Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Біржан Ахмер. Алдыңнан әлем болып қарсы аламын......

23.08.2018 6046

Біржан Ахмер. Алдыңнан әлем болып қарсы аламын...

Біржан Ахмер. Алдыңнан әлем болып қарсы аламын... - adebiportal.kz

сөз – ғаламнан, ғалам – Хақтан жаралған.
құсни хаттай шимайланған жер беті.
өмір мəні – қара жүрек, ақ арман,
əр күн сайын алмасады келбеті.
пенде дейсің... кімді, нені білмедім,
ақтау үшін бір ғажайып сөз ол да...
сезіндің бе мынау ғажап Түн демін,
сезіндің бе, жүрек соқты ғазалда.
мұң мен шаттық – жаратылыс ділі ме,
жан əлемі – барлығыңның елесі.
керуендеп ой көшетін күніге,
ішімізге үңілмейміз неге осы?..

***

Ымырт түссе, қанат жайып адырға əн,
аңсарыма дем салады жел ескі.
күнмен бірге күңгірт ойға шомылған,
қиялымды жан түсінбес көмескі.
қызыл іңір. Қабағында шоқ тұнып,
селеу қырға түсіреді сəулесін.
бозала бұлт торып жатыр аптығып,
манар таудың мұз балқыған сəлдесін.
жырыма ұқсап қоңырланған жер беті,
Тəңір сыйы – айырмайды кімді естен?
О, ғаламның мінсіз сұлу келбеті,
мен ақынның жүрегімен тілдескен.
қоңыр төбе. Оңашада қоңыр мұң.
жерді шарлап қоңыр ойдың құсымен,
арлы өлеңге жан бітіріп отырмын,
жүректегі Құдіреттің күшімен.

***

желдің гуілін,
топырақтың тынысын,
бозаң қырда өсетін Өлең-шөптің сыбысын,
жапырақтың жүзінен ғарыш жаққа бет алған,
қыз-ауаның күлкісін,
ардан ғана именер ақылымның сөздерін,
жүректердің дүрсілін,
аққулардың аспандағы əуенін,
қыраттардың қыбырын,
көк теңіздің кісінеген дауысын,
жастығымдай бұлқынған жанартаудың дүмпуін,
өзім сынды ақын-ғалам өлеңін,
барлығын да,
Сеземін!..


АҚҚУ КҮЙІ

Беу, домбыра, өміріме өң берген,

Сенен ұлы сағынышты сезгем мен.

Сенің қоңыр дауысыңа анамның,

Құрсағында жатқанымда-ақ тербелгем.

Күйші-ғұмыр домбырасын қолына ап,

Күйін шертсе, кетер көңіл балқып-ақ.

Қиялымда аққу құстың бейнесі,

Көл бетінде жүзіп жүрді мамырлап.

Аққу сыңсып беу-беулеген дауыстан,

Кісінесіп, күрең мұңмен табысқам.

Мендік ғұмыр – екі ішектің арасы,

Діріліне бақ пен соры ауысқан.

Күйсіз ғазиз жүректі кім иітпек?!

Сұңқылдаған жанға әуені сүйікті ед.

Аққу құсқа айналдың да, дүние,

Көз алдымда бара жаттың биіктеп.

***

жүрегім жүрегіңмен үндеседі,
үнсіз ғана сүйеді, тілдеседі...
сөздерің - сағым тұнған самаладай,
көздерің - қоюланған түн кешегі.
ғажап қой.. жүзің, қолың, қастарың да,
шаттықтан кірпігіңнен жас тамуда.
алдыңнан Əлем болып қарсы аламын,
таң келіп, терезеңді ашқаныңда.
мен сені сүйем солай, ұялшағым,
бұл ғұмыр – өң менен түс. қиял. сағым.
өзгелер түсінбейтін сағынышпен,
өзіңді жиі аңсадым.
неге?..

КҮЗГІ ЭЛЛЕГИЯ

Көңілсіз бақ. Қорқамын тегі неден,

Сан тараптар айырды сені менен.

Мың жапырақ билейді жүрек болып,

Маңдайдағы жазмыштың желіменен.

Содан ба екен, кісінеп құлын-арман,

Тұрса дағы таппадым жылынар маң.

Күз келеді тағы да нөсер болып,

Иығына бұлттардың бұрымы ауған.

Сыр қалықтап көңілдің ғаршысында,

Сен айналдың сағымның жаршысына.

Мұңым келді оралып қайта маған,

Күлкім кетті – көзіңнің тамшысында.

...Сары жолдар, сары бақ, Күнсіз көгім,

Қайтқан құстар құрап тұр мұң тізбегін.

Қолға ұстатып бір уыс сағынышты,

Бақытымды ұрлады бұл Күз менің.

***

Жарығым,
мұнша аяулы болар ма сезім деген?..
сезім деген – сенделген өзім дер ем.
көкжиекке тығылған Күн нұрындай,
ұяласың...
мөлдіреп көзіңде өлең.

Күннің нұры – арыңның шұғыласы,
білем, содан əр сəттің құны басым.
жылылығын сезінсең жүрегіңнің,
ұлылығын бақыттың ұғынасың...

Содан кейін,
жаныңның тыңдашы үнін,
жүректердің сездің бе «ымдасуын»?
ізгі əлемнен,
ал кейде күзгі əлемнен,
іздейді екен құс-көңіл шын ғашығын.

өмір солай, секілді өң мен түсім,
өң мен түстен қалықтап келгенбісің? ..
періштедей жаныңа өлең арнап,
пенде болып күн кешем
мен сен үшін.

Жарығым...

***

күнім, саған жарасар еркелеген,
еркелесең, көңілім шертеді əуен.
қоңыр үнді сарын кеп көкейіме,
көкіректі қозғайды көркем өлең.

күнім, саған жарасар күрсіну де,
тылсымы көп көзіңе түн сіңуде.
ұятына періште ұялатып,
құс ғұмырды дәл сендей кім сүруде?..

күнім, саған жарасар барлығы да,
кеңдігі де, өмірдің тарлығы да.
оңаша қап өзіңдей шомыламын,
ойлы аспанның жып-жылы жаңбырына.

күнім, саған жарасар гүлдегенің,
гүлдегенің – үмітті үрлегенің.
мені сосын өзіңе құштар етер,
біліп тұрып, ештеңе білмегенің,

Əдемі ғой...

***

Бүгін тағы саған келдім кешқұрым,

(мен кешкендей сағынышты кешті кім?)

Бəріне де көнем, қалқам, бірақта,

Қоштасқалы маза бермес ескі мұң.

Сені әлі де түсінбеппін тегі мен,

Кейде тіпті түсінуге ерінем.

Маңдайыма жазылмаған жұмағым,

Дос болуым – қиямет қой сенімен.

Сағынышым, жүрегімнің айт емін,

Жанарымда шайқалып тұр Ай-көлі.

Біз екеуміз дос болғанша, дұрысы,

Танымайтын адам болсақ қайтеді?..

Бүгін тағы саған келдім кешқұрым,

(Мен кешкендей сағынышты кешті кім?)

Дос болуға шақырмашы сен мені,

Достықпенен сүю қиын,

Кеш, күнім...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар