Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

10.08.2021 4778

Болмыс сыры... 12+

Болмыс сыры... - adebiportal.kz

Ұзақ жылдардан бері Абай, Шәкәрім мұрасын зерттеп-зерделеп келе жатқан теолог ғалым, абайтанушы Досым Омаров мырзаны арнайы сұхбатқа тартқан едік...

- Абай, Шәкәрім ілімдері негізінде болмыстың сырына терең үңіліп келесіз. Қанша жылғы ізденістерден түйген ойыңыз қандай?

- Болмыс шексіз болғандықтан, оның сырлары да шексіз. Оны қарапайым адам ойы түгел қамтый алмайды. Сондықтан фәни әлемдегі адамдарға болмыстың негізгі мәнін түсінетіндей ғана білім керек. Артық білім тек қана зияндық әкеледі. Білім өмірде қолданғанда ғана пайдалы. Ал өмірде пайдаланбаған білім пайдасыз, тіпті барлық артық нәрселер тәрізді өзінің зиянын тигізеді. Себебі, пенденің мүмкіншіліктері материялды, ал материялды нәрсенің өлшемі бар. Өлшемді нәрсеге белгілі бір өлшемді ғана сыйғызуға болады. Шәкәрім айтқандай, ми ақылдың ыдысы. Егер ол ыдысты өмірге қажетсіз білімдермен толтырып тастасаңыз, адам жадында өмірге қажетті білімге орын болмай қалады. Сөйтіп, ең керекті білім ұмытылып, мида қалмайды. Миын керексіз біліммен толтырған адам осылай өмірге керекті білімнен айырылып қалады. Жабайы, білімсіз дегендердің оп-оңай шешетін өмір шырғалаңдарын, сырт көзге оқыған, білімді болып көрінетін «интеллигенттердің» дұрыс шеше алмай жүргендері, міне, осының бір себебі.

Сондықтан, имандылық білімнің көптігіне байланысты емес, ол – сенімнің мөлшеріне байланысты. Ал сенім – көкірек көзінің ашықтығына, өмірге керекті рухани білімнің мөлшеріне, яғни, жан тазалығына байланысты.

Өмір сырларын түсінуге Шәкәрімнің мол мұрасы үлкен көмек береді. Өмірді түсіну үшін әуелі Жаратушы, жан және табиғаттың өзара байланысын анықтап алуымыз керек. Себебі, бұл үшеуін білген адам рухани білімге, яғни, керекті толық білімге ие болады.

Жаратушы – болмыстың алғашқы себебі және Ол мәңгілікті өзгермейтіні туралы Шәкәрім өзінің өлеңдерінде көп айтады. Жаратушы жоғары рух болғандықтан, Оның қуаты да рухани. Алла тағаланың шапағат нұры дегеніміз, міне, осы қуат. Жаратушы болмысты Өзінің қалауымен жаратады. Ол болмыс қалай болу керек екенін тек қана қалайды. Сөйтіп, болмыстың барлық көріністері жаратылады. Жаратушының қалауы Оның рухани қуаты арқылы орындалады, яғни, болмысты осы рухани қуат жасайды.

Әлемнің жаратылу барысын Шәкәрім былай деп суреттейді:

Жаралыс басы – қозғалыс,

Қозғауға керек қолғабыс.

Жан де мейлің, бір Мән де,

Сол Қуатпен бол таныс,

Әлемді сол Мән жаратқан.

Қозғалмаса көшпейді,

Көшпеген нәрсе өспейді.

Өспеген нәрсе өзгермес,

Түрден ол түрге түспейді,

Қозғалыс түрлеп жаратқан.

"Жаралыс басы – қозғалыс"

Жаратушының рухани қуаты, яғни шапағат нұры болмыста жоғары және төменгі қуатқа бөлінеді дедік. Жоғары қуатқа жандар жатса, ал төменгі қуатқа материалдық элементтер жатады.

Жаратушы материалдық әлемді қалай жаратады? Жаратушының рухы саналы болмыстың негізі. Жаратушының рухынан әлемдік тоқ пайда болады. Әлемдік тоқтан барлық материалдық элементтер пайда болады, сондықтан, әлемдік тоқ бүкіл материялық әлемнің негізі. Әрине, әлемдік тоқ деген сөз біз білетін электер тоқпен салыстырғанда мағынасы алыс, бірақ, ұқсастығы болғандықтан, басқа сөз болмағандықтан, салыстырмалы түрде ғана пайдаланылады. Біз білетін электр тоғы әлемдік тоқтың өзгерген, затталған түрі ғана. Әлемдік тоқтан әуелі әлемнің нәзік болмысы пайда болады. Әлемнің бұл нәзік болмысында сезім, ақыл-ес, сана және басқа да рух пен дөрекі материяны байланыстыратын элементтер бар. Сондықтан әлемнің нәзік болмысы өте күрделі. Әлемнің нәзік болмысынан заттық болмысты құрайтын дөрекі материалдық элементтер пайда болады. Осылай, барлық материяның негізі әлемдік тоқ болып табылады. Болмыстың дөрекі бөлігі нәзік бөліктің ішіне кіреді. Мысалы, заттық әлем нәзік әлемнің ішінде, ал бұл екеуі рухани әлемнің ішінде. Рухани әлем материямен нәзік болмыс арқылы байланысады. Нәзік болмыс – көзге көрініп білінбейтін материя, флиюд.

Дөрекі материалдық элементтерге Шәкәрімнің көрсеткен ауа, от, су, топырақ жатады. Бұған эфирді (кеңістікті) қосатын болсақ, сонда барлығы бес элемент болып шығады. Төменгі материалдық әлементтердің құрамына жоғары элементтер де кіреді. Мысалы, ауада эфир, яғни кеңістік бар. Себебі, кеңістік болмаса ауа да болмайды.

Отта ауа мен эфир бар. От кеңістіксіз және ауасыз жанбайды.

Суда кеңістік, ауа және от бар. Егер суда еріген ауадағы оттегі болмаса балықтар өмір сүре алмас еді. Оттың жылуы болмаса су мұзға айналады.

Топырақта – эфир де, ауада, от та, су да бар. Яғни, топырақта барлық химиялық элементтер бар.

Судың өзіндік қасиеттері оның бүкіл әлем құбылыстарын басқаруға мүмкіндік береді деуге болады. Суда Жаратушының барлық алғашқы жоспар-ниеті жазылған. Бүкіл әлемде су кеңінен таралғандақтан, заттық әлем эволюция жолымен сол жоспар бойынша дамыйды. Жер бетіндегі алғашқы өмір нышандарының суда пайда болуы және ол қарапайым жан иелерінің әрі қарай эволюция жолымен жетіліп құрылыққа шығуы, тағы дамып, әрі қарай жоғары дәрежедегі жетілген денелер алып, соңында адам қалпына келуі суда жазылған осы жоспар бойынша болып жатыр деуге негіз бар. Заттық ғылымның түсіндіруге шамасы келмейтін жетілудің бұл құпия сырын эзотерикалық біліммен осылай түсіндіруге болады.

Әлемдік тоқ барлық материяның негізі ғана емес, ол түрлі деңгейде барлық материяның ішінде. Оның негізі Жаратушының рухани қуаты, сондықтан, ол бар жерде өмір бар.

Жаратушының жоғарғы қуаты жанның қасиеттері де сапа жағынан оны жаратқан Иенің қасиеттеріндей. Ол мәңгілікті, толық білімді және ләззатты. Материямен салыстырғанда жан шексіз қуатты. Оның да нұры бар. Ол нұр – жанның рухы. Жаратушының рухы оның болмысты басқаратын, қарым-қатынас жасайтын құралы болғаны тәрізді, рух та жанның ниетін орындайтын құралы. Жаратушы Өзі ештеңеге араласып, ештеңені жасамайды, Ол тек қана қалайды. Ал Оның қалауы Өзінің рухы арқылы орындалады. Сол сияқты жан да өзінің қалауын орындау үшін рухын пайдаланады. Яғни, рух жанның қалауын орындайтын құралы. Жан тек қана қалайды, бірақ өзі ештеңені жасамайды. Оның қалауын орындайтын – оның рухы. Материалдық әлемде рух жан қалауын материялдық тән арқылы орындайды. Ал жанның рухы тәнмен нәзік болмыс арқылы байланысады. Бұл туралы Шәкәрім «Ақыл деген – өлшеусіз бір жарық нұр, Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр» деп білдіреді. Адамның нәзік болмысын білдіретін ақыл жан құмары үшін жұмсалғанда ол рухтанады. Ақын мұндай ақылды «өлшеусіз жарық нұр» деп атап отыр.

Материалдық әлемде жан мен материя бір-бірімен тығыз байланыста және бір-біріне қатты әсер етеді. Материя жанға өзінің құмары арқылы, яғни нәпсі арқылы әсер етіп, оны өз құрсауына алғысы келеді. Ал жан болса ол өзі шыққан қайнар көзге, Жаратушыға қарай ұмтылады. Бұл ұмтылыс тек қана Жаратушының қалауын орындау арқылы ғана білінеді және іске асады. Сондықтан ол барлығын Алла тағаланың разылығы үшін орындауға ұмтылады. Иманды адам мен имансыз адамның айырмасы осындай.

- Жан мен тән үйлесімін жасауға мүмкіндік бар ма?

- Жан мен тән үнемі күресте болады. Жан ықпалы жеңгенде тән рухтанып, тазара түседі. Ал тән ықпалы жеңгенде жан кірленіп, материяға бата түседі. Ал түп мәніне келгенде ақыры жан жеңеді. Себебі, бұл – Жаратушының қалауы. Жаратушының қалауы бойынша барлық жан иелері түбінде тазарып, ақырында Түп Иеге қайтады. Бұл Қасиетті құран аяттарымен де жақсы үндеседі. Осылай материалдық әлемге келген жан бірте-бірте тазарып, өзінің алғашқы қуатына ие бола бастайды. Бұл деңгейге жеткенше жан көптеген өмір түрлерін, яғни денелер алады. Сондықтан материалдық әлемде шексіз көп жан иелері бар. Бұл туралы ойларды Шәкәрімнің «Үш анығынан» алуға болады:

«Дене жаннан қалайша әсер алады? Денелердің жаннан тез әсер алатыны да бар, ЖӘЙІРАҚ ӘСЕР АЛАТЫНЫ ДА БАР. Мәселен, кішкене хайуандар мен түйе, піл сияқтылардың буаздылығын ойлаңыз. Піл 20 ай бойы бала көтереді, қол қояны бір-ақ ай көтереді. Және кейбір денелер жаннан әсер алмағандай көрініп, сондықтан олар өліп қалғандай болады. Мәселен, тас, қу сүйек, құм, күл сияқтылар, олар не жанып, не шіріп қалғандар. Бірақ менің ойымша, өз кезінде олар да жанмен қосылып, сезімденуге жараса керек».

Осылай жан кеткен соң дене жанып, шіріп қоршаған ортаға тарап кетсе де, ол басқа жанның ықпалымен оның денесін құрап, қайтадан жанданады. Жанның жетілу деңгейі қандай болса, соған байланысты ол тән алады. Адамның ақылды-ақымақ болуы, иманды-имансыз болуы оның жанының тазалығына байланысты. Данышпан, әулие, не болмаса ғалым болу – адамның денесінің қабылетінен емес, оның рухының жоғары деңгейінен. Рухының жоғарылығына байланысты адам сондай қабілетті дене алады. Мысалы, маскүнемді оның түрінен-ақ байқауға болады. Оны маскүнем еткен оның осы түрі ме, әлде маскүнемдік оған осындай түр берді ме? Әрине, маскүнемдік оған осындай түр берді. Сол сияқты жанның жетілуі қандай болса, жан иесі сондай қабылетті дене алады.

Жанның өзінің денесін құрастыру әлемдік тартылыс күштері арқылы болады. Бұл процесті әлемдік гальванизация әдісі деуге болады. Бұл туралы бұрын да жазғанбыз /8/. Қысқаша тоқтала кететін болсақ, бұл процесті былай суреттеуге болады. Физика пәнінен белгілі, ыдысқа металл тұзы ерітіндісін құйып, екі электрод салса оның бірі – оң полюс – анод, ал екіншісі – теріс полюс – катод болады. Тоқ жіберілгенде ерітіндегі металл теріс полюске тартылып, оны жабады, ал оң полюстегі металл еріп, ерітіндінің құрамын бір қалыпта ұстап отырады. Сол сияқты материалдық әлемде жан катод теріс полюс, ал Жаратушы анод оң полюс, ерітінді – әлемдегі нәзік және тұрпайы элементтер болып табылады.

Рухани әлемде таза жанның қасиеттері шексіз. Бірақ ол қасиеттері материалдық әлемге келгенде матриямен жабылып, өзінің шексіздігінен айырылып қалады. Сондықтан, оған материалдық әлемде өмір сүруге арнайы құрал, яғни дене керек. Осылай жаңа өмірге келген жан енді өзіне материядан жаңа дене қалыптастырады. Әуелде жан өзінің өмірін нәзік әлемнен бастайды. Сондықтан жан өзіне нәзік материалдық дене құрастырады. Осылай гальванизация процесі арқылы жан нәзік әлемнен өзіне керекті элементтерді тартып сезім, ақыл, ес, өзінің «менін» құрастырады. Аруақтар нәзік әлемде осы денелермен өмір сүреді.

Ал заттық әлемге келгенде жанға нәзік денесінен басқа тағы тұрпайы дене керек. Бұл – оның тәні. Сондықтан, жан фәни әлемге келгенде өзінің нәзік денесі арқылы, әлемдегі негізгі тұрпайы бес элементтерді тартып өзінің тәнін құрастырады. Бұл құрастыру оның жерге қандай әдіспен келуіне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, жан жерге жан-жануарлардың аталық ұрығы, жұмыртқа, немесе өсімдік дәні арқылы келуі мүмкін. Осыған байланысты ол өзіне тәнді құрастыруға керекті табиғаттың бес элементін ғарыштан ғана емес, сонымен бірге, жан-жануарлар ана құрсағынан, құс жұмыртқадан, өсімдік дән арқылы жер анадан алады. Фәни әлемде барлық жан иелері осылай пайда болады.

Заттық әлемде бір-бірімен қатынас жасап, қоршаған табиғатты пайдалануы үшін жан иелеріне керекті материалдық элементтер беріледі. Оларға бес сезімдер, бес сезім мүшелері, бес сезім объектісі, тәннің өміріне керекті бес қозғалыс мүшелері жатады. Бес қозғалыс мүшелеріне қол, аяқ, ауыз, анус және жыныс органдары жатады. Жан иелері аяқтарымен бір жерден екінші жерге қозғалады, қолдарымен табиғат берген заттарды пайдаланады, аузымен тамақтанады, ануспен асқазандағы қорытылмаған тамақтың қалдығын сыртқа шығарады және жыныс органдарымен артына ұрпақ қалдырады. Өмір түрлеріне байланысты бұл элементтердің сыртқы порымы, әрине, әртүрлі болып келетіні түсінікті. Мысалы адам мен құстардың аяқтары, аузы, жыныс органдары әртүрлі екені белгілі. Табиғат берген осы элементтер арқылы барлық жан иелері өз өмірін қамтамасыз етеді. Табиғаттың бұл тұрпайы элементтеріне адамның нәзік болмысы болып табылатын тағы үш элемент – ақыл, ес және «мені» қосылады. Сонымен барлығы 23 элемент болады. Бұған жанды қосатын болсақ, барлығы 24 болып, олар қосылғанда материалдық әлемде өз бетімен өмір сүруге мүмкіндігі бар микрокосмды құрайды. Бұл 24 элементтің ең негізгісі, әрине, жан. Жан басқаларын біріктіріп, оларға өмір береді. Себебі, ол жан иесінің рухани болмысы болып табылады. Міне, қысқаша айтқанда, жанның бұл әлемге келуі осылай болуға тиісті. Бұл туралы да Абай ілімі арқылы бұрын жазғанбыз.

Материалдық әлемде барлық элементтер әлемдік тоқтан пайда болады дедік. Жан материяны, яғни материалдық әлемді осы әлемдік тоқ арқылы басқарады. Әлемдік тоқ рухтың материяны басқаратын құралы тәрізді. Сондықтан, жоғарыда айтылған «айналатын үстелге» аруақ әуелі әлемдік тоқ жинап, ондағы тоқты толықтырып, жандандырады, сонан кейін оған өз тоғымен бұйрық беріп, оны қозғалысқа келтіреді. Аруақ өзінің тоғымен үстелдегі тоққа әсер етіп, осылай үстелге өзінің ықпалын жасайды. Егер жаны бар аруақтың әсері болмаса үстел қозғалысқа келмес еді. Бұл арада аруақтың еркі мен оның қайраты үлкен орын алады.

Бұл тәжірибе жанның денені әлемдік тоқ арқылы басқаратынын көрсетеді. Жан нәзік болмысқа және тәннің барлық тіршілігіне өмірлік қуат береді. Осы өмірлік қуаттың арқасында жан иесінің бүкіл материалдық болмысы қозғалысқа келіп, тіршілік жасайды. Жан кеткенде тән өледі. Оны ешнәрсе де тірілте алмайды.

Тәннің тіршілігі жан емес, материалдық жүректің жұмысына ғана байланысты деген тұжырым да бар. Егер бұл тұжырым дұрыс болатын болса, онда тоқтап қалған жүректі алып тастап, оның орнына жасанды жүрек салып адамды тірілтіп алуға болар еді. Қазіргі медицина жасанды жүрек жасау деңгейіне жетті. Бірақ, жасанды жүректі салса да өліп қалған адамды тірілту мүмкін емес екені белгілі. Ендеше адамның денесіне әлемдік тоқты жинап, ағзаны қозғалысқа келтіретін жүрек емес, жан екен, ал жүрек жанның мекені. Дене үздіксіз жұмыс істеу үшін жүрек ағзаның әрбір бөлігіне қуатты жеткізіп тұратын механизм ғана. Сондықтан әлемдік тоқты жинап, оған ықтиярымен ықпал жасайтын жан кеткенде тоқ та тарап кетеді. Бірақ әлемдік тоқ бірден жоғалып кетпейді, оның тарауына уақыт керек. Оған мынандай дәлел келтіруге болады. Қасапшылардың малды сойған кезінде терісі алынған малдың денесі жыбырлап, қозғалып жататынын әркім көрген шығар. Жаны шыққан малдың денесі неге өздігінен дірілдейді? Мұның себебі, жаны жоқ болса да, әлемдік тоқ толық тарамағандықтан, денеде өмірлік қуаттың қалдығы бар, сондықтан оның кейбір бөліктері әлі де болса қоғалысқа келіп жатады.

- Жаратушы болмысты қалай басқарады?

- Ол да әлемді осы тоқ арқылы басқарады. Әлемдік тоқ Жаратушының рухани қуатынан пайда болатындықтан, ол тоқ рухпен тығыз байланыста. Сондықтан әлемдік тоқ Жаратушының рухына, яғни Оған толық бағынады. Жаратушы бүкіл материалдық әлемді осылай әлемдік тоқ арқылы басқарса керек. Әлемдік тоқ Жаратушыға толық бағынатын болғандықтан, ол Жаратушының бір көрінісі болып табылады. Ал әлемдік тоқ әрбір бөлікте, әрбір атомда. Сондықтан оның көмегімен Жаратушы бүкіл әлемге ие болып отырады. Әлем Жаратушы салған үйлесімділіктен шығып кете алмайды. Ендеше әлемдік әділет заңдылығының толық орындалуына да ешқандай кедергі болуы мүмкін емес. Әркімнің өзінің жасаған іс-әрекеті бойынша осы өмірінде, не болмаса келесі өміріндегі алатын жақсылығы мен зардабы осымен түсіндірілсе керек.

Жаратушы әлемді Өзі басқармайды. Әлемді Оның рухынан жаратылған түрлі қуат көздері басқарады. Болмыс өмірін басқаратын Жаратушының сансыз көп көмекшілеріне түрлі деңгейдегі аруақтар мен басқа да жан иелері жатады. Бұл туралы Шәкәрім жоғарыда егер біреу машина жасап шығарса, онда ол машинаның жасағандары да сол адамның ісі болып табылатыны туралы мысал келтіріп білдірді. Аруақтарды өздерінің жасайтын істерінің деңгейіне байланысты қазақ халқы пері–періште, жын-шайтан деп әртүрлі атайтыны белгілі. Жоғары деңгейдегі аруақтар періштелер ғана емес, төменгі деңгейдегі аруақтар перілер мен түрлі жындар да Жаратушының әмірімен әрекет етеді. Олардың әрбірінің жасаған істерінің өз мәні мен мәнісі бар. Болмыс өмірі жақсы мен жаманды түгел қамтитындықтан, оларды іске асыратын да түрлі жан иелері болуы керек. Болмыс өмірінде әркімнің өз орны бар және олар өз міндеттерін орындайды. Бірақ мұны бірі білсе, бірі білмейді.

Енді Жаратушының көмекшілерінің, яғни түрлі жан иелерінің болмыс өмірін қалай басқартынына келейік. Жоғары әлемдерде табиғат күштерін басқаратын періштелер әлемдік тоқтың әсерімен материалдық элементтерді жинап қозғалысқа келтіріп, оған өздерінің ықпалымен түрлы құбылыстар жасайды. Мысал ретінде жаңбырдың қалай жауатынына көз жіберіп көрелік. Суды басқаратын аруақ, қазақ оны су періштесі деп атайды, атмосферадағы су молекулаларына әлемдік тоқты жинап, оны жандандырса керек. Сонан кейін ол өзіндегі әлемдік оқ арқылы су молекулаларындағы әлемдік тоққа әсер етіп, оларды біріктіреді. Заттардың тартылыс күшін жасайтын да әлемдік тоқ екенін осы арада айта кету керек. Ал бірігіп тамшы болған су молекулалары тартылыс заңдылығы бойынша Жерге түседі. Ал қай жерге түсуді жел біледі. Ол желді де басқаратын өз періштесі бар. Осылай жаңбыр жаудыру үшін сансыз көп періштелер қатынасады.

Аруақтар табиғат заңдылықтарын бұзбайды. Олар фәни әлемдегі жан иелеріне қарағанда нәпсіден босаған, сондықтан Жаратушы ықпалын жақсы сезінеді. Періштелердің табиғат заңдылығынан шыға алмайтынына тағы бір себеп, ол – Жаратушының әлемдік тоқ арқылы бүкіл болмысты басқарып отырғаны болса керек. Мысалы, аруақтардың тілегіне қарамай, жаңбырды жаудырғысы келмесе, Жаратушы әлемдік тоқ арқылы су молекулаларын біріктірмейді. Осылай жаңбыр тамшылары құралмай, жаңбыр болмайды. Ал Жаратушының әміріне қарсы әрекетке барғысы келген аруақ әділет заңдылығы бойынша өз жазасын алады.

Періштелер су тамшысын құрағаны тәрізді материалдық элементтерден басқа да түрлі заттар мен денелер құрастырады. Бұған Шәкәрімнің жоғарыда жазған көптеген мысалдары дәлел болады. Осылай олар, тіпті, түрлі планеталарды, Күн, Ай тәрізді әлемнің барлық бөліктерін құрастырады. Аруақтар жасаған түрлі әлем бөліктері бір-біріне әсер жасап, әлем өмірін құрастырады. Әлемде барлығы бір-бірімен байланысты. Сондықтан астрология ілімі адамның туған мезгілі арқылы оның келшегін ғана емес, тіпті өткенін де айтып бере алады.

Төменгі аруақтар да болмыс заңдылығынан шыға алмайды. Әйтпесе олар фәни әлемнің өміріне аралысып, бұл өмірдің бейберекетін шығарар еді ғой. Олар өте сирек жағдайда ғана адам өміріне араласып, өздеріне ермек іздейді. Кейде тәжірибесі әлі жеткіліксіз медиумдарды алдап, шатастыруы мүмкін. Бұл туралы көп айтылып, көп жазылады. Кейбір діни адамдар осы төменгі аруақтардың әсерінен қорқып, аруақтармен байланысты түгелдей жоққа шығарады. Бұл туралы кейінгі кезде газет бетінде мақалалар да пайда болды. Қоғам өміріне осылай бөгет болғаны үшін төменгі аруақтар, әрине, кезінде өз жазасын алады.

Жын-шайтан деп аталатын төменгі аруақтардан қорқып керегі жоқ. Олар нәзік болмыстың сырын білмейтін надандарды қорқытудан басқа, Жаратушының ықпалынан шығып адамға ешуақытта жамандық жасай алмайды. Жындардың Алла тағаланың қасиетті есімдерінен өте қатты қорқатыны да осыдан.

- Демек, Жаратушының шапағат нұрына, одан пайда болған әлемдік тоққа сенбей, оны қабылдамаған адам ешуақытта дүниенің терең сырына жете алмайды дейсіз ғой?

- Дүние сырына көз жеткізу үшін адам қасиетінен жоғары қасиеттердің де бар екеніне сенім керек. Болмыстың сол көзге көріп-білінбейтін ғажайып қасиеттері әлемнің алғашқы элементтерін жасап, оларды біріктіріп, бүкіл ғарыштық көрініс құрайды. Бірақ, Оның бұл қасиеттерін адамның сезімдерімен анықтауға, немесе оймен ойлап түсінуге келмейді. Осыны мойындау керек.

Шәкәрім өзінің «Табиғат неше түрлі жан жаратты» өлеңінде «Жел ме су, тас, топырақ, шөп пен ағаш... Ғаламда не бар болса, бәрі жанды» дейді. Бұл жоғарыда айтылған Жаратушының рухынан жаралған әлемдік тоқтың дәлелі бола алады.

«Дәлелім: тас пен құм, сүйектерге біткен қынаны алып қарасаңыз, қынаның астында, тас пен сүйектің бетінде топырақ сияқты бір нәрсенің жабысқанын көресіз. Сол топырақ сияқты нәрсені табиғат қайдан әкеліп отыр? Мен ойлаймын, су мен топырақ, жылылықтан өсімдік шығарғандай тасқа ауа, су жылылық сияқты себептер қосылып қына шығып отыр. Бұл былай тұрсын, ғылым бойынша, планеталардың барлық нәрселері қайтадан газ болғанда тас та тас қалпында қалмайтыны анық. Менің бұл ойым дұрыс болса, қына мен газ отқа жанғанмен, шіріген денелер де көп уақыттан кейін жанмен бірігіп, сезіп өршуге жарайды екен».

Әлемдік тоқ бүкіл әлемді қамтитындықтан, ол барлық элементтерді жандандырады. Аруақтар ол тоқты жинап үстелдің тоғын көбейтіп, сол арқылы үстелді қозғалтып, билетіп жіберетіні жоғарда айтылды. Сол сияқты аруақ тәнде болғанда да бүкіл ағзаның жұмысын сол әлемдік тоқ арқылы басқарады. Бұл адамның нерв жүйесімен байланысты болу керек.

Ал ол әлемдік тоқ әлсіз болғанда Шәкәрім сөзімен айтқанда, кейбір денелер жаннан әсер алмағандай көрініп, сондықтан олар өліп қалғандай болады. Мәселен, тас, қу сүйек, құм, күл сияқтылар. Бірақ өз кезінде оларды жан өзінің денесін құрастыруға пайдаланып, олар да сезімденуге жарауға тиісті. Бұл туралы жан өзінің денесін қалай құрастыратыны туралы жазғанда айтылды.

Жан өзінің рухы арқылы әлемдік гальванизация процесімен нәзік элементтерден өзінің нәзік денесін, ал заттық элементтерден өзінің заттық тәнін құрайды. Жан денені тастағанда олар қайтадан өз кеңістіктеріне тарап кетеді. Осылай түрлі элементтер жанның ықпалымен бірде жиналып дене құраса, ал екінші сәтте қайтадан таралып кетіп отырады. Денеде жан болғандықтан, жан оған өмір беріп, қозғалысқа келтіреді. Ал жан кеткен соң ол өмір тоқталады. Сондықтан жан болмаса ешқандай да дене өмір сүре алмайды. Шәкәрім ілімінен шығатын бұл тұжырымдар жасанды өмір жасау деген бос әурешілік екенін көрсетеді.

Бұл ойларды Шәкәрімнің «Мен адамның таппаймын өнерлісін» атты өлеңінен табуға болады:

Бар нәрсе жоғалмайды, өзгереді,

Жан жоғалмас деп ойла, соны біл де.

Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас,

Терең ойлап, сөзімді құлаққа іл де.

Материяны рухтың жасайтынын Шәкәрім осылай түсіндіреді

Осы айтылған ойларын Шәкәрім «Табиғат неше түрлі жан жаратты» атты өлеңінде де анықтай түсіп, тағы да қайталайды.

- "Ел басқарушы адамның рөлі демократиялық қоғамда өте үлкен. Себебі, басқарушы адамның рөлі бүкіл әлем болмысымен байланысып, табиғи үйлесім үшін өте маңызды" дейсіз. Қандай негізге сүйеніп отырсыз?

- Оған Абайдан мынандай дәлелдер келтіруге болады. Абайдың «Алла бiр» және «... ғалам Алла тағаланың iшiнде» деген сөздері ғалам бөліктерінің бір-бірімен өзара тығыз байланысып, біртұтас болмысты құрайтынын білдіреді. Адамзаттың әрбір қоғамы болмыстың бір бөлігі, ендеше бүкіл адамзаттың өзі біртұтастың ішінде болып, әрбір ел, әрбір халық сол біртұтастың бір бөлігі ғана болып табылады. Бұл бөліктер, яғни әрбір қоғам, бұл тұтас әлеммен бірге болып, оның ықпалынан шықпауы керек. Бірақ адамзат қоғамы бұл заңдылықты жиі бұзып, болмыс үйлесімділігінен және оның ықпалынан жиі шығады. Бұған жол бермеу үшін, әрбір елді, халықты, қоғамды болмыс үйлесімділігінен шығармай, әлеммен біртұтас қалпында сақтай алатын басқарушы адам керек. Дұрыс басқарушы қоғамды үйлесімді өмір аясында ұстайды. Міне сондықтан, әрбір ел басқарушыға болмыс аумағында үлкен міндет жүктеледі. Ол бүкіл болмыс алдында жауап береді. Қандай да болмасын дұрыс басқарылған қоғам әлеммен үйлесімді болып, оның әрбір мүшесі жан тыныштығын алып, тіршіліктің сергелдеңінен құтылып, еркіндік алады. Елді мұндай жоғары деңгейде басқару, әрине, өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ел басқарушы адам бұл үлкен жауапкершілікті жақсы түсініп, өзінің ғана емес, бүкіл елдің қамын ойлап, міндетін толық атқаруы керек. Дұрыс басқара білген адам Алла тағаланың шапағатына бөленіп, екі дүниеде де кемшілік көрмейді. Ал өз міндетін түсінбей, билікті тек қарабас қамына пайдаланған адам, керісінше, әлемнің әділет заңдылығы бойынша соған сәйкес жазадан құтылмайды. Сондықтан, мұндай үлкен жауапкершілікті тек қана әуелі елдің қамын ойлайтын, жүрегі кіршіксіз таза адамдар ғана қабылдай алады. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» атты өлеңінде Абай мұндай абзал адамдар туралы былай дейді:

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Ұлы адамдар артына сырлы сөздерін ғана емес, ұлы істерін де қалдырады. Олар дүниеге «Бой алдырып, аяғын көп шалдырған» адамдар емес, өздерінің нәпсісін жеңе біліп, жетілудің сара жолына түскен адамдар. Міндетін дұрыс атқара білген мұндай адамдар өздерінің ұлы істерімен осы өмірдің өзінде үлкен даңққа бөленіп, халықтың құрметіне ие болып, тарихта өзіне тиесілі құрметті орын алады. Елдің басына түскен орасан зобалаң замандарда олар өздерін қатерге бөлеп, көптің қайғысын бірге көріп, ел қамын өздерінің мойнына алып, қоғамды дұрыс жолға сала білген. Абайдың өзі сондай қасиетті адамдардың бірі болды. Оның ұлы мұрасы халқымыздың бүгінгі рухани жаңғыру барысында орасан зор құндылығымен қымбат. Ұлы қайғылар адамның жүрегін тазартып, жігер береді. Ал жеке қарабастың қамынан шыққан қайғылар жүректі былғап, адамды тозақ отына салады. Абай да өз елінің қайғысын ойлап, жеке басының қамына беріліп кетпей, халық үшін барлық күш-қуатын жұмсай білді.

Ел басқарудағы кемел адамның рөлін Абай өзінің «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде береді.

Көп шуылдақ не табар,

Билемесе бір кемел?

Берекелі болса ел –

Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Бұлғақтайды соқса жел.

Жан-жағынан күркіреп

Құйып жатса аққан сел,

Оның малы өзгеден

Өзгеше боп өсер төл.

Абай «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?» дейді. «Кемел» арабтың «әл инсан әл камил» деген сөзіндегі «кемел адам» деген ұғымды білдіретінін ескерсек, бұл сөздің қандай жоғары мәні барын көреміз. Кемел адам – кемшілігі жоқ толық адам. Ондай адамдар ең әуелі өзінің емес, көптің қамын ойлайды. Өзін елдің бір бөлігі ретінде қабылдайтын ондай адамдар, қоғамдағы рөлін толық атқару үшін ең әуелі өзінің кемшіліктеріне көңіл бөліп, арылуға күш салады. Басқаларға үлгі көрсетіп, елді соңына ерте біледі. Көпшілік қауымның сана-сезімі өздерінің қарабас қамынан аса алмайтын тән деңгейінде. Сондықтан ондай көпшілікті Абайдың өзі қара сөзінде «...көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» дейтіні бар. Кемел адам басқарып, ондай көпшілікті жөнге салған елді «Жағасы жайлау ол бір көл» деп бағалайды. Мұндай елде азаматтары жаны жайсаң, мыңғырған малды, «Өзгеше боп өсер төл».

Ал дұрыс басшы болмай, берекесі кеткен елді былай суреттейді:

Берекесі кеткен ел –

Суы ашыған батпақ көл.

Құс қаңкылдап, жағалап,

Сулай алмас жазғы төл.

Оның суын ішкен мал,

Тышқақ тиіп, аспас бел.

Көл деп оны кім жайлар,

Суы құрсын, ол бір – шөл.

Осындай шөлге айналған елді кемел адам ғана жөнге келтіре алады. Абай кемел басшының қоғамдағы рөлін былай деп бағалайды.

Единица – жақсысы,

Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл?

Көпшілік қауым кемел басшыға ереді, оны үлгі тұтып, теңелуге ұмтылады. Басшы қатаң, әрі әділ, ең бастысы – жаны таза абзал адам болуы керек. Мақсаты – алға ұмтылып, елді соңына ерту. Ол дара, көпшіліктен бөлек. Егер дара бола алмай, артына қарайлап, тобырдың көңілін аулап, оның сойылын соқса, қоғамдағы озбырлар күш алып, ел іші іріп-шіріп, құлдырау жолына түседі. Дара адамның өзіндік құндылықтарын сақтай алатын қайраты мен мінез-құлқы болуы керек. Егер басшы адамның өзі тобырға еріп, өзі нөлге айналып кетсе, ондай қоғамның рухани жетілуі қиынның қиыны, тіпті мүмкін емес. Ал егер басшының өзі адамгершілік қағидаларын бұзып, кінәрәтті істерге баратын болса, артынан ерген елі азып, құлдырап кетеді. Ондай өмір тозақпен тең. Алаяқ-қу, өркөкірек, атаққұмар, керітартпа тоңмойын, сауық-салтанат пен атақ-даңққа құмар, әуелі ел қамы емес, өз қамын ойлайтын, ешқандай күнәлі істен тайынбайтын, көреалмаушылық бойына сіңгендер елді басқара алмайды. Билік олардың несібесі емес. Олар халыққа зиян келтіреді – әділетті аяққа басады. Елдің жағдайын құлдыратып, қоғамды тоқырауға әкеледі. Тек қана әділеттілік пен ақиқат жолын таңдаған адамдар ғана ел басқаруға лайықты.

Отыз тоғызыншы сөзінде Абай қазақ өміріндегі тұлғаның рөлін былай деп көрсетеді:

Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?

Абай ел басы, топ басылардың рөлін осылай жоғары бағалайды. Сонымен бірге Абайдың бұл сөздерінен не себептен қазақ халқы өзінің басшысына толық сеніп, «халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды» екенін түсінеміз. Себебі басшыға толық сенім артып, « Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен». Бұрыннан келе жатқан әдет – басшыға толық сеніп, оған құрметпен қарау, халықтың діліне айналып, менталитетіне толық сіңіп кеткен. Әлі күнге дейін халқымыз «Оны зор тұтып, әулие тұтып», не айтса соған көніп жүре береді. Себебі ел басының «жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» Бұл, әрине, көне заманнан қалған әдет болуға тиісті. Көне заманда батысында Еуропадан бастап шығыста Кореяға дейін созылып жатқан алып Ұлы Түрік қағанатын бір адам ғана басқарды. Егер басшыға сондай сенім мен құрмет болмаса мұндай алып мемлекеттің өмір сүруі мүмкін болмас еді ғой. Ұлы Түрік қағанаты, кейінгі Шыңғысхан империясы тәрізді ірі мемлекеттердің құрамында болған түркі халықтары ғана емес, басқа халықтарда да сол себептен басшыға құрметпен қарау әдеті сақталған. Ал Балтық теңізі жағалауындағы халықтарда, немесе Батыс елдерінде мұндай әдет жоқ. Сондықтан оларда президентке байланысты мәселелер оңай шешіліп, көп қиындық тудырмайды.

Әлем бойынша алатын болсақ, Түркияда Кемал Ататүрік, АҚШ-та Дж.Вашингтон, Индияда Махатма Ганди тәрізді осындай адамдар демократия орнатып, елді өркениет жолына салған. Қазіргі заманда Түркия түрік елдерінің, ал АҚШ бүкіл дүниежүзі елдерінің алдыңғы сабында, ал Индия болса, әлемдегі колониалдық құрсаудан құтылып, өркениеттің сара жолына түскен ең қуатты елдердің қатарына ілінді. Мұндай қоғамды Абай «Жағасы жайлау ол бір көл» деп бағалайды.

- Адамзат тарихынан кемел адамның ел басқарып, қоғамды тура жолға салуға үлгі болғаны туралы басқа да көптеген мысалдар келтіруге болады. Олардың ең алдында пайғамбарлар мен әулиелер тұр емес пе?

- Мұндай адамдарды Абай отыз сегізінші сөзінде адамзаттың ұстаздары деп бағалайды. Олардың өмірі ерекше. Олар өздерінің жан тазалығы арқасында қарапайым адамды өзіне сендіріп, соңына ерте білді. Көпшілік қауым үлгі алатын нысана, ұмтылатын деңгей, жол көрсететін шамшырақ болды. Осылай діннің негізі қаланып, бүкіл адамзат жаңа рухани деңгейге көтеріліп отырды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам дінін таратып адамзатты рухани жаңа деңгейге көтерсе, ал әулие Мүсірәлі Тәуке хан тұсында өзінің рухани қуатымен қазақ халқын еркіндік жолына біріктіріп, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берді.

Өкінішке орай, бүгінгі күндері жоғары идея мен соған сәйкес басшы адамның табылуы өте қиын. Өмір осыны көрсетіп отыр. Себебе, Абай сөзімен айтқанда «Көп адам дүниеге бой алдырған». Біріншіден, рухани жағдайы жұтау, өркениеті жетілмеген мемлекетте халық ешбір жоғары идеяны қабылдай алмайды. Екіншіден, қазіргі қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты халыққа үлгі болатын, адамгершілігі жоғары, елге кіршіксіз қызмет ететін таза адамның табылуы өте қиын. Қандай адал басшы болса да уақыт ықпалымен оны кезінде дүние қызығы жеңіп, тура жолдан ауытқып кететінін өмір өзі көрсетіп отыр. Мұндай басшылар халық қолдауынан айырылады. Халықтың наразылығы туып, қоғам тығырыққа тіреледі.

Бүгінгі күндері көне заманнан келе жатқан бұрынғы менталитет қазақта әлі күнге дейін сақталған. Сондықтан халық ел басқарушы адамның кемшілігі болса да, оған құрметпен қарап, шыдамдық білдіреді. Бірақ заман өзгерген. Бүгінгі күндері «қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысатын» кемел басшыны табу қиын. Бүгінгі басшының әр ісін қадағалап, оның өзінің қызметі жөнінде көпшілік алдында есеп беруі керектігі туып отыр. Ол үшін елде демократиялық принциптер мықты болуы керек. Абай ілімі бойынша көп шуылдақты, яғни көпшілікті, кемел адамдар басқарғанда ғана қоғамда нағыз демократия орнайды. Бұрынғы қазақ қоғамында да демократиялық принциптер болған екен. Бірақ бүгінгі күндері, Абай сөзімен айқанда, оны «біржола жоғалтып алдық».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар