Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Біржан Ахмер. Өзін іздеген кейіпкер...

10.04.2019 11663

Біржан Ахмер. Өзін іздеген кейіпкер

Біржан Ахмер. Өзін іздеген кейіпкер - adebiportal.kz

(Әдебиеттегі жалғыздық ұғымы туралы бірер сөз)

Өмірдегі шындықтың көркем әдебиетке енуі қаламгердің көрген-білгеніне, естіген-түйгеніне тікелей байланысты. Жазушы жасаған кейіпкерлер галереясы келешекте жазылар шығарманың басты фабуласы (құралы). Сондықтан қандай да бір шығарма жазылмас бұрын автор сол тақырыпты өз басынан өткерсе, туынды мейлінше шынайы әрі оқырманға тартымды болады. Осы орайда, біз сөз еткелі отырған «жалғыздық» ұғымын қаламгердің көзімен қарау, сол секілді пайымдау – тақырыпты ашудың негізгі факторлардың бірі екенін ескерген жөн.

Қазақ әдебиетінде оңашалық, ішкі күйзеліс пен қоғамнан жырақтау әрекеті бейнеленетін бірнеше шығармалар бар. Соның ішінде Тәкен Әлімқұлдың күй тақырыбындағы шығармасын атауға болады. Мұнда топтанған тобырдың ішінде күй шертпейтін Сүгір күйшінің образы «жалғыздық» моделімен астасып тұрады. Яғни, оның шедевр күйлері жалғыз қалғанда ғана туады және жалғыздықта шерткенде ғана қасиеті жоғалмайды. Даңғазалықтан бас көтере алмайтын қоғамнан гөрі күйшіге ділі жұпар даламен, тазалық тұнған табиғатпен сырласудың орны бөлек. Ендеше, талант иесі үшін жалғыздық – қиялдың әлдиі, жанның азабы, шабыттың шегі.

Жалғыздық – Оралхан Бөкейдің де басты тақырыбының бірі. Оның шығармаларындағы ой иірімдерінде «жалғыздық» бейнесі ара-тұра айшықталып, автордың айтар пайымын танытады. Қаламгер «Өз отыңды өшірме...», «Атау-кере» сияқты іргелі, шытырман оқиғаға толы романдарындағы кейіпкерлердің күйзелісі арқылы көп ішіндегі жалғыздық мәні мен жан толғаныстарына назар аудартады. Автордың ойынша, жалғыздықтан құтылудың жалқы жолы – табиғатта жатыр. «Қар қызы», «Құм мінезі», «Жетім бота» шығармаларындағы ән салатын шағылдар, күрсінетін құм төбелер оқырманның көзіне жас үйіріп, кеуде тұсын құлазытады. Бірде үміт, бірде күдік сыйлаған О.Бөкей қоғамнан безінген кейіпкерлерін осылайша бейнелеп, осылайша түңілдіреді. Дегенмен, мұның барлығы да өмірдің өзінен алынған шындық, әрі өз заманының ығына жығылған қоғамның айнасы. Міне, осы тәсіл арқылы жазушының оқырманды ойландыру, өзімен (автормен) бетпе-бет сырласу, өмірдің күңгірт түстерін көрсету ниеті жатқанын байқау қиын емес.

***

Ойының өзгеше болғаны үшін «жалғыз» (гений) кінәлі емес, оны түсінуге тырыспаған қоғам кінәлі. Өз заманында хәкім Абайдың өлеңдері оғаштау, ақылға қонымсыз болып көрінгенімен, уақыт өте келе шығармалары классикалық деңгейде жазылғанын мойындадық. Демек, уақыт – ұлы сұрыптаушы. Ал қоғам – белігілі бір саяси немесе әлеуметтік қыспаққа тәуелді топ. Ақыры көп ішіндегі ақын – жалғызға айналды. Әлемдік философ хәкім Абай қазақ ішінен өзімен теңесетін, тең тұрып сырласатын, өзі секілді пікір білдіре алатын адам таба алмай қиналды. Сөз киесін танымаған айналасы ақынның қоғамнан жырақтауына әкелді. «Сегіз аяқ» өлеңінде «Моласындай бақсының, Жалғыз да қалдым – тап шыным» деп азаптанатыны да сондықтан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Белла Ахмадулина: Мамыр айы болатын, менің айым...

Сол секілді Жәркен Бөдештің «Жалғыз» поэмасында да оңашалық, даралық бейнесі кестелі жырмен, кемел оймен өрнектелген. Өз діңіне ғана сүйенген арқардың образы арқылы ақын өзін бейнелеп тұрғандай. Бұл пайымға: «Жалғыздыққа сүйенген, Мен де жалғыз арқармын. / Жалғыз өлең дарыса, жүректегі тарқар мұң», – деген өлең жолдары дәлел. Шайырдың ойынша, «соқтықпалы соқпақсыз жерде өскен» Абай да, жазықсыз жапа шеккен мұңлық Мағжан да, адалдықтың ақ туын желбіреткен хан Абылай да, қазақ жерін қорғау жолында құрбан болған Махамбет те, қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен баһадүр Бауыржан да, бәрі де – жалғыз. Жалғыз дейтіні – оның өнегелі өмір жолы, дүниетанымы, ұлтқа жасаған еңбегі ғана емес, тұлғалық даралығы.

***

Белгілі бір шығарманы жазу үшін қаламгерге тыныштық пен оңашалық қажет. Әлем әдебиетінде аты әйгілі қаламгерлердің шығармаларында жалғыздықтың күйін кешкен әдеби кейіпкерлер жетерлік. Байыптап қарасақ, бұл кейіпкерлер оқырманмен тікелей диалог құруға мүмкіндік тудырады. Өйткені оқырман шығарманы оқу арқылы өзінің ішкі «менімен» тілдеседі.

Осы тақылеттес шығармалар Г.Маркес, Ш.Бронте, К.Гамсун, В.Вульф, Р.Уорен, Д.Сэлинджер, Э.Хемингуэй, Л.Ульман, М.Шейбон, Х.Мэнтельдің шығармашылық шеберханасында жиі кездеседі. Жаңа ғасыр адамының сұранысына ие бұл туындылардың көбі реалистік сипатта жазылған. Осы бағытта жазу – біріншіден, қаламгерге еркіндік берсе, екіншіден жоғарыда атап өткендей оқырманмен «іштей» жақындасуға септігін тигізеді. Осылайша, әр қаламгер жалғыздыққа өзінше баға беріп, оған жаңа сипат дарытқаны әлем оқырмандарын елітіп әкеткен.

Жалғыздықтың тек жағымды ғана емес, жағымсыз тұстары, кесапат-кесірі де бар. Британдық жазушы В.Вульф «Маяк» шығармасында кейіпкерлердің ішкі диалогі арқылы жалғыздықтың ащы уытын айшықтап, адамның психологиялық күйреуін суреттеген. Алыстағы арал, күңгірт пейзаж, т.б. детальдар оқырманды күрсініске жетелейді. Мұнда басты кейіпкер Рэмзидің отбасынан береке қашып, біртұтас шаңырақ ретінде қараудың орнына әр кейіпкер жеке тұлға болуға талпынады. Әркім өз сөзін сөйлеп, өзінің «менін» көрсетіп, ісінің дұрыстығын мойындатумен күн кешеді. Сөйтіп, өмірдің мәні жоғалады. Аталған шығарма арқылы Вульф жақындар арасындағы жалғыздықтың азабын көрсетті. Бұл – күнделікті күйбең тіршіліктегі біз байқамай жүрген боямасыз шындық екені даусыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жүсіпбек Қорғасбек. Аңыз Мұхтар Мағауин

Біз сөз етіп отырған оңашалық туралы белгілі жазушы, публицист Б.Лернердің «Аточ бекетімен қоштасу» шығармасында шебер бейнеленген. Мұнда басты кейіпкер Адам Гордон грант ұтып алып Мадридке оқуға келеді. Бірақ бір жыл бойы қатарластарымен тіл табыса алмай, өзін жалғыз сезінеді. Көшеде жүргенде де, сүйіктісіне барғанда да, оқу оқығанда да жалғыздық дертінен айықпайды. Жазушы шығарманың соңында бір адамның жалғыздығынан бүкіл ұлттың жалқылығын тұспалдап кетеді. Расында да, әрбір ұлт қайталанбайтын тарихтан һәм бөлек тіл мен ділден құралатын болса, Б.Лернердің пікірімен келісуге болатындай.

Әлем әдебиетіне зер сала отырып, аталған тақырып жөнінде біраз мәліметке жолықтық. Мәселен, бір кісіні алапат сезіммен сүю үшін адам өзін-өзі тану керек, ал өзін-өзі тану жалғыздықта, ой қорытқанда ғана туады дейді ағылшын жазушысы Ш.Бронте.

***

Хош, өмірлік жалғыздық пен бір сәттік жалғыздықтың ара-жігіт ажыратқан жағдайда авторлардың айтар ойын мейілінше анығырақ түсінеміз. Себебі бұл екеуі – бөлек әлем. Сонымен қатар, жалғыздық пен даралықты да айыра білу қажет. Даралық – рухани кемелділікке ұмтылған тұлғаның жолы, адамның ішкі потенциялы. Өзін толықтай таныған адамнан асқан биіктік жоқ. Басқаша айтсақ, жалқылық терезесінен жаһанға көз салу арқылы адам гений деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін.

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар