Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Бексұлтан Нұржекеұлы. Бiздiң қабырға гәзет деп жү...

02.08.2019 5175

Бексұлтан Нұржекеұлы. Бiздiң қабырға гәзет деп жүргенiмiздi Iлекең заманында кереге гәзет дептi 16+

 Бексұлтан Нұржекеұлы. Бiздiң қабырға гәзет деп жүргенiмiздi Iлекең заманында кереге гәзет дептi     - adebiportal.kz

Тану, бiлу дегенiң түбi де, шегi де жоқ тұңғиық. Iлияс Жансүгiровке қатысты құжаттар мен хаттарды, күнделiктер мен хикаяларын жинақтаған жаңа кiтәптi оқығанда, осыған көзiмiз анық жеттi (“Iлияс Жансүгiров” “Үш қиян”. Алматы, 2006). Кiтәптi Алматы обылысының мұрағат басқармасының бастығы Сәуле Боранбаеваның жауапкершiлiгiмен бiрнеше адам құрастырыпты.

Ең бастысы, кiтәп Iлиястың ақындығын, азаматтығын, пенделiк қыр-сырын бұрынғы бiлетiнiмiзден әрi бiрталайға тереңдетiп тастайды. Жинақ 1928-жылы Мәскеуде Iлиястың өз қолымен жазған “Өмiрбаяным” атты құжатпен ашылады. Ә дегеннен-ақ әсерлi сөздiң сиқырына тап боласыз: “Өмiр таңы балалық қой. Оны еске алсам, өскен жерiм ойыма түседi. Боз дала, құла құм. Оларды қақ айыра аққан иiр өзен. Өзен өлкесi түлкi жүн құла қамыс. Тал, жыңғыл. Жиде. Қыры — терiскен, қара жусан. Ойы — ши, ұсақ құрақ. Құмы — сағыз, селеу, қылша. Қырда құм iшiнде, өлкеде өзен бойында шоқ-шоқ қыстау, шошайта үйген қамыс. Сарғайған мая. Мiне, менiң өскен жерiм”, – дейдi (17-бет).

Сөз саптасынан суреткерлiктiң, дәл айтудың, анық бiлудiң лебi есiп-ақ тұр емес пе? Өзге айтса, оған тағы қосымша дәлел тiлейтiн талай мәлiметтi Iлекең осы жазбасында өзi айтады. Бұл “Өмiрбаянымның” құндылығы да сонда. Төрт жасында анасынан айрылыпты, әлiпбиге әуелi әкесi оқытыпты, содан соң Қасен молдадан, ноғай молдадан оқыпты, т.б.

“Сөзге үйiрлеу, құйма құлақтау едiм... Жарып той бастап, таңдап әрiптес алып айтысып, “құтырған” күндер өттi. Тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметiн ауызға қаратқан түндер кеттi”, – дейдi (19-бет). Осыдан-ақ оның жасынан серi, өлеңшi, өжет болғанын, ақын Iлиястың алғашқы аяқ алысын аңғарамыз.

“...Әкем аяғымды шырмады... Бiр үйдiң шаруа жүзiндегi сүйенген азаматы болдым”, – деуiнен де көп сыр аңғарамыз.

Жалпы, Iлекеңнiң бiрнеше мәрте үйленгенiн осы кiтәптен анық бiлемiз. Солай екенiн “Әдебиет айдынына” берген сұхбатында баласы Саят та айтыпты (29.03.07). Бiрiншi әйелiнiң аты есiнде жоқ екенiн, бiрақ оның өте қызғаншақ адам болғанын, екiншi әйелi — Аманша, үшiншi әйелi — Фатима Төребаева, төртiншi әйелi — Фатима Ғабитова болғанын, өзi үшiншi әйелi Фатима Төребаевадан туғанын Саят сонда айтыпты.

Iлекеңнiң жазуына қарағанда, алғашқы әйелiмен отасуы өте қиын болған. Қайын жұрты да жайсыз болған секiлдi. “...аз шаруамыздың қарасын (“қорасын” болып кетiптi — Б.Н.) құртты. Баталы малынан асырып ала бердi. Ала бердi. Қызын бермей созалаңға салды”, – дейдi (19-бет). Соның салдарынан әкесi әбден кедейленедi. “Әкем маған алакөз болды. Қиын суық борандарда үйден қуып жiберетiн болды. Ұра беретiн болды. Мен панасыз, тентiреген аусар болдым... Менiң көзсiз көбелектей адасқан кезiм осы жылдар болды”, – дейдi. Тiптi сол әйелмен бiрге тұрған-тұрмағанын да анықтап жазбайды. Сiрә, барып-келiп екi арада бiраз жүргенмен, бiрге отасып, отау иесi болмаған секiлдi.

Егер мұның бәрiн Iлекең өзi жазып кетпесе, еш зерттеушi бүйтiп батыл айта алмаған болар едi. Айта қойған күнде де әлдекiмнiң: “Ойбай, Iлиясқа жала жапты, тiл тигiздi, – деп шыға келуi де кәдiк едi. Ал мына мәлiметтен бiз Iлекеңнiң өмiр жолы тақтайдай тегiс бола кетпегенiн, талай шырғалаң мен шытырманнан өткенiн анық-қанық бiлiп, сонымен қабат қазақ ауылының сол кездегi жай-күйi мен әдет-ғұрпын да аңдап қалып отырмыз.

“Кез келген ұнаған сөздi көшiрiп ала беретiнмiн”, – дептi Iлекең. Бұл — өте үлгi сөз. Сөз бiлудiң ғана емес, жалпы бiлiм жинаудың үлгiсi.

1914-жылы өзiне ұнаған бiр өлеңдi көшiрiп алыпты, бiрақ кiмдiкi екенiн бiлмейдi. “Онда Абайыңның атын есiтпегемiн”, – дейдi. 1915-жылы “Қазақ” гәзетiнен “Қазақтың бас ақыны” деген Абай туралы мақала оқиды. 1916-жылы ғана Абайдың өлең кiтәбiн қолға түсiредi. Сiрә, әлгi көшiрiп алған өлеңi Абайдiкi екенiн сонда ғана бiлген сияқты. “Тақырыпқа да, түрге де Абай торында қалдым”, – деп, өзiне тұңғыш ұстаз болған Абай екенiн сүйсiне еске алады.

1916-жылды Iлекең, жалпы, қатты зерттеген, мұнда да: “Осы жылы ел басына ылаң түстi”, – деп еске алады. “Сол күйiмде 1917-жылғы бостандыққа iлiндiм. Бiрақ бостандықтың түгiн түсiнгенiм жоқ”, – деп мойындапты. “1918-жылы “большевик” шықты... Бұл жылы бас қусырып, қатын алдым. Шаруа кiсi едiм”, – деуiне қарағанда, ол сол жылы тағы үйленген болып шығады.

1920-жылы Iлекең Тәшкенге келедi. “Мұратбайұлы Ғанидың ұйымдастыруымен “Жас Алаш” гәзетiн шығардық. “Жалпы жас” деген өлеңiм сол гәзеттiң бiрiншi санында басылды. Гәзеттiң бас мақаласын да мен жазғанмын”, – дей келiп: “Бұл 1921-жыл. Жаз. Елге келдiм... Сол жылдың күзiнде Белтоған мектебiнде мұғалiм болдым. Қыста Аманшаны алдым. Жазда Жәмиләдан айрылдым”, – дейдi. Саяттың айтуына қарағанда әкесi төрт рет үйленген, ал әкесiнiң мына жазғанына қарағанда, бес рет үйленген болып шығады. Бiрiншi атастырған, бiрақ үйленiп үй бола алмаған әйелiнiң аты белгiсiз, ал 1918-жылы үйленген әйелi Жәмилә болса керек, 1921-жылы қыста Аманшаға үйленген соң, ол жазда Жәмиләмен ажырасқан тәрiздi. Саяттың өте қызғаншақ адам болыпты дейтiнi — осы Жәмилә.

“Тәшкенде алты ай оқыдым... Әлеумет қызметiне 1921-жылдан араластым”, – дейдi.

Осындай-осындай аз ғана, бiрақ басқалар айтса, қаншама қосымша дәлел мен құжат керек ететiн мәлiметтердiң өз аузынан айтылуы — әдебиет үшiн де, тарих үшiн де таптырмайтын құндылықтар.

Бұл кiтәпте “Мейiрiмдi Ғ. аға!” деген Iлекеңнiң хаты бар (27-бет). Менiң ойымша, бұл хат Ғаниға жазылған. Зерттеушiлер бұған әлi зер салар деп ойлаймын.

Жетiсу жерiндегi Тойшыбек қорғанын кiм салған, Тойшыбек деген кiм деп бертiнге дейiн бiлмей келсек, оны Ботбай Тойшыбек батыр салдырғанын 1924-жылы 19-қазанда Iлиясқа жазған хатында Құдайберген Тұрысбек баласы анықтап-ақ айтқан екен.

Iлекең халық ағарту саласында әжептәуiр қызмет атқарыпты. Мәселен, 1926–1927-жылдары Жәркент өңiрiнде жерiлiктi ұлт балаларын оқытатын ШКМ-нi (школа крестьянской молодежи) салуға шешiм қабылдап, қол қойған Iлекең екенiн (57-бет) осы кiтәптен кездестiрiп, оны анықтағаныма кәдiмгiдей қуандым.

Iлекең балалар сөзiн, балалар әдебиетiн де құлшына жинапты. “Менiң бұл жинағым қазақ балаларының жаңа тiлi шығып болғанға шейiнгi дәуiрiндегi айтқан, айтылатын сөздерi... Бұл әдебиет бiзде әлi туған жоқ. Балалар әдебиетiн туғызып, негiзiн салу ендi кешеуiлдi күтпейтiн мiндет”, – дептi (92,93-бет). Қазақ балалар әдебиетiнiң көш басында Жансүгiров тұруға тиiс екенi бұл деректен айқын аңғарылады.

Бiздiң қабырға гәзет деп жүргенiмiздi Iлекең заманында кереге гәзет дептi және кереге гәзетi қандай болу керек, оның қандай қажеттiлiгi бар екенi, мiндетi мен жөнi, маңызы, гәзеттiң айдары, сөз бастары, бөлiмдерi, мақалалары, өндiрiс, техникасы, көлемi, әшекейi, қалыптауы, гәзеттiң тiлi, т.б. жайында алғаш талдап, тарата жазған алғашқы қазақ жұрналшысы да Iлекең екен (97-122-бет).

1926-жылы ұлт азаттық көтерiлiсiнiң 10 жылдығы атап өтiлдi. Сол жылы Қарқараға Ораз Жандосовтың басшылығымен Ереуiлтөбе ескерткiшi орнатылды. 1927-жылы М. Әуезов “Қилы заман” повесiн жазды. Бұған Iлекең де атсалысады. “Қазақстанды зерттеу қоғамына” 1926-жылдың 5-қазанында жазған хатына қарағанда, сол жылы ол “1916-жылы Жетiсудағы қазақ-қырғыз халқының көтерiлiсi” деген кiтәп жазыпты. Хаттың орысша жазылуына қарағанда, кiтәп те орысша дайындалған тәрiздi. 2001-жылы Iлияс Жансүгiров қоры мен САНДЖ орталығы Iлекеңнiң бұрын жарияланбаған бiраз шығармасын “Жетiсу” деген атпен жеке кiтәп етiп шығарды. Оның iшiнде “Жетiсу өлкесiн орыс алуы”, “Ұзынағаш соғысы”, “Жаркент оязында”, “1916-жыл деректерi”, “Лепсi оязында”, “Қара бауыр” деген бөлiмдер бар. Ол кiтәп те құндылығы жағынан бiз талдап отырған кiтәптен еш кем емес. Аты дәлме-дәл келетiн бұл кiтәптiң iшiнде ондай шығарма болмағандықтан, Iлекеңнiң сол орысша шығармасының қазақшасы осы “Жетiсу” кiтәбiнiң iшiнде бар-жоғын анық-қанық бiле алмадым.

Iлекеңнiң әкесi Жансүгiрдiң 1926-жылы 14-қазанда баласына жазған хатына қарағанда, ол кiсi баласының оқимын деп сыртта жүре беруiне риза болмайды, өйткенi тұрмыс қатты қысып жiбередi. “Аурумын. Қартайдым. Жаз марттан қалмай қайт”, – дейдi (127-бет). Қарттың келiн ұстап, немере сүйiп, тып-тыныш қана өмiр сүргiсi келедi.

Болатхан Тәшенов, Ғали Орманов, Сәбит Мұқанов, Бейiмбет Майлин, Сара Есова, Шамғали Сарыбаев, Тайыр Жароков, тағы басқалар жазған әрбiр хаттан әрқилы сыр қылаң бередi, бiрiнен iнiлiк iзет, екiншiсiнен ақыл сұраған ықылас, тағы бiрiнен еркелеген сыйластық аңқып тұрады. “...бiз шал болып қалдық-ау, Iлияс, бiлесiң бе?.. Әуешке сәлем айт. Қолыңды әкел!” – дептi Бейiмбет 1929-жылдың 22-мамырында жазған хатында. Әуеш деп отырғаны, сiрә, Iлекеңнiң әйелi Аманша болар. 35 жастағы адамдардың “шал болып қалғанын” сезiнуi бiз үшiн шеше алмайтын-ақ жұмбақ. Сол сөзде өздерi ғана бiлетiн аяулы бiр құпия бар-ау деп жорамалдаймын.

Әпкесiнiң баласы Болатхан Тәшеновтiң 1929-жылы 18-қыркүйекте Қостанайдан жазған хаты қазақ халқының да жай-күйiнен хабардар етедi. “Арыстан былай (қарай) ашаршылық. Сатып алуға нан табылмайды. Қостанай жайына келсек, әзiргi уақытта қатты ашаршылық. Қырдағы шаруалар басқа жаққа қаңғып шұбап жатыр. Нан жоқ”, – дейдi (166-бет). Бұдан әйгiлi ашаршылықтың Арқадан басталғаны ап-айқын белгiлi болып отыр.

1932-жылы Қазақстан жазушыларының 1-пленумында жасаған баяндамасында Iлекең “Қазақстанда 400 мыңдай жұмысшы бар. Бұл жұмысшының 56,6% қазақ”, – дептi (193-бет). “Орталықты осының өзi шошытпады ма екен?” – деп ойлайсың.

“Ақтарусыз жатқан қазына немесе ән-күйлерiмiздi жинау хақында” деген Iлекеңнiң еңбегiн оқығанда, iшiм ашығаннан, шынымды айтсам, жылағым келдi. Сол 1936-жылдан берi де қаншама әнiмiз бен күйiмiзден, сол әндер мен күйлердi шығарған, орындаған адамдарымыздың аты-жөнiнен де айрылдық-ау! Барымызды жедел жиып алмағандықтан, ұшан-теңiз байлығы бар бола тұрып, азын-аулаққа алданып, одан басқасы жоқ кiсiдей көз жұмып қалдық. Кәзiр “Кенесарының Көкбалағын” кiм тартады? “Қалмақ қара жорғаны” кiм бiледi?

“Жоғарыда “елде не көп — күй көп” дедiк. Күй көбеюде емес, күннен күнге азаюда. Елде жалпы шаруашылықта мұқият болып, жан бағу амалы алға басқан сайын күй селдiреп сарқылулы. Елдегi күйшi шалдар өлген сайын күйлерiмiз көрге көмiлулi. Мәселен, бiздiң елде ертеректе өткен Тойтан деген бiр шал 40 күй тартады екен. Оның бұл күнде бiреуiн де ешкiм бiлмейдi... Демек Тойтан өлiмi 40 күйдi ала кетiп отыр. Жалғыз Тойтан емес, әр жерде-ақ күйшiлер өлiп жатыр. Күй жинала алмай жатыр”, – дейдi (367-бет). Бұл — жанашырлық қана емес, көз алдында жоғалып жатқан дүниенi жоқтау, соған жылау.

Өнердiң кәдiрiн өзгелерден ерте бiлген, халықтың өнердегi рухын жан-тәнiмен түсiнген, әр күйдi жоғалту халық рухын кемiту екенiн күйiне ұққан адам ғана өстiп айта алса керек, сондай адам ғана “Әншi”, “Күй”, “Күйшi”, “Құлагер” сынды ғажап шығармаларды тудыра алуға да тиiс-тi.

Ақсулық домбырашылар Нұрсапа, Егеубай және басқалар тартатын 33 күйдiң атын санамалайды. Бiрен-сараны болмаса, қалғанының бүгiнде атын да естiмеймiз. Олардың да өлген күйлер екенi өкiндiредi. Адамы, орындаушысы өлген соң, не керемет күйлер де орындаушысымен бiрге о дүниеге бiржола, мәңгi аттанып отырған. Қандай өкiнiштi!

Құдай-ау, ауылда өлген, өнер ордасына жете алмай шалғайда өлген шерменделердi қойшы, өнердiң төрiнде, өнер зерттеушiлердiң дәл қасында жүрген өнерпаздардың да бiлген күйлерi iз-түссiз өзiмен бiрге көрге кетiптi. “Алматыға өткен жылда оқу iздеп келген Ержанұлы Манарбек деген домбырашы бала (Алматыда Бейiсұлы Айтбектiң қолында) мына күйлердi тартады”, — дейдi де, күй аттарын санамалап келiп, “Мұның бiлетiнi 30 күй” — дейдi. Атына қарап-ақ сол күйлердiң көбi бүгiнде белгiсiз екенiне қынжыласың.

Iлекең айтып отырған домбырашы бала кейiнгi Қазақстанның халық әртiсi, сазгер, әншi Манарбек Ержанов болса, ал Бейiсұлы Айтбек деп отырғаны Күләш Байсейiтованың ағасы ғой. Солардың да бiлгенiн сарқып жазып қала аламағанымыз, әрине, мақтай қоярлықтай ұқыптылық емес.

Iлекеңнiң күнделiгi мен қолжазбаларының iшiнде де өнерiмiз бен елiмiздiң нақты-нақты талай тарихы бар. 1930-жылғы Қоянды жәрмеңкесiнiң жағдайы кiсiнi әсiресе қызықтырады. 20-маусым күнгi жағдайды рет-ретiмен жазады. Әуелi 30 шақырымға ат айдалыпты. Бәйгеге қосқан аттарды Iлекең: “Ала, көк, баран, қылаң — бiр топ бәйшешектi араластыра салғандай”, — деп қалай әдемi суреттейдi (445-бет).

Еркек балуан, қатын балуандар күрескен соң, ортаға әншiлер шығады. “Алқақотан — құнан шаптырым. Ортасына орындық қойған. Күн ыстық. Аяқта саптама етiк. Осыған не деген дауыс жетедi?” – деп таңданады Iлекең.

“Алдымен Байжанұлы Қали шықты. “Ардақ”, “Шамаларды” шырқады. Қали қырыққа келiп қалған. Кедей. Бүгiнде Көктас зауытында тас қалайды”, – деп, әйгiлi әншi Қали Байжановтан бiраз дерек бередi. “Қалидан кейiн Лекерұлы Қуан... Топты жарып әйелдiң домбырамен шығуы баяғы Сараны еске салады. Тыныштық. Қорғанып барып Әскентай Айдар әйелi деген қара келiншек домбыра алды. “Қара торғайды” салды”, – дейдi.

1934-жылғы өнерпаздардың тұңғыш сiлетiне қатысқан бишi Құлсейiтұлы Зәрубайдың да жәрмеңкеде 8 түрлi би билегенiн жазады. Оның алтауын Ерсағынұлы Ахмет деген бишiмен бiрлесiп билейдi. Зәрубайды “Көзi жыртық. Орыс, ноғайдың бiрi сықылды сары. Буыны жоқ”, – деп суреттейдi. Бiздiң би тарихымызға қосылған бұл да бағалы мәлiмет. “Баяғы шаншардың көп қуларының жұрнағы”, – деп 7 әншiнi атайды, оның iшiнде Қали мен Қуаннан басқа кейiн белгiлi әншi болған Мағауия Көшкiмбайұлын атайды. Ол туралы: “Жас әншi. Қали мақтайды”, – деп жазады.

Бiржанның “Жанбота” әнiнiң туу тарихын баяндай келiп, оның мәтiнiн де бередi. “Мұны солқылдатып Қали салады”, – дейдi. “Солқылдатып” дегенi шексiз сүйсiнгенiн аңғартса “Бiржанның “егiз тауық” болғанда шығарған әнi мен өлеңi” деп, ол әннiң де мәтiнiн келтiредi. Қали айтатын тағы басқа 7 әннiң тiзiмiн бередi. “Қали Жарылғапберлiнiң шәкiртi болған”, – дейдi.

“Жетiру Шама әншiнiң — Шаманың Қали айтатын өлеңi”, – деп 11 шумақ өлең бередi. Бұл да елең еткiзетiн нәрсе. Өйткенi Жетiру Шама деген әншi болса, “Шама” әнi Жарылғапберлiнiкi емес, Шаманың өзiнiкi болады да.

“Әсет пен Кемпiрбай” деп, Кемпiрбайдың көңiлiн сұрап келгендегi Әсет екеуiнiң жауаптасу өлеңiнiң және Кемпiрбайдың әйгiлi “Көк кептер” әнiнiң мәтiнiн де келтiредi. Сiрә, Қалидан Iлекең бұл әннiң әуенiн естiген-ау. Бiрақ, әттең, “Көк кептер” әнiнiң неге бұл күнге жетпегенiне қайран қалам. Өнер зерттеушiлерi Қали Байжановтан қалайша жазып алып қалмады екен?

“Қали “Дүлжалалды” бұралтып гармонмен салады” , – дептi. Өкiнiшке қарай, бүгiн бiз ондай әндi бiлмеймiз. Әншi Қалидан 12 шумақ “Құлагердiң өлеңiн” жазып алады. Болашақ дастанның дүбiрi осыдан басталғандай.

“Дала хикаялары” атты шығармасы — деректi шығарма. Онда әйгiлi сазгер Мәди жайында, Мәдидiң жолдасы Тәуке, Тәукенiң жолдасы Сатан жайында, Қажымұқанның цирктегi күресi, басқа да қылықтары жайында, тағы басқалар туралы талай хикая бар. Оларды оқыған адам мұндағы бiраз шығарманың кейiн “Жолдастар” романына енгенiн де аңғарады.

Бұл кiтәптi шығарушылар, латын, арап әрпiнен бiздiң әрiпке көшiрушiлер — Алматы обылысының мемлекеттiк мұрағат қызметкерлерi, сөз жоқ, көп еңбек сiңiрген. Мұны оқыған адам қазақтың ұлы ақыны Iлиястың мiнезiмен, пендешiлiгiмен, халқының өнерi мен әдебиетiн сүйе бiлген дарындылығымен, халық мәдениетiнiң ұсақ-түйегiне дейiн сақтап қалуға тырысқан көрегендiгiмен қаныға танысады. Мұндағы Iлиясқа қатысты құжаттар Iлиясты ғана емес, қазақты да таныта түседi. Бiзде кең тарамаса да, адам сүйсiнтер аз үлгi бар: ғылым жолындағы негiзгi бағытын Шоқантануға бағыттаған Әлкей Марғұлан, Фарабидi зерттеген — Ақжан Машанов, Абайды зерттеген Қайым Мұхаметханов пен Мекемтас Мырзахметов, Сәкен Сейфуллиндi зерттеудi негiз қылған Тұрсынбек Кәкiшев, т.б. Мына кiтәптегi құжаттарды көргенде: “Шiркiн-ай, негiзгi ғылыми бағытын Iлиястануға да арнаған бiр ғалым шықса игi едi-ау!” – деп ерiксiз армандайсың. Сонда мұндағы құжаттардың әрбiр әрiбi, әр сөзi, әр дерегi бiр-бiрiмен байланыса сөйлеп кеп берсе, ел тарихы мен әдебиетi де қаншалық байыр едi?

Iлиястың мұндағы құжаттарының табылуы да айрықша оқиға. 1978–1979-жылдар шамасында Алматыда Голубятников деген бұрын НКВД-да iстеген жалғызiлiктi шал қайтыс болады. Досы да, туысы да жоқ екен. Өлгеннен кейiн оның үйiнен арап, латын әрiптерiмен жазылған көп қағаз табылады. Бiреулер Мемлекеттiк мұрағатқа хабарласады. Ондағылар зерттеп қараса, ол Iлияс Жансүгiровтiң мұрағаты болып шығады. Iшiнен Жүсiпбек Аймауытовтың “Ақ бiлек” романы да табылады. Сөйтсе, Голубятников кезiнде Iлиястың iсi бойынша тергеу жүргiзген адам екен. Ол мұрағатты өртеу арқылы жойып жiберуге тиiс болған, алайда неге өйтпегенiн кәзiр ендi ешкiм бiлмейдi. Iлияс құжаттары осылайша ойда жоқта табылыпты.

Iлияс 1938-жылы 26-ақпанда Алматыда атылады. Алайда НКВД Iлиястың әйелi Фатима Ғабитоваға 1938-жылғы 10-маусымда ол 10 жылға сотталды деп хабарлаған, бiрақ оның қай түрмеде, қай қалада отырғаны жайлы мәлiмет айтпаған. Соған алданған Фатима 10 жыл бойы Iлиястан күдер үзбеген. Оның азабы, алданышы, күдiгi, қорлығы өз алдына, 10 жыл өткен соң да бiр хабары болмаған Iлиясты iздеп Фатиманың жазған хатына жауап ретiнде 1955-жылы 9-мамырда “Iлияс Жансүгiров 1949-жылы 19-көкекте инфарктен қайтыс болды” деген өлiм жайында жалған куәлiк те берiледi.

Iлиястың 1957-жылы 4-көкекте ақталғанын СССР Жоғарғы сотының әдiлет полковнигi П.ихачев сол жылы 12-көкекте арнайы мәлiмдейдi.

Ал мына “Iлияс Жансүгiров. Құжаттар, хаттар, күнделiктер, дала хикаялары” атты кiтәп оның әлi өлмегенiн, өлмейтiнiн дәлелдейдi.

“Қазақ әдебиетi”, 13.04.2007-жыл.

Мақаланың төл тақырыбы: "Ілиястанудың тың беттері"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар