Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Белгібай Сахари. Ақмылтық...

18.02.2022 2804

Белгібай Сахари. Ақмылтық 12+

Белгібай Сахари. Ақмылтық - adebiportal.kz

Қабдеш Жұмаділов деген есімді алғаш рет өткен ғасырдың жетпісінші жылы орта мектептің оныншы сыныбында жүріп естігенмін. Сол жылы «Көкейкесті» атты кітабын ауыл дүкенінен алып, бас алмастан оқып шығып қатты әсер алғанмын.

Қала көрмеген қыр баласы қиялына Жәнібек бейнесі мықтап орнап еді. Қинала жүріп қолым гитараға жетіп, алғашқы бір-екі аккордқа талпыныс жасадым да. Бірақ, сабақбасты болып, емтихандарға дайындықпен әуре болып артына түсе алмадым.

Алайда қалада өсіп, заманауи тәрбиемен ер жеткен Жәнібек бейнесі жас кеудеге ынтықтық беріп бей-жай қалтырмады. Ұзақ жылдарға берік орнады.

Біз тұрған Семей өңірі, Қарақол ауылында Ерғали, Нәби, Адамбек, Кәкімбек, Заманбек, Мырзабек, Тұрлыбек атты аталас ақсақалдар өмір сүрді. Жарықтықтар қатарларын жазбай бірге жүретін. Бастары қосыла қалса газет-жорналдан оқығандарын әңгіме қылып, Қарақолдан асып әлемдік тақырыпқа да кетіп қалатын.

- Мына шалдар тұп-тура бір жорналдың редакциясы ғой! - деп Несіпбек мәз болатын.

Сол әкелерімнен Қабдеш ағаның бізге ата жағынан ағайын болып келетінін естіп, сырттай іш тартып, «Жұлдыз» жорналынан әңгімелерін тауып оқып, сақтап жүруші едім.

Кейін, Алматыда студент болып жүріп, Қабекеңді алыс-жақыннан бірді-екілі көріп жүрдім. Соңыра, қызыметке араласып Қапшағай қаласына орныққан соң Ағамен жақын араласа бастадым.

Сонау, арғы беттен ағайын-туғандар келе бастаған тоқсаныншы жылдардың басында Қытайдан өткен бір топ ақын-жазушыларды, іштерінде қазір елге танымал Алмас Ахметбек, Армиябек сынды азаматтар бар, Алматы орталық автобекетінде таңға жүріп күтіп алысқан едік.

Қабекең қонақта барынша қарапайым болатын. Әңгіме дүкенді қыздыра түсіп, ұтымды да қысқа юмор тастап қойып отыратын. Бірнеше рет жаз айларында Қапшағайға шақырып, кемемен серуендеткен кездерім де болды. Суға жақсы жүзетін еді. Сәуле жеңешеміз де қалыспай кемені айнала қатар жүзіп жүретін.

- Аға жақсы жүзесіздер ғой! Қайдан үйренгенсіздер дейміз, қызығып.

- Ой, біз бала-шағамызбен Қара теңізде сан мәрте демалдық қой. Несін айтасың, кеңестік жүйе жазушыларға жақсы жағдай туғызушы еді ғой! Сол кезде машықтанғанбыз, - дейтін, күліп.

Бір жылы қыста Қапшағайға қонаққа шақыра барсам, дастархан басында марқұм Қалдыбай аға және Үрімшіден туысшылап келген СУАР-дың бас судьясы – туысымыз Шәмшәріп аға отыр екен. Қабекең қалжыңдап:

- СУАР-дың судьясына Қазақстанның судьясы сәлем бере келген ғой! - деп, қатар отырғызды. Туыстары жасынан «Шәнтай» атап кеткен Шамшәріп ағамыз тартымдылығымен қатар көңілі бос, ерекше мейірбан жан екен. Таңдап алған мамандығы тума табиғатын өзгерте алмапты. Кейін талай рет көзім жеткен.

Біраз отырып, бұйымтайымды айтып, үш ағамды қояр да қоймай машинама отырғызып Қапшағайға алып келдім. Ағаларым мәз-мәйрам болып, екі күн жатып, әріптес дос-жаран жігіттермен дәмдес болып аунап-қунап қайтты. Қайтарларында қазақ жолымен аздаған сый-сыяпат жасап, Қабдеш ағама Тулалық хас шебердің қолынан шыққан, күміс құндақты, 28-калибрлі мылтығымды оқшантайымен қоса, қолыма ала тұрып:

- Қабдеш аға! Қаламыңыздың арқасында халқыңыздан ат та мініп, атан да жетелеп жүрсіз ғой, Қабанбайдай дарабозды халқымен қауыштырған батырлығыңызды асқақтатып, мына ақ мылтық абыройыңызды асырып, арқаңызда ілулі тұрсын! - деп ұсынған едім.

Тумысынан ұқыпты адам ғой Алматыға келе салып заңдастырып, үйіндегі жазу кабинетінің төріне іліп қойыпты. Әрине, мәселе алған-бергенде емес қой, кімге не сыйламадық, бәрі де қалады ғой, алайда ағаңның асқақ көңілін бір сәтке жарқ еткізуге тұра ма?! Десе де сол бір тауып ұсынған тартуыма риза көңілмен есіме алып жүремін.

Шындықтың тура атылатын ақ мылтығындай еді ғой, жарықтық. Енді міне, ешқашан, ешкімге, ешбір аңға оқталмаған ақ мылтық қалды, ілінген шегесінде, АҒА қалды ел есінде!

Белгібай Сахари


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар