Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Біржан Ахмер. Жер бауырлап ұшқан күй құсы...

18.09.2019 4185

Біржан Ахмер. Жер бауырлап ұшқан күй құсы 12+

Біржан Ахмер. Жер бауырлап ұшқан күй құсы - adebiportal.kz

(Тәкен Әлімқұловтың «Сарыжайлау» әңгімесі туралы)

Есте жоқ ерте замандардан қалған асыл мұрамыздың бірі – күйшілік өнер екені әмбеге аян. Сол бір күй даланы толғандырды, тебірентті, таңғалдырды... Тарлан тарихтың да, аталы сөз бен баға жетпес салт-дәстүрдің бір бөлшегі осынау сиқырлы күйдің сарынына сіңіп, бүгінгі заманға жетті. Тағы бір жәйт, әуелгі күй бір жоғалып, бір шарықтап, жан кеудеңді жеті қат көктің шуағына шомылдырады. Сондағы бар айтарың: «Шіркін, күйдің құдіреті-ай...» – деу ғана. Сөзтаным мен күйтанымның арасында шекара жоқ. Екі танымның алмасып, жанасып келетін мезеттерінің бәрі де дала заңдылықтарының айғағы. Сөз бен күй адамның сыртқы болмысын емес, ішкі дүниесіне әсер етеді, сұлуландырады, өмірге ғашық етеді. Міне, сондықтан да қос өнердің мұңшыл толқынысы алаш баласының өмір жолындағы алыстан түскен жарығы, айналып келер қазығы болды.

Қазақтың классик жазушыларының бірі Тәкен Әлімқұловтың әдеби толғаныстары, шығармашылық шеберханасы өткен ғасырдың еншісіне ғана бұйырған бақ емес, бүгінгі және болашақ ұрпақтың санасына сәуле түсіретін шамшырақ, көңіл пердесін ашатын тылсым болары сөзсіз. Оның кейіпкерлері – қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың галереясы. Осы галереяны аралай жүріп, өткенге зер саласың, сол арқылы өз болмысыңа үңілесің. Сөйтіп, Тәкеннің қызғалдаққа толы атыраптай қызықты да, салмақты әлеміне енесің. Бабата ауылының бар киесі, Созақ мекенінің самала сазы мен сөзін сіңіріп өскен бала Тәкеннің дана Тәкенге айналар сүрлеуі де – бір тарих. Оның әдебиет майданына ақын болып еніп, ақыры жазушы ретінде қазақ сөз өнеріне қолтаңба қалдырғаны көпшілікке аян. Қаламгер қылышынан қан тамып тұрған Кеңес дәуірінде баба тарихын ұмытпай, оны көркем тілмен ұлықтай білудің маңыздылығын терең түсінді. Сондай-ақ, Әлімқұловтың кейіпкерлерін зерделеу барысында қазақ мәдениетінің асқақ рухын сезуге болады. Азаттық жаршысы, үзеңгілес серігі Исатайдан айырылып жалғыз қалған Махамбет, «Сарыжайлау» күйін шертіп, қоңыр даланы күйімен әлдилеген Тәттімбет, абыройы асқанмен, көкірегі шерлі Ақан, оңашада ғана күй шертіп, жалғыздықпен дос болған Сүгір – барлығы да жазушының өмірде болған біртуар кейіпкерлері еді. Әрине, көркем туынды болғандықтан түрлі детальдар қосылуы мүмкін. Бірақ әңгіменің өзегі реалистік оқиғаларға негізделгені анық.

Т.Әлімқұловтың «Сарыжайлау» әңгімесі – күй өнерінің сан салалы сырларын, бізге таңсық болған қырларын көрсеткен өміршең шығарма. Туындыны оқи отырып, Қарашоқы-Қособаның салқын самалы, ақселеу алқабы көз алдыңа елестеп, сол даланың топырағына табан тірегендей күйде боласыз. «Сарыжайлау» – тек Тәттімбетке ғана арналған әңгіме емес, бұл «кісенделу» процесіндегі қазақ ұлтының бұлыңғыр өткені. Бұл кейіпкер – сұрқия жүйенің ықпалында болғысы келмейтін бостан сананың бұлқынысын күй тілімен сөйлеткен тұлға. Әңгіме күйшінің сыртқаттанып қалған мезетінен басталады. Сол сырқат бір жағынан өмір тіршілігіне базына білдіруге себеп болса, бір жағынан «әлі де қаншама өнер туындысын дүниеге әкелер ме едім» деген аңсар-арманның ыстық лебі. Алайда қанша қиналғанмен, жылт еткен үміттің шоғы адамның еңсесін тіктеп, болашақ күннің сәулесіне елеңдеткізеді екен, өнер арқылы өмірді жаңаша сүюге үйретеді екен. Автордың айтпағы осы болса керек.

«Тәттімбет томағасы сыпырылған қырандай қиянды шола бастады. Қиялдың көзі алуан атырапты аралап, ес білгелі етене болған сонау Жосалы тауын, тау етегіндегі сазы мол, шалқыған Сарыжайлауға аялдай берді. Сарыжайлау еске түскенде, Тәттімбет: «Уһ», «Па, шіркін!» – деп сүйсіне күрсінді». Бұл мәтіндегі ой астарының бір парасында ««Сарыжайлау» күйі қалай дүниеге келді?» немесе «осы күйдің шығуына не себеп болды?» деген сұрақтардың жауабы тұр. Расымен де, адам үшін туып-өскен жерден артық мекен жоқ. Көздің мөлдіреген қарашығындай киелі болған Сарыжайлау, Тәттімбеттің қолына домбыра ұстатып, әйгілі күйші атандырған Сарыжайлау, қазақ тарихының мұңы мен шаттығына куә болған Сарыжайлау бұл.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Айгүл Ісімақова. Қазіргі заманның сал-серісі

Тәкен Әлімқұловтың тілі – қазақы қайнардан нәр алған таза һәм шебер тіл. Кейіпкердің образын ашу үшін Әлімқұлов көпсөзділікке емес, көкейге қонған дөп сөзді қолданады. Әрі белгілі бір тақырып аясында ғана сыр шертіп, оқырманның ойын сан-саққа жүгіртпей, нақты мәлімет беруге тырысады. Қазақ сахарасындағы ұлы өнерлердің барлығы да автордың көріп-білген, естіген дүниетанымымен байланысы бар.

Автор әңгімені одан әрі қызықты етіп, Тәттімбеттің жас кезіндегі ғашығы Сарықыз жөнінде аз-маз сөз қозғайды. Жазушы мұны: «Сол жайлаудың шырайындай Сарықыз Тәттімбеттің көкейінде», – деп іңкәр сезімнің ыстық лебін сездіріп өтеді. Бұл мәлімет тегіннен-тегін айтылған жоқ. Тәттімбеттің әуелгі шабыт сыйлар музасы, көңіл пернесін дөп басқан сағынышы – Сарықыз еді. Бірақ бұл арадағы сезім – тілсіз ұғынып, үнсіз түсінетін, алыстағы сағымдай көз ұшында тербеліп тұрған елес-тұғын. Сарықыздың сылаң қаққан жүрісі, сылқым күлкісі талантты күйшінің талғамын одан әрі жоғарылатып, жанын жаралап, қиялын шарықтатқан-ды. Екіншіден, бұл ару – текті атаның ұрпағы. Қанындағы асыл қасиеттер жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен көрініп, ерекше биязылықтың ұшқынын шашып өткені рас. Осындай ынтық сезімнің әсерінен Тәттімбет «Былқылдақ» күйін дүниеге әкелді деген аңыз бар. Аталған туынды Былқылдақ өзенінің жағасында шығарылып, күйшінің қызға деген махаббатын айғақтаған. Автор осы мәліметті де әңгімеге енгізеді.

Далалық сарын – музыка әлемінің ең бір ғажайып бөлшегі. Табиғат құбылыстарынан жаралған ноталар қоңыр домбыраның пернелеріне қонып, тылсым әсерге жетелейді. Тәттімбетті күйшілікке үйреткен – далиған даланың өзі. Сондықтан шын таланттың ұстазы – тұмса табиғат, өмір жолы және жүрек дауысы. Осы үш әсерден туған күй өміршең болуы тиіс. Тәттімбет соны дәлелдеді. Тағы бір айта кетерлік жәйт, талантты тұлғаның күйлері бір-біріне ұқсамайды. Әрбірі – жеке әлемнің жыршысы. Қазақ сахарасындағы композиторлық өнердің негізгі тіректерінің, дамытушыларының бірі Тәттімбет екені сөзсіз. Сол күйшінің азапты толқынысы, күй шығарудағы қиналысы одан бұрынғы дәуірмен, әлемдік классиктермен үйлеседі. Мәселен, белгілі композиторлар В.Моцарт, И.Бах, Л.Бетховен, модерндік сипатта әуен шығарған Р.Вагнер, музыка сыншысы, сазгер П.Чайковский секілді ән әлемінің белді майталмандары өз дәуірінің үнін жеткізе білді. Олар музыка арқылы әлемді сұлуландырып, көркейтіп, шарықтатып, тіпті түрлендірді десек, қателеспеспіз. Әрине, шаттық пен мұң бар жерде мұндай әуеннің сөнбесі анық. Міне, музыка өнері – шексіз, әрі галактиканың көз талдырған биіктігіндей ғажап немесе самсаған жұлдыздарындай жұмбақ. Әуен шығаруда сазгерлер арасындағы осындай азапты үндестікті аңғару қиын емес.

Шығарманың шарықтау шегі – Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйін шығарған, толықтырған тұсы. «Салалы саусақтары бұғалық толғаудан сағалыққа қарай секіріп түскенде, домбыра оқыс сылқылдап, дәмді саз төге бастады». Иә, күйішінің шабыт кезіндегі образы осылайша шебер суреттеледі. Осыдан барып «Сарыжайлаудың» бірінші тарауы туса, одан кейін асып-тасқан шабыттың әсерімен келесі тарауларын да шығарады күйші. Сондай-ақ, Сарыжайлауды көз алдына елестетсе, Тәттімбет егіле, емірене түсетіні де айтылады. Себебі бірер жыл бұрын осы қасиетті мекенді, яғни Сарыжайлауды Тәттімбеттен тартып алған-тұғын. Міне, осыдан туған ызалы күйініш, долы ашу, ынтыққан сағыныш қосылып, барлығы домбыраның қос ішегіне «ілінген» еді. Бұл күй – басқадан бөлек болып шықты. Ілгерідегі ілкі сағымның жетегінде жүріп шығарған «Көкейкесті», «Сылқылдақ», «Қоңыр», «Бес төре» секілді күйлеріне мүлдем ұқсамайды. Хош, мұның сарыны – боз жусанның тербелісі, салтанатты көштің жүрісі сынды салмақты, бір қалыпты үн болып естіледі.

Т.Әлімқұловтың кейіпкері – өмірде болған реалистік тұлға мен қиялдан жасалған біртұтас образдың қосындысы. М.Әуезов «Абай жолын» жазғанда әдебиеттің көркем суреттерін, иірімдері мен тәсілдерін қолданған секілді, Әлімқұлов та қадари-хәлі жеткенше өзіндік көркем-эстетикалық ойларын қосуға тырысқан. Мысалы, «Туған жер үшін күйзелмеген адамның өмірі кейінгі ұрпаққа жалғаспайды», «Өмірдің өзі жайлаудай түлеп, алмасып, өзгеріп тұратын анық пайымдаған түйсікшіл пенденің шын сыры» деген автор сөздері әңгімеге ерекше реңк беріп тұрғандай. Тіпті, мұны Т.Әлімқұловтың жеке қанатты сөздеріне де жатқызуға болады.

Әңгіменің соңы «осы күйді кейгілер нәшіне, нақышына келтіре алар ма екен» деген Тәттімбеттің күдігімен аяқталады. Бұл күдік – орынды уайым. Өйткені замана көші алға жылжыған сайын тазалық пен саф өнердің құны кетіп бара жатқаны белгілі. Сондықтан Тәттімбеттің күдігіне іштей келіспеске шара жоқ.

Сурет artmajeur.com сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар