Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Биболат Сатжанов: Оң-солым толы қансырап жатқан со...

18.09.2017 7423

Биболат Сатжанов: Оң-солым толы қансырап жатқан сорлы сөз

Биболат Сатжанов: Оң-солым толы қансырап жатқан сорлы сөз - adebiportal.kz

***

Соққаны желдің әрбір тұстан ұлып,

Жұққаны жердің аппақ тысқа кірі.

Сезімнің мылқаулығы,

Күндердің қысқалығы.

Беймәлім көңілсіздік адамдағы...

Сезілер осылардың саған бәрі

Жалғасып жатқанға ұқсап

Адамзат жаралғалы.

Секілденіп уақыттың жоқ есебі,

Шаршатар қала сені.

Ақылдың шектеулері,

Сананың парапеді.

Бас ауыртпай жазмыштың жарлығына,

Асығып барлығына.

Мән бермей-ақ аспанның кеңдігіне,

Көшенің тарлығына.

Мән бермей мағынасыз жиынға кіл,

Ілесіп құйынға бір.

Жалығып түсініксіз дауыстардан

Миымдағы,

Адасқан өмір ме едім?..

Сәттерді еске алмай-ақ небір керім

Сұрқы қашқан қаламды қимай жүрмін,

Сіңген деп сенің демің.

***

Арада қанша сөз қалғанымен,

Сезім бар сонша қозғаусыз.

Жаңа көйлегіңе сен мәз болғаныңмен,

Ұнамай жүр маған өз дауысым.

Мінезіме мезгіл дөп келген менің,

Кез де жоқ, несін айтамын?..

Айналама мынау көктем келгенін

Жымиғаныңнан байқадым.

Бейуақ мені мұңайтты сосын,

Шайымға келмей батқан күн.

Шырмалып ойға шарадай басым,

Шағыла жаздап шақ қалды.

Серпілейінші сол түнегімнен,

Жалықтым жалғыз жүргеннен.

Көктемгі баққа жүрші менімен,

Таныстырайын гүлдермен!

***

Мына көше –

Жалғыздығым Менің.

Көз дымданып, көңлім тұр налып.

Естелік боп жоғалсам деп едім,

Бір мұңың боп қалып.

Мұң аңқытқан тәрізденді маған,
Жаңбырдан соң көнек Жердің лайы.

Мұңайу да түк емес-ау саған,

Көздің жасы дайын!

Ал мен болсам, өткеремін оймен,
Кең тұсауын түн ағытқан жолды.

Сен бөлмеңде сырласасың Аймен,

Менің жаным тоңды.

Мезе-көктен сырғып тамшы-жұлдыз,

Өрекпіген жүрегімді басып.

Асқақ қарап өте шықты бір қыз,

Өз-өзіне ғашық.

Жырға көшті, бір бақытым кеміп,
Тағы үнсіз түн сиықсыз күлді.

Сағынамын дауысыңды сенің,

Сағынасың кімді?

Көңілімнің таба алмадым емін,
Анам айтқан ертегіні аңсап.

Сонау қырды жалғыз кезсем дедім,

Жалғыздықтан шаршап.

***

04:17

Көз алдың тұман, көк сағым...

Есіңе салып көңілсіз ойдың жаңасын –

Күйіп те жанып батса күн
Күйігіңмен жеке қаласың.

Арта да беріп ділге жүк,

Сол шығар, сірә, ақылдан ада болғаның.

Денеңе симай кетесің солай түн кезіп,
Ойыңнан озып он қадым.

Нетерсің тағдыр алдаса?

Болмағаныңа өкініп жансыз меңіреу,

Сезім буғанда жылай алмайтының болмаса,
Ең әсерлі сөз ғой еңіреу.

Қайтымсыз не бар?

Тегін кетіпті қай нала?

Түңілген жандар тауып та жүр ғой өстіп ем.

Тірі пендемен түсінісем деп ойлама,

Түсінгенін ғана естір ел.

Өз мылқаулығымен қалсын да бірге бұл ғалам,

Түнеріп солай тұрсын көк.

Жүректі сақта жарылып кетпей шыдаған,
Алғыс айт маған, жанымнан қалмай жүрсің деп.

Жан кешпеген бір көл жайлы үнсіз толғаншы,

Жалғыз-ақ тамшы жасты аңсап.

Жалғыздар сондай арманшыл,

Жалғыздар сондай жасқаншақ.

Сол жалғыздарша еңіреп іштей жыласаң,
Мүрдесін құшып сезімнің.

Мен ғана сені жұбатам!

Мен деген – мынау, өзіңмін!

***


Мен сөз сұрап тіленбедім,

Танылғанға табынбадым.

Емлеге сүйенбедім,
Ережеге бағынбадым.

Өзіме шақ қайғым енді,

Жаным үшін жазғаныма.

Жасырып та қойғым келді
Көп сөзіме аз мағына.

Мезі болған мың уайымнан,
Миым емес мекені оның.

Өзім тапқан Құдайыма

Жүрегімде жетеді орын.

Ойбайларың зор келгенмен,
Ой айтқансып бәрің тыңнан.

Өз күйігім бар кеудемде,

Өз биігім бар ұмтылған.

Өзіме аян сезгенім не,
Өзіме шақ тағдырым бар.

Пікірлерің өздеріңе,

Мені өзіммен қалдырыңдар!

Күзкүткен

Жасырулы жүректің түбіне өлең
Жылуына жаздың да жібімеген
Тоңға ұқсайды!..

Мендегі бір өкініш
Үйлескенде мезгілдің мұңыменен.

Мұңдарыма амалсыз сендім дағы,
Сеніміме тағы үнсіз келдім налып.

Мына әлемде мен ғана үнсіз қалдым,
Ділмар болып кеткенде елдің бәрі.

Елдің бәрі айтатын әнге үздігіп,
Құлақ түрсем қариды жанды ызғырық.

"Сұлулық"деп шырқайды ән.

Ал сұлулық –

Адамның күзде кешкен жалғыздығы.

Бағыма,

Арманыма,

Жаныма күз

Орнайды.

Мұңданамыз тағы да біз.
Бар мәні тамшы мұңдай күзгі өмірдің -
Бір ғана сөз, ол сөз де мағынасыз.

Мағынасыз адамның ғұмырындай,

Еш пенде мән бермеген ұлы ұғымдай.

Күз келеді, ызғарлы тыныштығы

Жол қараған жанардың тұнығындай.

Тамып түскен шық түстес таң нұрынан,
Жол қараған жанарым талды мына.

Еріп кетер секілді бұл жүрегім,
Келер күздің майбүркек жаңбырында!..

***

Көкірегім нәр іздеп,

Көкке оранса да бақтарым,

Қанаттылардың көгіме тізбек таққанын

Қызықтауға да жоқ-ты əлім.

Көнерді-ау жаным оныншы ғасыр секілді!..

Жанай бір өтсе отын ойнатар бетіңнің

Сұлудың өріп тастаған

Күлкісінен не бар өтімді?

Көңіл - сау,

Ындын - ашықта,

Сол наз-күлкіні бал əуеніне қосып та,

Оқымақ едім бір өлең

Айнала мың-мың ғашыққа.

Арылып солар

Ойлардан,

Кірбің,

Қаяудан,

Айналса деп ем бастары,

Алуан түрлі бояудан.

Жаумайтынындай боз бұлттар балқып піспесе,

Жазыла ма өлең күштесе?!

Аптығып жұтқан тылсымнан сонда не қайран,

Аузыңа бір сөз түспесе?

Сөз емес көздің жасы ғана еді сондағы –

Тармаққа тізіп алғаным.

Ей, ескі өлеңнен қалған екі жол,

Есімді неге жалмадың?!.

***

Жылымығынан үмітті бәрі жаңа айдың,

Үмітпен мен де қараймын,

Бірақ...

Бойымыз өсіп,

Ойымыз

Жеңілдеп кетті, қалай бұл?

«Көмейімізге бір өксік болып қалған кеп,

Көкейді тескен арман» деп.

«Анадай аңыз қалған» деп,

«Мынадай ақын болған» деп...

«Жүректің төрін жайлаған,

Бұрымын түткен бойжеткен жайлы

Қайда деп салған қайран ән?»

Кездерің бар ма ойлаған?

Тік жүріп әркез, сөйлегеніңмен төте, нақ,

Тұрса да бәрі өте ұнап.

Сағың да сынып,

Жаның қысылып себепсіз,

Жыламайсың ба жеке қап?

Сыр бермес сірі құлмын деп,

Әр айтқан сөзің бір мін боп.

Илеуіне түсіп ит тіршіліктің

Неге әлі тірі жүрмін деп

Ұялмайсың ба кейде осы?..

Ұмыт қалдырған балалығыңның бейнесі

Түсіңе кіріп,

Ісіне күліп

Ақұшқын албырт сол кездің,

Қызарақтағаныңда не сездің?

Ойланып көрші,

Ойланып көрші бірауық,

Тыныштық төніп, тұрған шағында, түн ауып.

Естелік те бір, егесіз қалған үй де бір

Есігіне дейін жылауық.

Осының бәрін бөлісші сосын досыңмен,

Сен сылбыр тартып, сезімтал болдым несін мен?

Тек соның үшін төбеме тұтып жүрейін,

Өшірме мені есіңнен!

***

Бірер ақылсыз құптаса,

Бола қалмайсың бөстекі сөзбен мықты аса.

Сырқат ойыңның сөлін ағызба тіліңнен,

Басыңды бұзіп шықпаса!

Байқампаз көпке бәдіктігім де байқалмай,

Айтарымды да айта алмай.

Ешкімнің сөзін ұрламай,

Ешкімге сөз де қайтармай...

Өлгем жоқ әлі, өтсе де солай әр күнім.

Сөз деген – менің тағдырым!

Жан мұңын шайып, ар құнын ақыл қалтаңа

Толтырып берер.

Тек аялай біл әрбірін!

Аз ғана сыйын Алла бұйыртқан таланның

Айтқан сөзімнен табармын.

Оң-солым толы қансырап жатқан сорлы сөз,

Обалы кімге солардың?

Сөз ойнату да болса өнер,

Өлеңді өнер дегенге қалай ел сенер?

Жалғыз айтарым –

Сен үнсіз қалшы кеудеңде

Жылт етер жарық қалса егер.

Ұғымсыздығым саналса қанша жарлылық,

Сөз ұғу сонша сорлылық!

Соның мысалы –

Не үшін жаздым осыны?

Соншама сөзді қор қылып...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар