Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Бестселлер және біздегі ахуал...

18.10.2017 7573

Бестселлер және біздегі ахуал

Бестселлер және біздегі ахуал - adebiportal.kz

Кітап туралы сөз қозғалса, ағысын бір сәтке тоқтата қойған өзен секілді тынши қалатындар аз емес. Енді сол тыншығанның барлығы да оқымысты ма? Тек кітап оқу керек екенінін түсінетіндер және оқитындарға құрметпен қарайтындардың қарасы көп секілді. Қазақтілді кітаптың сатылымынан қыруар қаржыға кенеліпті дегенін мен әлі естіген жоқпын. Сонымен туған тіліміздегі бестселлердің жағдайы қандай? Алдымен осы сөздің төркін тілдегі мағынасына дендеп көрейік. best seller – жақсы сатылымға ие кітаптар. Ағылшын тілінен шыққан сөз. Демек, «бестселлер» термині әдеби ағым мен бағытты немесе жанрды білдірмейді. Ең жоғарғы сатылымға ие кітап - бестселлер. Әдетте көркемдік поэтикасы әдеби нормалардың барлық талаптарына жауап бере алатын кітаптың бестселлерге айналуы- адам айтса нанғысыз. Дегенмен, әлемдік тәжірибеде көркем әдебиеттің де бестселлерге айналған жағдайлары жетерлік. Сарапшылар бестселлер кітаптардың ерекшеліктерін анықтаған.

Бестселлердің болмысы

Бұндай кітаптар орта есеппен алғанда 370 беттен тұрады. Неге екенін кім білген, әйтеуір әйел жазушылардың бестселлер жазып шығуда жолдары болғыш келеді. Ал оқырман ретінде ер адамдар кітаптың ішінде ер азаматтың қаһарман болғанын қалайды екен. Әлемдік практикададағы сатылымы жоғарғы кітаптардың көбінің бас қаһармандары қорғаушы (адвокат), немесе детектив мамандар екен.

Бестселлердің тарихы

Бұл терминді Батыс алғаш рет 1889 жылы пайдаланған. Сарапшылар ХIХ ғасырмен салыстырғанда танымал кітаптардың сөздік қоры азайып, сұрақ белгілердің көбейгенін байқапты. Қалай десек те, біздің түсінікпен айтқанда махаббат туралы хикаяттар бестселлерлердің көшін бастап тұрғанға ұқсайды.

Бір ғана АҚШ-тың өзінде 1, 5 млрд (миллион емес) доллар табыс осы махаббат оқиғасына қызығатындардың арқасында айналымға түскен. Ал детектив пен мистика 730 млн. табыс алып келетін жанр санатына енген. Діни тақырыптар мен психологиялық, нақтырақ айтсақ, мотивациялық кітаптар 720 млн долларды,ғылыми фантастика мен фэнтези 590 милн. долларды құраса, үрейлі шығармаларға қызығушылар аз болса керек, 79 млн. ғана табыс алып келген екен.

Әлемдік бестселлер нарығын қадағалаушылар адамдардың махаббат хикаятын электронды кітапқа қарағанда, баспадан шыққан нұсқасын оқуға құмарлығы басылмағандығын байқаған. Сонымен қатар, діни кітаптарға қарағанда махаббат тақырыбындағы еңбектер соңына дейін оқылады екен.

Жасырын махаббат

Бірақ адамдар махаббат хикаятына негізделген кітап оқуға құмар екенін барынша жасыратын көрінеді. Себебі сауалнама нәтижесі нарықтағы сұраныспен мүлдем сәйкеспейді. Сауалнамаға қатысқандардың 47 % -ы детектив пен мистика жанрындағы кітаптар оқимыз десе, 33%-ы тарихи кітаптар оқимыз деген. 31 % оқырман мемуарларды құп көретінін жеткізген. Ал, біз жоғарыдағы айтқан махаббат оқырмандардың 28%-ының ғана дауысына ие болыпты. Сауалнама нәтижесінде вестерн мен поэзия ең соңғы орында, 9% ғана оқырманның көңілінен шыққан.

Вестерннің Отаны - АҚШ. Сондықтан кітап нарығындағы алыптар ол жанрға аса қызығушылық танытпауы- заңдылық. Ал, қазақтың ұлттық коды деп жүрген поэзияның соңғы орында тұруы сәл көңіл күмілжітеді. Алайда, поэзияның өзі жақсы оқылатын болса, онда біздегі бестселлер кітаптар санатында тұрған болар еді. Қанша өлеңқұмар болсақ та, бұл жанрдың жоғарғы сатылымға ие болуына мүмкіндік жасай алмағанбыз. Әрине, бұл сауалнама дүние жүзі бойынша кітап нарығындағы алып елдер : АҚШ, Қытай, Германия мен Франция, Ұлыбритания мен Жапонияда жүргізілген. Бұл елдер кітап нарығының 60% -ын құрайды. Электронды кітаптың дәуірі келе жатыр деп байбалам салғанымызбен, кітап нарығының 80%-ын баспадан шыққан еңбектер құрайтынын да айта кетейік. 20% -ды электронды кітап құрайды. Бұның өзі де аз көрсеткіш емес.

Сөз соңы

Бұл жылды да қорытындылаймыз. Руханияттағы ахуалды қайдам, биыл «рухани» деген сөздің бізге өкпесі жоқ шығар. Осы сөзді көп айттық, көп жаздық. Ал іс жүзінде қаншалықты руханиландық? «Опырмай, менің жан әлемімде бір кенжелік байқалады, осы мен аз оқып жүрген жоқпын ба», - деген сауалды әр азаматы өзіне қоя алмаған елдің рухани тұрғыда жаңғыра алатынына сенер ме едіңіз? Ал менімен келіспейтін болсаңыз, биылғы қазақтілді хит кітапты атаңызшы? Оның көркем әдебиетімізге қатысы бар ма? Хит жазушы кім? 100 кітап бағдарламасы туралы сөз қозғалды, оқылымдағы 100 кітаптың тізімін бізге кім бере алады?

Мотивациялық, психологиялық кітаптардың біздің елдегі оқылымының деңгейі көтеріліп келеді. Себебі әлеуметтік желіде әлемдік мотиваторлардың аударма- жазбалары сұранысқа ие. Жаңғыру демекші, өткенге үңіліп, әдеби- мәдени құндылыққа серпіліс жасағалы отырған мемлекеттік идеологтар сол мотиваторлардың «ұрансөздері» біздің таным- түсінікке сәйкес келе ме, қазақтың болмысы мен діліне қайшы емес пе, міне осыны қадағалауы тиіс.

Бір кітап- бір сарайдың құнымен бағаланатын замандар болған. Қағаз өндісі пайда болып, кітап нарығы жолға қойылды. Өзге де заттар секілді біздің кеңістікте кітаптың да даму эволюциясы бар. Тілдің сұранысқа ие екендігін де кітап нарығынан бағамдай салуға болады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар