Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бекболат Тілеухан: Алаштың алтын дәуірінің тұтқасы міз бақпады

20.03.2019 688

Бекболат Тілеухан: Алаштың алтын дәуірінің тұтқасы міз бақпады

Бұл күннің болары анық еді. Алайда, бұндай жеделдікті күтпеппін. Жарық күндегі найзағайдай тосын жайт. Құлағыма сенбедім. Рас екен. Құлазып қалдым. Өзі айтпақшы, өмір заңы! Зу етіп көз алдымнан ширек ғасырдан астам уақыттың тізбегі өте шықты. Қазақтың қатарға қосылып, байрақ көтерген бақытты шағы. Қандасын қарашаңыраққа қайтарған, Астанасын анықтап, шекарасын шегендеп, аузы аққа тиген бақытты шағы! Төрткүл дүниенің төрт бұрышына барса да, «Мен қазақпын» деген сөзді қаймықпай, қомсынбай айтатын дәрежеге жеткен бақытты шағы! Жауын күйіндіріп, досын сүйіндірген мұнарадай мұнартқан шағы! Сол мұнараны қолымен қалаған қалаулы жан қараша халқына өкілеттігін өткізетінін айтты. Жүрегім шым етті. Толқып кеттім. Ол кісіден де толқу күттім. Селт етпеді! Алаштың алтын дәуірінің тұтқасы міз бақпады. Бейне Астанадан Алматыға ұшқан жолаушыдай алаңсыз. Неткен темір жүйке! Неткен мәрттік!

Алаштың азанын жаңғыртып, қазанын майлаған асыл тұлға алаңсыз сөйлеп отыр. Сол маңғаз, сол текті қалпы! Тағы таңғалдым. Иә, тағы таңғалдым. Отыз жыл ел басқарғанда, қандай қадам жасарын жатқа да, жақынға да болжатпаған сарабдал қалпынан танбай сөйледі. Сұңғылаға да, сұрқияға да сыр алдырмастан тағын тапсырды. Тарих-шалдың өзі таң қалғандай. Үйрене жүріп үйреткен, үйрете жүріп үйренген, албыртты ауыздықтап, салғыртты қамшылап, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына, елдің сабырына сүйене жүріп, қазағын шыңға бастаған бейбіт те берекелі отыз жыл отыз күндей болмай өте шығыпты. Ат төбеліндей өз елі түгілі, алпауыт өзге елдің көсемдері кеңесіне жүгініп, ара ағайындыққа салса, ақылының асқандығы да! Жұрты қимаса, қадірінің асқандығы да!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар