Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Б.Бабажанұлы. Ақтөбенің ақтаңгерлері

23.07.2018 2050

Б.Бабажанұлы. Ақтөбенің ақтаңгерлері

Ақтөбе өңіріндегі сөз өнері «Ойыл көздің жасы еді...» деп тебірене толқыған Асан Қайғыдан бастау алады. Желмаясымен Жерұйықты іздеген қарияның өмірінің біраз бөлігі осы өңірде өткен деген дерек бар. Қарға бойлы Қазтуған да ел Еділден түп көтерілгенде осы маңда жырдан гауһар шашқан. Еңсегей бойлы ер Есімнің тұсында сөз ұстаған әйгілі әскербасы, даңқты жырау Жиембет те бір кездерде қазіргі Ойыл ауданының аумағында ордасын тіккен деседі. Әбілқайыр, Нұралы хандардың қабырғалы биі, мың жылдығын болжаған данышпан Мөңке бидің де кіндігі осында кесілген.

«Ақтолғайымен» халық жадында қалған Бақтыбай, Исатай-Махамбеттің көзіндей, алмас тілді Шернияз, «Қырымның қырық батырын» жырлаған Қазақбай, әйгілі жыршы, айтыстың ақберені Жаскілең, Есет Көтібарұлының сенімді серігі, алағай да бұлағай заманда Бесқалаға ауған Ақпан Әйітбекұлы, Ақтөбе ғана емес, Сыр өңіріне де кең танылған жыр жүйрігі Баспан Құлынбайұлы, «сөйлеген сөзі тақталы» Ақтан Керейұлы, Нұржан Наушабаевпен, Кердері Әбубәкірмен сөз қағыстырған, өз заманының аса білімді адамдарының бірі Қожахмет Меңдәліұлы, орыс отаршылдығына ашық қарсы шыққан иықты ақын Сарышолақ Боранбайұлы, мол мұрасынан күллі қазақ сүйсініп тыңдайтын әні мен бір айтысы ғана қалған Тәңірберді Молдабай, атақты «Мешін-Тауық» әнінің авторы Қызыл Тұрдалыұлы, Кіші Жүздің кенже биі атанып, қара қылды қақ жарған әділдігімен аты шыққан, белгілі сөз жүйрігі Құтаяқ (Былшық би) Сейітұлы, зар-заман ақындарының бірі ретінде өлеңдері М.Әуезов бастаған бірсыпыра көрнекті ғалымдарымыздың зерттеу еңбектеріне енген Кердері Әбубәкір, әндері бар Алаштың мұрасына айналған Сары Батақұлы, Есет Көтібарұлының ұлы күрес жолын дәріптеген келіні, айтыстарын әлі күнге дейін жұрт жатқа айтатын Таразы Қаленқызы, айтыстарынан ірі сөз иесі болғандығы байқалатын Жекей Бақи сұлу, «Қырымның қырық батырын» жырлаған, ірі эпик ақын Айса Байтабынов, жазба айтыстың негізін қалаушылардың бірі Ашубай Жарымбетұлы, қыз бен жігіт айтысының көркем үлгісін қалдырған Шүрен Тоқсұлу ақын, патша өкіметі саясатының қазаққа қырын екенін жырларына арқау еткен Қабақ Қаршығалы ақын, ірі дін қайраткері, әйгілі сөз жүйрігі Ыбырайым ахун Құлбайұлы, «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» жырларын кең насихаттаған Әкімгерей Қостанов, халықты аштыққа ұрындырған өкіметтің саясатын сынап өлең жазып, халық жауы атанып, атылып кеткен Әкімәлі Қаржауұлы, шұрайлы айтыстары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Айтыс» көптомдығына кірген Құрманәлі Дәуітұлы, артында 17 дастаны қалған, осы өңірде эпик ақындардың соңғы тұяғы Жөкей Шаңғытбайұлы, бізге там-тұм дүниесі ғана жеткен Қабақ Нәжімедин секілді сөз зергерлері Ақтөбе топырағынан жаралған.

«Қобыланды», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» секілді күллі қазаққа әйгілі эпостардың осы топырақта дүниеге келуі де бұл өңірдегі сөз өнерінің әлеуетін айғақтайды.

ХХ ғасыр Ақтөбеге бір өңір ғана емес, бір ұлттың да тақиясына тар келмейтін талантты ұл-қыздарды сыйлады. Олар қазақ әдебиетінің шаңырағына бір-бір уық болып қадалып, оның көкжиегін кеңейтіп, топырағын құнарландырды.

Бұл тізімнің басында қазақ әдебиетіндегі романтизмнің негізін салушылардың бірі Бернияз Күлеев тұр. XX ғасырдың басында жазушы, драматург ретінде танылған Жиенғали Тілепбергенов те ұлт әдебиетінің қалыптасуы жолында көп еңбек сіңірді. Алаш арыстарының ізбасары Ғалым Ахмедов, қара сөздің хас шебері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тахауи Ахтанов, тек қана ақсүйек шығармалар жазған дегдар Қуандық Шаңғытбаев, әйел жанының нәзік иірімдерін хатқа түсірген Өтебай Қанахин, өмір бойы Ақтөбеде тұрып, жас буынды тәрбиелеген Мұхтар Құрманалин, елуінші жылдарда әдемі лирикасымен сол тұстағы қасаңдықтың көбесін сөккен Ізтай Мәмбетов, әнге жазылған сөздері дүниежүзін шарлап кеткен Бәкір Тәжібаев, «Отамалысы» әлем әдебиеті жауһарларының қатарына қоюға әбден лайық Тобық Жармағамбетов, ақ жаңбыр жырларымен жаныңды рахатқа бөлейтін Сағи Жиенбаев, өмір бойы күлкінің отын жаққан Үмбетбай Уайдин, белгілі сатирик Табыл Құлыяс, өзінің шығармалары арқылы жетпісінші жылдардан бастап-ақ, кеңес өкіметінің көрін қазуға кірісіп кеткен Құрал Тоқмырзин, өзі де, өлеңі де қалыпқа сыймай кеткен Өтежан Нұрғалиев, қазақ өлеңіне боз бояу қосқан Есенбай Дүйсенбайұлы, жырларынан ерекше мінезі байқалып тұратын Сәбит Баймолдин, «Тар кезең» атты романы үшін Мемлекеттік сыйлықты иеленген Қажығали Мұханбетқалиұлы, эстет Мәди Айымбетов, «Тауқымет» атты романын күллі қазақ іздеп жүріп оқыған Бибігүл Иманғазина, Аралда туып, Шалқарда темірқанаттанған ақын, публицист Мырзан Кенжебайлар қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосты.

Қазір Ақтөбеде үлкен әдеби орта бар. Ауылда жүріп-ақ күллі республика жұртшылығының сүйіп оқитын жазушысына айналған сатирик Төрежан Мәндібай, прозаға кештеу келсе де, көп дүние жазып үлгерген Тынымбай Төлепбайұлы, махаббаттың жыршысы Кәрім Айнабаев, Жұмекен, Жұматай ақындармен қатар интеллектуалдық поэзияның негізін салушылардың бірі Мейірхан Ақдәулетұлы, шығармаларынан Ақтөбе өңірінде өсетін бүкіл өсімдіктің исі аңқитын, өлеңдері арқылы өңірдің идеологиясын жасап келе жатқан Ертай Ашықбаев, Ақтөбе өңірінің ақын-жырауларын түгендеп жүрген Жұма-Назар Асан, әдебиеттің айналасындағы шаруаларға ақысыз-пұлсыз жүгіріп жүретін Жақсылық Айжан, өңірдегі айтыс өнерінің дамуына зор үлес қосқан, ескінің сөзін жинап жүретін ақын Нұрлыбек Қалауов, өзі де, өлеңдері де салмақты Бауыржан Құрманқұл, өз болмысына адал Сағындық Ниянқұл, Қарақалпақстаннан келген, қарақалпақ, өзбек әдебиетінен хабары мол Базарбай Иман, ақпейіл Гүлсамал Аймаханова, өте кірпияз, ақсүйек өлеңдердің егесі Жанна Елеусіз, өлеңдерін жариялауға асықпайтын Сәтжан Дәрібай, сыршыл да нәзік лирикасы бар Индира Өтеміс, құмның суындай мөлдір жырлардың иесі Гүлімай Әбішқызы, өлеңде өз өрнегі бар Гүлжайнар Қалдина, ақындық әлеуеті өте мықты Индира Кереева, сыршыл да нәзік Гүлжаһан Төреханқызы, міне, осылар, әдебиеттің ауыр жүгін көтеріп келеді.

Ақтөбеде негедүр, сатира жанры өте жақсы дамыған. Жоғарыда айтылған Төрежан Мәндібайдың ізбасарлары Ардақ Қонақбаева, Бердібай Кемал, Нұрлыбек Жұбатқандардың есімі бүгінде күллі республика жұртшылығына жақсы таныс.

Бүгінде басқа өңірлерде тұратын Сәндібек Жұбаниязов, Жанар Нұрғали, Мақсат Мәлік, Айгүл Жұбаныш, Балтабек Нұрғалиевтер де туған жерін ұмытқан емес.

Орыс тілінде өлең жазып, Абай, Махамбеттен бастап, әдебиетіміздегі біраз сүбелі дүниені орыс тіліне аударған талантты ақын, ғажап аудармашы Амантай Өтегенов, ғұмыр парағы ертерек үзілген дарынды ақын Серік Сатанов, Ырғыздың қоңыры Зәкіржан Кәлкенбай, «Қырық үш күндік кемдік...» атты кітабы өзі өмірден озғаннан соң шыққан жазушы Әлімбай Ізбайлардың пейіште нұры шалқығай!

Құндыз Жұбаева, Ақмарал Сансызбай, Самат Нәрегеев, ағайынды Қуат, Азамат Әбілқайыр, Сымбат Арынова, Бекжан Асанов, Дәурен Тілеухан секілді жастардың болашағынан үлкен үміт күтеміз.

Бұған дейін осы өңірде туған дарындардың арғы-бергісін түгендеген «Жәдігер» атты антология жарыққа шыққан болатын. 23 томы шығып, соңғы жылдарда тоқтаңқырап қалған «Ақтөбе кітапханасы» сериясы да алдағы уақытта жалғасады деген үмітіміз бар. Ақтөбеден Мейірхан Ақдәулетұлының басшылығымен «Адырна» атты әдеби-көпшілік журналының шыға бастауы да өңірдегі әдебиеттің дамуына оң әсер етеді деп сенеміз.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағы

Ақтөбе облыстық филиалының директоры.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ақтөбе қаламгерлері
(2)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар