Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бізге солақайлар келді!

19.09.2018 1135

Бізге солақайлар келді!

«Солақайлар» оң қадамымен үдей түсті. Мақсаттары да шашырамаған – қашанда «өнер – өнер үшін» ұстанымында болу, әдебиетшілерді жіктеп-сорттап, қарадай дөңбекшітіп қоятын саясатқа, идеологияға байланбаған, қазақ танымының тамырымен (мифология т.б.) суарылған жаңа эстетика, жаңа әдеби кеңістіктің пайда болуына азды-көпті үлес қосу. Азды-көптісінің өзі осы... Қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған көркем аударма саласын сатылап биікке шығаруды көздейді. Бұл тұрғыда «Солақайлар» клубы баппен тәржімалап, өзіңізге дәмдеп ұсынған «Кафканың қуанашын», «Кафканың «қорғанын», «Кафканың трагедиясын», «Кафканың «Америкасын», тіпті «Жалаңаш Кафканың» өзін сүйсініп оқығансыз, білем. Тағы қаншама еңбектері жарияланған. «Солақайлар» классикамен қоса жаңа заман әдебиетін де насихаттайды. Әлдекімдер бұлқан-талқан болса бола берсін – Бұлар қазақ әдебиетдегі мүк басқан «өлшем бірліктерден» басқаша дүние ұсынуға бел байлаған.

Клуб болған соң, оның мүшелері болары заңды. Тиісінше, бұдан былай «Әдебиет порталының» бетінде Ықылас Шалғынбай, Шалқар Дәулеткелді, Санжар Бекжан, Еділбек Дүйсен, Арман Әділбек, Бауыржан Матай, Әділхан Асанов, Абзал Сүлеймен сынды «солақайлармен» беттесесіз.

Adebiportal.kz

Бес ақын: қазақ поэзиясының жаңа кеңістігі

Уақыттарды тал-шыбықтай қадап тұрады
Мәңгілік терең қазып,
Оңқайларды солақайлар адастырады
Ақылды өлең жазып.

1. “Аулақта, Балбалдар маңдайында сәулең дірілдеп”. Шалқар Дәулеткелді

Иншалла, сонау жылдары виртуоз шайыр жазған “The river is within us” сөз тіркесінен кейін сан уақыт өтсе де, жыр-өлең дамуы дүниежізілік поэзияны қазақ ақыны қалам тартқан “Жібі үзілген батпырауық” деңгейіне дейін көтеріп, бүгінгі modern/postmodern заманына алып келді. Ұйқастан бұрын, ұйғарым сөзі, қорытынды уәжі мән-мағынаны жұмбақтап алапат биіктің жарты жолына сүйреп жеткізеді, шыңға, сосын, бейнеленген образ тартып шығарады. Түйдек-түйдек, кесек-кесек, ірі-ірі. Қаһармандары, кейіптелуі – соқталы, сойталдай, соқтауылдай. Тіпті, жазиралы, ну орманды етегі жақын, жалаңаш төбесі қашық, алып таулардай , көкті түйреген көк сүңгі көсем найза құздарды бағындырып, шексіз ғарыштай кеңістіктерді игеріп, әлемді бір ауыз одағай сөзге сыйдырып, сыйғызып, сыйындырып, сындырып... өрнек салады.

Ілуде бір кездесетін мыңнан бір мезеттерден кейін де,
Үнсіз терезеден сыртқа қарап отырдық.
Өткен қыс күндеріндегідей қар жауған көшелерге,
Қағаз батпырауықтарға ұқсап жібі үзілген,
Қарап отырдық, одан әрі де автобус аялдамаларына –
Мені тастама атты картина ілінген.

Үтірлері ғана қалдырылып, соңына бір-ақ нүкте қойылғанда, жұмбақ күшейе түсетін еді, тырнақшалар мен жұлдызшалардан мүлдем бас тартқанда, шешім қиындап, байлаған түйін шешілместей түйіліп, анық түсініктен күдер үзетініміз рас еді.

Өткен қыс күндеріндегідей...
Көше сыпырушылар да,
Жол жөндеушілер де,
Жылу жеткізушілер де
Дағдарыссыз...

Дағдарып қалдық біз ғана келесі қадамды жасауға,
Бағыт жоқ бізде...
Жүрегіміз жұмсақ сағаттардай балқыған,
Уақыт та жоғалған, майысқан тіл де...

Балқыған сағат ертеде Сальвадор Дали қолында ғана бар-тұғын. Ұлы суретші нұсқасында – дастарқан шетінен төмен ағып бара жатқан сұйық сағат болатын. Мұнда жүрек қамырдай езіліп, қара мақпалдай иі қанып жұмсарып, арнасынан асып, бөгеттерді бұзып-жарып шыққан тасқынсу тәрізді бұйра-бұйра ақжал толқындары толқып, толқытып, жағалауларды соғады.

Шексіз бөгеттерге де,
Мінсіз жоқтаушыға да жол ашық...

Десек те, бұл тақырып Бауыржан Майтайдың төмендегідей өлеңінен көрініс табады:

Мен қайда барамын?
Жиегіңде құмға өнген бас сүйек,
Қаңғырған қаңбағы сияқты даланың.
Мені де дəл солай ,
Етімді сүйегіме өсірмей,
Шаш саусақтарымнан,
Қара жерге қадалар тікен өсіріп,
Желкенді желге ертіп жібергім келе ме?
Қаңбақ қып,
Оралмас уақыт теңізіне батырып.
Онсызда мен уақыт толқыны соққан жағалаумын,
Уақыт мені кеміріп тауысады.

Бес ақын да – кеңістікте шалқып жатқан уақыт теңізі толқындары соққан жағалаулар. Уақыт адамды “кеміріп тауысады”, ал уақытты мәңгілік жейді.

Құлан жалында сағымы сусыған,
Құлан жондардан аунады күн.
Күн астында ма,
Түн түбінде ме,
Ізімді желге қалдырдым.

Баяғыда, байырғы замандарда, rock-n-rall топтары, ұлы рок-әншілер “Знает только ветер” деп жазатын еді. “Ізімді желге қалдырдым” сөзінде уақыт баянсыздығы, ғұмырдың тұрлаусыздығы, пенденің шарасыздығы бар. Ең, әуелі, көз жүгіртіп өткенде, екінің бірі аңғара қоймайтын тіркесте, жасырынған тұманды мән-мағына, ауа райындай айқындалып, уақыттың сығымдалған формасы, тұрақтанған бейнесі, көлбең тартқан образы – тұлғаланады. Жалпы, уақытты көру, аңдап-аңғару, соңынан қуып жетіп, қолынан қысып ұстап, сосын, қатты құшақтап, қапсыра құшып жібермеу, қиынның қиыны, уақыт сені жетектеп келе жатқанда, түріне зер сала қарасаң да, бейтаныс келбетінен жүзін анық байқай алмайсың, қашанда бұлыңғыр, әдетте, ол тек өткен шақтан көрінеді, Шалқар оны желге байлайды, жел соққанда ғана – жел, тыныш күйінде – мылқау, үнсіз тымық ауа, яғни, аталған бұл табиғи құбылыс қозғалыста ғана өмір сүреді. Демек, өмір дегеніміз жылжып өтіп жатқан уақыт, тоқтағанда – ажал. Алайда, цифрлардан жаңылып, бағыт-бағдарынан ауытқыған, тоқтаған сағат енді уақытты көрсетпейді, еркін, дербес, егемен уақыт сағатқа қарамай алға, ілгері жүре береді, ол шексіз кеңістікке ғана тәуелді. Сөйтіп, уақыт осы шақтан бой береді.

Көл түбіне шөккен сәйгүліктің үміті секілді,
Көл шайқаған ақ пен қызыл көбігі.
Күн түбінде құлаған құс –
Ой теңізін қанатымен сызған хаттар да,
Бір кезде тоқтаған.

немесе,

Ескі қорғанда ұмытылған,
Ескі қақпадан еніп сен келерсің, Ай.
Аулақта, Балбалдар маңдайында сәулең дірілдеп.
Мергия жапырағындай жұлынған ай түбінде,
Оны да Жел тербеп тұрғандай…

2. “Құм басып кеткен үйімнің ішінде Тасқа айнала бастаған тереземді іздеп жүрмін”. Арман Әділбек

Уақыт тасқа айналады. Тілі шартты сандарды нұсқап, бүкіл әлемді арбап, дүниені тылсым тербетіп, кеңістікті әлдилеп, тұрлаусыз, соңында ізі, белгісі жоқ, алды күңгірт, аяғы бұлдыр, Ібіліс сағат, қос қанатынан кезек-кезек майда құм құйылып, шөл далалар сусып төгіліп, сиқырдың күшіндей, мезгілдерді, маусымдарды, жылдарды, дәуірлерді, замандарды, ғасырларды көмеді, жабады, жұтады, яғни сағат қанаттарынан уақыт тамады, бірде тасты жарады, бірде тастың өзіне айналады.

Уақыт – құм, сосын, тас. “Сандық” – қазыналы өлең. Үлкен абстрактілі ұғым-түсініктерді нақтылы, образды бейнелейді. Біз жырдан қолда жоқ, көзге көрінбейтін бейнелерді, демек, болмысты, уақытты, ғарышты аңғарамыз. Болмыс бар екендігімен, өтпелі еместігімен, қатыстылығымен құнды, уақыт шарттылығымен күмәнді, ғарыш шексіздігімен түсініксіз.

Олимп төбесі ме?
Нілдің түбі ме?
Өтүкен бауыры ма…
Әйтеу, бір алыс жақтардан
жүректі суырып алардай сүркейлі шуыл жаңғырды:
- Сандық!

Пандораның сандығы десті біреулер оны түнеріп,
Бұлыттар шырқырай ақты қашыққа,
Келесі бір әлемді іздеп.
Тастар селт етіп оянды
Қандай бір қиямет тумағын сездіріп.

Тағы:

Мұсаның сандығы десті тағы бір білгіштер,
Құпиялық біткеннің кіліті соның ішінде,
–Аш-дағы,
жер бетін жұмаққа айландыр.
Қол-аяғы қиылған жетімек ұлдың жылағаны ма?
Иесін жоқтаған қобыздың аңырағаны ма?
Белгісіз бір дауыс
тау мен даланы өткендей болды күйдіріп.

Мүмкін, бұл “алыптың түмен жылдық шыңырау қақпасын күркірей соққаны” емес, сықырлата, тау-тасты жаңғыртып, шалқасынан ашылып келе жатқан алапат, ауыр, жарма қақпалары шығар, қойнауларында талып, талықсып бір уақыттар жатыр, әлде шығар есігін таба алмай сенделіп тарихтар жүр, кім біледі, біз жоғалтып алған талай қиян-кескі ұрыстар, майдандар, соғыстар, жорық жырын шырқаған қара орман қалың қол, шеру тартқан шеріктер, аттаған табалдырығынан, есіктің маңдайшасынан жаңылып, босағада сығылысып, адасып қалды ма, бәрі тегіс төрде жүретін қадірлі, құрметтілері еді, қастаңдықтар, сатқындықтар, жалған махаббаттар, сауын айтып сақараны шақырған ата-баба асы, ұлан-асыр той-жиыны, қызық, қуаныш, ертегілер, аңыздар, уақиғалар бұл сандықтың немесе үңгірдің ішінде қамалып, кіре берісте топтасып, кептеліп, сығымдалып тұр. Кім босатады?

“Өліарадағы жазиралы шөл”, “мөлдір әйнектей жарқыраған кеш”, аралас-құралас, бейне бір сана арнасындай, ағысындай, асып-тасқан жайылымындай, жайлауындай, бір-біріне соғылысып, сапырылысып, кездейсоқ тоқайласып, тосын қайшыласып, жүйесіз, ноқтасыз ба, жүгенсіз бе, жүйрік пайым, ұшқыр ой билік құрады. Ояу санада ой-шұқыр көп, тегіс жол, төте бағыт, анық соқпақ жоқтың қасы, ескі сүрлеу, көне даңғыл, сілемденіп белгісіз бір жақтарға тартады.

Ермен иісі бұрқырап тұрған анау беткейдегі мазарларда
Келешек жоқ.

Өте дәл берілген баға. Арман Әділбек образдары тыңнан түрен салады, кешегіні қайталамайды, өткенге сүйенбейді, үйренеді, болды.

Мен таңырқауды ұмытқалы
Тіршілік мені тым алыс мекенге жетектеп барады,
Ол тіршіліктен де алыс дүние.

Жолдың бәрі еске алуға бастағанымен,
Өліммен аяқталмайды,
Өлімнің шексіздігі соншалық
Ұжымақ пен тозақты

Фәни мен бақиды
қақпақыл етеді.

3. “Дүниенің бəрі ой, Ойдың бəрі сөз”. Бауыржан Майтай

Бауыржан “Жолда” “Мені іздеп таптың ба? Мен сені іздеп адастым”, деген сауал тастайды.

Дұрыс пікір. Егер, тіпті, ол бабасы жүрген жол болса да. Өлеңде, әдетте, ұйқастан – форма озық, мазмұн терең, образ күрделі әрі қиын. Образ бәрін қамтиды, мәнерін де, өнерін де, сенерін де.

Мен сендемін бе?
Қашан басталдың?
Қайда барасың?
Бағытым қайда өзі?

Күрделі сұрақтар, Ницшенің көше жағалап жүрген мәңгілік сұрақтары тәрізді. Бейбіт, момын, ұсақ, майда емес, керісінше, тентек, жаужүрек, ірі, алапат сұрақтар.


“Әңгімесі” де қызық. Шарап ішкенде, шалқар дүние көрінеді, мүдделер айқындалады, оны ақындардың мадақ жырларынан аңғарасыз, біреудің сөзін сөйлеп, басқаның түтінін түтетіп отыр, бөтен мақсат-мұраттардың күлін шығарады, тамызығын тұтатады, отын көсейді, құл тіршілік, сенімінен айырылған, жасыған, қайратсыз, дін-рухынан, бірегейлігі, тектестігінен адасып, жырының тозығы жеткен, бөгде мәтел, жаудың мақалынан уәж келтірген, айтқан, адасқақ ақындарда белгі жоқ, жұтылады, сіңіріледі, жойылады, тарих өткен соң, ағаш атқа мініп, жаттың поэзиясын оқып, масқара болады, мүмкін, болмайды, оны ешкім, елі де, жұрты да, халқы да есіне алмайды, жоғалады, “ізін желге” байлайды, сосын, кетеді қаңғып, сақараны, бетпақ даланы қыдырып, кезіп, елсіз жұртта еңіреп жылап, соққан желдің сүйкімсіз әнін шырқап... тарихи бағасы осы, ұмытылады, мәңгілік азапқа түседі. Ерікті желдің ізі де еркін, қайда жосып бара жатқаны беймәлім, топыраққа түспейді, жерде қалмайды. Бірақ, сол бір жыршылар ұйтқып соққан желдің бауырында тулақтай сүйретіліп, әсемдігінен, маңызынан айырылады.

Қанатын кесіп құс асырайтын көршілер туралы
айтылды,
Бірі қарттық жайлы айта бастағанда,
Шөлдегеніміз еске түсті,
Су ішкіміз келді,
Біз бəріміз өкіндік ,
Бөлмеде таза судың аз қалғанына,
Біз шөлдедік,
Бізде бағыт жоқ,
Бізде су жоқ.

4. “Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді”. Абзал Сүлеймен

Әрине, желдің айтқанымен жүргенше, өзің дауыл, жел, самал болған жақсы. Соқса – соға берсін, бірақ, еркіндігіңіз, тәуелсіздігіңіз, дербестігіңіз қолыңызда, өз туыңызды өзіңіз көтеріп, жорықтарды өзіңіз бастап барасыз.

Бірақ, қиындықтары да жеткілікті. Абзалдың мына бір өлеңі Альбер Камюдің “Бөгдесін” (“Чужой”) , Жан-Поль Сартрдың “Лоқсу” (“Тошнота”) атты дүниесін еске түсіреді екен. Кезінде екеуін де аталған шығармалары үшін Батыс жұрты төмпештеп еді, антигуманист те, нигилист те болды. Шын мәнісінде, екі автордың дауға түскен қос туындысы екеуінің философиясының жалғасы, көркем прозадағы көрінісі, пәлсапалық ой-тұжырымының әдеби нұсқасы, көркем қаһарман, кейіпкерлік үлгісі ғана болатын. Яғни, Камю мен Сартрға философиясын білмей, түсінбей тиісті, ой жарыстыру орнына, сыншылардың аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты. Қазір бұл повесть пен роман экзистенциалистік философиялық ағым тұжырымдамалары аясында қарастырылады.

Қашан өткені де,
Қалай өткені де белгісіз балалық шағымыз
Бізді тапжылмай күткен туған жерде əкені еске алдық,
Лезде ұмытуға тырысып қайта.
Мəйітті жерлеушілердің ауаны тербеген күрсінісі,
Артында жылағандардың ауық-ауық дауысы -
Бір сəт ауада қалқып...
Бір сəтке бəрі меңіреу күй кешіп,
Ештеңенің мəңгі еместігін түсінгендей.
Аяғымызды сүйретіп басамыз,
Құдды тек қозғалыс қана тірілтердей уақытты...
Оның соңғы сапарында желден жусан жапырылып,
Құйын топырақ көтерді.

Жерледік сосын біз оны,
Естеліктерімізбен бірге зіл батпан топырақ астына...

Абзал Сүлейменнің “Желге ұшқан құстары” да – мықты.

Біз тағы, Тәніміз байланған қараңғы көшені кезуге мәжбүрміз,
Біздің көзіміз де, қолымыз да байланған.
Жалаңаш ағаштар қолдарын созып шақырады тағы -
жел ізін салған көшеге...
Яки бір қыстың,
Яки бір күздің
салқыны кезеді,
самалы еседі,
Көп қабатты үйлерді əлдилеп.
Түс пен өңнің сірескен жібін үзуге тырысып.
Үнсіз бақылауға ғана жетеді шамамыз,
Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді...
Сосын тағы жүреміз көшеде түнекке ұмтылып,
Күн орнына күн болуға тырысқан шамдарға көңіліміз толмай,
Менің де жел болғым келді...

5. “Мұнарасын тұман қамаған мешіт”. Еділбек Дүйсен

Ғажап!
Қандай ғажап өлең жолы...
Поэтикалық қуаты зор поэзия.


Рас, “1782” деген өлеңі осылай басталады. Мұнда, сірә, бір гәп бар, демек, бір ұлы оқиғаны меңзеп тұрса керек, қай шаһардың қақпасы алдында мүридтер аяулы дін исламның жасыл байрағын желбіретіп тұрды екен, қай мүмін ең биік үйдің төбесіне Тәңір туын қадады...

Мұнарасын тұман қамаған мешіт,
Пəрəнжі киген қарындасымдай, меңді.
Бір кездердегі нəп-нəзік үміт
бүгін шыдам кейіпіне көшіп,
Үнсіздік шеңберінде өлді...

Үнсіздік шеңбері
өртенген кітаптар даусы.
Ондағы тіршілік түсіне ой болып көштік.
Құмығып тіл қатады суфлер сыбырына қарсы
Өртелген кітап ішінен өткен күн өксіп.

Жалпы, бес ақын да талантты, білімді, өрелі. Сирек кездесетін жайт. Бір өлеңі екінші бір өлеңіне жалғасып, сабақтасып жатады. Мысалы, Еділбектің “Ұйқысырауын” қараңыз.

Биіктікті батпырауығым жеткен жермен,
Тереңдікті құдық түбіне лақтырылған таспен өлшедім.
Құдірет туралы ашық айтудан қорықтым,
Кейін, ашық айтпаудың құдірет екенін түсіндім.
Жылап аққан қанның өзінен Оған тəн реңді іздедім.
Кейін, Құдайды қарғаған шешем дауысынан селк етіп ояндым...

Жоқ, бұл менің түсім екен деймін.

Терезе түбінде азан даусы ұйып тұр,
Иə, əлбетте!
Естімек үшін терезе ашуға ұмтыламын,
Сайтан алғыр!
Ылғи да құдайсыз кітаптарға сүрініп кетемін.

Жоқ, бұл менің түсім емес деймін...

Қорыта айтқанда, білімдар, ізденімпаз, жүйрік ақындар. Ойлары ұшқыр, сөздері терең, образдары бай. Уақыт, мәңгілік, өмір, шексіздік, тарих секілді іргелі философиялық категорияларды еркін меңгерген ірі ақындар.

Қуанамыз!

Дидар Амантай

жазушы, философ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: солақайлар клубы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар