Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Бесеудің ойы: драматургия - 2...

18.05.2017 16617

Бесеудің ойы: драматургия - 2

Бесеудің ойы: драматургия - 2 - adebiportal.kz

Драматургияға екінің бірі қалам тарта бермейді. Әдебиеттегі кемелділікті қалайтын жанрдың бүгінгі көрінісі қандай? Драматургияны «қазақ әдебиеті үшін жас жанр» деген пікірлер де бар. Дегенмен ұлттық драматургияның бастауы мен дамуы өткен ғасырдан басталатынын айтсақ, одан бергі уақытты есептеп берудің қажеті де шамалы. Бірақ бүгінгі таңда драматугияда буын алмасу үрдісі болып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан аға буынмен қатар жастарды да сөйлетуге тырыстық.

I. Қазір драматург пен театрдың инициативасы көрермендердің көңілінен шығып жатыр ма?

Роза МҰҚАНОВА, драматург: Көрерменнің көңілінен шығып жатса, театрда ине шаншар жер қалмай, көрермен жерге отырып спектакль көретін жағдайға жетер еді. Театр көрерменге толыққанды қызмет етіп отырған жоқ, театр бюджеттен түскен қаражатты «еміп» отыруды ғана біледі. Себебі режиссерлер ізденбейді, бұрынғы 10-15 жыл қойылған сахналық дүниелерін анда-мұнда қыстырып үйреніп қалған. Жаңа көзқарас, жаңа ізденіс жоқ. Бір спектаклі бір спектакліне ұқсас, қайталау. Бұрынғы облыстық театрларда қойылған дүниені алып келіп, қайталап қоя беретін болды. Жас, ойы жүйрік, талантты, өткір режиссерлерді театрға жолатпайды. Фархат Молдағалиев, Балтабек Нұрғалиев, Гүлбану Байзақова сынды жас таланттар бар.

Театрда көркемдік кеңес жасақталуы керек! Көркемдік кеңес театрдың қызметкерлерінен ғана жасақталмауы керек. Құрамына режиссер, драматург, актер, театр сыншылары кіруі керек. Сонда ғана әділ шешім болады.Жаңа идеялар ортаға салынып айтылуы, жазылуы тиіс. Театрды жеке бастың патшалығы етуге болмайды. Тек режиссердің идеясы мен көркемдік жетекшінің, әдебиет бөлімінің кіші қызметкеріне дейін өз балагандары мен белибердалары қойылмауы керек. «Жоғары жақ айтты» деген желеумен өмірі пьеса жазбаған журналистердің публицистикалық сарындағы «пьесалары» қойыла бастады. «Бармақ басты, көз қыстыдан» арылатын уақыт жетті. Осы індеттен бой тазартқанда ғана халық театрға өз еркімен ағыла бастайды. Ал бұл дерттен арылмайынша, театрға әскерилерді, оқушыларды зорлап әкеле беру тиылмайды. Театрды КВН-нің, мияулаған, аузын қисайтып, тілін шығарған, шашын жұлып, арқасын қаситын, ит болып ұли алатын арзан эффектілерден биік қою керек. Театр – кейіпкер образын актер шеберлігі мен режиссер тапқырлығымен сын-сағатта сендіре, сіңіре алатын өнердің киелі алаңы.

Болат АТАБАЕВ, режиссер: Бәрінің көңілінен шығу мүмкін бе? Жел соқпаса екен. Дауыл тұрмаса екен. Қар жапалақтап жаумаса екен... Найзағай жарқылдамай, күн күркіремей, жаңбыр нөсерлеп жаумай кемпірқосақ шықпайды ғой?! Ауа тазаланбайды!

Көрерменнің көңілінен шығу деген не?! Көрерменнің немесе артымен диірмен тартқан қалталының таным-талғам деңгейіне түсу. Орысша айтсақ «массовая культура» немесе «ширпотреб» өндіру! Көрерменді қорс-қорс жылатып, қарқ-қарқ күлдіргенге «керемет өнер жасадым» деп мен де кезінде тоқмейілсіп жүрдім. Шығармашылық жолда жүрген шын суреткер тұлғада «көрерменнің көңілінен шығу» деген мақсат болмайды! Шын әдебиет, шын өнер тұтынушының көңілінен шықпауы әбден мүмкін. Себебі ол бір адым болса да көрерменнің алдында жүреді, артында емес. Ол үшін сауат керек!

Ислам досымның бір әңгімесі еске түсіп отыр. Баяғыда Мұхтар Әуезов нағашыларының ауылына барам деп жолға шығыпты. Облыс, қала басшылары өре түрегеліп, қошемет көрсетіп, қонақ қылып, қасына екі «дәуді» қосып, баратын ауылына шығарып салыпты. Күн қапырық.

- Мұқа, жол ұзақ, тоқтап бір дәм татып алмайсыз ба, су ішіп дегендей...

- Жоқ. Жаңбыр жауайын деп тұр, шыдайық біраз,– депті.

Расында да күн күркіреп, жаңбыр жауып, ауа тазаланып, Әуезовтің көңілі көтеріліп:

- Уоооот, енді тоқтап, озоннан жұтайық,– деп мәшинадан шығып кетіпті.

Екі «дәу»көздері бақырайып отыр дейді.

- Озон бар ма?

- Арақ бар, шарап бар, коньяк та бар, шампан да алдым... Озон... деді ме?! Қап-ай!

- Тух! Білгем осындай бір пәле болатынын! Ертең бастық естіп... Енді не істедік?!

- Сіз Мұқаңмен қалыңыз осында, мен мәшинамен жақын ауылға барып....

Көңілден шығу!!!

Жолтай Жұмат – Әлмашұлы, драмтург: Бұл жайлы сөз қозғағанда қазіргі басты ауыртатын басты кесел мынада – біздің режиссер ағайындар негізінен алғанда классикаға өте әуес. Оның себебі де белгілі: сахналау анағұрлым оңайырақ. Өйткені оны сахналаудың классикалық әдіс-тәсілдері бар. Ал жаңа туындыға қай-қайсысы да тым тартыншақтап барады, барса да көңілдегідей етіп қоя алмай жатады. Себебі тағы да белгілі: ізденіс аз, тартыншақтық басым. Сосын да қазіргі дәуірде жарқ ете қалған жаңа, елді елең еткізер спектакльдер тым аз. Мүлде сапасыз қойылымдардың жайынан сөз еткім жоқ. Енді өзіңіз-ақ салмақтай беріңіз, көрермен не көріп жүр, көңілінен шығар не бар?

Айдана АЛАМАН, жас драматург: Толықтай шығып жүр деп айта алмаймын, бірақ драматургтер де, театр да көрермендерің көксеген ойларының барлығын жүзеге асыруға бар күшімен тырысуда. 1960-70 жылдардағыдай билет бітіп қалса, театр есігін сындырып кіретін көрермендер болмаса да, тәуілсіздіктің алғашқы жылдарындағы көрермендермен салыстырғанда бүгінгі залдар біршама толық. Бүгінгі драматург пен теартрдың көрермен алдындағы бір кінәсі болса, ол – өздері күнде көріп жүрген адамдардың келбетін сахнадан толыққанды көрсете алмауында. Себебі, көрермен театрдан да, кинодан да өзін, қоршаған ортасы мен бүгінгі әлеуметтік жағдайды көріп, сол арқылы өз басындағы мәселелердің жауабын білгісі келеді.

Мадина ОМАР, драматург: Театрлардың қазіргі көрермендері кімдер? Көпшілік бөлігін гуманитарлық оқу орындардағы, өнер саласындағы студент жастар құрайды. Содан кейін Көрерменмен жұмыс істеу бөлімі келісімге тартқан түрлі ұйымдардың, мекемелердің қызметкерлері, мектеп оқушылары. Жұртшылық жаппай театр іздемейді, онсыз да сауық-сайран түрі жеткілікті. Үйден шықпай-ақ әлемдік өнер туындыларын тамашалау мүмкіндігі барынша жасалған. Сондықтан көрермен көңілінен шығу мәселесі туындамай жатып, жабылатын тәрізді. Жеке өз басыма театр – театр үшін жұмыс жасайтын сияқты көрінеді. Өнер – өнер үшін деген мағынада. Көркемдік, философиялық деңгейі жоғары спектакльдерді шығарған кезде.

Ал жалпы алғанда көрерменге әлеуметтік мәселелерді көтеретін қойылымдар ұнайды, комедияны жақсы көреді. Күнделікті күйбең тірлікті ұмытып, әлдебір жасанды, әсем, күлкілі әлемге бой ұрғысы келеді. Сондықтан театр репертуары да осы талаптарға сәйкес жинақталады. Басым бөлігі. Касса деген бар, театр өзінің қызметін ақтауы керек. Сондықтан көрермен талабымен санаспасқа еш болмайды.

Кейде «көрермен талғамын тәрбиелеу керек, олардың деңгейіне түсіп жетегінде кетпеу керек» деген тәрізді ойлар да айтылып қалады. Бірақ маған бұл идея утопия тәрізді. Ол үшін білім беру жүйесін түбегейлі қайта қарау керек. Әйтпесе ересек, қалыптасқан адамның көркемдік талғамын жаңадан қалай түзесің?

II. Қазіргі драматургияның жаңалығы мен кемшілігі неде?

Роза МҰҚАНОВА, драматург: Жаңалық – жастардың пьеса жазуға қызығушылығы. Кемшілік – драматургияның табиғатын толық түсінбеу.

Болат АТАБАЕВ, режиссер: Жаңалығы мен кемшілігі дейсіз бе?! Қазақ елінде драматургияны әлі күнге дейін әдебиет жанры деп есептейді. Рас, Әуезов, Мүсіреповтің және басқа да драматургтердің кейіпкерлері, құл-құтандарына дейін, әдеби тілдің майталмандары. Хабарлы сөйлемнен бастап, құрмалас сөйлемдердің түр-түрінен жібереді. Қазір қазақша сөйлем құрай алмайтын драмаларды да оқыдым.

Өз тұжырымым бойынша, Абай зиялылықтың үш қызметін орындады. Онда да мен осы үш функцияны жасайыншы деп жасаған жоқ, өзінің ішкі қажеттігінен туған үдеріс.

Бірінші, ғасырлар бойы ауыздан-ауызға өтіп, елдің жадында сақталған мұраны сақтау және кеңінен тарату, басқаша айтқанда, дәстүрді жалғастыру. Ұмыттырмау. Қазіргі музейдің, тарихтың, этнографияның, этнопсихологияның міндеті.

Екінші, дәстүр деген маған дейін жасалған дүние, үлгі. Мен тек қайталаушы болып қалғым келмейді. Сол үлгінің шеңберінен шықсам, жаңа дүние жасасам деген арман туады. Бұрын ойылған өрнекті қашанғы қайталап оя бересің?! Абай «Сегіз аяқ» деген өлең жолдарын шығарды. Қазақ поэзиясында жаңа форма, жаңалық туды. Шәкәрімге ұнады, ол да осы пошымды пайдаланды. Инновация орнықты.

Үшінші, инновация мен дәстүрдің арасында ор жатыр. «Ата-бабамнан қалған мұра емес, көрмеген-естіген мынау қайдан шыққан?! Құтылу керек! Айрандай ұйып отырған қасиетті қазағымды лайлады-ау, мына пәтшағар!» – деген моралистер туады. Өзінің жылдар бойы қалыптасқан таным-талғамынан айырылғысы жоқ. Бары сол! Енді не істедік?! Орысша айтқанда «толкователь» керек, түсінік беруші адам керек. Зиялылықтың бұл қызметін де Абайдан көрем. Аудармалары, қара сөздері, тым терең лирикалық поэзиясы. Көп қазақ «Айттым сәлем қаламқас» өлеңін мектеп бағдарламасындағы үш шумақтан ары оқымаған да. Соның біреуі мен. Аяғына дейін оқып, ұрлығым көптің алдында аймандай ашылып қалғандай әсер алғам. Кейін жаттап алып, қызармай талай қыздарға өзім шығардым деп оқыдым ғой. «Ұятсыз, бұзылған, жүргіш» атандық. Абайдың жазғаны десем, «Абайға күйе жақпа!» деп, Қытай асырып жіберетін.

Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің алғашқы шумағына «толкование» жасап көрейін. Сыншылардың, ұстаздардың міндеті.

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған.

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл,– дейді Абай.

Түсіндіріп көрейін.

Адам санасында Алыстан сермеп, елең еткізіп бір ой туды немесе келді. Жүректен тербеп, импульс оттегі болып, қанмен араласып, жүректі дірілдетіп, Шымырлап бойға жайылған, тарам-тарам 62 тамырды иітіп, қанмен тараған. Қиуадан шауып дегені қиыннан, қуыс-қуыста жасырын жатқан жүйке талшықтарын қозғап, сезім елегінен өткізген дегені. Қисынын тауып, логикасын, жүйесін тауып, Тағыны жетіп қайырған, тағылықты, дөрекілікті тұсаулап, ойды көркем сөзге айналдырған. Толғауы тоқсан қызыл тіл, сөз қорына бай тіл, Сөйлеймін десең өзің біл, енді, аузыңды ашуға хақың бар дейді. Бір ауыз сөз айтпас бұрын осы айтылғандардың бәрін сезініп, табиғи ойыңды мәдени қалыпқа түсір дейді Абай. Сөз ішкі електен өту керек екен. Көркем шығарманың ең алғашқы шартын Абай сегіз жолмен жеткізіп отыр.

Оқып жүргеніміз, сахналап жүргеніміз осы шартқа сәйкес болмаса, не істейміз?!

Жолтай Жұмат – Әлмашұлы, драматург: Жаңадан жазылып жатқан драмалық шығармалар жайлы молынан сөз етуге әбден болады. Алдымен айтарым – жаңалық бар; біздің драматургтер тарихи тақырыпты көркемдік деңгейде сөйлетуге бейімделіп алды. Тарихи шындық пен көркем шындықты ұштастыруда едәуір тәжірибе жинақтады. Сосын да ұлтымыздың ардақтылары мен асылдары сахна тілінде сөйлей бастады. Көрерменді шақыратын қойылымдар біршама бар, бұл бірінші жетістігіміз! Екіншіден, бізде жаңа формалық ізденістер де бой көрсете бастаған. Қазіргі драматургтердің ішінде неше түрлі эксперименттерге де бару байқалады. Жазудың жаңа әдістері қылаңдайды. Осындай ізденістер де көңіл қуантатындай. Ал, кемшілік... ол кімде жоқ екен? Бізде де бар, әрине! Кейбір драмалық туындыларды бастап оқи бастасаң, сөз қуалаушылық! Сахналық ерекшеліктерді ескермеу, созылыңқы монолог, іш пыстырар көріністер... Мұны өткен жылы «Тәуелсіздік толғауы» байқауына түскен пьесаларды оқу барысында байқаған едім. Әттең, драматургияға батыл басып, емін-еркін кіріп келдің екен, оның ішкі қалтарыс-ерекшеліктерін де біліп-ескеру керек емес пе! Оны білмей жатып, пьеса жазам деу – құдықтан шелексіз-ақ су алам дегендей ме, қалай?

Айдана АЛАМАН жас драматург: Қазіргі қазақ драматургиясы құрылымдық тұрғыда жаңалық әкеліп жүрмесе де, сол құрылымдық жүйені қалыптастыра алады-ау деген жас драматургтер легін тәрбиелеп, алдыңғыларының тырнақ алды туындыларын үлкен сахналарда қойып жаңалық жасауда. Жаңа бастаған маман жұмысында кемшіліктердің де өте көп болары сөзсіз, сондықтан оларды жайып салып, әріптестерімді ренжіткім келмейді.

Мадина ОМАР, драматург: Қазіргі драматургия мен осыдан жиырма жыл бұрынғы драматургияның арасы жер менен көктей. Пьесаны жазу техникасы жағынан әсіресе көп жаңалықтар бар. Көп режиссерлардың қазіргі драматургтарға назы – сөз көп, баяндау, суреттеу басым дейді. Ал пьеса тілі – іс-әрекетке құрылуы керек. Тарихи шығарма жазғанда отырып алып бүкіл тарихты баяндап шығады. Бір актердың сөзі екі-үш беттен асып жатады. Содан соң осылайпроза мен драматургияның ара жігін ажырата алмайтын көптеген ағайлар мен апайлар бізді неге қоймайды деп ренжиді. Сахна заңдылықтарының басқа екенін мойындамайды.

Классикалық драматургияны, әдебиеттің бір жанры ретінде қарастырылатын драматургияны бірте-бірте сахналық мәтін ығыстырып келеді. Сахналық мәтін дегеніміз – спектакль мәтінін драматург, режиссер, актер үшеуі біргіп, сахнада, репитиция барысында құрастыратын пьеса. Жазатын - драматург, бірақ оқиға желісі, идея – ұжымдық жұмыс жемісі. Бұның өзі шетелдерде өткен кезең болып бара жатыр. Жақында грузиялық театртанушы өз еліндегі бір тәжірибе туралы айтты. Ресеймен әскери қақтығыс болған аймаққа театр қызметкерлері барып, жергілікті әйелдермен сөйлескен. Олардың бірінің күйеуі, бірінің бауыры, бірінің әкесі, баласы соғыста қаза тапқан екен. Сол әйелдердің оқиғаларын түгел диктафонға жазып алып, келген соң актерларға тыңдатқан. Актерлар әлгі әйелдердің дауыстарын, интонациясын, диалектісін айнытпай салып, айтқан оқиғаларын сол қалпында үш әйелдің монологы етіп сахнаға шығарған. «Керемет әсерлі болды» дейді театртанушы. «Зал түгел жылады». Сондықтан бір ғасырдан соң драматург деген кәсіптің болмай қалуы да бек мүмкін. Бұл жақсы ма жаман ба деген сұраққа жауап бере алмаймын. Себебі заман бәрібір өзгереді, сенің пікірің, берген бағаң оған қызық емес.

III. Чеховты, Шекспирді әлем театрлары қойып жатыр. Біздегі драматургтардан кімдер әлемдік деңгейге шыға алады деп ойлайсыз?

Роза МҰҚАНОВА, драматург: М.Әуезовтің «Хан Кенесі» Шекспирдің «Кориоланынан» еш кем емес, Д.Исабековтің «Әпкесі», Т.Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» Чеховтың «Три сестры» шығармасынан, Ә.Таразидің «Жақсы кісі», «Күлмейтін комедиясы» Чеховтың «Чайкасынан», Ә. Кекілбаевтың «Абылай хан», Т.Әбдіктің «Біз үшеу едік» т.б. туындылары әлем әдебиетінде танылған шығармалардан кем емес дер едім.

Шекспир мен Чеховтың бақыты – олардың шығармасын ағылшын, орыс тілінде дүниежүзі халықтары оқиды. Сондықтан әлем деңгейіндегі сұраныстан түспейді. 150 млн Ресей халқын былай қойғанда жер шарының жартысы ағылшын тіліндегі сұраныста. Қазақ шығармаларын қазақтан басқа ешкім де оқымайды. Қазақ драматургтерінің шығармалары тәржімалануы үшін сауатты аудармашылар керек. Олар ағылшын тілін қалай білсе, қазақтың әдеби тілін сол деңгейде білуі керек. Мысалы, Дантенің «Божественная комедиясын» О. Мандельштам итальян тілінде жатқа оқитын болған. Ал мұндай деңгейдегі аудармашыны біздің оқу орындары дайындау керек қой. Аудармашының шығармашылық ізденісі суреткерден кем болмауы тиіс. Ал жаңағы аты аталған драматургтердің пьесалары, шын мәнінде, әлемдік деңгейде, бірақ бұларды қазақ сахнасына қойғаннан гөрі театр басшылары, режиссерлері өздерінің жазған шалдыр-шатпағын сахнаға шығарады. Таң қаласыз!!! Және сол шалдыр-шатпаққа классиктің қаламақысын алады.

Болат АТАБАЕВ, режиссер: Дүние жүзіне танылғым келеді деген арман қандай қажеттіліктен туған мүдде? Елді әлемге танытатын – жеке тұлға. Жеке тұлғадан ұлттық құндылықты көре білу және оның сөніп кетпеуіне жағдай жасау тек Темірбек Жүргенов, Нұртас Оңдасынов, Ильяс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты көздері көреген мемлекет қайраткерлерінің қолынан келді. «Нұртас Оңдасынов болмаса, қойшы болып қалар ма едім?» деген сөзді Әбіш Кекілбаевтың өз аузынан естідім. Өзбекәлі Жәнібеков болмаса, қазақ этнографиясы өз келбетін сақтап қалар ма еді?!

Толстой кезінде «Шекспирдің дарынсыз пьесаларын Европа сахналарына әкелген – сен» деп Гетені кінәлаған. Рас. Гете болмағанда, Шекспирді Европа ол кезде білмес еді. Ағылшындар да Шекспирді о баста түсінбеген!

Жолтай Жұмат – Әлмашұлы, драматург: Әрине, бізде әлемдік деңгейге шығаруға болатын авторлар бар! Жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуден сақтасын. Айталық, Д.Исабеков, Т.Нұрмағамбетов, С.Балғабаев, И.Оразбаев, И.Сапарбаев, С.Асылбеков, Р.Отарбаев, Р.Мұқанова, т.б. драматургтердің туындылары әбден лайық, бірақ барлық шығармалары емес! Ішінен електеп, таңдалып алынса, табылады! Соңғы уақытта жастар арасынан да таланттылар көріне бастады, оларды да шетқақпай ете берудің керегі жоқ.

Айдана АЛАМАН жас драматург: Чехов пен Шекспир өмірде бір рет қана келетін дара тұлғалар ғой, сондықтан да ешкімді ол кісілермен салыстыруға келмес. Дегенмен, бүгінде Қазақстан территориясынан тыс сахналанып жүрген драматургтердің арасында Лондонда сахналанған Д.Исабековтың «Өкпек жолаушы», Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан театрларында қойылған С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», сондай-ақ Р.Отарбаевтың жақын шетелдерде сахналып жүрген бірқатар пьесаларын атап өтуге болады. Заты болмаса да, аты қазақ ресейлік О.Жанайдовтың «Бір, екі, үш», «Құс жастықтың құпиясы», «Кафедегі екеу» сынды пьесалары Ресей театрларында қойылған болатын. Осындай аздаған болса да көрсеткіштерге қарай отырып, болашақтан да үмітіміз зор...

Мадина ОМАР, драматург: Бізде жаңа, әлемдік деңгейге жауап бере алатын драматургия енді келмесе, әзір бәрі бір деңгейде болып көрінеді. Әлемдік деңгей дегеннің өзі күмәнді нәрсе. Еуропалық елдерде сөздің сәні кеткелі қашан. Көрерменге нәжіс шашу, сахнаға жалаңаш шығу (мысалы, «Апалы-сіңілілі үшеуді» елестетіп көріңізші, актер біткен тұттай жалаңаш, бірақ киімі бар адамдар сияқты өте сенімді жүзбен қойылымды түгел ойнап шығады) тәрізді т.б. біз үшін анайы әдістерге барады. Театрға адам тарту амалы. Себебі қазіргі көрерменді таң қалдыру өте қиын. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов заманы енді қайтып келмейді. Әрине, классикалық театр, классикалық драматургия қашанда болады. Шекспир да, Чехов та ешқашан ескірмейді, жоғалмайды. Бірақ Өнер – өнер үшін, театр – театр үшін шектеуінде қалатын тәрізді. Сондықтан әлемді бағындыру мәселесі күрделі.

IV. Бүгінге дейін қазақ драматургиясына қалам тартып жүргендер авангардтық шығармалар жаза алды ма?

Роза МҰҚАНОВА, драматург: Жаза алды. Бар!!!

Болат АТАБАЕВ, режиссер: Елде болмағаныма біраз уақыт болды. Сондықтан көп хабарым жоқ. Дегенмен, жақында Әннәс Бағдат есімді жастың «Бақтан өткенде» деген пьесасын оқыдым. Сахнаға сұранып тұрған шығарма. Тек жақсы режиссер керек. Ол бала театр әдебиет емес екенін түсінген. Айталық, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» сахнада туған драма. Кейін Әуезовтың «Қаралы сұлуын» тез арада сол жолмен драмаға айналдырып берді. Қиналған да жоқ! Себебі сахнаның әдебиеттен айырмашылығын жақсы түсінді.

Былай қарасаңыз, драмалық шығарманың екі түрі бар.

1. Әдеби шығарма, оқу үшін жазылған пьеса, драматург үйінде отырып жазады, сосын театрға келіп "тура осы қалпында қойып беріңдер" деген талап қояды. Шекспирдің, Мольердің, Шиллердің, М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің т.б. пьесалары оқу үшін жазылған дүниелер. Кейіпкерлер әдеби тілде, жазба тілде сөйлейді. Жай хабарлы сөйлемдер аз қолданылады. Би-болысы да, жарлысы да, баласы да, анасы да, бәрі құрмалас сөйлемдердің түр-түрін қолданып, риториканың майын ағызып жүреді. Талғаулы, кезектес, түсіндірмелі, қарсылықты салалас құрмалас... кете береді, кете береді... Кейде бір сөйлемнің өзі жарты бетті толтырады. Көбінесе, тыңдау үшін қойылған радиоспектакль сияқты әсерде қалады көрермен.

Бұл типтес пьесалар туралы 1910 жылы Мәскеде үлкен дау шыққан. Орыстың белгілі әдебиет және театр сыншысы Юлий Айхенвальд "Отрицание театра" деген атпен көлемді мақала жазады. Сол кездегі театрларды «өлі өнер» деп танып, театр өнерін әдебиеттің қосалқы түрі ретінде қарастыруды талап етеді. Бұл – театрды өнер реестрынан сызып, әдебиеттің ауылына толық көшіру! Осы тезисті дәлелдеп береді. Шынында, театр өнері о баста алаңда туған, басты құралы сөз емес, ӘРЕКЕТ болған. Сол кездегі акулалар Демирович-Данченко, Ф.Комиссаржевский, Вас.Сахновский, Бонч-Томашевскийлер өре түрегеліп, Айхенвальдқа қарсылық көрсетеді. Бірақ театрдың әдебиетке тәуелді болып қалғанын бір ауыздан мойындайды. Қазақстанда театрды әдебиет деп жүрген артистер, режиссерлар әлі өріп жүр. Театр дербес өнер екенін түсінбейді! Түсінгілері де келмейді!

Енді «М.Әуезовтің жазба тілін бүгінгі өмірге қалай бейімдеймін?» деген мәселе туады. Бүгінгі күннің көрерменін қалай сендіремін? деп қиналады артист. Ең оңай және ақылды қажетсінбейтін жол – сөйлемдерді қысқартып, сызып тастау! Мен үшін ең қызық әдіс – сол құрмалас аралас сөйлемдердің арасына әрекет енгізу, сөзді айту қажеттігін тудыру, сөзді әрекеттен шығару, партнердің сөзімен бөлу, бірақ рөлдің мәтінін сақтап қалу. Сол кезде сөз тіріледі.

Фестиваль кездерінде спектакльдерді көп көремін. Автордың сөзін дырылдатып айтып шығады. Соған мәз. Не себептен ренжіп, зіркілдеп сөйлейді? Неліктен сахнада қасірет шегіп, қона алмай жүрген самолет сияқты қолдарын ербеңдетіп жүгіріп жүр? Менен де нашар режиссерлер бар екен ғой»,– деп мен де тәубе, шүкір деп кете берем.

2. Сахнаға қою үшін жазылған текст, пьеса, көбінесе проект деп атайды. Автор мен қоюшы топтың біріккен жұмысынан туатын материал. Осы әдіспен кезінде Әуезов театрының сахнасында марқұм Армиял Тасымбековтың "Кебенек киген арулар", Бикен Римовамен бірігіп жазған "Абай десем..."драмасы, Роза Мұқанованың "Мәңгілік бала бейне" драмасы, жазушы Қалихан Ысқақтың дайын драмасы "Жан қимақ" қойылғанда да Қалихан аға репетиция кезінде көп өзгеріс енгізді. Бұл әдіспен жазылған пьеса немесе текст өмірдегі ауыз екі тілге бейімделіп, артистің темпераментіне арнайы жазылады. Кейіпкердің сөз саптауы мінезіне сай ерекшеленеді. Көзі ашық, көкірегі ояу кейіпкердің тілі де күрделі болады. Әдебиеттің құшағында қалып қоймайды. Диалогтары да қысқа. Әрекеттері мол. Көзге де қызықты, құлаққа да ықшам.

Бұл да театр өнерін бағалаудың бір жолы!

Жолтай Жұмат – Әлмашұлы, драматург: Авангардизм бір кездері шығармашылық адамдарының бас ауруы болған еді. Оны барынша әуелете сөз еткен кездеріміз де болған.Қазір мен басқа ойдамын. Осы «көзсіз жаңашылдықты» да жөнімен, ретімен қолданған мақұл-ау! Бүгінгі драматургияда жаңалықтар бар, оны мүлде сызып, алып тастау керек деген сөз емес! Тағы да айтам, ізденіс бар, ал нәтижесін уақыт көрсете жатар!

Айдана АЛАМАН жас драматург: Осы уақытқа дейін кездестірмеппін, соған қарағанда жазылған шығарма әлі жарыққа шықпай жатуы мүмкін. Өзіме сенімсіз болып отырғаным, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында драматургия мамандығы бойынша соңғы 15 жылда қаншама талантты мамандар бітіріп жатыр, солардың ішінде кездесіп қалатын шығар сенімдемін.

Мадина Омар, драматург: Мен Әннәс Бағдат пен Қолғанат Мұраттың қолтаңбаларынан өзгеше дүниетаным, бұрын-соңды қазақ драматургиясында болмаған мәнер көремін. Басқа да балалар бар шығар. Бірақ осы екі жас драматургтың ғана өзгеше шығармаларымен таныспын

V. Қазақ әдебиеті үшін драматургия жанры жас жанрлардың бірі болып саналады. Осы олқылықтың орнын тым болмаса инсценировкамен толтыруға бола ма?

Роза МҰҚАНОВА, драматург: Инсценировкаға айналдыру үшін де драматургияның заңдылығын білуі керек. Түптеп келгенде қазақ әдебиеті үшін драматургия жас жанр болудан да қалды. М.Әуезовтен бастап, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Қ.Мұқаметжанов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, Д.Исабеков болып жалғасып жатыр. Демек, қалыптасқан жанр. Бұқар, Шортанбай, Дулаттан кейін Абай келді, Абайдан кейін қаншама ақын туды. Бұ күнде Абайдың өзін әрең мойындап жүр... Сондықтан жаңа формада, жаңа идеяда шығармалар туа береді. Ірілері қалады, ұсақтары жұтылады. Ол да табиғи заңдылық!

Әр дәуірдің өз тұлғалары бар. Үлкен әдебиетті 50-60 жылдың өлшемімен бағалау аздық етеді. Қазіргі ақын-жазушы болып, атақ алып, мемлекеттік сыйлық алғандар әдебиет зерттеушілірінің еңбегінде есімдері аталуы мүмкін. Бірақ болашақта ұлт әдебиетінің сұранысында бірі қалар, бірі ұмытылар. Мұны трагедия деп қабылдау керек пе? Трагедия деп қабылдасақ, балалығымыз...

Болат АТАБАЕВ, режиссер: Мен үшін, драма әдебиет жанры емес. Театр мен әдебиетті шатастырмау керек!

Жолтай Жұмат – Әлмашұлы, драматург: Қазақ әдебиеті үшін драматургия неге жас жанр? Қазақтың баяғы дастан-жырларының барлығы дерлік драмалық элементтерге толы! Оны көрер көз керек, талантты режиссер тууы керек, сонда ертегі-дастандар сахна тілінде еркін сөйлей жөнелмек! Жарайды, алысқа бармай-ақ қояйын, ең болмаса 20 ғасырды алайықшы: Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Шәймерденов, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджановтардан бастап қаншама ғажайып драматугтеріміз ғұмыр кешті. Артында нешелеген асыл мұраларын қалдырды. Ол дүниелер күні бүгінге дейін сахнадан түскен жоқ, тіпті кейбірі әлемдік классикамен тайталасқа түсе алады! Қазір де сол сара жолды жалғаушылар тобы өсіп келеді, демек драма жанры тоқыраған жоқ, тек өсу үстінде! Егер сәтті сахналануы жайынан алаңдасақ, ол, ең алдымен, режиссер ағайындардың бас ауруы болып қала бермек! Ал, инсценировка турасында айтарым, ол таза драматургия емес! Кез келген талантты жазушының роман-повестерінен инсценировка жасауға әбден болар, бірақ онымен көңіл тоқайластыруға болмас! Драматургияның сапалық деңгейін көтеріп, көркемдік тұрғыда дамытудың сара жолы ол емес!

Айдана АЛАМАН жас драматург: Қазақ сахнасындағы инсценировкалардың алғашқы тәжірибелері ретінде эпостарымыздан туындаған «Арқалық батыр» (Ж.Шанин), «Еңлік –Кебек», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Айман – Шолпан» (М.Әуезов). «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» (Ғ.Мүсірепов) пьесаларын алсақ, одан кейінгі кезеңдерде М.Әуезов, С.Торайғыров, С.Мұқанов шығармаларының көпшілігі қазақ сахнасына бүгінге дейін азық болып келеді. Ал, бүгінгі жазушылардан Е.Аманшаев, Н.Ораз авторлардың азды-көпті шығармаларына инсценировкалар жасалды. Жалпы өз басым инсценировканы тұлға шығармашалық тоқыруға ұшырап, өзі жеке шығарманы толығымен алып шыға алмайтындығын білгенде немесе мүлдем тақырып тапшылығы сезінгенде жасайтын әрекет деп есептеймін. Қазақ театры алғаш қалыптасқан кезде инсценировкалардың көптеп жасалуын кәсіби драматургтеріміздің енді қалыптасып келе жатқандығымен, эпостардағы ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында жасалғандығы белгілі.

Ал бүгінде жас драматургтеріміз аз екен деп репертуарды толығымен классикалық шетелдік аударма қойылымдар мен инсценировкалармен толтыра беру дұрыс емес. Себебі, ол шығармалардың барлығынан бірдей бүгінгі қоғамның, заманауи адамдарымыздың кескін-келбеті көріне бермейді. Көрермендер классикалық шығармалардың барлығын кітаптан-ақ оқып алған, ал бүгінгі көрермендер үнемі жаңа нәрсе іздейді, театрдан жаңалық күтеді. Инсценировка жасаған күннің өзінде оны стандартты үлгімен емес, инновациялық ерекшеліктермен көмкеріп, драматург қиялына әбден қанат бітіріп барып ұсыну керек! Бұл тұрғыда шетел бізге қашан да үлгі болып отырғаны жасырын емес. Себебі, П.Мерименің «Карменін», М.Бернс ағылшынша «Car» яғни машина, «Man» еркек сөздерінің байланысын тауып, көлік жөндеуші жігіттердің оқиғасымен үйлестірді. Тағы бір шетелдік режиссер инсценировка болмаса да жаңаша үлгідегі «Ромео-Джульеттаны» хаф-пайпта яғни, сахнаның екі жағын доғалдап көтеріп, екі ортада роликпен түрлі трюктер көрсете жүріп спектакль ойнағанын мысал ретінде айтуға болады.

Мадина Омар, драматург: Әрине, болады. Бірақ жақсы инсценировка жасайтын адам, жақсы пьеса да жазады деген ойдамын. Бір-бірінен аса алшақ нәрселер емес.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар