Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«Бесатар» шығармасының талдауы туралы бірер сөз...

04.04.2017 122604

«Бесатар» шығармасының талдауы туралы бірер сөз

«Бесатар» шығармасының талдауы туралы бірер сөз - adebiportal.kz

Әлия Бөпежанова,

сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

Көркем шығарманың жазылуы бар да, оның рухани айналымға түсуі, сол деңгейде қоғамдық ойға әсері бар. Бұл ретте, әрине, көркем сынның атқаратын міндеті үлкен. Көркем сыны әлсіз әдебиет мың жерден мықты болсын мейлі, тереңін толық аша алмайды, небір интерпретацияларға бастай алмайды. Айтар ойы терең шығарманы айтар ойы терең сын талдаса – оқырман құныға оқиды, көкірегіне әлдебір сәуле түсіреді. Осы бір үлкен міндетті жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Кітапхана» жобасы атқарды. «Білім және Мәдениет» арнасында өткен сын-сұхбаттардың үздіктері жеке жинақ болып та жарық көргені қуаныш. Ал, олардың арасынан да бөле-жара бір туындыны атасам, ол -

«ШЫҒАРМА АТЫ –«БЕСАТАР», АВТОРЫ – АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВ» атты сұхбат.

Біріншіден, осылайша толымды блиц-талдауға көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Сүлейменовтің «Бесатар» повесінің өзі өте жақсы негіз бола алады. Және де Ғабең, көрнекті суреткер Ғабит Мүсіреповтің ақжол мақаласынан бастап бірталай сыншылар, әдебиеттанушы, философ ғалымдар талдаған шығарма.

Бұл сын-сұхбатта «Бесатар» әр қырынан қарастырылады, Көрнекті тарихшы М.Қойгелдиев пен белгілі әдебиеттанушы Ұ.Еркінбай әрқайсысы повесті өз тарапынан жоғары кәсіби түрде талдап, шығарманың жаңалығы, ерекшелігі неде? – деген сауалдар төңірегінде ой қозғайды.

«Асқар Сүлейменов 1917 жылғы революциялық төңкерісті, соның қарсаңындағы, сонан кейінгі өзгерістерді басынан кешірген Жүсіпбек Айтмауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты тұлғалы жазушылардың жалғасы» дейді М.Қойгелдиев.

«Бесатар» –бір авторлық стратегияны нақты практика жүзінде көрсеткен шығарма. Тікелей генетикалық ерекшелігімізді сақтай отырып, осылай да жазуға болатынын нақты көрсеткен. Ерекшелігі бес қолдың саласындай анық байқалады. Ішкі мәтін энергетикасы көзге ұрып тұр» дейді Ұ.Еркінбай.

Талдау-сұхбатты Жүсіпбектің өзі жақсы бастап, жүлгелеп, ой түйіп отырады. Сондықтан да мұнда шын мәнісіндегі талдау, сұхбаттастық бар. Сондықтан да оқырманның әр типі, әр категориясы үшін бұл сын-сұхбаттың маңызы елеулі, беретін үлгісі де жоқ емес. Демек, осы және осы сипаттас сынды әр басылымдарға жариялап, кейде қажетінше қайталап жариялап отыру өте қажет.

«ШЫҒАРМА АТЫ «БЕСАТАР»,

АВТОРЫ – АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВ»

«Әдебиет – ардың ісі» деген жақсы сөз бар. Кейінгі уақытта осы сөзді қаперден шығарып алған сияқтымыз. Міне, нақ осы анықтамаға бірден-бір лайық жазушы кім десек, Асқар СҮЛЕЙМЕНОВТІ айтатын едік. Асқар Сүлейменовтің атақты «Бесатар» повесін талдауға көрнекті тарихшымыз Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ мен әдебиеттанушы ғалым Ұлан ЕРКІНБАЙ қатысты.

Жүсіпбек Қорғасбек: Маған, Мәке, Әлия Бөпежанова сізді ұсынды. «Бесатарға» екінің бірінің тісі бата қоймас. Тарих, әдебиет, философия үшеуі қоғамдаспаса, бұл шығармаға тереңдеп бойлап бару қиын. Естуімше, Асқар Сүлейменовпен көзінің тірісінде де араласқан көрінесіз. Жанкештілікпен жазылған мына шығарма Асқар Сүлейменов болмысынан бөлек емес. Қайта бір еске түсіргенде нені ойладыңыз?

Мәмбет Қойгелді: Есімде, осы 70-жылдардың алғашқы жартысында Әуезов театрында Қалижан Бекхожиннің «Ұлан асу» деген драмасы қойылды. Соның беташар спектаклі болды, бардық. Асекеңді алғаш рет көріп таныстық. Спектакльді қойған Қадыр Жетпісбаев ол кезде жас болатын. Асекең спектакль туралы жақсы пікір айтты. Оны айтқан себебі, ең соңында, ұмытпасам, Абылай хан қазаққа ұран тастап, жігерлі сөз айтып, қолындағы қылышын сахнадан кетер алдында, сахнаның төріне қадады. Қадаған уақытта перде жабылды да, дірілдеген қылыш көрермен жақта қалып қойды. Абылай ханның рөлінде ойнаған Ыдырыс Ноғайбаев ар жағында қалды. Сол сәт өте бір сәтті шықты. Бұрын мен «Бесатарды» оқығанмын. Сол жолы ол кісінің азаматтық ұстанымымен аздап танысқандай болдым. Артынан үйінде болдық, Асекең шеті жоқ, шегі жоқ шертпе күй тартты түн бойы, ғажап күйші екен. Сонан кейін бір-екі ән салды. Әнді де бабында, керемет ғажап айтады екен.

Ал енді менің түсінігім бойынша, Асқар Сүлейменов 1917 жылғы революциялық төңкерісті, соның қарсаңындағы, сонан кейінгі өзгерістерді басынан кешірген Жүсіпбек Айтмауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты тұлғалы жазушылардың жалғасы. Осы өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ әдебиетінде қарсылық әдебиеті қалыптасқан, протестная литература. Ол қарсылық әдебиетінің негізін қалаушы, меніңше, Мағжан Жұмабаев. Оның «Табалдырық» аталатын бағдарламалық шығармасы манифестке жатады. «Манифест» деп біз кітап шығардық. Сонда Мағжан Жұмабаев қазақ әдебиетінде тұнғыш рет ұлттық әдебиет қандай болу керек екендігіне жауап берді. Бағдарламалық деңгейде жауап берді. Ал мұндай бағдарламалық ұстанымда жазылған еңбек қазақ әдебиетінде Мағжанға дейін де, Мағжаннан кейін де болған емес. «Ұлттық әдебиет қандай болу керек?» деген сұрауға Мағжан жақсы тамаша жауап берген. 20-30 жылдардағы реформа тұсында кеңестік билік қазақ қоғамына үлкен қиянат жасады. Түрлі зорлықтарды жүргізді. Сол кезде бізде қарсылық әдебиет өмірге келді. Ол әдебиеттің басы – Мағжанның «Табалдырығы», сонан кейін «Нүсіпхан» деген тамаша поэмасы бар ғажап. Ол да сол қарсылық әдебиетінің ғажап көрінісі. Мысалға: Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» де қарсылықтың тамаша көрінісі. Әуезовтің «Хан Кенесі» де сол қарсылық әдебиеттің үлгісі. Жүсіпбек Айтмауытовтың «Ақбілегі» де сол қарсылық әдебиеттің көрінісі. Қарсылық әдебиет бізде кейін сөніп қалды. Өшіп қалды. Тоталитарлық жүйе әдебиеттегі қарсылықты жойды басып-жаншып. 60-жылдардағы орыстандыру саясаты, сондағы тоталитарлық идеология, соған қарсылық, бұл мынау Асқар Сүлейменовтің «Бесатары», мен солай бағалаймын.

Жүсіпбек Қорғасбек: Өзі анау Хрущевтің жылымығының тұсына да келіп тұр ғой деймін.

Мәмбет Қойгелді: 60-жылдары, соның аяғын ала келген шығарма. Дұрыс айтасыз.

Жүсіпбек Қорғасбек: «Бесатардың» атын шығарған, әрине, жазушының өзін былай қоя тұрған кезде, біздің классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов. Ғабаңның «Шығарма аты – «Бесін», авторы – Асқар» деген атақты мақаласы бар. Ол жерде жаңағы сіз айтып отырған нәрселер ашық айтылмайды, тілдік ерекшеліктеріне тоқтала келіп, ұлтқа керек әдебиет шығармасы екенін айта отырып, ойын астарлап, сыналап жеткізеді. Сонда біз таңқалатынбыз, басқа да үлкен жазушыларымыз бар, қаншама шығармалар, том-том кітаптар шығып жатыр. Ғабит Мүсірепов соның барлығын аттап өтіп, нақ осы шығарма мен оның авторының атын атап, түсін түстеп, соншалықты назар аударғаны неліктен? Көрдіңіз бе, үлкен адам, үлкен жазушы бұл шығарманың қарыс-қарыс астарын байқап отыр. Бір сөз, бір сөйлем есімде тұр. «Ағы келіп әптер-тәптерімізді шығарды, енді қызылы қайтер екен?» дейді. Бұл сөйлемнің өзінің астарында көп мағына жатыр.

Мәмбет Қойгелді: Бірақ осы жерде қосымша бірнәрсе айтайын. Әдебиетіміздегі ірі тұлғалардың ұстанымын, көзқарасын ашқан уақытта, көп жағдайда оның екінші жағы қалтарыста қалып қоя береді. Мына нәрсені байқаңызшы, Мүсірепов өте жақсы бағалады, түсінді. Асқар Сүлейменовтің әдеби көркемдік ұстанымын жоғары бағалады...

Жүсіпбек Қорғасбек: Бірақ сіз айтқан ерекшеліктерді ашып айта алған жоқ қой ол кісі...

Мәмбет Қойгелді: Айта алмайды, ол кезде айтуға да болмайды...

Жүсіпбек Қорғасбек: Иә, ол кезде заман солай ғой...

Мәмбет Қойгелді: Ал бірақ мен жаңа сізге айттым, Ілияс Есенберлин «Қаһарды» осы мағынада, осы астарда жазды, солай жасалған шығарма. Алайда Мүсіреповтің Есенберлиннің шығармасы туралы ұстанымы мүлдем басқа. Меніңше, қай уақытта да мән-мағынасын жоғалтпайтын тақырып – Кенесары тақырыбы. Кенесары өйткені ұлттық санамен, жаңғырумен тікелей байланысты. Сондықтан мен Ғабит Мүсіреповтің Ілияс Есенберлиннің «Қаһарын» тура түсініп, тура бағаламағанына қайран қалам.

Жүсіпбек Қорғасбек: Бұл жерде біз мына нәрсені айтуымыз керек. Ғабит Мүсірепов сондай мақала жазбағанда, «Бесатардың» жолы кесіліп қалуы мүмкін еді. Бұл өзі осы шығарманы қорғау үшін жазылғандай көрінеді маған. «Бесатардың» ерекшеліктеріне тоқталайықшы. Анау Иноземцев деген ақтың офицері қолға түседі ғой. Сонда мынадай бір сөйлем бар: «Ақжалдың езуінен сабын көбікті бір-бір тамызып, жасыл шапандардың қолына түсті» дейді. Ешқандай балталап бұза алмайтын сөйлем. Кейбір жазушыларымыз қалай амандасқанын, қалай тамақ ішкенін, киімін қалай шешіп-кигенін суреттеп отырып алады дейді. Ал соның барлығын Асқар Сүлейменов бір-ақ сөйлемге сыйғызып отыр. Сонда да бүкіл көріністі сақтап отыр. Кейбір нәрселер айтпаса да түсінікті болатын жайт. Асқар Сүлейменовтің «Бесатарының» көркемдік ерекшеліктеріне бір тоқталып алсақ жақсы болар еді.

Ұлан Еркінбай: Әдебиетте әр дәуірдің өзінің бір палитрасы болады ғой. Сонда көзге ең алғаш ілігетін авторлардың бірі Асқар Сүлейменов. «Бесатарға» келетін болсақ, бастауының өзінде: «Түркістанның босағасын келін болмай кесір боп, 16- жылдың шілдесі аттады» дейді. Осы бір сөйлеммен-ақ өзінің идеялық ұстанымын аңдатып үлгереді. Жаңа сіз айтып отырғандай, реалистік әдебиетте болсын, кейінгі модернизмде де, өзі жалпы 70-80 пайызы осы оқиға қуалаушылықпен келіп жатты.

Ал, «Бесатар» – бір авторлық стратегияны нақты практика жүзінде көрсеткен шығарма. Тікелей генетикалық ерекшелігімізді сақтай отырып, осылай да жазуға болатынын нақты көрсеткен. Ерекшелігі бес қолдың саласындай анық байқалады. Ішкі мәтін энергетикасы көзге ұрып тұр. Постмодернистік әдебиет сипаттарының жақсы жақтарын алатын тұстары бар, жүйелік тұрғысынан. Кез келген нәрсені жүйелей білу керек. Осы жағынан Асқар Сүлейменов математикалық әдебиетті меңгерген бе деп ойлаймын. Кез келген ұлттың өзіне тән характерлік образдары болады. Олардың ара салмағы қалай болады деген мәселелерде жаңағы Крейгель, Иноземцевтердің өзін нағыз қазақи формуламен беріп жіберген. Екеуін де қазақы танымды, қазақтың өзінен де терең білетіндей етіп көрсеткен. Қымыз ішулері олардың, мысалы. Қымызға деген аңсарлары сұмдық. Сөйте тұра самогонды да аңсап тұрады. Самогонға жетпейді ғой дегендей. Қарала аттың сезік-сезімін араластырып отырады. «Қараланың түйсігімен офицердің аузынан арпаның иісі шығып тұр» деп, аттың да мінезін көрсетіп кетеді. Осының бәрі мәтін энергетикасында ерекше байқалады.

Мәмбет Қойгелді: Жалпы, Асқар Сүлейменовтің «Бесатарының» тарихи негіздерін аттап өту мүмкін емес. Өйткені мынау шығарма тарихқа байлаулы кезеңдік шығарма. Тарих арқылы Асқар өзі өмір сүрген кезеңдегі ұлттың проблемасын айтып отыр. Ал енді ол қайдан басталды дегенде, осы тарихқа апарады. Мысалы, 16 жылғы көтерілісте қазақ жеңіліс тапты. Сәруәр өледі шығарманың соңында. Сәруардың өлімін Асқар Сүлейменов қазақтың жеңілісімен паралель ұстап отыр. Түнгі болған бір әңгімеде былай деді маған. Созақ көтерілісін бастаған Сұлтанбек Шанақов 400-ге жуық адамды төңірегіне жинаған, соның ішінде бір 16-17 жасар бозбала жігіт бар екен. Жаңағы Сәруар сияқты. Ол мерген екен. Төбенің басына шығып алып, ешкімді жолатпай, төбені алам деген қызыл әскердің бәрін қырып салып отырды дейді. Сонда ең артында жаңағы баланы қызыл әскер ұстап алып, екі қолын артына таңып, мойнына қыл арқан іліп, ат құйрығына байлап, Шымкентке алып кетіпті. Шымкентке алып келіп, көшемен солай жүріп өтіпті. «Бүкіл халық соған куә болған» деді Асекең. 1928-30 жылдары Оңтүстік Қазақстан өңірінде, Созақта ишандарды репрессияға ұшыратқан Кеңес өкіметі. Ишандар әулетін жойған. Ишандар институты қалыптасқан еді ол кезде. Мысалға Шаян мешітінде үлкен медресе болған. Ал енді сол ишандар институтын жойған Кеңес өкіметі. Асекең өзі қожа ғой. Ал сол Созақта Әлкен Жәңгірқожаев деген бір атақты қожа болған. Сол Әлкен Жәңгірқожаев өте белсенді ишан, өте білімді тұлға. Шаян мешітінің имамы Ақишан деген болған, атақты ишан. Ақишан бүкіл ишандар әулиетінің басшысы ретінде саналған Оңтүстік Қазақстанда. Сол Ақишанды соттаған. Әлкен Жәңгірқожаев та сотталды. Жалпы сол кездегі Оңтүстік Қазақстандағы, соның ішінде Созақтағы ишандар әулетін Кеңес өкіметі жойды. Әрине, бұл Созақтағы көтерілістің басылуы. Ишандар әулетінің жойылуы. Ол, әрине, ізсіз кеткен жоқ. «Бесатардың» тарихи негіздері сонда жатқанына менің ешқандай күмәнім жоқ.

Жүсіпбек Қорғасбек: Бұл енді негізі 16-жылды өзек етіп алып отырғанымен, содан бергі жағдайлардың, оқиғалардың барлығын сығымдап-сығымдап, осыған сыйғызып отыр ғой.

Мәмбет Қойгелді: Дұрыс айтасыз, бұл концептуалды шығарма. Бұның өзінің концепциясы бар. Мысалға мынаны қараңызшы, тұтқындағы Сәруәрдің жағдайын сырттағы Қарала біліп отырады. Қараламен екеуінің арасындағы үндестік бар ғажап. Шығарманың концепциясы неден көрінеді? Шығарма финалында Крейгель: «Ну, Голоножкин», – жаңағы орыс солдатын айтады, – «очередь твоя, отличись» деп, қолына маузер береді. Сәруарды ат дейді. Сонда Голоножкин: «Я не могу, Ваше благородие», – дейді. «Что не можешь?» – дейді. «Я живу на их земле», – дейді. «Осылардың жерінде тұрмын, атуға қолым бармайды» дегені. Орыстың қарапайым мұжығының ұстанымын беріп тұр Асекең. Крейгель маузерді жұлып алды да бірінші Голоножкиннің өзін атты дейді, екінші Сәруарды атты дейді. Сонда қорада байлаулы тұрған Қарала шыңғырды дейді.

Жүсіпбек Қорғасбек: «Құлын дауысымен шырқырап Қазығұрт шыңғырды, шыңғырған әлде Қарала ма – білмеймін?» деп келетіні содан екен.

Мәмбет Қойгелді: Сонда Сәруарды өлтіреді. Сәруармен бірге Қараланы да өлтіреді. Қараңызшы, финалы қандай трагедиялық финал. Концептуалдық шығарма. Көркем шығарманы осындай жоғары дәрежеге көтеру, концептуалды дәрежеге көтеру, бұл әрине Асқар Сүлейменовтің шығармашылық қабілетіне тән құбылыс деп ойлаймын.

Жүсіпбек Қорғасбек: Өзі бұл жан-жақты ойластырылып жазылған шығарма. Бүкіл астары, сыр-сипаты барлығы тұғырына берік орныққан. Ғабит Мүсірепов бұл жерде сырттай қызықтау жоқ дейді, ішіне кіріп, ішіне түсіп жазу бар дейді. Ол кісі де жақсы байқап отыр. Мысал үшін қарасаңыз, кейіпкерлер онша көп емес. Бағанағы Иноземцев бар тұтқынға түсетін. Соны құтқарам деп жүрген Крейгель бар. Сосын ауылдың ақсақалы Төрехан бар. Оның баласы, әкесін құтқарам деп келіп, анадай қайғылы қазаға ұшыраған, оқыған, қаланың қазағы Сәруар бар. Мұқағали деген ауылдың азаматы, батыр жігіт бар. Осындай бір санаулы ғана кейіпкерлер. Сол маңайдағы, Қазығұрттың қойнауындағы табиғат, адамдар, ауыл-аймақ, соның барлығын біртұтас дүние етіп бейнелейді, суреттейді. Тіптен табиғаттың өзін кейіптеп жібереді. Бағанағы «Қарала шыңғырды ма, Қазығұрт шыңғырды ма?» деп келетін жері сол. Мұны айтып отырғаным, модерндік сипаттар деп отырғаным, ол кезде қазақтың жазушыларының бірде-бірінде мұндай тәсілдер қолданылған жоқ. Мысал үшін қараңыз, Сәруардың өзі тұтқында жатқан кезде жаны соншама қиналады ғой. Соншама қасірет шегеді. Сонда тісі өсіп кетеді. Мына Маркестердің қолданып жүрген элементтері ғой. Оны сол кезде қолданып отыр Асқар Сүлейменов. Бір Сәруардың өзі үшке айналып кетеді қосамжарланып, адамдардың екіге-үшке бөлініп кетуі, мәселен. Біз ондайды кейін Төлен Әбдіковтің «Оң қолынан», Мұхтар Мағауиннің «Жармағынан» байқадық қой. Олардан бұрын қазақ әдебиетінде осы Асқар Сүлейменовте болған. Әрине, шетел әдебиетін, Герман Гесселерді айтпағанда...

Ұлан Еркінбай: Кейіпкерлердің қосамжарланып кетуі арнайы қолданылып отырған тәсіл. Асекең мәтінді барынша синтетикалық жүйемен бергісі келген. Классикалық модернизмді де ұмытпауымыз керек. Алдарында үлкен-үлкен тұлғалар бар, Достоевскийлер тұр, Толстойлар тұр, Флобер тұр. Бірақ енді осы авторлардың барлығын айтқан кезде, Сүлейменовте жаңағы кейіпкерлердің мінез ауысуы бәрібір жаңаша келтірілген. Бұл енді көркемдік мәтіндегі функционалдық жағдайлар ғой. Әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабеков тарихи повесть деген жанрлық анықтама береді «Қилы заман» мен «Бесатарға». Осы арада әдебиеттанушылардың бір қиналып қалатын жағдайы бар, тарихи негізде жазылған дүние ғой. Біз енді өнер тұрғысынан қарастырамыз.

Өнер тұрғысынан қарастырғаннан кейін оған талап мүлдем басқаша болады, өлшем де басқаша болады. Асқар Сүлейменовтің ұтқан жері осында, өнер мен тарихтың тоғысын керемет бейнелеп беруінде. Әсіресе шығарманың финалында Мұқағали мен Иноземцевтің диалогы аса шамырқанып тұр, бұл шын мәнінде осы шығарманың кульминациялық шыңы деуге болады. Иноземцевтің ойын барлығын өзіне айтқызады.

Жүсіпбек Қорғасбек: Галлюцинацияға пара-пар әрекетке барғызған. Бұл да бір модерндік сипаттағы элементтер. Қажығұмар Шабданұлы деген үлкен жазушымыз болды ғой, арғы беттегі. Қазір марқұм болып кетті. Сол кісінің «Қылмыс» деген романында осындай тәсіл бар. «Мен қылмыскермін» деп басталатын. Өзінің әрбір ісін «бұл менің қылмысым» деп түсіндіреді тергеушіге. Мұндағы ащы мысқыл тергеушінің күдік-күмәнін он орап тұр. Көмбедегі астықты көріп қоюым қылмыс дейді, халықтың басына салынған зобалаңды біліп қоюым қылмыс дейді, мысалы, Қажығұмар Шабданұлы.

Ұлан Еркінбай: Жаңағы айтып өткен кульминациялық сәт бүкіл шығарманың өн бойынан өрбіп шыққан. Жалпы жазу мақсаты сол жерде, Мұқағали мен Иноземцевтің диалогында көрінеді. Бұл диалог өзі біржақты монологты түрде болған диалог. Себебі Мұқағалидың Иноземцевке сөйлейтін мұршасы да жоқ, оны көркемдік тәсілмен автор керемет пайдаланып отыр. Тіптен бұл жерде Мұқағалидың орнында Асқар Сүлейменовтің өзі отыр. «Атқан мен емес», – деді Иноземцев. «Мен, – деді Мұқағали. – Біз десе іші-бауырыңның бала сүйгендей елжіреп кетерін білем ғой. Сен емес, әлбәттә».

Жүсіпбек Қорғасбек: «Нұрғазыны екі солдатқа сүйретіп апарып, жер тандырға жыққан мен. Сен емес, мен. Мен, Рәйім екеуміз әлбәттә. Марқұм әкейдің жалғыз қалған бастасы еді. Тіріде қалған жалғызын о дүниеге өз қолымен аттандырғысы келгенде аянып қалған қайратты асыма шашам ба? Нұрғазыны екі солдатқа сүйретіп апарып қызыл шоққа жыққан мен. Мен – Рекең екеуміз. Қара ормандай сыңсып туған, сыңсып тұрған жұртпыз ғой: біз үшін бала зәру боп па. Марқұм әкейдің жалғыз қалған бастасы, Рекең, баласы Нұрғазының оң қолын шынтағынан қайырып алдық та, қойдың қиы жайнаған жер тандырға аттық та жібердік. Біз үшін бала зәру, азамат зәру, жолдас зәру боп па – аттық та жібердік. Өзі де бір, Нұрашты айтам, шыбық тимес шыңқ етер екен. Кеңсірікке дүммен соғып тандырға жыққанда шыдап жата алмады. Оны сен бірақ көрген жоқсың-ау, батыр. Оны сен көрген жоқсың-ау. Жайлаудағы ақ үйден ерулік жеп отырған мол арқардың майбүйрек лағын аулап жүрген сен, Рекеңнің ауылында не болып, не қойып жатқанын қайдан білесің. Білмейсің, әлбәттә. Үйтілген Нұрғазының қалай-қалай тулағанын, аңсыраған жас батыр сен қайдан білесің. Білмейсің, әлбәттә... Жігітке нелер келіп, нелер кетпес... Күйген деген сөз боп па. Тандырдағы қойдың қиына жауырынын төсегенді былай қойып, сендей асыл батырлар маздаған шоқты уыстап асап жүр ғой, маздаған шоқты қос уыстап асап қоюға да мүмкін. Асап па ең?!. Асамасаң асарсың». Мұндай ащы мысқылды еш жерден оқымаппын. Көзден жас емес, қан аққандай екен. Мұндай ащы сарказм қай әдебиетте бар, қайда бар?

Ұлан Еркінбай: Одан құйқаның иісі шықты дейді. Сарказм – шегіне жеткен бейнелеу. Ахмет Байтұрсынұлы бұны бейнелеудің идеялық тереңдігі деп айтады. Ойларын тереңдетіп, шиырлата береді. Бейнелеудің тереңдігін осы жерде көрсетеді. Енді тағы Нұрғазы тандырдан шыққанда өзін-өзі атқызады аузынан.

Жүсіпбек Қорғасбек: Екі шынтағын тіреп алып, тандырдағы шоққа қақталып күйіп қалған адам ғой. Соның арса-арса боп тұрып келе жатқаны сұмдық көрініс енді.

Ұлан Еркінбай: Шығармада кез келген көркем мәтінде екінші модульдік жүйе деген болады. Екінші жүйе қатар жүріп отырады. «Бесатардағы» екінші модульдік жүйе ұлты өзге адамдардың көзқарасымен қазаққа баға беруінде жатыр.

Жүсіпбек Қорғасбек: Сол 16-жылдары неше түрлі сұмдықтар болған ғой. Үлкен кісілер ауызша айтып, таралып жүрген әңгімелер. Соны Асқар Сүлейменов осы шығармасында керемет жазады. Кеңес заманында, тоталитаризмнің заманында соны иін қанықтырып анықтап тұрып, адамның жұлын-жүйкесін шымырлататындай қылып тұрып жазған. Басқа шығармалардан біз ондай көріністерді аса бір көре алған жоқпыз. Сол кездегі ситуация, сол кездегі ахуал, соның барлығына жан-жақты көзқараспен келетұғын болсақ, бұл шығарманың өңі ашыла түседі.

Мәмбет Қойгелді: Есіме бір нәрсе түседі. Жүсіпбек Аймауытовқа: «Ақбілекті» қалай жаздыңыз?» деген сұрақ қояды. «Салт атпен жолға шығып ем, бір қырдан аса бергенде тура алдымнан көтеріліп келе жатқан бір топ ақ казактарға кезіктім» дейді Аймауытов. Қытайға қашып бара жатқан ақтар дейді. Ішінде бір пәуеске бар екен дейді. Суыт кетіп бара жатыр, түрлерінен адам қорқады дейді. Мен енді бұрылуға шамам келмей қалды, қарсы жүруге тура келді дейді. Олардың маған да тоқтап сөйлесуге онша уақыты болған жоқ дейді. Асығып қашып бара жатыр екен. Өте бергенде көрдім, пәуескеде қазақтың келіншегі отыр екен, жалғыз өзі дейді. Көзім түсіп кетті, қарасам маған тесіліп қарап отыр екен дейді. Сонда «ағатай-ай, мені де ала кетші» дегендей бір өтініш оқығандай болдым көзінен дейді. Ал менің қолымда ешқандай шарам жоқ істейтін, бірақ көзі мені тесіп өткендей болды дейді. Содан біраз жерге барғаннан кейін, артыма қарасам ана келіншек те артына қарап кетіп бара жатыр дейді. Сол сурет көз алдымда қалып қойды, сол суреттен кейін мен ұйықтай алмадым дейді.

Жүсіпбек Қорғасбек: Иә, екі шығарманың арасында сабақтастық бар. Дұрыс байқап отырсыз.

Мәмбет Қойгелді: Көрдіңіз бе, Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» осындай іш өртеген сезімнен туған, осындай өкінішті ойдан туған, осы тұрғыдан қорытылған шығарма.

Ұлан Еркінбай: Мәмбет аға дұрыс айтып отыр. Себебі, автордың өзінің де санасының қалыптасуы сол орта ғой, сол кезең. Оның үстіне жаңа айтқанымыздай, жалпы тумысынан ізденімпаз кісі автор. Студенттердің Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби бірлестігі бар. Оқытушы болған соң басы-қасындамын. Сонда әдебиеттегі мәңгілік образдар деген тақырыпты көтеріп жүрміз. Көп томдық жинақ шығармақпыз. Мәңгілік образ деген кейіпкер ғана емес, нақтылы адам да болуы мүмкін. Ол өнім де болуы мүмкін, махаббат та болуы мүмкін, мысалы. Соның ішінде бір тақырыпшасы әліпби бойынша «ұлттық мінез» деп келеді. Мәңгілік образдардың бірі – ұлттық мінез. Осы тұрғыдан қарағанда, «Бесатар» бізге ұран іспеттес. Асқар Сүлейменов «Бесатарды» сондай стратегиялық ұстаныммен жазып шыққан.

Жүсіпбек Қорғасбек: Тілі өтімді, өткір, дәл, бейнелі. «Табанасты бұлақтың сызы шапқан жалаңаш жыра жылқының қақтаған қара етіндей екен», – дейді. Маузерді оқтағанда, ұңғысы «қозының аузы құсап ашылды» дейді. Енді қараңызшы, бес-алты адамды тұрғызып қойып, оқ қаншасынан өтеді екен деп ату не сұмдық. Міне, Асқар Сүлейменов осыны жазып отыр. Содан кейінгі тағы бір сөйлем бар. Қарала текті жылқы ғой. «Қарала бейне жапа басқандай артқы аяғын сілкіп тастады, сонсоң құлын басы сияр-сыймас тесікке иегін асты», – дейді. Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» атты повесі де осылай халықтың басына қасірет төндірген небір сұмдық жаманаттарды сілкіп тастаған текті шығарма деп есептейміз.

«Білім және мәдениет» телеарнасының

«Кітапхана» бағдарламасы, 2014ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар