Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бес кітап оқырмандарға жол тартты...

16.09.2019 4984

Бес кітап оқырмандарға жол тартты 12+

Бес кітап оқырмандарға жол тартты - adebiportal.kz

Өрісіңді ашып, қадамыңды қарыштатын аударма оқулықтар

Гуманитарлық ғылымда Тыныштықбек Әбдікәкімұлы негізін салған әдеби мектептің ілімі мен қағидатын салыстырмалы әдебиеттану бағыттында өзінше дамытқан Әбіл-Серік Әбілқасымұлы енді міне алаш жұртына 2010-2016 жылдар аралағында жасаған бес бірдей тәржімасын электронды нұсқада «Әдебиет проталы» арқылы ұсынып отыр.

Отандық әдебиет теориясы шұғыл да, жылдам өзгерістер кезеңін бастан кешуде. Ол бір жағы кеңестік идеология орынсыз таңған көптеген догмалар мен мифтердің үстемдігінен бас тартқызса, екінші жағы отаршылар Орта Азия түркілері үшін жабық та, жұмбақ әлемге айналдырған жаһандық әлем жауһарларымен сусындау мүмкіндігінің тууы өз кезегінде бұрынғы аға буын ғалымдардың қол жеткізе алмаған арманы жаңа бағыттардағы зерттеулер жүргізуге кең жол ашты. Алаш эстетикалық ойының Абайға дейінгі және Абайдан кейінгі терең қатпарларын жаңаша зерделеу, сондай-ақ, XX ғасырдағы бой көрсеткен түрлі ағымдарға бұрын беріліп келген бағалаулардың түрлі сипатын ашуға, діни-философиялық және оңтүстік аймақтарда қауырт даму үстіндегі бұқаралық әдебиеттің нышандарын бағамдау гуманитарлық ғылым салаларында бой көрсеткен ғылыми деколонизациялану үрдісінің бір белгісі болып табылады.

Гуманитарлық ғылым салаларында бой көрсеткен ғылыми деколонизациялану үрдісінің хас белгісін осы бес бірдей аудармадан тани алдық.

Алаш әдебиеттану ғылымында өшпес із қалдырған: А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұмалиев, З. Қабдолов, Б. Кенжебаев, С. Қасқабасов, С. Негимов т.б. түрлі көзқарастағы ұстанымдары тәріжімада көрініс беріп, әлемдік әдебиеттанудағы оқулық аудару дәстүрімен бірлікте алынып беріліп отыр.

Бұл аударма кітаптарда ТМД елдерінде көркем шығарманы жаңаша талдауда кең қолданылып жүрген әдебиеттанудағы ең қажетті деген ұғымдар сырттай білім алушы студенттерге арналып қысқаша тұжырымдалып берілген. Семей өңіріндегі төрт бірдей ЖОО филологиялық білім алып жатқан сырттай оқитын студенттердің оқу бағдарламалары ескеріліп, осы пәнді оқытатын ұстаздардың бөлінген уақыт таршылығынан тереңіне бойлай алмаған тұстарды аудармашы аталған оқулықтар арқылы қамтуға тырысқан.

Әдеби туынды туралы ілімді оқытатын «Әдебиеттануға кіріспе» және «Әдебиет теориясы» пәніне қойылатын университет бағдарламасы талабына лайық оқу пәнінің негізгі салаларын ашып көрсеттін орыс тілді және неміс тілді пән кітапттары дер кезінде аударылған. Болашақ филологқа ең керек-ау деген терминдер мәнін ашу үшін қажет деген ұғым-түсініктер қазақиланып берілуіне тәжірибелі әдебиеттанушы барынша ашып көрсетуге ұмтылғандығы байқалады.

И.Ф.Волков «Әдебиет теориясы» атты оқулық кітапта өте жиі бір-біріне қарама-қарсы көркем шығармашылық концепциялары, әдеби туындының поэтикалық қызметі түрлі қырынан қарастырылады. Кітапта жоо әдебиет теориясы курсы жайындағы әлеуметтендірілуден іргені аулақ салуға алғаш рет қадам жасалып, бар назар туындының көркем әлемінің өздік ерекшелігін анықтауға аударылып отыр. Кітап мазмұнындағы кейбір атаулар ғана аудармашының ұстанымы бойынша әдеби нормадан ауытқып отыр. Қалған жерлерде әдеби норма сақталған. Кейбір тараулар белгілі бір этикалық және ғылыми-концепциялық себептермен ықшамдалып беріліп отыр.

Швейцарлық неміс профессоры Макс Верлидің «Жалпы әдебиеттануы» өткен ғасырдың жаһан соғысының зәріне қарамай зерттеуін тоқтатпағандардың (герман және роман тілді) 1939-1945 жылдары аралығындағы еуропа әдебиеттануындағы (біздегідей саясатпен шырмалмаған) сол дәуірдегі әлі күнге маңызын жоймаған соны ізденістеріне шолу жасауы кеңестік арлы ғалымдарды бей-жай қалдырмай, аз тиражбен болса да, Хрущеев жылымығын пайдаланып шығарып үлгерген тамаша кітабы енді, міне, қазақ оқырманына жол тартып отыр.

Қазақ филологтарына арнап, Ә-С. Әліәкбар тәржімалап ұсынып отырған әдебиеттану санатындағы Б.С.Михайличенконың “Әдебиеттану проблемалары: әдебиет теориясы” зерттеуі «монография жанрында» орындалып, «оқулық жанрына» мүдделік танытпайды. Монографияда нақты тақырыптарды қарастырған шақта күрделенген, кейде, тіпті дискуссиялық версиялар мен гипотезалар, авторлық ой түйіндеу дәйексөздік мысалдармен бекемделіп қолданылады.

Енді «оқулық жанрына» қатысты сөз өрбітер болсақ, бұндай кітаптар тек қана шәкірттер мен студенттер үшін негізгі білім беруші әдебиет түрінде жазылып, оқулықта әрбір тақырыпқа әдіснамалық қадам жасалып, әрбір ақиқат қатып қалған қасаң ережелер мен канондануға бағынушылыққа дат айтылады.

Әдебиетті мұрат еткен жұртшылыққа ұсынылған жұмыс оқулықтардағы дербес-дербес тарамдалған нышан-белгілердің басын бір жерге қосады, сол себепті де, ондағы жекеленген бөлімдер «Әдебиет теориясына» қосымша материалдар есебінде кәдеге жарайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Әбіл-Серік Әбілқасымұлының Әдебиеттану аудармалары

Мәскеудің «Высшая школа» баспасынан 1988 жылы Г.Н.Поспеловтың басшылығымен шыққан «Әдебиеттануға кіріспе» кітабы ана тілімізге алғаш рет аударылып отыр. Үш тарауға бөлшектеніп, ХХІІІ бөлімнен тұратын бұл оқулықтың екі бөлімі (VІ бөлім /көркем әдебиеттің таптығы мен партиялығы/ және ХХІІ бөлім /социалистік реализм әдебиеті/) уақыт талабына орай өз өміршеңдігін жоғалтқандықтан аудармашылар тарапынан санаттан шығарылып тасталды. Сондықтан, аталған кітап өзінің толық нұсқасында емес, біршама қысқарған қалпында қазақи ұғымға бейімделіп ықшамдалдып тәржімаланды. Екпінге негізделген орыс тілінің ерекшелігін сақтау үшін түпнұсқа мәтіндегі өлең үзінділері аударылмай сол қалпында беріліп отырады. Марксистік идеологияға толы мәтін үзіктері, тұтас сөйлемдер замана ағымына орай тәржімаланбай қалдырылып кетілді. Бірақ одан аударма мазмұнына зиян тигізілген жоқ. Г.Н.Поспеловтың басшылығымен шыққан бұл ұжымдық еңбектің қазақша аудармасы студенттер мен оқушыларға әдебиет теориясының әліппесін оқып үйренуде үлкен көмек көрсетеді деп сенеміз.

Қазіргі таңда қазақ әдебиетіне аударма саласында елеулі үлес қосып жүрген – Ә-С.Әбілқасымұлының бұл 5 бірдей тәржімасы көптің қызығушылығын тудырып, болашақ зерттеушілерге әдебиет теориясын заман талабына сай зерделеуге үлгі болады деп есептейміз.

Кітап болашақ филологтарға берері мол – аударма саласындағы үздік жетістік десек артық айтпаймыз.

Филология ғылымдарының кандидаты,

доцент м.а. Мауленов Алмасбек Анықбекұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар