Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Біз ертегіні ғылымға айналдыра алмадық

30.11.2018 1269

Біз ертегіні ғылымға айналдыра алмадық

Өткен жолы «Ұлықбек трагедиясын» айтқанымыз есіңізде болар.

Еуропа ғылымға құлаш ұрып, дүниенің ғажайыбын, Жаратушының сыйына көздері тоймай зерттеп жатқанда біз біріңғай ертегі айтуға көштік. Сол баяғы дастархан басы, ошақ қасындағы кәкір-шүкір әңгіме.

Бабаларымыз Ай мен Күн туралы ЕРТЕГІ айтып жүргенде, Галилей ТЕЛЕСКОП ойлап тапты.

«Ертеде Аспан патшаның Ай мен Күн атты екі сұлу қызы болыпты. Ай Күнге қарағанда әдемірек болса керек. Өзінен әдемі болған сіңілісін көре алмай қызғанған Күн бірде Айдың бетін тырнап алады. Әпкесінің қызғаншақтығынан бетіне кетпестей тыртық түскен Ай күндіз адамдарға көрінуге ұялып содан бері тек түнде ғана шығады екен».

1609 жылы Галилей Ай бетіндегі қара дақтар ертегіде айтылатын тыртық емес кратерлер екенін, онда таулардың болуы мүмкін екенін ғылым тілімен тұжырымдады. Оны жаңалығын көрген сол кездің ғалымдары қайран қалды. Бұл расында ғажайып болатын.

Енді мынаны қараңыз. Сіз ертегіні жалғыз біз айтқан екенбіз, Еуропа бірден дамып кеткен екен ғой деп қапаланбаңыз. Көңіл-күйіңізді түсірмеңіз. Көңіліңіз түсетін жерді қазір айтамын. Еуропа ертегінің түбін түсірген. Жетіқарақшының Темірқазыққа байлап қоятын екі жылқысын біз Ақбоз ат пен Көкбоз ат деп атасақ, Еуропа Вега мен Капелла деп атаған. Зевстің әйелі Гера Геркулесті қызғанып емізбей қағып жібергенде сүт шашырап, содан Құс жолы пайда болыпты-мыс.

Күлкілі, иә? Мұндай аңыз, ертегілер Еуропада болсын, Америкада болсын толып жатыр. Қисынға келмейтін ертегілерді екі халық та айтқан және әлі күнге дейін өзіне беймәлім аспан денелері туралы солай дейді. Мысалы Төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында тұрған адам баласы әлі күнге қара құрдым, квазарлар секілді мыңдаған аспан шырақтарының не үшін жаратылғанын түсіне алмай отыр. Біз неғұрлым біле түскен сайын, соғұрлым білмейтін дүниелеріміз көбейеді. Адам тумысынан өзі білмейтін дүние туралы алдымен аңыз, ертегі құрастыруға құмар. Бұл жалғыз қазақтың емес жалпы адамзаттың психологиясына тән құбылыс.

Ең өкінішті біз ертегіні ғылымға айналдыра алмадық. Біздегі аңыздар сол аңыз күйінде қалды. Ондай ертегілер тек дастархан басында айтылды. Аңыз-әфсананың түбін қазбалап, ғылыми тәжірибемен толықтыру ешкімге керек болмады. Міне, осы жерде мұңайып, жабырқауыңызға болады.

Дала жұрты үшін Темірқазықтың солтүстікті көрсететіні, Сүмбіле шықса күн суытатыны секілді қарапайым өмірге қажетті аспан шырақтарын білу жеткілікті болды. Адамның жан дүниесі, оның білсем, көрсем, естісем деген ішкі сұранысы қай кезде де, қандай дәуірде де болған. Тіпті жан баспаған аралдарды мекендейтін аборигендердің өзі белгілі бір табиғат құбылыстарының сырын өзінше түсіндіруге тырмысады. Бұл да адамның туа бітті қасиеті, оның өзге мақұлықтардан айырмасы.

Сол секілді біздің халықтың да бойында осындай сұраныстар мен қажеттіліктер үнемі болды. Дала көшпенділері, мейлі Орта Азияның Самарқан, Бұхара, Герат қалаларында болсын жаратылыстану ғылымдарын зерттеу, күрделі ғылыми ізденістерге ұмтылу, жаңа техникаға деген қызығушылықтың орны бос қалды. Міне, осы босап қалған «рухани вакуумның» орнын діни идеялар, аңыз, ертегілер толтырды. Нақты ғылымдармен айналысатын ғалымдар кетіп, олардың орнын мешіт-медреседегі имамдар ауыстырды. Осылайша қарапайым халық молда-мүдәристердің уағыз әңгімелерін қанағат етті.

Әттең, әрісі Хорезми, Фараби, Бируни, Қашғарилар, берісі Ұлықбек, Құсшы, Румилерді үлбіретіп қолда ұстамасақ та, ең құрығанда тыныш өмір сүргізгенде Галилей көрген ғажайыпты Азия халқы Еуропадан 200 жыл бұрын көрер ме еді кім білсін.

Рысбек Рамазанұлы, тарихшы,

«Әлем халықтары жазушылары одағының» мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар