Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Береке Жұмақаева. Жеті музасы ояу марғасқа...

12.03.2018 9568

Береке Жұмақаева. Жеті музасы ояу марғасқа

Береке Жұмақаева. Жеті музасы ояу марғасқа - adebiportal.kz

Қазақтың әдебиет және саз әлемінде азғантай ғұмырында жарқырап өткен жұлдызы Ермұрат Зейіпханның ақындық өрісі жайында жазылған талдау мақаланы оқу барысында оның қалам қарымына көз жеткізетініміз анық.

«Ғайыптан келем жаяулап,

Ғайыпқа барам таяулап», -

деп жазыпты Ермұрат Зейіпхан бір өлеңінде. Ермұраттың «Өзіңе арнадым», «Бұ дүние»,«Үшбуырыл» атты өлеңдер жинағы өзі бақилық болған соң ғана қолыма тиді. Ақындық келбетімен алғаш қауышуым еді. Оған дейін сахнамызда сан рет кең тынысты әндерді асқақтата шырқағанын тамашалағанбыз. Азаматтың өлеңдерін оқығанда қазақтың қара өлеңінің құнарлы топырағына өзіндік талантымен терең салған сонарына еніп, өзіндік өрнек, айшығымен еліктіріп ала жөнелер із-соқпағына ілесіп жүре бересің. Әлемді тану мен сезінуден, терең ой мен пайымнан қуат алған, сол рухани ділді көркем тілге көшірудің тек өзіне ғана тән конструкциясын көресің. Құнарлы тілмен байытылған ой сипаты өлең өлкесіне айқын жол салғанын аңғарасың.

Шүлен жаз онда борасын,

Жұмақ па деп те қаласың,

Тозақ па деп те қаласың

Ғайып пен ғайып арасын.

Ақын ұғымында фәни де бақи да ғайып дүние. Сол екі ғайыптың ортасында пенденің тартысты ғұмыры: «марқайған, ортайған көңіл құрғыры» сөйлейді.

«Бір кезде сыйсам дәнекке

Сыймаймын енді жер көкке»...

Дән жиған кеудем дәнекте

Салып тұр енді әлекке», -

дейтін ақын жанының буырқанысы, санамен сабылуы, «адуын кер» «тағдырының ойыны»аңғарылады.

Алдымен ақын өлең өлкесіне қалай келді, қай сүрлеумен жүрді деген ой туады. Әрине қазақтың қара өлеңі Ермұрат ақынның ән мәтіндері мен өлеңдерінің өзегін құрайтынын аңғару қиын емес. Қазақтың қара өлеңін қолданбайтын ақын кем де кем. Бірақ қолданысты тек форманы қабылдау деп түсінбей, Мұқағалиша айтқанда «күпіні» шешіп, зерлі «шекпенмен» жасандырғандай әр ақынның өз өрісі, өз өресі арқылы мағыналық, ой-қисын жағынан байыта, көркемдей түсетінін ескерген жөн. Ермұратта қара өлеңге ой-сезімін көркем өреді:

Арғы жағы Алтайдың Қобда деймін,

Көш келеді байсалды жолда деймін.

Арғымағы алшаңдап келеді ару,

Аңсап жүрген арманым сол ма деймін.

Арғы жағы Алтайдың Қобда мекен,

Қобда неге баянды болмады екен?!

Алыс қалған қайран жер, қайран мекен,

Бақыт еді-ау қонатын қолға некен.

«Шынар-ай» әніне жазылған өлең тілге орамды жеңіл келіп, бірден ән мен әуенге сұранады.

Ұлпа өмір үп еткен желге ұшады,

Жел басылып, ақыры жер құшады.

Өпкісі кеп енді бір самал жетсе,

Тірлікті ойлап бейбаян тер қысады.

Ұлпа арман үп еткен желге ұшады,

Күтіп тұр-ау оның да шерлі шағы.

Құлақтанып күн батса – дауыл, жауын,

Таңғы шықта үміттің бар нышаны, -

деп ой иірімін болмыс кейпі, өмір философиясымен әдіптейді.

Ермұрат ақын қара өлең үлгісін буын мен буақ жағынан да түрлендіріп қолданады.

Іле ғой мынау иінді иірім,

Толтырып жатқан Балқаштың бүйірін.

Жанғанда үміт, жалданып біздер,

Көнгенбіз көріп өшкенін, құрбым..., -

деп қара өлең ұйқасын бунақ жағынан өзгертіп 10, 11 буынға салады.

...Жадыратар едің,

Жалын атар едің

Аңыратып күйді –

Жамыратар едің... –

деп, алты буынға немесе

Күлермін мен

Жылармын мен

Гүл ерніңнен

Жыр алдым мен

Қолқаң – балам,

Қолқам – балаң.

Ұлымыз жүр

Томпаңдаған,–

деп төрт буынға салып ойнататын тұстары да көп.

Ермұрат ақынның поэзиясында абыз даланың үні,ғасырларды көктей өткен жыраулық дәстүрдің сарына аңғарылады. Ақын бірде:

Зеңгір де зеңгір, зеңгір көк

Зеңгір көк асты зеңгір тау

Алдыңнан жұпар жел гулеп,

Теңбіл көк мін де желдірт ал, –

дейді. Немесе:

Құшақ ыстық болған күн

Пышақ істік болған күн.

Тұсамыс қып өмірді,

Құсалы іш қып болған күн,–

деп жырауларша толғап, қазақ поэзиясына екпін қосқан байырғы дәстүрдің ырғақтық-интонациялық жүйесіне салады.

Жырға айналдырған

Жырауды ұлт –

Жырау жұрт!

Үш қиянға құмар ғып,

Ұлытауға ұлар ғып,

Алатауға тұмар ғып,

Өр Алтайға ұран ғып,

Сарыарқаға қыран ғып...

Доссыз кетті-ау бас ақын,

Бассыз кетті-ау хас ақын

Мынау ғапыл дүниеден...

«О, шұбар күн шыққан

Мұнар бұлт»,–

деп өз тарапынан жыраулар дәстүрінің зерделі шәкірті екенін танытады. Абай, Махамбеттерді жоқтайды. Әсіресе туған ел, құтты мекен, Отан десе, ақынның өзек жарды аңсары ақтарылады. Соның ішінде заман күйі, адам күйі, арманы, күйініш мен сүйініші ағытылады.

Дауылдың өтінен табылып несібем,

Еріксіз...еңіреп,

Алысқа кетіп ем!...

Егейлер өткен соң шығармай есінен!...

Еркіндік жолында тас түйін бекігем,

– деп жырлайды. Сезімдердің асқары, асқағы – сағыныш. Ақынның «сағыныш жырлары» өзгеше бір әлем. Ақынның лирикалық қаһарманының Атамекенге деген құлшынысы, махаббаты ерен:

Сақ, Ғұн, қыпшақ даласы – Қазақстан,

Көздің ақ пен қарасы – Қазақстан...

Жауың атса жалғыз оқ саған панам,

Көкірегіме бөленсін – Қазақстан.

...Ақ жолыңа қиылсын шыбын жаным,

Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан!–

деп жырлайды. Бір сәт елдің қадір-қасиетін білу үшін де жырақта болу, аңсау, сарыла білу, сағына білу қажет-ау деген ойға тірелесің. Туған жер сағынышын ерекше жырлап өткен Төлеген Айбергеновтің «Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап» деуінің мәнінзерделейсің.

Қазақ халқының басынан небір зобалаң жылдар өткені тарихтан мәлім. Күні кеше Отанымыздың қызыл империя құрсауынан арылып іргесін ашқаннан кейін елге ағылған ағайындардың басынан өткергендері ертеңгі ұрпақтың таңдана айтар әңгімесіне айналар-ау. Біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ өз еліме жеттім деген елдің «оралман» атын арқалап, азаматтық ала алмай аңтарылғанын, не кері кете алмай, туып өскен мекенін сағына сарылғанын, екі ұдай жарылғанын біреу түсінер, біреу түсінбес. Ермұраттың артта қалған туған жерге деген сағынышы, құлындай құрақ ұшқан жан тебіренісі осыны айғақтайды.

Елжірегеніңді,

Жер жүрегіңді,

Өбуге құштар

Жел жібегіңді

Күнесім, сағындым!..

Оғыланыңды,

Қорығаныңды

Еміренетін –

Омырауыңды,

Күнесім, сағындым!

Аһ, жалғаның-ай!

Байланғаным-ай!

Әлдәрмен қайда,

Бар ма амалың-ай...

Күнесім, сағындым!

Ермұрат ақынның өзекжарды толғаныстарынан Абай, Таңжарық, Көдек ақындардың сүрлеуі қылаң береді. Ақын мен ақынның үндестігі табиғи құбылыс. Шын ақынның өлеңі жазылмайды, туады дейтін қағидаға жүгінетін ақын өлең тудырып, өлеңнің құдіреті мен тылсымын сезінуі қалыпты дүние. Абай шабытының шырқау кезінде жазған «Адамның кейбір кездері...» туындысында өлеңнің туу сәтін бойдан өткізіп, түйсіндіре сипаттайтын, ақындықты «тәңірінің берген» кемел өнері деп баға беретіні бар. Ермұрат ақынның шабыт толғамы да Абаймен үндес:

Өзіңді көрмеу, ұқтырмау

Оянған кез бұл – ой-сана.

Түнқұшағы ұмыттыр-ау,

Жар қойны жалын болса да.

Бөлеп бір нұр мен шапағат,

Хикмет тылсым оянбақ.

Кеткенде жұлдыз бошалап,

Түсем мен жерге аяңдап

Көркем сөз табиғатын түйсінген ақын шығармашылықтың бірнеше қасиетін сезінеді, бойдан өткізеді.

Өлең ойдан өрген бе,

Назырқанбай, назданбай.

Өрекпиді өр кеуде,

Бәрін сарқып жазғандай...

Қой дей алмас еш пенде

Мүсіркейді-ау, дегенмен.

Жыр күрмеуін шешкенде,

Мен де кетем денемнен.

Ауыр тәннен арылып,

Ауыр ойдан жыр өрер.

Ару нұрға малынып

Кербез дүние жүрелер.

Ақынға жүректің кәусар тазалығы, рухтың алмас қылыштай өткірлігі қажет. Ақынның бар ғұмыры, ой-сана жұлыны – өлеңінде.

Ақындағы басқа тілек, басқа үміт,

Тұрса дейді ол тастан дағы жас тамып.

Ғұмырыңды байлама сен оларға

Жатсаң мейлі жыр кітабын жастанып.

Оны дағы, өзіңді де қор қылма,

Оның жөні, оның жолы өр-қырда.

Мағжан өлеңдерінде: «Шын жары оның сары дала», яғни еркіндік мағынасында болып келсе, Ермұрат үшін «Оның жөні өр-қырда». «Өр-қыр» сөзінің қолданысын мекен ұғымымен қатар тағдыр, қиындық мәнінде де түсінуге болады. Мағжан:

Бүлдірген бетің сұрланып,

Желге сенбе, жас бала!

Сыбырлар, кетер ұрланып,

Шын жары оның – сары дала десе,

- Ермұрат:

Бөбек мінез бүлдіршін сезіміңмен

Не тіледің, білмеймін, не берейін?

Із-тозы жоқ ғайыптың өзімін мен,

Елемегін, мен сені елемейін.

Бөбек арман, бүлдіршін қиялыңмен,

Не болжадың, білмеймін, тілерің не?

Маңын шолар жан емен ұяның мен,

Жапанда татар дәмім, ілерім де...–

деп жырлайды.

Әдебиетші-ғалым С. Дүйсенғазин: «Әдебиеттегі дәстүрдің қалыптасуының бір парасы мазмұн мен пішінге байланысты. Кейде дәстүрді өлеңнің сыртқы пішініне сәйкестендіріп жалғастыратындар болса, көбіне ішкі мазмұнға байланысты да дәстүр жалғастығы жаңғырып жатады. Ал екеуі бірдей тонның ішкі бауындай үйлессе, онда әдебиетте жаңа бір арна пайда болады» дейді. Ермұрат ақыннан осындай жаңа арнаның аңғарын көргендей боламыз. Аға буын (Мағжан, Мұқағали, Төлеген, Сәкен т.б.) дәстүрін тақырып, идея, сөз бен пішін жағынан Ермұратіштестіре қолданады. Мағжан:

Жас періштем, сұлу қыз,

Сүймеші, сүйме, сұраймын!

Мен ақынмын тұрлаусыз,

Жырлаймын да, жылаймын,–

десе, Ермұрат:

Өлеңіме құмар бола бер қалқам,

Өміріме қызықпашы, қызықпа,–

дейді.

Тіліңнен мен тілімменен,

Жұтамын у, балды да.

Кербез, керім келбет – құмар,

Сүйсе жанды суырар.

Ләззат үшін тартсаң азап,

Өзі-ақ тозақ шеттейді.

Жар қойнында жатсаң ғажап,

Жұмақ та оған жетпейді.

Ермұрат ақын қолданған шендестірулер: у мен бал, жұмақ пен тозақ ұғымдары Мағжан өлеңдеріне мән-мағына жағынан да аса жақын соғады.

Әдебиетші-ғалым Рахманқұл Бердібаевтың: «Әр заман поэзиясының өзіне лайық күйі бар, өзіне лайық үні бар.Соның ішінде поэзияның ғана құдіреті келетін, тек өлең ғана айта алатын тебіреніс бар. Ол – заман күйі, адам күйі, тіршілік еткен жанның мұңы мен зары, ішкі ой-сезімі, арманы, күйініші мен қуанышы» дейді.

Ермұраттың әлемді сезінуі, сол сезім-күйді өлеңде өрнектеуі өзгеше. Ақынның мұндайда сезімі –от, тілі – қылыш.

Күлің қалды орнымда.

Өртеп кеттің деміңмен.

Оранбаса жаным мұңға

Дым жазбас та едім мен.

Тереземнен кірген самал,

Ала кетіп күлімді–

Жеткен екен іздеп саған –

Бақытына бүгінгі.

Келеді әне – дауыл, дауыл!

Ұшам!

...қалай шыдармын.

Барып қонса ақтозаң күл.

Жүзіне, сол мен шығармын.

Туған өлке табиғатын суреттеуде Ермұрат көркем кейіптеулерге жол береді:

«Екі тау екі жақтан» жақындасып,

Түн бойы алатындай ақылдасып.

Жұлдыздар таяп келіп тас төбемнен

Маңайға қонатындай топырласып...

З.Қабдоловтың: «Лирикада мінез болады. Ол – ақынның мінезі: өлеңім, өзіме тарт дегендей, әр өлең иесіне ғана тартады» дейтініндей Ермұрат өлеңдерінен ақынның от сезімге оранған, лап етіп тез тұтанар, тұтанса соңғы шоғына дейін лапылдап жанатын қызулы сезім күйі аңғарылады. Ақын тағдырдың өзіне:

Берсең,

Түн емес, түнегін бер.

Берсең,

Жай аязы емес, ақпанын бер.

Берсең,

Қылаулы тәнін емес – қызыл қанын бер.

Берсең,

Тамтығын емес – тамұғын бер, – дейтіндей.

Ақынның тілінде: «Жүректі және қызулы отқа тастадым», «Жанымды өртке малып қайтер ең», «Қасіретіңе қаймықпайтын қас жаным», «Құмарлықтан түйінделген екенмін, Ес білгелі сүйгіш болдым аруды», «Әмірін жел жүргізбес –адуын кер! Адымымды ел біледі, арынымды ел», «Ал мен жеті музасы ояу марқасқа» деп жалғаса береді.

Ақын өлеңдерін тақырып жағынан сұрыптап қараса, әлеуметтік мәселелер де(«Жатақхана –қазақтың көрі», «Бұрынғының шалдары», «Желтоқсанда» т.б), тарихи тағылымдық дүние де («Еділ», «Мұстафа мұраты», «Мөде ханның сөзі» т.б), философиялық толғаныстар («Көктегі дана, панадан», «Күніне мыңдап, түмендеп», «Талай тасыдық, төгілдік» т.б.) дидактикалық ойлар («Жалғанды жалшыма деме», «Арманның ақыры жоқ», «Әке боп жарытпаса» т.б.), көңіл күй, махаббат, сағыныш жырлары да, өмір құбылыстары мен адамзат табиғаты, шығармашылық тұлға мен табиғат сипаты да табылады. Әрі сол шығармалардың әрқайсысының оқырманға берері мол, көркем де дәмді дәні өскелең дүниелер. Ақын өлеңдеріндегі күрделі ой қабаты, әр өлеңнің өзіне ғана тән сипаты мен құрылымдық конструкциясын әр алуан келіп, оқырманынан ой тоқтатып, әр сөзін салмақтап үңіле қарауын талап етеді. Үстірт көз жүгіртіп қана түсіне қоятын жеңіл дүние емесі анық.

«Татымды достық та, қастық та жоқ» дейтін Абайдың ой сарынына үндесетін мына бір өлеңін алайық:

Жарыл жүрек!

Қонақжай бір қос деп пе?!

Қосымызды тар демеуші ек, дос көпте.

Дос азайды, азған көңіл жұртына

Қараңдаршы,

Әсем гүлдер өспеп пе?

Гүл өспесе, өскен шығар қараағаш,

Білем, соңы болмайды ғой жалаңаш.

Әкел бермен өзім үшін домбыра,

Жауым үшін –

Әзірлейін дарағаш

Қарағаш та өспепті деп келді әлгі,

Пах, пендем-ай!

Белгі болар нең қалды?!

Өзім барып үңіліп ем, көргенім –

Жетім қаңбақ, қалбаңдайды кем халды.

Өлеңдегі «азған көңіл жұрты», «қонақжай қос», «әсем гүлдер», «қараағаш», «дарағаш», «жетім қаңбақ» метафораланып келген тіркестер мен сөздер болғандықтан оқушыға айтар ойды ашық тастамай бүркемелей, меңзей жеткізеді.

Ермұрат Зейіпхан өлеңдерін зерделеп, таразылаған адам ақын шығармашылығында дәстүр жалғастығынан өзге тың ізденіс пен жаңашылдық басым екенін аңғарады. Өлеңдерінің құрылысы, көркемдік кестесі, тілдік ажары, сөз сомдауы, стилі, өлеңніңрухани-эмоциялық энергиясы, даму динамикасын байқауға болады.

Асау арманның жалына қанша жабыстым.

Жарыстым желмен,

Шаңдатып қия, жар үстін.

Табыстым таңмен,

Талдым да кештім әл үстін,

Жемісін аңсап алыстың қанша алыстым.

Қарыстың сен де,

Мен дағы қайтпай қарыстым,–

деп толғанады. Ал келесі өлеңі өзгеше құрылымымен ерекшеленеді.

Түсінбедің-ау!

Біреуді сүйе алмасам,

Басымды ие алмасам,

Ортаға сия алмасам,

Өзімді жиі алдасам,

Есімді жия алмасам –

Өлеңім үшін еді.

Түсінбедің-ау!

Арманды адыра етсем,

Маңымды дабыра етсем,

Жоқ жерден табыла кетсем,

Барымнан арыла кетсем,

Екіге жарыла кетсем –

Өлеңім үшін еді!

Ақынның жан егілісі өлеңнің әр тармағында «Түсінбедің-ау!» деп қайталанатын жолдарда еселене түседі. Оқырман да алғашқы екпінге ой тірейді. Қайта оралып соғып ақын ойын шиырлай түседі. Ақын лирикасының ән мен әуенге жақын түсетін тұстары көп. Әсіресе Ермұраттай әрі әуезгер, әрі әнші болса, өлең де ән мен әуенге булағандай кейіпке енеді. Айтар ойды ең жоғарғы нотасынан бастап төмен құлдыратып келіп түйіп тастау тәсілі іспетті.

Дей алмай, айналайын қарағым-ау

Іздеп келіп, іздеп кетіп барамын-ау!..

Сіз деп келіп, сіз деп кетіп барамын-ау!..

Іштей жағып таусар ма ең алаңым-ау!

Бұл жүрек – от емес пе, мұзың емес,

Есігімнен енеді бұзып елес...

Жазға жаттық көрсетер күзің емес

Тауып жүрмін сол жанның ізінен ес!

Бұл жүрек өрт емес пе, мұзың емес.

Ақынның әр өлеңі – өмірі, көңіл ғұмыры екеніне көз жеткізесіз. Бірде ақын:

Соңғы жаққан бір шырағым тым әлсіз,

Өршітуге мен мүдделі,

Өшіруге құмар сіз

Пейілініңіз мұнар, сыз

Мейіріңіз құнарсыз, –

десе, енді бірде өлеңді қалыпты сөйлеммен «Сізді сағынып отырмын» деп бастайды.

...Сізді сағынып отырмын, бәрі алшақта,

Қанат бер тәңірім, әнімді шаршатпа

Айналған өмірдің мәніне әр шақта,

Сағындым, жетейін, басайын қамшы атқа, -

деп поэзиялық, көркемдік палитрасына түсіреді.

Тағы бірде:

Бокалыма ішер едім мұң құйса,

Тінім әбден үйреніскен, көндіккен.

Алма-кезек Алматы мен Гүлниса,

Жанымда жүр қилы қиял өрбіткен, –

деп көңіл ғұмырынан сыр шертеді.

Ермұраттың ақындық потенциалының жоғары екендігін өлеңдерінде айтылар ой қабатынан өзге ұйқас түрінен де аңғаруға болады. Ақын ұйқастың сан түрін: қара өлеңнен бастап, ерікті ұйқас, шалыс ұйқас, шұбыртпалы ұйқас, кезекті ұйқас, егіз ұйқас түрлерін қолданады. Ұйқасты еркін қолдана отырып, өлеңді буын, бунақ жағынан да түрлендіре түседі әрі ырғақ, сөз ойнату, инверсиялау тәсілдерін қолданады.

Бір күбір, бір дүбір,

Қылды ығыр, құлдық ұр.

Қыл-қыбыр, жын-жыбыр,

Мезі етті-ау бұл ғұмыр – немесе

Келдім. Көрдім.Таныдым.

Болдым. Толдым – салымым.

Төрмін. Өрмін – сағымым.

Толдым. Солдым – Тәңірім.

Жеткен жері – әмірің, –

деп ойды атаулы сөйлемдермен таңбалап, өлеңнің графикалық формасын өзгешелейді.

Кеп ем тоймай,

Келем тоймай,

Барам тоймай – махаббат!

Пай-пай көздер,

Ай-хай кездер,

Сөздер, тездер қатал-ақ!

Бір денеде

Құр делебе,

Жүр немере аталап! –

деген сияқты жаңа өрнек іздейтін тұстары, немесе:

Сездің бе сезгір сезімім,

Мезгілді мезгіл сынайды.

Бездің бе безгір, без ұғым,

Безбеншіл көп те сұлайды, –

тармақтың соңғы буынынан өзге ішкі бунақтарын да ұйқастырып, жымдастырып қолдану үрдісін танытады.

Қазақ ұғымында түстердің білдіретін концептілік мәні талай зерттеулерге өзек болып жүр. Ақын тілінде түстер ұлттық болмыс пен шындықты бейнелеудің концептілік құралы ретінде көрініс табады. Мәселен:

Бозамық дала боз таңда

Бозарды жүзің бозбала.

Боздатып күйді созғанда

Бозармай қалған көз ғана, –

деп өлеңнің соңғы тармағына дейін аллитерациямен береді.

Ақ лақ көңілім, қара лақ көңілім,

Додагер орта кергілеп,

Шығарған өрім-өрімін

Көңілім...

Қазақ ұғымында көкпар –

білекті мен жүректінің, алқымды мен тақымдынық күш сынасар алаңы. Өмір – додасында кергіге түскен көңіл бірде ақ лақ (ақ пейіл) бірде қара лақ (қарайған көңіл) болып өрім-өрім күй кешеді. Келесі бір өлеңінде ақ, қара сөздерінің қолданысын өрістете түседі. Бір өлеңде:

Періштелерге берейін кезек,

Ақ пен қара иығымдағы... –

десе, тағы бір өлеңдегі қолданысы мынадай:

Қара түннің қойнында мен,

Қара қыз менің қойнымда.

Тағдырымның ойынында мен

Ойынына оның тойдым ба?!

Ермұраттың әр өлеңінің бойынан бусанып шығып жатқан ой мен тілдің құнары, өлең өрісі кеңге құлаш сермейді.

Поэзияға жан бітіріп, көркемдік дарытатын сөз образдары екені мәлім. Әсіресе лирикалық шығармаларда тар көлемге сығымдалған сөз образдары жеке таңбалық мәнге ие болады. Сөз таңбасын танып, астарын зерделесең, табар дәнің, мен дәмің молынан болары анық. Ғалымдардың ой-байламындағы: «Мылқау түйсікке тіл бітіріп, образ сыйлайтын, ыстық кеуденің қысымынан көркем өмірдің тың өлкесіне шығарып өзгеше өмір сүргізетін сырлы лирика» Ермұрат шығармашылыған табылады.

Ақынның сөз кестесі мен ой образдарын сөйлетсек: «Пәруанамын мен бүгін төнген отқа», Таста да бар тіршілік мүктенеді. Онда үміттің қыршылып бітпегені», «Көкірек есік күршексіз», «Шалма тастап ғайыпқа салам құрық», «Алматыда жатақ деген көрмеде, Өтер солай тағдырлар», «Мылтықтың «әні» көбейген сайын. Құстардың әні азайды», «Балтасы ем үміт талшыбығының», «Тінім менің секілді ғой мекенім», «Тірлік – кебін, туа орандым», «Таң білінді тағы да балық қарын, Бар жұлдызды жалмаған алып қарын», «Алып-ұшқан арман деген аусарым, Қаражат көрер «қайынын»», «Өмірге ұлың қолды екен», «Тән қойнында жан ойыны», «Тағдыр ит – тістеген кеуде», «О, көңілім – күй текшем», «Қарыс азу арлан мен Қанға жерік өлекшін», «Кенезе өксік шылаған», «Әбжылан дүние Алдады дерсің, арбады...Көк майын құртқан ақ жайма арты – көр қабы»деп жалғаса береді.

Ермұрат өлеңдеріндегі көркемдік тәсілдер кеңірек тоқталып, кеңітіп жазатын дүниелер. Ақын тілінде:

Сен – ханша,

Мен – ғашық құл,

Сен – күн, шығасың шашып нұр,

Мен – мұңлы ай боп жоғалам,–

деген сияқты антитезалар, параллелизм, аллетерациялық, анафора, эпифоралық қайталаулар, теңеулер мен ажарлау тәсілдері, метафораның небір көркем үлгілері кездеседі. Өлең құрылысы, поэтикалық көркемдік құралдардың молдығы, ой мен тілдің ішкі әлемінің күрделілігі, концептуалдық мәні кең қарастыруды қажет ететін тың өріс.

Біздіңше Ермұрат ақын өнер өрісіне өзі-ақ баға беріп кеткен сыңайлы:

Мен мәңгілікпін!

(Пәни, бақи деген –жай, жол айрығы

Маған сенбе(күмән-тұман, ылаң-жылан өмір ғой)

Құлпытасқа көз саларсың:

«Ей, жолаушы – сіз де біздей боларсыз...»

Наларсың...Нанарсың...

Жауабыңды табарсың!

Менің жаным маған дейін,

Дамылдапты кеуделарде сан мәрте...

Бара жатырмын,

Келе жатыр кім?

Шекарада ұлым тұр:

Төккен нұрым, еккен гүлім тұр.

Ол – мәңгіліктің көзі!

Мен – мәңгіліктің өзімін! –

дейді ақын. Расында Ермұрат Зейіпханның мәңгілікке сапары енді басталды. Қасым ақынның «Адамзат сапарының мейманымыз, Бір мезет жер бетіне кетер соғып» дегеніндей фәниде Ермұрат ақынның артына «сегіз қырлы, бір сырлы» мұра қалдырып, өзі сүйген Қазақстанының аспанында әнін қалықтатқаны – «марқасқалығы».

Жұмақаева Береке – п.ғ.к., профессор м.а.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар