Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
«Бейбарыс сұлтанның» режиссері

11.03.2022 973

«Бейбарыс сұлтанның» режиссері 12+

«Бейбарыс сұлтанның» режиссері - adebiportal.kz

2011 жылы дәл осы 11 наурыз күні Мәскеуде 73 жасқа қараған шағында Болат Мансұров фәни дүниеден бақиға аттанады. Татар текті киногер қазақ, түркімен және орыс кинематографиясына да жат адам емес еді. Әйгілі «Бейбарыс сұлтан» фильмі есіңізде болар. Міне, ұлтымыздың кино өнеріндегі сол бір теңдессіз туында тап осы Болат Богаутдиннің режиссерлігімен өмірге келген.

Болат Мансұров 1937 жылы Түркіменияның Чарджоу қаласында татар отбасында дүниеге келген. Әуелі педагогикалық институтта білім алады. Содан соң туған қаласындағы Пионерлер үйінде музыкалық жетекші әрі аккомпаниатор болып еңбек етеді.

1963 жылы ВГИК-тің режиссерлер факультетін С. Герасимов пен Т. Макровтың шеберханасында тәмамдайды. «Түркіменфильм», «Қазақфильм», 1976 жылдан «Мосфильм» киностудиясында жұмыс істейді. Озі жоғары білім алған ВГИК-те оқытушы болып та қызмет етеді.

Болат Мансұровтың алғашқы еңбегі – 1970 жылы «Түркіменфильм» киностудиясында Андрей Платоновтың «Тақыр» әңгімесінің желісімен түсірілген «Күң» фильмі. Ол картина және сол жылы Минскіде өткен IV Бүкілодақтық кинофестивальда суретшінің үздік еңбегі бойынша І жүлдені алады. Содан кейін-ақ Болат Богаутдинұлының «Жекпе-жек», «Шөл басу», «Махаббат туралы аңыз», «Аптаның сегізінші күні» сынды туындылары қалың көрерменнің ықыласына бөленіп жүре береді.

Б. Мансұров шығармашылықпен қоса қызмет жолында да біршама өрлеген тұлған. Айталық, 1992 жылдан Халықаралық С.М. Эйзенштейн атындағы киномектепті дамыту қоғамдық қорының президенті атанады. РФ кинорежиссерлер гильдиясының вице-президенті. Құрылған күннен бастап. Ресей кинематографиялық өнері мен ғылымы ұлттық академиясының академигі.

Болат Мансұровтың соңғы туындысы «Ежелгі бұлғарлар туралы дастан» тарихи киноэпопеясы. Эпопея бас-аяғы жеті фильмнен тұруы керек болатын. Алайда режиссер алтауын ғана аяқтауға мұршасы келеді. Жетіншісі қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалған. Ол аздай сол дайын болған фильмдерінің өзі тұсаукесерге дейін қаншама айғай-шуды бастан өткереді. Соның кесірінен киноэпопеяның «Ежелгі бұлғарлар туралы дастан. Владимир Күрең күннің әжесі» және «Ежелгі болгарлар туралы дастан. Волга Бұлғарлары туралы дастан» сынды екі бөлімінен басқасы кең аудиторияға көрсетуге тиым салынған.

Қалай дегенмен де, Түркіменстанның өнер қайраткері, Ресей Федерациясының халық әртісі, Қазақстанның «Құрмет» орденінің иегері Болат Мансұров ТМД кино тарихында өзіндік қолтаңбамен қалғанына ешкім де дау айта алмасы хақ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар