Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

17.11.2019 8352

Бір тал гүл 12+

Бір тал гүл - adebiportal.kz

Әңгіме

Қараңғылық түскелі қашан.

Үлкен қала күні бойғы қым-қуыт тіршілік ырғағынан сәл де болса байыз тапқандай, арлы-берлі ағылған көліктер де, адамдар да дамылдап саябырлаған. Оқта-текте терезе тұсынан бірлі-жарым машиналар өтеді, одан соң біршама уақыт тыныштық жайлайды төңіректі. Қараңғы түн мен жалғыздықты суқаны сүймейді баланың.

«Жалыққаным-ай, ішқұсса күндерден...»

Кішкентай қыздың жүрегі дүрсілдеп, бойын үрей биледі. Қорғансыз тірлігіне налып жылады. Бірақ қанша жыласын, ертеңгі сабаққа дайындалу керектігі есіне түсті де, жігерленіп жинап алды өз-өзін...

Қыздың әкесі екі жасында қайтыс болған. Сурет альбомдағы түріне қарағанда көркем адам болған сияқты. Көмірдей қара шашын оң шекесіне жатқыза тарап қойыпты, қыр мұрыны ашаңдау ақ құба жүзін аша түскен. Мейірім ұялаған қой көздерінде ізгілік тұнып қалғандай. “ Қандай жақсы кісі, деп ойға берілетін қыз. Әт-те-ең, әкем тірі тұрғанда көрінгенге көз түрткі болмай, өзге балалардай шат-шадыман болар едім. Анам да ойына келгенін істеп, қалай болса солай жүрмес еді!..”

Анасы жайлы толғанса қаршадай қыздың жүрегі шаншып ауырады. Азық-түлік сататын дүкенде сатушы боп жүргенде мойнына ақша мініп сотталудан аман қалған соң, әр жерде тиіп-қашып жұмыс істеп жүрді де, келе-келе одан да шеттеп қалған. Кейінгі кезде араққа үйір болғаннан үйден береке кетті. Жалғыз абыройы, нағашы әпкесі ішіп-жемнен тарықтырған емес. Бірақ судың да сұрауы болмай ма?! Шешесінің мәнсіз-мағынасыз тірлігі жалғаса берсе, соңы немен тынар екен?! Қылдан тайса ақыл айтып айыптауға жақын тұратын үлкендер неге бәрін керісінше жасайды. Осы жерін түсінбейді қыз.

Саиданың өзіндей балаларға ұқсап теледидар тамашалап, компьютерде ойнап, я болмаса қызықты кітап оқып қуанған кездері аз. Кей күндері шешесін күте-күте шаршап, қарны аш күйінде ұйықтап та қалатын. Пәтерлері бірінші қабатта болғандықтан, подьездегі қаңғыбас мысықтардың мияулап ұмар-жұмар төбелескен ащы даусынан төбе шашы тік тұратын, үсті бастары сауыс-сауыс иесіз сол мысықтар ескі үйдің іргесін үңгіп, көздері қанталап кіріп келердей елестейтін. Жарты ай бұрын екі тәте келіп, мезгілінде ақша төлемегендері үшін электр жарығын қиып кеткен.

-Ища-ай, жаурағаным-ай!

Саиданың даусы шығып кетті. Ескі шифонерден күздік пальтосын алып киді де, темір кереуетке қисайғаны сол еді, жүрегі тас төбесіне шықты. Ауызғы бөлмеде қараң-құраң әлдекім жүр ме? Батылданып, стол суырмасындағы майшамды іздеді. Тапты. Жалғыз талы қалыпты. Тұтатайын деп тұрды да, райынан жылдам қайтты. Анасы үйге оралмаса соңыра жағып, шәй ішіп ертеңгі сабағына дайындалуы керек.

Кенет есік қатты-қатты қағылды. Сасып-пысып дәлізге жүгірген. Кім екендігін сұрамастан ілгекті ашып жіберді. Анасының қасында бет-аузы жара-жара, шегір көзді еркек бар.

- Ұйықтап қалғансың ба?!

- Жо-оқ.

- Неге ашпайсың?!

Бөлме ішін арақтың жағымсыз иісі алып кетті.

- Шам жақ, - деді анасы.

- О-о, үй қандай жылы! – деді еркек.

Майшамның болымсыз жарығы шашырай бастады.

Еркек стол қасына жайғасып, әбден тозған шүберек дорбадан бір бөлке нан, балық консервісін, екі шөлмек шарап шығарды. Сәл өтпей екеудің сөздері қиыспай, тілдері күрмелді. Сабағын қарап бүрісіп бұрышта отырған Саиданың миына ештеңе кірер емес. Оқыған сөйлемін қайта-қайта ежіктейді. Еркек бір кезде ән айтпақшы ниетпен: “ Алтайдың ар жағынан келген а-ру...” дей берді де, қақалып-шашалып жөтелді кеп.

Анасының арақ ішіп, мас болуы жиілеп барады. Бұрындары қанша ішсе де үйге жалғыз оралатын. Біраздан мына кісіні тауып алыпты.

Саида анасын алғаш көргендей тесіліп, ұз-а-а-қ қарады. Ажарын айқыш-ұйқыш әжім басып, қартайып кеткендей. Қара шәй мен қара нанды қарбыта жеп өліп барады. “ И-й, бейшара анашым-ай, - деді көз жасын тежей алмай. – Атаңа нәлет арақты кім ойлап тапты екен?! Құриды ғой бұлай жүре берсе!..”

Сол сәтте анасын жек көрді және... және аяды Саида.

Еркектің екі көзі қызда, ішіп-жеп қарағыштай береді.

“Кетсе екен! Көздері қандай жаман!..”

Тұрып далаға шықпақ еді, мас еркек тәлтіректеп тақау келді де қолынан ұстай алды. Саида шыңғырып жіберді. Басы бұлғақтап қалғып-шұлғып отырған анасы көзін ашып:

- Оның не Коля? – деді немқұрайды үнмен.

- Сұлу екен қызың.

Саида есік алдына атып шықты да, қыстығып жылап қоя берді. Сол күні үйлеріне тақау жердегі сыныптас құрбысының үйіне түнеп шықты.

***

Таңертемен жүрегі ұшып үйге келсе, анасы түк болмағандай қатқан қара нанмен қара шәй ішіп отыр. Қайда болдың деп сұраған да жоқ. Құдды бөтен адам секілді, көздері қып-қызыл, ісіңкі. Еріндері тілім-тілім, киімдері тозған, үстіндегі көйлегі кір.

-Мама, бұл жүрісің не?! Қарашы өзіңе, - деді Саида анасына жаны ашып.

-Иә, қызым, дұрыс айтасың.

-Ұқыпты едің ғой! Жиналшы, серпілші!

-Өзім де мүжіліп отырмын. Түнде сені іздеп маңайдың бәрін адақтадым. Ақжайық көшесі бар емес пе, сонда, қаңғыған бір иттер талап тастай жаздады. У-уф, жаным-ай! Қашып жүгіре бергенімде аяғым шалынып құлап түстім. Міне қарашы, күп боп ісіп кетті балтырым, зорға жеттім сүйретіліп.

- Осының бәрі әкемнің жоқтығынан.

Анасын, жұпыны тірліктерін ойлап мұңайып отырған Саиданың көзінен жас парлап қоя берді.

- Мама, өтінем! Ішпеші атың өшкір арақты.

- Татып алмайын деп талай талпындым.

- Ішпе! Біреу қыстай ма?!

- Жоға, балам! Ешкім аузыма құймайды.

- Онда неге ішесің?!

- Ерік – күшім жетер емес.

- Емдел, дәрігерге бар!

- Айтқаның жөн.

- Ол үшін ана бір жаман адамдардан алыстауың керек! Біржолата!

- Сөйтем, жаным.

- Сөзіңде тұршы, м а м а!

- Жарайды.

Анасымен шешіліп көптен тілдеспегелі кішкентай қыз да бір түрлі жат, суық кейіпте алыстап бара жатқандай еді. Мына әңгіме жүректегі сызды жылытқандай күш-қуат берді. Шешесі беті-қолын жуып, үстіне бір қабат таза киімдерін киіп еді, салиқалы әйелдерге ұқсап өзгеріп шыға келді.

- Қарашы айнаға! Әп-әдемісің! Айтшы, кімнен кемсің?!

Саида анасын қолынан жетелеп ауызғы бөлмедегі шарайнаның алдына алып келді.

- Шынында өзіме қарамағаныма қанша болды?! Балам – ай, не істер едім сен болмасаң?! И – й, жанымның жапырағы сол-л! - Әйел мұңайды.

- Жақсылап тынық! Есікті іштен іліп ал! – деді қызы мектепке кетіп бара жатып. – Бізде бүгін төрт сабақ. Көп бөгелмеймін мама!

Екі пәннен бестік баға алып, көңілі көтеріліп үйіне жеткен баланың мойнына біреу суық су құйып жібергендей еріндерін жымқыра тістеп тұрып қалды. Бөлме іші көк түтін, стол үсті астаң-кестең, қалай болса солай шашылған. Шараптан босаған шөлмектер, балық консервісінің қалайы қалбырлары. Кіреукеленген көздерін ашып-жұмып, анасы қалғып-шұлғып отыр.

***

Мектеп директоры – отыз бес шамасындағы қара торы келген әйел Саиданы сырттай бақылап жүреді. Қолынан келген көмегін беруге бейіл. Саида талантты қыз, мектепте хорға да қатысады, жеке дауыста ән де айтады. Тең құрбыларымен салыстырғанда әлдеқайда ересек, салмақты. Кейбір қыздарға ұқсап елтең-селтеңге ерген емес. Мұғалім жаңа сабақты түсіндіріп тұрғанда бар зейінімен тыңдап тез ұғып алады, сол жерде жауап беруге бар. Үйде сабақ оқуға жағдайы бола бермейтіндіктен, үзіліс кезінде үнемі кітапқа үңіліп отырғаны. Өзге балалар сияқты жүгіріп, секіріп ойнамайды. Ана жүрегінің жылуын сезінбей өсіп келе жатқандықтан ба, балалығын біреу ұрлап алғандай. Өзі қатарлы құрбылары үлкен үзілісте мектеп дәмханасынан тәтті шоколад, балмұздақ алып жеп жүргенін көргенде қызығып кететін. Мөлиіп бос қарағаннан дәнеңе шықпасын білген соң назар салуды қойған. Кедейшілік баланың намысын, табандылығын таптап тастаған.

Жоқ-жітік және көп балалы шаңыраққа көмек беруге шетелдегі бір фирмадан киім-кешек жеткізілді. Мектеп директоры сабақ соңында Саиданы кабинетіне шақырып, өзі таңдап қызға дәл келетін бірсыпыра киім берді. Мұндай жақсылық көрмеген Саиданың төбесі көкке жеткендей қуанды. Қыстық пальтосы да шап-шақ. Көйлектері қандай көркем! Шарайна алдына келгенде өзін - өзі танымай қалды. Сүйкімді дөңгелек жүзді қыз тұр алдында.

Сол күні Саида түс көрді. Теңіздей толқыған қызылды-жасылды әлем ішінде жүр, айнала-төңірегі жайқалған гүл! Анадай жерде анасы тұр үн-түнсіз.

Саиданың өмірге құштарлығы артып, сабаққа деген ынта-ықыласы арта түсті.

...Мамыр айы. Ағаш біткен жапырақ жайған. Күн жылынған. Адамдар да жайдары. Саидалардың үйінің алдында шағын бақшалық болатын. Ештеме егілмегендіктен арам шөп басқан. Бір күні қараса, жалғыз тал гүл шығып тұр. Қыз қызықты. Жүрелей отыра қалып иіскеп еді, хош иіс өн бойын шымырлатып жіберді. Еңкейіңкіреп қайыра иіскеді. Баяу тербелген гүл “мен саған қуаныш сыйлау үшін өстім” дегендей сыбдыр қағады.

Толымбек Әбдірайым


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар