Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Байбота Қошым-Ноғай. Бұл ғұмыр – біздің еншіміз...

08.05.2019 6553

Байбота Қошым-Ноғай. Бұл ғұмыр – біздің еншіміз

Байбота Қошым-Ноғай. Бұл ғұмыр – біздің  еншіміз - adebiportal.kz

Ұйқас және архитектоникалық құрылымы жөнінен өзге өлеңдерге ұқсамайтын өзіндік жүйесі бар 14 жолдық сонетті ХІІІ ғасырда итальян ақыны Джакомо да Лентини ойлап тапқан. Содан бері әлемнің ұлы ақындарының өлеңнің бұл қиын түріне соқпай кеткені аз. Сонет одан ары жетілдірілді. Бір-бірімен үзілмей сабақтасып жататын 15 сонеттен тұратын гүлтәж өмірге келді. Ал мұндай сонеттен өрілген гүлтәжді жазуға екінің бірінің жүрегі дауаламайды. Себебі түсінікті. «...күрмим үземне һич тә Пушкиннән түбән» дейтін татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқай секілді біз де осы қадамға барғанбыз...

Автор.

(Сонеттен өрген гүлтәж)

І

Батамыз қанша жалғанда мұңға,

таңырқата алмас “Сангамдарың” да.

Тарта бер, жаным, құбыла қылып,

жүзіңді жарқын арманға бұр да.

Бұл ғұмыр – біздің еншіміз, бүгін

сызылдырамын мен сыбызғы үнін.

Терезесінен телміреді әлі

қарайтын маған көрші қыз қырын.

Жүректі ғажап сезім арбайды,

Күн дағы бізден көзін алмайды,

гүл теріп кешке барғанда қырға.

Тосқан соң у мен шекерін бірдей,

жалғанның жалған екенін білмей,

кеш ұғады адам алданғанын да.

ІІ

Кеш ұғады адам алданғанын да

қол жетпей баққа сәл қалғанында.

Ғұмырдың мынау бар мәні, қалқам,

ұрпаққа ұрпақ жалғанғанында.

Кешеміз күйін бұрынғылардың,

бұл сәтте бірақ сырыңды ұғар кім?!

Жүйкені қажап жұқартары бар

тірлікте Жантық – жырындылардың.

Қозы Көрпешпін Баянды аңсаған,

құшағымды, еркем, жаям мен саған,

қашады, сірә, менен де енді ерік.

Өзіңді шексіз ұнаттым, өбіп,

отқа кеп түскен, шырақты көріп,

көбелек сынды өлерменденіп.

ІІІ

Көбелек сынды өлерменденіп,

лаулаған отқа келем мен төніп.

Оһ, қандай ғажап Кеңсайдың бағы

қардай ақ гүлге бөленгенде өрік!

Шалғынның қанбай жұпарына мен,

жұпармен қоса жұтамын әуен.

Ербиген ермен көтере ме екен

шегіртке қонған бұтағын әрең?!.

“Бұл қандай жұмақ, тегі, шегі жоқ,

гүлдер мен гүлдер өбіседі”,– деп,

қызық-ау сенің таңданғаның да.

Елп етті бізді ебелек көріп,

қалқам, біз көзсіз көбелек болып,

түспекпіз лаулап жанған жалынға.

ІV

Түспекпіз лаулап жанған жалынға,

шарпысып жалын шалғанда нұрға.

Ғашық қып көзін ашса егер Алла,

айналар еді Салман да құлға.

Әтірін самал тұр үлестіріп,

барады қырдың күні кешкіріп.

Еске алар ма екем осы сәтті мен

шау тартқан шақта сыным ескіріп?!

Қуанышыңды жасырма мүлдем,

аяулым, сенің қасыңдамын мен,

жалғызға ғана жолығады мұң.

Етемін тіпті көкпегін өлең,

арбайды жасыл көктеміменен,

Кеңсайдың көктеп жоны да бүгін.

V

Кеңсайдың көктеп жоны да бүгін,

көкжиекке кеп шомылады Күн.

Күн кезек берді қызыл іңірге,

қобалжып, сенің торығады үнің.

Мұнардан жалаң шың сығалайды,

түн жұтып жатыр тылсым арайды.

Жалаңдап тілі жалайды көкте

қысыр қаншық бұлт қыңсылап Айды.

Кеудеме ілбіп Ібіліс кірді,

тырнағы бүріп, бір уыс қылды

бағыңа әлде сорыңа, Күнім.

Тіміскі самал тыным таппайды,

жұлдыздар ғана жымың қақпайды,

төсейді қырқа жолыңа гүлін.

Төсейді қырқа жолыңа гүлін,

(тапталса, ол да солмақ, ұғын).

Шегіртке байғұс шырыл қағады,

білмеймін, оның қорығаны кім!..

Арбай ма сиқыр сезімімдегі,

шошытты діріл өз үнімдегі.

Көкірегімнен қағасың әнтек,

секемшіл нәзік сезігің бе еді?!.

Қымбат қой пенде шіркінге ғұмыр,

шеңгел де сенің күлкіңдегі бір

дереу үн қоса жөнер сыңғырға.

Жуылып көздің тостағы дағы,

осынау сәтті еске алып әлі,

жабырқап, жаным, келерсің мұнда.

VІІ

Жабырқап, жаным, келерсің мұнда,

тілі байланған не дерсің қырға?

Құлпытастағы есімімді оқып,

шырқырап жаның, шегерсің мұң да.

Мекен бұл барша түбі баратын,

өзен ғой ғұмыр тұнып ағатын.

Жалғанның жалған екенін бірақ

шық кепкен сайын ұғынады ақын.

Қойса да қанша тасқынға тосқын,

жоқ ажал сырын паш қылған ешкім,

тоқтатар кім бар өмір ағынын?!.

Пенденің бермек сабыры медет,

сен дағы арыл қабіріме кеп,

жас жуып жүзді соңырағы күн.

VІІІ

Жас жуып жүзді соңырағы күн,

бір есті ердің шаңырағының

түтінін түзу ұшырып көкке,

ұстарсың тізгін қолыңа мығым.

Қайтпаған бағы ал әзірге сен

сындысың қайсар Беназир көсем.

Үндістанға ұқсап үнім өшеді,

қисынын тауып сен әзілдесең.

Тұлғаңа, көрсе, таңданады Адам,

қарайсың, Һауам, паңдана маған,

көзге ілмей мендей жасықтың жасын.

Жүзімді жаспен енді айғыздамай,

Ләйлі мен Мәжнүн болмаймыз қалай,

біздерді Құдай ғашық қылғасын?!.

ІХ

Біздерді Құдай ғашық қылғасын,

махаббат мұңын нәсіп қылғасын,

Жүсіптей мені құштар ғып саған,

Зылиха сынды асып тұр бәсің.

Шолпандай нұрлы таңсәрідегі

дидарың ынтық аңсарым еді.

Сағындырушы ең санамнан шықпай,

жападан-жалғыз қалсам үнемі.

Жырларым тауып тамаша мазмұн,

жылап та күліп, балаша мәзбін,

алшыдан түсіп асық тұрғасын.

Көз жазып ертең бір-бірімізден,

құт қашар ма екен тірлігімізден,

ол күнге қазір асықтырмасын!..

Х

Ол күнге қазір асықтырмасын,

жанарым нұрлы шашып тұр жасын.

Қызғанышпенен... ақылы кірген

күледі-ау мұртын басып құрдасым.

Ал күлсе, күлсін! Кінәламайын.

Ұға алмас мені, сірә, маңайым:

көзімнің күміс шығына бір сәт

кірпіктерімді шылап алайын.

Іштарлық қылмақ жақсыларға әркім,

бұл ғажап сезім бақ шығар, бәлкім,

қонғанда қырау самайымызға.

Ту қылып ұста тәуекеліңді,

білмеймін жынды, сау екенімді,

тағдыр бар жазған талайымызға.

ХІ

Тағдыр бар жазған талайымызға,

айналып аспан сарайымызға,

Еңлік пен Кебек күнін кешеміз

түскенше таңның арайы құзға.

Кешкендей отты жаһаннамдағы,

ғашықтық жырдың қаһармандары –

біз өліп-өшіп өбісеміз кеп,

жасырып жүзді Жапалдан дағы.

Құсқа ұқсап қонсақ қалықтай барып,

қара тас кенет мамыққа айналып,

төсегін салар құрметтеп мүктен.

Айтпасқа, әсте, айлам қалмады,

ақтайды бізді пайғамбар дағы:

“Сұлуды сүймек – сүндет”,– деп, тіптен.

ХІІ

“Сұлуды сүймек – сүндет”,– деп, тіптен,

көктем бұл гүлді жынды өкпек түткен.

Кейпіңді ғажап Иеме ұқсатты,

Ібіліс: “Өмір сүр,– деп,– тек бұтпен”.

Айналып бұтқа тағына мінген,

тіл қаттың кенет налыған үнмен.

“Құдайым, менің күнәмді кеш!”– деп,

тәжім ғып саған табынамын мен.

Зыр қақты уақыт бізді күтпеген,

қалды ма, сірә, ізгілік деген

бір әулет сынды індет кеп біткен.

Қашырса да өкпек құтымды мүлдем,

дәл қазір Абай сықылдымын мен

Тоғжанын түнде дірдектеп күткен.

ХІІІ

Тоғжанын түнде дірдектеп күткен

ақынға ұқсап сырды ептеп бүккен

қалпымда Айдан көзімді алмаймын

көргендей кесте ілмектеп тіккен.

Қадайды бізге жанарын Ай да,

езу тартқандай, таба қылмай ма?

Жүрегім үнсіз егілді менің,

жұбатар қайдан табамын айла?

Санамады ма данышпан өзін,

салды ғой ақын алысқа көзін,

жүрсе де толып маңайы қызға.

Қашырып тәтті ұйқыдан да дәм,

сұлудың бір кез сиқыры арбаған

біз түгіл ессіз Абайыңыз да!

ХІV

Біз түгіл ессіз Абайыңыз да,

Абай сындымыз талайымыз да.

Ақ сүтке ащы мұң қосып емгем,

жариын, қалқам, қалай уызға?!.

Уызға туа жарымағасын,

у менен балдың әлі бағасын

білмеймін, тіпті талғамай таттым

бақ пенен сордың алуан асын.

Өзгелерге ұқсап ақырын жүріп,

анық та баспай, ақылым кіріп,

өз қамымды ойлап қарманбадым ба?!.

Жебенің құшып өткірін мүлдем,

алаулап жанған отқа ұрындым мен,

батамыз қанша жалғанда мұңға?!.

ХV

Батамыз қанша жалғанда мұңға,

кеш ұғады адам алданғанын да.

Көбелек сынды өлерменденіп

түспекпіз лаулап жанған жалынға.

Кеңсайдың көктеп жоны да бүгін,

төсейді қырқа жолыңа гүлін.

Жабырқап, жаным, келерсің мұнда,

жас жуып жүзді соңырағы күн.

Біздерді Құдай ғашық қылғасын,

ол күнге қазір асықтырмасын,

тағдыр бар жазған талайымызға.

“Сұлуды сүймек – сүндет”,– деп, тіптен,

Тоғжанын түнде дірдектеп күткен,

біз түгіл, ессіз Абайыңыз да!..

ЕГIЗ ЛЕБIЗ

(Сонеттен өрген гүлтәждер)

Кәмилаға

1. Тәңiрiм қосты, тағдырға мен өкiнбеймiн!..

I

Ақын ем сары алтыннан сөзi бағалы,

жыр жазсам, шабыт қолына божыны алады.

Көкiрегiмде қимайтын қасiретiм бар,

тiрiлiп келсе, Төлеген, Қозыға дағы.

Маусымда көшкен бұлттан жөн сұраймын деп,

көз жасын көрiп, өзiм де томсырайдым көп.

Сырымды шашып алдым ба аңғалдықпенен,

сыпсыңға басты бақ iшi қоңсыдай күндеп.

Жапырақтар да дамылсыз сыбыр қағады,

кезiгедi ерге қып-қысқа ғұмырда бәрi:

күлкiсi достың, дұшпанның әжуалары…

Ал не тұр онда?!. Сен ыстық құшағымдасың,

қызығын қимай Тәңiрiм құса қылмасын.

Қадiрiм, қалқам, белгiлi өзiңе дағы.

II

Қадiрiм, қалқам, белгiлi өзiңе дағы,

көркiңе сенiң қараған көз уанады.

Өзiң жоқ жерде тоқтайтын тұлдыр да таппай,

жанарым сұрқай суреттен мезi болады.

Бұл сұлулықтың аша алмас көз ғана мәнiн,

бойкүйездiк қой байлайтын бозбала бағын.

Арманы бар ма, шiркiн-ай, Тәңiрiмiздiң

жарататұғын мiнсiз ғып өз қалағанын?!.

“Өз қалағаным болған жоқ өмiрiмде бiр”,–

деп жиған емен ешқашан көңiлiмде кiр,

өзегiмдi өртеп, өнбеске өкiнемiн бе?!.

Қас-қабағымды махаббат мұңы басады.

Ауыздан шықса, әйтеуiр, сыны қашады

сарабдал ойдың сайраған көкiрегiмде.

III

Сарабдал ойдың сайраған көкiрегiмде

қашса да сыны, көргем жоқ жекiп өмiрге.

Мұраттан бетi бұрылмас, бiр бағыт алса,

жартасқа басы соғылмай бекiренiң де.

Жабылса, жынның жетпейдi шамасы маған,

бермеймiн қалың дұшпанның табасына мән.

Екеуiмiзге бақ тiлеп, iзгiлiкпенен

қарайтын сынды өйткенi бар асыл адам.

Бақыт па? Бақыт дегенiң – жарасу ғана,

қанағат қылар қос ғашық қара суға да,

мүлтiксiз жайнап тұрғандай жозыда дәмi.

Өзiңе алғаш барғандай гүл ұсынғалы,

қиюы қашып сөзiмнiң тiл ұшындағы,

сынымды бұзды божырап-қожырағаны.

IV

Сынымды бұзды божырап-қожырағаны

сөзiмнiң, (бұл да бүкпесiз базына дағы).

Базарым тарқап келедi, ақ сағымдардың

толқындарына iлесiп жазым ағады.

Сумаңдап тiлi, жел бiздi сөзге iлiктiрдi,

жымыңдап бiрақ жұлдыздар көз қылып күлдi.

Құбыла жаққа бұрғам жоқ назарымды мен,

жан-тәнiмменен қызықтап өз қылықтымды.

Әуселем қанша, жiбердiң әңгүдiк қылып,

ұйқылы-ояу кейiпте мәңгiрiп тұрып,

көзiмдi тырнап ашамын шала жұмылған.

Түн құстарының ашулы ұнатам үнiн,

жетедi талып сұңқылы мұраталының,

нәлетiн айтып пәниге наразы қылған.

V

Нәлетiн айтып пәниге наразы қылған,

қып-қызыл шапақ қанына дала жуынған.

Қағылды қасың қияттың қылышы сынды

болатын Сырдың бойында Қараджа құрбан.

Қарсы алды қонақ күткендей қала бiр таңын,

шырылдап торғай аулада салады iлкi әнiн.

Шұғыла сүйген Тәңiрi туындысынан

көз алмай, қырық құбылып, алабұртамын.

Жүрекке жүгiн артады тым қатал қайғым,

Һауа Ана, саған бiр ауыз тiл қата алмаймын

ажырамаған Адамдай әлi-әзiр ымнан.

Жауатын қара бұлттай көп түнердiм мен,

нартәуекелге бел буып, өптiм ерінiңнен

жiгiттей жауда жастығын ала жығылған.

VI

Жiгiттей жауда жастығын ала жығылған

намыстан қайнап, (сағатты Жаңа жыл ұрған

сезiндiм дағы), ғұмырды қайта бастадым,

баладай пәкпiн Молдахмет Қаназ ұғынған.

Қайталаушы едi айнытпай бiр күнiм бiрiн,

сыйлады тағдыр Мәжнүндей жындының мұңын.

Рафаэльдiң ғажайып суреттерiне

таң қалып өлген Франчик сындымын бүгiн.

Шарпылды жүрек лаулаған отыңа мүлдем,

Тарбағатайдың тотыққан топырағын мен

сүйемiн сенiң бiр басқан iзiңе балап.

Ақиқат менiң өзiңнен сыр бүкпегенiм,

iнжуiн тiзiп үмiттiң кiрпiкке керiм,

тұрарым анық шындықтың жүзiне қарап.

VII

Тұрарым анық шындықтың жүзiне қарап,

тiрлiкте басқан жоқпыз ғой бiз үнемi ағат.

Пейiшке барар жолыңнан тайдырамын деп,

әлекке түсiп ес-түссiз кiжiнедi арақ.

Көзiңе түскен көзiмнiң қиығы барып,

барады менi сезiмнiң иiрiмi алып.

Көңiлiм құстай ұшады, сабырым қашып,

жоғалған бойдан баяғы бұйығы қалып.

Жолына жырдың маржандай тiзiлген шерiм,

қас қағым сәтке алаң ғып жүзiңнен сенiң

көзiмдi бұрса, Цай Луньнiң қағазы бұрған.

Басыр боп көзiм, жоқ менi әбiлет басқан,

жасқанарым жоқ, құшақты әдiлетке ашқам,

қиямет-қайым келсе де таразы құрған.

VIII

Қиямет-қайым келсе де таразы құрған,

мерейiм үстем ниетi қара зұлымнан.

Шыжғырса дағы тамұқтың отына қақтап,

нәр табамын мен сарқылмас жан азығымнан.

Қуанышымсың сен менiң құсқанатындай,

бiр-бiрiмiздi жебедiк күстәна қылмай.

Бiз кие тұтқан қылаусыз таза сенiмдi

перiштелер де, бiлсе егер, ұстанатындай.

Түйсiгi тайыз тобырдан арашаладың,

басымнан кештiм Таһирдың тамаша халiн,

мәңгiлiк мақтан тұтамын менi ұққаныңды.

Бақ пенен сордан тұтасып тұрады жалған,

жүрегiңде iзгi махаббат шырағы жанған,

жұмақ та сенiң қасыңда болып па нұрлы?!.

Жұмақ та сенiң қасыңда болып па нұрлы,

безбеймiн Қорқыт секiлдi көрiп қабiрдi.

Елентайға ұқсап елтимiн ертегiге мен

ғаламның сырын “паш еткен” Болыққа күллi.

Жетсе дағы ертең борандай жаназам ұлып,

пәнидiң, сiрә, болар ма бар азабы ұмыт?!.

Тағат қып тағы тағдырдың тақсіретiне,

отырасың сен қасымда қара жамылып.

“Басылған шығар, бейбағым, ендi есiрiгiң?”–

деп кешiп мына пақырдың пендешiлiгiн,

есiңе ал күлiп “жосықсыз жорықтарымды”.

Қылар ем сенiң жолыңа хан қызын құрбан,

гүл таңдап жүрiп көктемде алқызыл қырдан,

мәртебе көрдiм өзiңе жолыққанымды.

Х

Мәртебе көрдiм өзiңе жолыққанымды,

атқыздым тәттi қиялға шомып таңымды.

Сағыныш кернеп кеудемдi, сарсаңға түсiп,

жадымда қайта жаңғырттым торыққанымды.

Күндерiм қымбат шөл буып, кенезем кепкен,

Фархадтың жайын түсiнем мен ежелгi өткен.

Тау жақтан ескен самалдың жұпарын жұтып,

бозала таңнан ашамын тереземдi еппен.

Шыңдардың сәлде сықылды басын бұлт орап,

еседi самал сеп-селдiр шашымды тарап,

ұзаттым қырға кiресiн жел өтiнде ойдың.

Мазамды алып жыр, бермейдi тағы да тыным,

сен барсың дәйiм қасымнан табылатұғын,

Тәңiрiм қосты, тағдырға мен өкiнбеймiн!

ХI

Тәңiрiм қосты, тағдырға мен өкiнбеймiн,

жөнi жоқ тiптi басыма төнетiндей мұң.

Перiштелердiң бақытын бұйыртқан маған

Жаратқан Жаббар Иемдi неге тiлдеймiн?!.

Мас қылды менi үздiгiп бiр қарағаның,

кiрпiктерiмдi таң сайын нұрға маламын.

Сапарға шығып, қасыңнан сәл алыстасам,

жетсем деп саған жұлдыздан жылдам ағамын.

Айыпқа жазба сұлуға сұқтанғанымды,

бейнесiн көрiп мөп-мөлдiр шықтан кәдiмгi,

ара сынды едiм нәр алған құныға гүлден.

Өзiңнiң лағыл ерінiңнен бал татып, Күнiм,

көкiрегiмнiң жырменен тарқатып мұңын,

ұқсаймын шексiз қор жиған ұрыға мүлдем.

ХII

Ұқсаймын шексiз қор жиған ұрыға мүлдем,

үйiрлi қасқыр тәрiздi ұлыған iргем.

Бағымды күндеп маңымда толқиды тобыр

шығанақтайын құрылыққа сұғына кiрген.

Түспейдi бiрақ басқаға назарың, қалқам,

бiр көру үшiн атады ажарыңды әр таң.

Қызғанышымды оятып самалдың лебi,

өзiмшiлдiктiң аяусыз азабын тартам.

Әуенге бөлеп жан сырын ақтарады адам,

бұлақтай шашып маржанын, бақты аралаған

бойымды баурап аласың тұнық әнiңмен.

Көктемде көзiн көгiнен көрсе түрленiп,

кiндiгi Күнге байланған Жер секiлденiп,

өзiңнен алған шуаққа жылынамын мен.

ХIII

Өзiңнен алған шуаққа жылынамын мен,

менi аяп құлақ саларсың жырыма бiр дем.

Алыста қалды азапты жылдарым, жаным,

қаһарын төгiп Құдайым қырына да iлген.

Тек сенен басқа бұл күнi алаңым бар ма,

шашамын сырды малып ап қаламымды арға.

Ақ ниетпенен жайып сап дастарқаныңды,

жұмақтың дәмi – тартасың шарабыңды алға.

Шараптан татып, азырақ сабыр табамын,

бiр уақ шығып көңiлден жабырқағаным,

пәниден сенсiз баз кешiп өлетiндеймiн.

Көбелектейiн ұмтылып кiлең iлгерi,

жалынға келiп түсермiн жүрегiңдегi,

заманақырда болса егер сөнетiндей Күн.

ХIV

Заманақырда болса егер сөнетiндей Күн,

бар сенен басқа қол ұшын беретiндей кiм?

Шамшырақ қылып өзiңнен шашылған нұрды,

жолымды дағы ап-анық көретiндеймiн.

Ақиқат сенiң ешқашан адастырмасың,

бекерден-бекер белгiлi талас қылмасым.

Қорашсынуға хақым жоқ өзiмдi дағы,

екеуiмiздi Тәңiрiм жарастырғасын.

Дауасыз дертiм түнiмен көз iлдiрмейдi,

толғағы жетiп шерлi жыр сезiмдi үрлейдi,

шоғы сөнсе, оттың орынында қозы қалады.

Орыныма ұлын аунатып, ырымдап әлi,

келер күндерде келiндер күлiм қағады –

ақын ем сары алтыннан сөзi бағалы.

ХV

Ақын ем сары алтыннан сөзi бағалы.

қадiрiм, қалқам, белгiлi өзiңе дағы.

Сарабдал ойдың сайраған көкiрегiмде

сынымды бұзды божырап-қожырағаны.

Нәлетiн айтып пәниге наразы қылған,

жiгiттей жауда жастығын ала жығылған

тұрарым анық шындықтың жүзiне қарап

қиямет-қайым келсе де таразы құрған.

Жұмақ та сенiң қасыңда болып па нұрлы,

мәртебе көрдiм өзiңе жолыққанымды,

Тәңiрiм қосты, тағдырға мен өкiнбеймiн.

Ұқсаймын шексiз қор жиған ұрыға мүлдем,

өзiңнен алған шуаққа жылынамын мен,

заманақырда болса егер сөнетiндей Күн!..

2. Жалғасы едiм Жердегi тiршiлiктiң…

I

Сұм жалғанның көз жеттi өтерiне,

жезтайлақтай түсiп ем жетегiне.

Мен ғана ма мұрагер дүниеде

Адам Ата – Һауа Ана мекенiне?!.

Ғұмыр ғой бұл, несiне қамығайын,

аман болсын алтын Күн, жарық Айым.

Амал қанша тағдырға бас ұрмасқа,

кiмге қажет жегiдей сары уайым?!.

Салқын ақыл: “Түсер,– деп,– жасын – қайғы”,–

зәресi ұшып бекерге шошынбайды,

ой сендi өмiр өткiншi екенiне.

Ой сенген соң, күйбеңнен басым азат,

көңiлден де кеткен-дi қашып азап,

жас толтырып қайтемiн етегiме?!

II

Жас толтырып қайтемiн етегiме?!.

Қыздырған жоқ қу тiрлiк шекенi де.

Халқым қара жамылып, кәмiл сенем

мен ажалдың Даңқ болып жетерiне.

Аза тұтып, жұрт қара жамылғанда,

айырыларсың сен ақыл, сабырдан да.

Аруақ боп жүрермiн жебеп сенi

сағанамда шырағдан жағылғанда.

Қайратыңа мiн дағы, мен өлгенде:

“Ата-баба жолымен жөнелген”,– де.

Кiмге батар жесiрлiк, жетiмдiгiң?

Келте жiптей ғұмырдың ермегi едiм,

қосылады тозаңым Жерге менiң,

додадағы теңбiл доп секiлдiмiн!..

III

Додадағы теңбiл доп секiлдiмiн,

таянғанын сеземiн екiндiнiң.

Қорқытты да бұл құрық құтқармаған,

торламасын әжiм боп бетiңдi мұң.

Жұматайды, Маратты жан-жағыма ап,

демалармын мен дағы сам жамырап.

Ғұмыр деген – қуаныш бiр мезеттiк,

арсыздарға күлкiсi арзанырақ.

Тағылым берген тыңдамай жанашырды,

тәттiқұмар ақымақ бала сынды

алданамыз бал менен шекерiне.

Тұқым өспес сор менен ақ тақырда,

жарық көрсең, түсесiң қақпақылға

Өр Өмiр мен Көр Өлiм – екеуiне!..

IV

Өр Өмiр мен Көр Өлiм – екеуiне

бiз ойынбыз, салайын қаперiңе.

Өмiр сенi өлiмге жетектетсе,

ажыратар, елемей некенi де.

Кiм түспейдi ажалдың аранына?!.

Өлiм бөлмек ата мен баланы да.

Қаза деген – қаза емес жәй әншейiн,

ол дағы үлкен шаруа саналыға.

Ардың да оңай аяққа басылмағы,

қашпай тұрып қадiрiң басыңдағы,

аттанған да абырой жас келгенде.

Қалды артымда өжет жыр, өр дастаным,

босқа туып, бекерге жер баспадым,

ненi өкiнiш қыламын әсте өлгенде?!.

V

Ненi өкiнiш қыламын әсте өлгенде?!.

Аруақты аттамай өскем мен де.

Өлiктерге бәрiбiр өзi өткен соң,

уайым емес – қастерлен, қастерленбе.

Қан-сөлi жоқ өзгертiп түсiн кенет,

мәйiт байғұс мұңаймас мүсiрке деп.

Өлгендердi арулап, ардақ тұту

тiрi жүрген пенделер үшiн керек.

Күрсiнбей құр, iшiңде ақпан ұлып,

мен жайында ағыңнан ақтарылып,

ағайынға айтарсың ас бергенде.

Кiм болмайды көлденең ел iшiнде,

тiрi адамға қажет-ақ сол үшiн де

ақыл, сезiм тұрағы – бас пен кеуде.

VI

Ақыл, сезiм тұрағы – бас пен кеуде –

даналықтың тұғыры ескергенге.

Өзiңдi өзiң, амал жоқ, жұбатарсың

қос жанарға мөлтiлдеп жас келгенде.

Тұрса дағы жүректе сыздап қайғы,

өмiр от қой, қасында мұз жатпайды.

Көз жасымен жеңедi әйел бәрiн,

ажал бiрақ оған да мiз бақпайды.

Түк өнбейдi тұнжырап, күрсiнгенмен,

жарқыным-ау, тазарып жүрсiн кеудең,

жан сырыңды жанашыр жақынға ашып.

Аққулар да кiрiптар боп дұшпанға,

қапияда сыңары оққа ұшқанда,

бiр-бiрiне қош айтар бақұлдасып.

VII

Бiр-бiрiне қош айтар бақұлдасып

өмiр ғой бұл Ұлықпан Хакiм ғашық.

Қатарың да сирейдi жұлдызға ұқсап

таң алдында тұратын жапырласып.

Толқын келiп толқынға жалғасады,

адамзаттың ұрпағы алмасады.

“Баяғыдай көрiнер” барлығы да,

онсыз, жаным, жалғанның бар ма сәнi?!.

Жеке Құдай, жалғыз-ақ күштi адамдай,

дүниенiң тұтқасын ұстағандай,

мәз боламыз қомпиып көшке ергенге.

Бет жыртысып пәниде не табамыз?!.

Ашық қалған қақпаға бет аламыз,

Өмiр “добын” Өлiмге “pass” бергенде.

VIII

Өмiр “добын” Өлiмге “pass” бергенде,

құтылармыз мезi еткен мәстеннен де.

Қаны бiрге қарындас қайдан таппақ,

бiрiн бiрi алты алаш қас көргенде?!.

Бейқұт күнде береке бiрлiкте едi,

татулыққа не жетсiн тiрлiктегi!

Қиналғанда кәрiсiн ас қылатын

қасқыр тектес қазаққа шыр бiтпедi.

Текке тартпай тумайды, сiрә, бiр жан,

қасиеттi қанменен мұра қылған

құдiретiң тәнтi еттi, Хақ Тағала-ай!

Мелдектете тойдырып жұмбағына,

бөлер менi қара Жер құндағына,

көз жұмармын, сөнедi аппақ арай.

Көз жұмармын, сөнедi аппақ арай,

пенделерге бұл дағы бақ па, қалай?!.

Кiм бiледi, қасына шақыра ма,

шақырмай ма пейiште жатқан Абай?!.

Аунап түсiп орынынан мың-мың өлiк,

ажарымнан айықпас мұңды көрiп,

жатырқамас жанына жақын барсам,

сонет оқып, Шекспир сынды болып…

Көзiңдi ашып-жұмғанша – бiр ғасырың,

дүниенiң болады тұлғасы кiм?!.

Күн шыққанда көрiп пе ең батпаған Ай?!.

Ол кезде ешкiм тартпайды етегiмнен,

кедергiсiз көш түзеп кетемiн мен

ата-бабам аттанған жаққа қарай.

Х

Ата-бабам аттанған жаққа қарай

аяңдармын артыма көп қарамай.

Менi ұзақ бiр сапарға кеттi деп бiл,

өтiрiкке иланып пәк баладай!..

Салып қойған сарсаңға, тегi, бiздi,

күн кешемiз қиялға сенiп iзгi.

Артымда ұрпақ қалса деп армандаймыз,

олар да ертең кимей ме кебiмiздi?!.

Желтоқсандай аһ ұрып азынама,

жан жарасы, жарқыным, жазыла ма,

мөлдiр тамшы көзiңе iрiккенде?!.

Тек шүкiрлiк – адамға мәңгiлiк ем,

бабалардың сара жол даңғылымен

жөнелермiн көшiмдi бұрып мен де.

ХI

Жөнелермiн көшiмдi бұрып мен де,

дариға, ауыз бармайды “ұмыт” деуге!..

Сәлем берер рухым бабалары –

Бумын қаған қатарлас түрiктерге.

Шығарған соң бiр имам “Құран-Хатым”,

айналады менiң де ұранға атым.

Қайғырған боп қазақы қағидамен,

жыламсырап жоқтайды жыр Алматым!..

Болса да ұлы өзiмдей шаруаның,

Жұмекеннен артық па аруағым?!

Өткiзгенмен не пайда күрсiнiп күн?!.

Ел құлағын сыбдырым елеңдеткен,

мен де бүгiн тамыры терең кеткен,

жел өтiнде жетiлген бiр шыбықпын!..

ХII

Жел өтiнде жетiлген бiр шыбықпын,

құс үнiнен әуездi мың сыр ұқтым.

Көктей жұлып солдырмақ болғандар да

аз емес-тiн ғұмырда қырсығып тым.

Талап қылса жетедi мұратқа әркiм,

көктем сайын құлпырып гүл атқанмын.

Бұтағыма бұлбұл кеп ұя салды,

құрыш етiн қандырып құлақтардың.

Тағдыр маған сыйлады бiр жарығын,

айтпасқа не көңiлдiң ырзалығын,

бар ма артығы Құдайға құлшылықтың?!.

Дәм-тұз жазып азырақ мұрсат алдым,

бас-аяғы мен емес бұл сапардың,

жалғасы едiм Жердегi тiршiлiктiң!.

ХIII

Жалғасы едiм Жердегi тiршiлiктiң,

жан-жағымнан келедi қусырып түн.

Бардың малын шашатын ажал шiркiн –

жоқтың артын ашатын бiр сын, ұққын!

Қол созғанмен пәниде қанша арманға,

арылмайды-ау адамзат аңсардан да.

Сен бекем бол, берiк бол өзiңе өзiң,

мен тiк тұрып ажалды қарсы алғанда.

Тура келген дерт болса бар ма шара?!.

Сағынайдың асына бармаса да,

бақ таяды Құлагер – күлiктен де.

Тағдыр жазса, мен не деп айтам нала,

ажалы жоқ ғұмырда шайтан ғана,

перiште емес, пендемiн, күдiктенбе!..

ХIV

Перiште емес, пендемiн, күдiктенбе,

жоқ боламын қасыңда жүрiп демде.

Бабамыздың сөзi деп зүриядым

көз салар бұл жыр қолға iлiккенде.

Iшiңде өлер айтпасаң датыңды ашып,

тiршiлiкте қалайын бақұлдасып.

Әккi ажалдың мәурiтi жеткен кезде

алжасармын бастан ес, ақыл қашып.

Мамайға ұқсап ақиқат қор боларым,

соны бiліп, тереңнен толғанамын.

Осы сөз де жетпей ме жетелiге?!.

Маздап-маздап, шырақтай өштiм-ау мен,

айтып-айтпай не керек, көштi дәурен,

сұм жалғанның көз жеттi өтерiне!..

ХV

Сұм жалғанның көз жеттi өтерiне,

жас толтырып қайтемiн етегiме?!.

Додадағы теңбiл доп секiлдiмiн

Өр Өмiр мен Көр Өлiм – екеуiне!..

Ненi өкiнiш қыламын әсте өлгенде?!.

Ақыл, сезiм тұрағы – бас пен кеуде

бiр-бiрiне қош айтар бақұлдасып,

өмiр “добын” өлiмге “pass” бергенде.

Көз жұмармын, сөнедi аппақ арай,

ата-бабам аттанған жаққа қарай

жөнелермiн көшiмдi бұрып мен де.

Жел өтiнде жетiлген бiр шыбықпын,

жалғасы едiм Жердегi тiршiлiктiң,

перiште емес, пендемiн, күдiктенбе!..

Фото: kulturologia.ru


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар