Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Болат Бодаубай: Белгілі журналист, әйгілі аудармаш...

28.08.2018 5070

Болат Бодаубай: Белгілі журналист, әйгілі аудармашы еді

Болат Бодаубай: Белгілі журналист, әйгілі аудармашы еді - adebiportal.kz

Қазіргі ақпарат көзі болып табылатын интернеттен «Мәткерім Әкімжанов өмірден озды» дегенді оқығанда «әттеген-ай, дүние – жалған дегеніңіз осы екен ғой» деп еріксіз күйзеліп отырып қалдым. Университетті бірге бітірген Рымғали Нұрғалиев, Қоғабай Сәрсекеев, Есенбай Дүйсенбаев, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Құрманбек Толыбаев сынды достардың бүгінгі таңда бірі жоқ, барлығы ол дүниелік болған. Көңілге жұбаныш әкелері – бәрінің артында өсіп-өнген ұрпағы, газет-журналдарда жазған-сызғандары, әдеби еңбектері, кітаптары қалғаны.

Мәткеріммен сонау алыстағы 1958 жылы бірінші курста танысып, достасқаннан бастап өмір жолымыз қатар өрілді. Ол оқуға әскерден келіп түскен еді. Жасы бізден ересектеу болды. Бірінші курсты бітірерде мен қазақтың әдеби тілін таза сақтау жөнінде мақала жазып, ол жұртшылықтың сүйіп оқитын газеті «Лениншіл жаста» жарияланды. Онда белгілі, үлкен жазушыларымыздың өздері қазақша баламалары бола тұра орысша сөздерді орынсыз қолданатыны сынға алынды. «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деген тақырыбы да айқайлап тұрды. Орталық партия комитетінен бастап Мәскеуде шығатын «Коммунист» журналына дейін маған «ұлтшыл» деген ат тағып, айқай-шу басталып кетті. «Лениншіл жастағы» ағаларым мені қолдап бақты. Сталин өлгеннен кейінгі жылымық кезең болғандықтан оқудан шығарылмай, өзге де жазаға ілікпей, аман қалдым.

Екінші курста оқып жүргенімде «Ленеиншіл жастың» сол кездегі оқушы, студент-жастар бөлімінің меңгерушісі Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың ұсынысымен газет жанынан штаттан тыс студент-жастар бөлімі құрылып, оның басшылығына мені бекітті. Бөлімді басқару, жұмысын жүргізу міндеті маған жүктелді. Бұл іске жақын досым, курстасым Мәткерім Әкімжановты тарттым. Бөлімге мүше етіп Алматыдағы барлық жоғары оқу орындарының комсомол ұйымдарының хатшыларын кіргіздік. Содан өзімізше жоспар жасап, іске кірісіп кеттік. Ең алғашқы дайындаған материалымыз «Стипендия алған күн» деп аталды. Тақырып өте өзекті, көкейтесті, қызықты, маңызды еді. Қолдарына стипендия тиген жастар оны қалай орнымен дұрыс пайдаланудың жөнін білмей, әртүрлі оқиғаларға ұшырап, сауықтыру үйлеріне де түсіп қалатын. Қаланың жоғары оқу орындарында орын алған әртүрлі шетін оқиғалар біз дайындаған материалға өзек болды. Дүңгіршектерге түскен «Лениншіл жас» газетінің дәл сол күнгі саны әдеттегіден де ертерек, жылдамырақ сатылып, тарап кетті. Мақала жұртқа ұнады. Бөлімнің келесі дайындаған материалы «Пәтер көрген жерің бар ма?» деп аталды. Ол кезде Алматыда жатақханалар аз, студенттердің көбі пәтер жалдап тұратын. Пәтер иелері негізінен орыстар. Қаладағы қазақтар саны студенттерді қосқанда сегіз-тоғыз пайыздан аспайтын. Қаланың негізгі тұрғындары өздерінің үй салғанға дейінгі «уақытша» мекендеген ескі, нашар баспаналарын бұзып тастамай, оларға студенттерді кіргізіп, жалдап, ақша табатын. Ондай пәтерлердің қабырғалары жұқа, өздері сыйықсыз, тар, сыз, суық болып келетін. Үй иелері ішетін адамдар болса, студенттердің хал-күйі тіпті қиындап кететін. Жоғары оқу орындары басшылары тарапынан пәтердегі студенттерге ешқандай көңіл бөлінбейтін. Алатын стипендиясының жартысын үй иесіне төлеген студенттің одан кейінгі күн көріс жағдайын да шамалай беруге болады. Мәткерім екеуміз де жатақханадан орын тимей, сондай өмірдің дәмін татқамыз. Осындай мәселелерді көтерген мақаламыз жұртшылықтың да, орталық комсомол комитетінің де назарын аударды. Ұмытпасам, бұл республика комсомол ұйымының басшылығына Өзбекәлі Жәнібековтың келген кезі еді. «Лениншіл жастағы» мақала Орталық комитет бюросының кеңейтілген отырысында жоғары оқу орындары проректорларының, партия, комсомол ұйымдары хатшыларының қатысуымен талқыланып, студенттер пәтерде тұратын үйлердің тізімі алынып, ондағы жастардың жағдайына үнемі көңіл бөліп, тұрмысы төмен отбасынан шыққан, жағдайы қиын студенттерге қажет кезінде материалдық көмек көрсетіп отыруға дейін ескерілген шешім қабылдануы газеттің де, біздің де мерейімізді көтеріп тастаған. Біздің бөлім одан кейін де бірнеше материалдар жариялаған.

Төртінші курстың соңына таман журналистика бөлімінің студенттері облыстық, республикалық газеттердің редакциясына практикаға жіберілетін. Біз Рымғали екеуміз отызыншы жылдарда Саттар Ерубаев басқарған Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне, Мәткерім «Лениншіл жас» газетіне баруға жазылдық. Кейін практика аяқталып, қайта жиналғанымызда,практикадағы жазғандарымыз тәуір бағаланып жатқанда, курстасымыз Рымғалидың: «менің білуімше осы жолы бәрімізден олжалы Мәткерім болды, ол газетті көркемдеп, әр материалды жарқыратып, жайнатып берудің Қазақстандағы озық мектебі «Лениншіл жастың» секретариатының қазанында қайнап, тәлім-тәрбиесінен өтіп келді» дегені есімде.

Төртінші курсты бітірген соң, жастар газетінің штаттан тыс бөліміндегі еңбегіміз ескерілген болуы керек, жаз айларында Мәткерім екеуміз «Лениншіл жасқа» қызметке шақырылдық. Күзде Рымғали Нұрғалиев те біздің қатарға келіп қосылды. Кейінірек мен газеттің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып қызмет баспалдағымен жоғарыладым. Газет редакторының сол кездегі орынбасары Қалдарбек Найманбаев «Білім және еңбек» журналына редактор болып ауысқанда, «Лениншіл жасты» абыроймен басқарып, тиражын шарықтатып өсіріп, республикадағы орыс, қазақ газеттерінің арасында бірінші орынға шығарған Шерхан ағамыз мені өзіне орынбасарлыққа ұсына отырып, «жауапты хатшылыққа кімді қойғанымыз жөн» деп ақылдасты. Мен Мәткерімді атадым. «Журналистігі ешкімнен кем емес, ал артықшылығы – газетті көркемдеуді, әр материалдың тынысын ашып, жайнатып, жарқыратып беруді өзгелерден артық білетіні. Бұл жауапты хатшы үшін өте қажетті қасиет қой» дедім. Шерағаң келісті.

Кейінірек Шерағаң «Жалын» альманағына бас редактор болып ауысып, орнына Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз редактор болып келді. Бір кезде өзі бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып қызмет атқарған ұжымға басшы болып қайта оралған Сәкең ұжыммен тез-ақ тіл табысып, газеттегі қалыптасқан жақсы дәстүрлерді жалғастырып алып кетті.Ол ауыл өмірін, ел өмірін, халқымыздың салт-дәстүрін, шұрайлы тілін барынша жақсы білген, бала кезінен қанына сіңірген, қаламы қарымды, талантты журналист еді. Газетке баратын материалдарды қарағанда сөйлемдерге, сөздерге тиісе бермейтін, тек кей уақытта ғана сол қолына ұстаған қаламымен (Сәкең солақай еді) сыр дегізіп, тақырыпты белінен бір-ақ сызып, сойдақтата жазып, басқа тақырып қойып жіберетін. Және ол тақырыбы материалдың өңін кіргізіп, мазмұнын аша түсетін. Арнайы беттер, нөмірлер дайындаудан бөлімдер арасында жарыстар, жекелеген тақырыптар бойынша бір нөмірден келесі нөмірлерге созылып жататын пікір таластарын ұйымдастыруға барынша мән беретін. Сонымен бірге ол газеттің бүкіл мақаласын не газеттен, не гранкадан, не беттен оқып көз майын тауыспайтын. Мұны сенімді орынбасар мен сауатты жауапты хатшының жұмысы деп білетін. Газетке келген кезден бастап Сәкең комсомол тұрмысы, оқушы, студент жастар бөлімі сияқты бірнеше бөлімдерге күнделікті жетекшілік жасау, материалдарын қарауды орынбасары маған жүктеді. Бірер бөлімнің материалдарын жауапты хатшы Мәткерім қарайды. Әдебиет, адамгершілік тәрбие және спорт бөлімдерінің жұмысын Сәкеңнің өзі қадағалайды.

Сол кездегі біздерді қатты шаршататын бір жағдай – Орталық партия, комсомол комитеттерінің сьездері, пленумдары еді. Партияпленумының материалдары ҚазТАГ арқылы аударылып келеді, комсомолпленумының материалдарын өзіміз аударамыз. Құлаш-құлаш дүниелер, сөйленген сөздер. Баспаханада материалдар қорғасын әріптермен қолдан теріледі. Күні-түні салпақтаймыз. Жауапкершілігі бастан асады. Сәкең алғашқы келген кезінен-ақ бұл жұмыстардың бәріне мені жауапты етіп белгілеп қойды. Жігіттердің ынтасын, қабілетін ескере келе бұларды негізінен Рәшит Рахымбеков, Құрманғазы Мұстафин үшеуміз орындауға дағдыландық. Уақыты жетіп жатса, кейде бізге жауапты хатшы Мәткерім Әкімжанов та қосылады. Кейін мұның пайдасын да көрдік. Төртеуміз де жап-жақсы аудармашылар болып қалыптасып, танылып, талай кітаптарды қазақша сөйлеттік... «Лениншіл жаста» қызмет істеген жылдарда Мәткерім көптеген талапты жастарға тәлім-тәрбие берді. Серік Әбдірайымов, Жанат Елшібеков сияқты ынталы інілеріодан газетті қалай көркемдеп шығарудың неше түрлі әдіс-тәсілдерін үйренді.

Мәткерім қай уақытта, қандай жерде қызмет атқарса да аудармашылық өнеріне шындап ден қойды. Бұл істен қол үзген емес. Орыс және шетел жазушыларының танымал,жастар үшін қызықты туындыларын қазақ тіліне сәтті аударды. Солардың біразын атап өтуге болады. Ол Геннадий Голышевтің «Саяқ» повесін, Василий Шукшиннің «Өзімнен сұрар болсам» өмірбаяндық эссесін, Адольф Дихтярдың «Рагузов жотасы» повесін, Анатолий Безруковтың «Қылмыскерлер» романын, Нобель сыйлығының лауреаттары Майн Ридтің «Оцеола – Семинолдар көсемі» романын, Сэтон Томпсонның «Кішкентай жабайылар» романын, Уильям Фолкнердің «Сарторис», «Аю», «Аруақты қорлау» романдарын, Леон Фейхтвенгердің «Ағайынды Лаутензактар» романын, Николай Васильевич Гогольдің атақты «Өлі жандарын» қазақ оқушыларына тарту етті.Бұлардың бәрі бүгін де,келешекте де жастарымызға керек дүниелер.

Бақұл бол, қадірлі дос! Бұлардың бәрі бүгін де,келешекте де жастарымызға керек дүниелер.

Бұлардың бәрі бүгін де,келешекте де жастарымызға керек дүниелер.

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар