Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Біржан Ахмер. Ғылымға ықылас...

06.07.2020 4832

Біржан Ахмер. Ғылымға ықылас 12+

Біржан Ахмер. Ғылымға ықылас - adebiportal.kz

(Бауыржан Ердембеков туралы)

CӨЗ БАСЫ

Шығыс әлемінде адамның жан қуаты хақында көптеген шығармалар, толғамдар, ертегілер мен естеліктер бар. Сол жазбалардың көпшілігі адам баласының кемелденуіне бір табан жақындатқысы келген ниеттен туындағанын аңғарамыз. «Өткен заман – өткен дәуірлердің еншісінде қалды, енді оған оралмаймыз» деген пікірді толық дұрыс деп қабылдау – ақылға сын. Себебі адамзат тарихындағы түрлі оқиғалардың тізбегі бізге мүлде басқа деректерді айғақтап бергендей. Ол – рухани өрлеу мен құлдыраудың, психологиялық өзгерістердің, яки пенденің жан әлеміне қатысты көптеген жауабы жоқ сұрақтардың «жемісі». Тағы бір жайтты тікелей адамның өзінен емес, жалпы ғаламзаттық құбылыстардан іздеген жөн. Тас, су, жер, өзен, көл – барлығы да қойнауына ұлы жұмбақты жасырып, ерекше тылсыммен адам санасын баурап алуда. Бұл үрдіс жылдан-жылға ұлғайып, жаңарып келеді.

Әлемдік ойшыл, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің: «Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатады» деген тәмсілі бар. Бірақ мұның сырын әлі толық ашып, реалды өмірде дұрыс қолдана алмай жүргеніміз өкінішті. Ғалымның «білім қуған» деген пайымы – тек бір саланың маманына емес, бүкіл адамзаттың игілігіне қаратып айтқан маңызды бағдары. Шынында да, біздің «күйбең тіршілікке» батып кеткеніміз соншалықты, табиғаттың әсемдігін, көшкен бұлт, соққан жел, сылдырап аққан бұлақтың тылсымын тани алмай, тану бөлек, сезіне алмай қалғанымыз ақиқат. Табиғи болмыстың өзі – табиғи құбылыстармен мәңгі сабақтасып тұрады. Сондықтан да ғылым – адамзат баласының табиғатпен, тарихпен, ең бастысы адамның өз-өзімен байланысын бір жүйеге қойып, болмысын айшықтайды.

Қазіргі таңда білім саласындағы кейбір әдістемелер жоғарыдағы біз айтып отырған мәселелердің маңызын ашса, жан әлемінің кесапаттарын ұшықтаса, ұлттық құндылықтармен бірге дәріптелсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Алайда жас ұрпақтың оқу мен тәрбие бағыты ұлттық тамырдан аса алшақтап кеткенін байқаймыз. Асылында, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларында бүгінгі жастарға қажетті қайнаркөздер мен рухани сусын бар еді. Біздегі басқаға еліктегіш мінезіміз оны әзірге «менсіне» қойған жоқ.

БҮГІНГІ ҚАЙЫМ

Сөзіміздің әлқиссасын жан әлемінен бастадық. Себебі қазіргі таңдағы көптеген адасушылықтың арғы тегінде осы құндылықтың күйреуінде жатқаны белгілі. Десе де, әр істің бір байламы бар. Ғылым жолында табанды еңбек етіп жүрген тұлғалардың сан қырлы өнерін сырттай бақылап, еңбегіне іштей сүйсініп отырамыз. Сондай ғалымдардың бірі – абайтанушы, білгір ұстаз Бауыржан Ердембеков.

Ғалымның еңбектеріне көз жүгіртсеңіз, қазақ болмысының қадау-қадау қазыналарына, рух пен ақылдың айдынына, көшпелі ғұрпымыздың келелі танымына жолыққандай боласыз. Биыл – алаштың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы екенін ескерсек, абайтанушы ғалым туралы сөз айтуға толық құқымыз бар. Себебі Абай шығармаларының жан-жақты насихатталуына тікелей түрткі болу, Абаймен «дерттену», хәкімнің әдеби айналасын мейілінше тереңірек зерттеу – Б.Ердембековтың ғылымға деген адалдығының көрінісі.

Қаламгердің «Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі» тақырыбындағы еңбегі – абайтану ғылымына қосылған елеулі үлес болғаны даусыз. Аталған тақырыпты өткен ғасырда Қ.Мұхамедханұлы ғылыми айналымға қосып, қажетті деректерді жинақтап, жариялағаны көпшілікке аян. Расында да, Абай секілді данышпан ойшылдың шығармаларында, шәкірттерінде, ұрпағында сан ғасырға азық болар асыл мұралар жатқаны шындық. Мәселе тек Абай дәуірінде ғана емес, хәкімнен кейінгі қазақ поэзиясының бағыт-бағдары, дамуында екені белгілі. Ал тарихқа көз жүгіртсек, Абай шәкірттері өздеріне артылған аманатты орындап, кейінгі буынға қазақ поэзиясын саф таза күйінде жеткізгенін білеміз. Еңбекте Тұрағұл, Мағауия, Ақылбай, Көкбай, Кәкітай, Әрхам, Әсет, Әріп секілді тума таланттар туралы архив деректері мен ел ішіндегі естеліктерге ден қойылғанын тілге тиек еткен жөн.

Қ.Мұхамедханұлы Абайдың ақын шәкірттерінің мұраларын қалайша жинап, қандай қиындықпен жұртшылыққа ұсынғаны көпшілікке аян. Озбыр заманның отарлық езгісі абайтану ғылымының дамуын тежеулеп, тарихи деректерді өзгеріске ұшыратты. Әсіресе, Абай шығармаларының текстологиясы талай сынның астында қалып, «бас-басына би болған өңкей қиқымның» кесірінен бір жүйеге, нақты үлгіге түспей тұрған еді. Бұл орайда қияметтің қыл көпірінен өтіп, қалың қазаққа «Абай шәкірттері» деген ауқымды да өзекті мәселені көтерген Қ.Мұхамедханұлының жанкешті қадамын айтпай кетуге болмайды. Жоғарыда сөз еткен дүмше сыншылардың басты нысаны – «Абайдың әдеби ортасы болуы мүмкін емес» дегенге саяды. Бұл пікірдің астарында Абайдың поэтикалық көкжиегін кеңейтуге қарсы болу, адамзаттық деңгейдегі ой-толғамын жасырып қалу, сол арқылы тұтастай бір ұлттың әдебиетін мансұқтау жатқаны ақиқат.

Б.Ердембеков өзінің рухани ұстазы Қ.Мұхамедханұлының ғылым жолын жалғап, аталған тақырыптың өрісін кеңейтті десек, қателеспейміз. Шынтуайтына келсек, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі абайтану саласы мен Кеңес одағы кезіндегі ғылымның айырмашылығы көп. Әсіресе, қазақ поэзиясы, оның ішінде Шығыс пен Батысты үлгі тұтқан хәкім көзқарасы қатал цензураның илеуінде қалып қоя жаздады. Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіндегі: «Ғылымды іздеп, / Дүниені көздеп, / Екі жаққа үңілдім» деген сөзінен-ақ ақынның дүниетанымы кең болғаны, қасаң қағидаларға сыймайтыны анық еді.

Б.Ердембеков «Абайдың мектебі» мақаласында: «Абайдың айналасын шартты түрде екі топқа бөлеміз. Біріншісі – Абайдың ақын шәкірттері, екіншісі – Абай айналасындағы өнерпаздар», – дейді. Бұл даулы мәселені шешу барысында ғалым Абайдың нақты шәкірттері мен арагідік ұшырасып отыратын талантты жандарға зерттеу жасай отырып анықтаған. «Нақты шәкірттері» дегеніміздің себебі – олар – хәкімнен тікелей тәлім алған, сондай-ақ ойшылдың нұсқауымен өлең мен поэма жазған ақындар. Осы секілді екі топтың ара-жігін ажыратып, Абай мұрасын ғылымға қайтадан жаңаша сипатта еңгізуде қалам иесінің ықпалы зор.

ӘРІП АҚЫННЫҢ ӘЛЕМІ

Абай қай істі, қай мінезді, қай құбылысты жырласа да, ақыл таразысына салып, көкірек сүзгісінен өткізіп барып жариялаған. Осыған қарап, Абайдың сыншылдығына тәнті боларыңыз анық. Міне, осындай ақыл иесі жас буынға бар білгенін жеткізгісі келді. Естір құлақ, есті көкірек болса, ол еш нәрсесін аямады. Керісінше, шәкірттері өзінен асып кеткенін, әлем әдебиетін терең білгенін қалады. Сүйікті ұлы Әбдірахманға арнап жазған өлеңінде: «Жаңа жылдың басшысы – ол, / Мен ескінің арты едім», – деуі де сондықтан.

Абай қайнарынан сусындаған талантты тұлғалардың бірі – Әріп Тәңірбергенұлы. Ол да басқа шәкірттері секілді Абай тағылымын бойына сіңіріп, әншілігі мен ақындығын қоса шыңдады. Дегенмен, XX ғасырда ақын ғұмырын зерттеу ісі аяқсыз қалып, бірашама кедергіге ұшырағанын біреу білсе, біреу білмес. Б.Ердембеков «Әріп ақын» еңбегінде: «Ә.Тәңірбергенұлы өмірі мен шығармашылығының әлі де жете зерттелмей, ғылыми тұрғыда өз орнын таппай келуінің бірнеше себептерін айта кетейік. Біріншіден, Абайтану мен Абайдың ақындық мектебін солақай таным тұрғысынан таныған сол уақыттың әдеби көзқарасы. Екіншіден, ақынның социалистік қоғамға жат шығармалар жазуы (әсіресе дүниетанымдық мәндегі поэзиясы). Үшіншіден, Әріптің төңкеріске дейінгі патша шенеуніктерімен бірге бірнеше жерде тілмаштық қызметте және болыстың хатшысы сияқты қоғамдық жұмыстар атқаруы, ол аз десеңіз төңкерістен кейін кеңес өкіметі тұсында «істі болған күдікті» өмірі», – деп өткен ғасырда Ә.Тәңірбергенұлының шығармашылығы неліктен көп зерттелмей, назарға ілікпей келгенін дәлелдеп берді. Осындай кедергілер тек Әріп ақында ғана емес, Құнанбай әулеті, одан кейінгі Абай ұрпақтарына да әсер еткені мәлім. Бір ғана Тұрағұл Абайұлының азапты өмірі мен өлімі көпшіліктің көкейінде әлі күнге дейін маздап тұр.

Жалпы, Б.Ердембеков Әріп ақынның бүтін болмысын ашып, негізгі қасиеттерін жіктеп, қалың оқырманға ұсынып келеді. Деректердің саналуыандығына қарамастан, ғалым Ә.Тәңірбергенұлының өміріне жаңаша көзқараспен баға беріп, ақынды «тірілтіп» отыр. Әрине, егерде қазақ қауымы осындай еңбектерге өз уақытында, тиісті дәрежеде назар салып отырса, Әріп ақынның мұрасы әлі де жан-жақты зерттеледі деген үміт бар.

ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВПЕН ҮНДЕСТІК

Бүгінгі таңда Б.Ердембеков – Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры. Бұл жауапты қызметтің ғалымға берер пайдасы ұшан-теңіз екені сөзсіз. Біріншіден, жас ұрпаққа Абай мұрасын Қ.Жұбанов (1899-1938) еңбектері негізінде оқытса, екіншіден, өз тәжірибесі арқылы хәкімнің өнегесін танытары белгілі.

Араб, парсы, латын, түрік, жапон тілдерін еркін меңгергеннен болса керек, Қ.Жұбановтың білімі басқа қаламгерлерден қарағанда оқ бойы озық тұрғаны байқалады. Ол Абай шығармаларының тілдік ерекшеліктерін жіті қарастырып, жан-жақты зерттеді. Ғалымның мына бір пікіріне назар салайық: «Абай — ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі — ойшыл сезім. Бірақ, оның ойы да — сезімшіл ой». Бұл пайым – данышпан ақынның бір қырын ашып бергендей болды. Санаға сәуле түсіріп, селт еткізер сөздің төркіні – «сезімшіл ойда». Сірә, ғалым сезім мен ақылдың тоғысқан тұсында Абай болмысы жатыр дегенді меңзесе керек. Бұл – біз аңғармай жүрген үлкен ізденістің нәтижесі.

Асылында, Абайдың «ақыл, қайрат, жүрек» және «толық адам» байламы – рухани тазарудың, адамдың адамдық қалпын сақтап қалуына негіз болар ерекше ұстаным болғанын білеміз. Қос қаламгер де осы асыл құндылықты терең сезініп, еңбектеріне арқау ете білген.

ҚАЛАМГЕР БОЛМЫСЫ

Әйгілі философ Ф.Ницшенің: «Біз болашақ үшін өмір сүрмейміз. Керісінше, өткенімізді сақтау үшін өмір сүреміз», – деген тәмсілі көзі қарақты оқырманның есінде болар. Сөзіміздің басында да осы ойды қозғап көрдік. Расында да, өткен уақытта ғана өмір, тыныс пен тіршілік бар. Әлі болмаған оқиғаны «ғұмыр» дей алмаймыз. Ф.Ницше айтқан толғамның көп адамның болмысына, дүниетанымына әсер еткені белгілі. Ендеше, бүгінгі өмір мен өткен шақтың алтын көпірі – рухтың тылсым құбылыстарында.

Неге екені белгісіз, Б.Ердембеков туралы сөз қозғағанда Абайдың «Асықпай жүріп анық бас» деген тағылымы мен талабы еске түседі. Бәлкім, әрбір жылт еткен қызылды-жасыл дүниеге аптығып, алдамшыға асығып, байбалам салудың қатерлі дерт екенін сезгеннен кейін ғалым ондай істі құптай қоймаса керек. Бір ғажабы, Абай – қара жерге көмілген адам болғанымен, оның болмысы әлі де тірі. Құмдауытты басып, аңызақ желдің өтінде өз мекеніне жетуге талпынған керуендей бұл болмыс та біраз ғасырдың асуынан асатын сыңайлы. Адамнан адамға көшетін секілді. Б.Ердембековтың табиғатынан сол сәулені аңғардым.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар