81 машина мен 300 атты әскерімен Бақты өңірінен Шынжаңға қайта өтеді (бұл әскерлер совет үкіметінен, Іле өңірінен, Тарбағатайдан және Дәлелханның қолындағы бұрынғы әскерден құралған) екі айға жетпейтін уақытта аттылы, техникалы қосын болып үш топ үш бағытпен Алтайға қайта бет алады. Бірінші тобы Буыршын арқылы Сарсүмбеге. Екінші тобы Үліңгір көлінің аяғынан Сарсүмбеге бет алады. Үшінші тобы Бурыл тоғай ауданнан орай өтіп, Шқынты арқылы Сарсүмбеден шегінген жауды қоршауға алып, тып-типыл етеді. Көктоғай, Шіңгілден беттеген жаудың алдан тосуды міндетіне алып аттанады.

Міне осы жолы Шірікши және Ертіс бойындағы елдің Дәлелхан әскері жағынан ауыр қырғындалу оқиғасы тарихта қалады.

Бұл күнде 86 жасқа келген Көктоғайдағы Ірап қария: «Ол кезде тоғыз-он жаста едім, Дәлелханның бұйрығы мен Шірікши өңіріндегі халықтың еркеккіндіктілерін қыра бастады. Елді бір шеттен қырғындай бастағанда апам өзіме қыз баланың киімін кигізіп, басыма жаулық тағып құтқарып жіберген болатын», – дейді.



Бауыржан Момышұлы 2.jpg



Ал 1989 жылы Тәбітай қария: «Ауылды плимотпен (пулемет) оққа ұстағанда, қозы қайырып жүрген өзім бұта-бүргенің арасында бұғып қалып аман қалдым, әскердің елді қырғанын көзіммен көрдім», – десе,1990 жылы Ниязхан қарияның айтуында: «Отыз неше азаматты Дәлелхан әскерлері айдап апарып, орманның ішіне тізерлетіп отырғызып қойып, бандылардың кеткен бағытын айтуымызға, өзіміздің бандылармен біріккен-бірікпегенімізді сұрап зорлағанда өзімнің қасымда тізерлеп отырған Шарыпхан Көгедайдың ұлы Мақатанның аты-жөнін айтумен Дәлелханның әскерлері оны еркіндікке қоя береді, сонда Мақатан «Жолдастарым еді» деп үш азаматты әскер қолынан босатып алады». Сол үштің бірі өзі екенін айтады.

Құралды жасақтың қара халықты дөң басына иіріп тұрғанда топ арасында Мәтіке ханым айғайлап шығып: «Шақырыңдар бастықтарыңды, қара халыққа бұлайша өшігіп, қырғындауының мақсаты не екен? Сөйлессін менімен!» дегенде әскери шенді екі адамның келгенін, Мәтіке ханымның сөзін аудармашы арқылы ұғып, жиналған елден сабыр сұрап, әскерлерді шегергенін Батен апамыздың баяндауы біз сөз етіп отырған мұндағы оқиғалардың шындығынан дерек береді.

Қаhарман Жақсылықұлы былай дейді: «Жоғардағы Мәтіке ханымның сөзінің әсері болды ма, жоқ әлде жоғардан бұйрық келді ме? Дәлелхан әскерлердің бұқараны қырғындауын тоқтатуға бұйрық берді». Осы бұйрық қағазды әрбір қосынға өзі жеткізгенін айта келіп: «Қырғындау тоқтап, әскерлер Сарсүмбеге жиналған кез еді, Совет одағынан келген Лескин және Мұхаметжан жиын ашты. Мұхаметжан сұсты, қабағы қатулы, алакөзбен Дәлелханға қарап: «Мен мына соғысты қате түсініппін, қазақ пен қазақтың соғысы екенін білсем Алтайға келмес едім, сен елді қырғанда ертең Алтайдың тасына генерал боласың ба? Мен күні ертең әскерімді шегіндіріп кетемін, айтып қояйын, Дәлелхан, сен өзіңе ақыл қосып, қолғанат болар маңайыңа бір де адам топтамапсың, сенің соғысың баянсыз, ең әуелі беталысыңды түзеп, одан соң соғыс, әйтпесе мына соғысыңды тоқтат!» деп қатулана қатты айтты.

Осы күннің ертесінде Мұхаметжан генерал Алтайдан әскерін шегіндіріп әкетті, біз ол шегінген соң барып білдік: бұл атақты Бауыржан Момышұлы екен. «Лескиннің де оған батып сөйлемеуі оның батырлығына мойындайды екен» десіп жүрді дейді 2014 жылы наурыздың 8 күні 86 жасында қаза болған Қаhарман марқұм (бұл айтылымдардың бейнежазбасы қолымда). Бұл оқиға туралы куәгерлер тым мол, солардың бірі 1993 жылы өзімнің туысшылау байланысыммен Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданына қарасты Шілікті өңіріне барғанымда мұндағы 73 жастағы Ниязбек Мұхаметжанов ақсақалға жолықтым. «Өзінің сол жолы Бауыржан Момышұлының қосынындағы әскері болып Алтай өңіріне барғанын, Бауыржанның Мұхаметжан деген жамылғы атпен барып, барған соң Дәлелханға өкпелеп, «Қазақ пен қазақ соғысқан соғысқа мен араласа алмаймын» деп қосынын бастап шегінгенін өз аузынан естідім.

Міне, бұл Бауыржан бабамыз жөніндегі күні бүгінге дейін беті ашылмаған бір шындық. Әрине мұндай ақтаңдақтар әлі де көп, ендігі жерде тарихи оқиғалардың шындығына бірден жетудің мезгілі де туғандай. Осы оқиғадан оқырманның Шынжаң өңіріндегі 1940 жылдан 1950 жылдар аралығындағы соғыстың ішкі сырының құпиясы әлі де ашылмаған күрделі тақырып екеніне көз жетеді деп ойлаймын.



Баяхмет Жұмабайұлы.
"Ататек" сайты

Төтешеден кириллицаға аударған Айжамал Көпеева
 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар