Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Бозаңға біткен боз жусан (Соңы)...

12.10.2017 10158

Бозаңға біткен боз жусан (Соңы)

Бозаңға біткен боз жусан  (Соңы) - adebiportal.kz

(Басы мына сілтемеде)

Ақын әдебиетке үйрену үшін ғана келмейді. Үйрену үшін де, үйрету үшін де келеді. Үйрену үшін ғана келетіндер әдетте өлеңде өз қолтаңбасын таныта алмай өтеді. Шығармашылық шеберліктің жазу мәнері төселе келе шыңдала түсетініне қарамастан, өлең өлкесіндегі балауса үні енді-енді естіле бастаған жас ақынның тырнақалды туындыларынан-ақ, оның үйренгісі келген жаңалығы мен үйреткісі келген тағылымын жазбай тануға болады. Әрине, әдебиеттегі сан-алуан мектептің соқпағынан өтіп, кейіннен қалыптасатын ақындар да толып жатыр. Әйткенмен, сеңдей сапырыласқан ондай ақындардың ішінен санада сілкініс туғызып, топты жарып, тыңнан түрен салатындар шыға қоймайды. Шын тұлпардың мінезі алғашқы шабысынан-ақ байқалады. Қазақ поэзиясында «ә» дегеннен-ақ өзіне тән қолтаңбасымен танылып, еліктеп-солықтаумен ауырмай, өнердегі ешкімге ұқсамайтын дара жолын омбылап сала келген сондай сирек таланттардың бірі – Есенғали Раушанов екені дау туғызбайды. Ақынның жаңа түскен келіндей, қазақ әдебиетінің босағасынан аттауға рұқсат алған тырнақалды туындыларының өзінде, көркемдігіне көңілің тойып, көз сүйсінетін тосын суреттер мен жүректі елжіретіп жіберетін жылы ағыс мол еді.

***

Желін қап тартқан інгендер,

Ботасын іздеп боздайтын,

Түтіндік салған түндерде,

Түйекеш бір сыр қозғайтын.

***

Ақ бұлақ ақпаушы еді тулап алмай,

Ақ маңдай жатпаушы еді суға бармай.

Күркіреп бұлттар желер әрлі-берлі,

Жараған жазғытұрым буралардай.

***

Сырласқысы келмейді-ау, сірә тұрып,

Сәйкі бұлақ күледі бұратылып.

Құс жолы анау құдаша есіп берген,

Ақ шылбырдай созылған шұбатылып.

***

Ай нұрына шомылған қарашаш-түн,

Тас үңгірдің қойнына кетті кіріп.

***

Көк мұз қатып сабаудай кірпігінде,

Алысқанын тығардай құртып інге.

Келді ауылға сары бура күндік жерден,

Ақ боранды дәлудің бір түнінде.

(Бастау)

Есенғалидың тұңғыш жыр жинағының кез-келген жерінен, теңіз түбінде жатқан маржандай қылып теріп алған осы өлең жолдары-ақ, әдебиеттегі жылт ете қалған жаңалық атаулының бәріне де құлақ түріп жүрген мына біздерге, ұлттық поэзиямызға, тіл байлығы мол, көркемдік әлемі бай нағыз жыр жампозының келгенін қапысыз танытты. Сонау сексенінші жылдардың орта шенінде арман қуып, Алматыға келіп, таланымызға университетке оқуға түсу бақыты бұйырған бізді Есенғали жырлары тау суындай таза да, табиғи қасиетімен баурады. Ақынның алғашқы лирикалық өлеңдерінен-ақ, ізгілікке ынтызар жанның жүрек лүпілін сезіп, жырларын құныға оқып, ашыған көже ішкендей шөлімізді қандырып едік; табиғат жырларына сүйсініп, Ф.Бэконның «Ақиқатты тұрақты болып табылмайтын уақыттан емес, мәңгілік болып қалатын табиғаттан іздеген ләзім» деген сөздерінің шындық екеніне иланғанбыз. Тілінің бояуы қырғауылдың қанатындай құлпырып тұрған ақын, табиғаттың сүгіретін салып қана қоймай, оған жан бітірді.

Көбелек қар,

Сенің күнің туды енді, себелеп қал.

Орағытам алды-артын Құбақанмен.

Қыстау жақта шұбырып келеді аттар.

Қарауытқан жалпақ дөң алыс мүлде,

Сары желіске ауысып шабыс бірде,

Шалыс-ұйқас тәрізді шатыр іздер

Қалып жатыр жосылып қар үстінде.

Аттан түсе айырды қолыма алам,

Ұйпалапты-ау түндегі долы боран.

Үрпиеді қыз емшек шөмелелер

Шаштары қобыраған...

Әлбетте, Есенғалидың да ақын болып қалыптасуына, кемелденіп, талантының толысуына игі ықпалын тигізген суреткерлер аз емес. Жүрек қылын шертетін туындыларындағы жаңашылдықты көңілімізге тоқи отырып, біз одан Ілияс пен Мағжан жырларындағы еркіндіктің, Қасым табиғатындағы қайсарлықтың, Сырбай ғазалдарындағы жылылықтың, Мұқағалиға тән шынайылықтың, Жұмекендегі тамырын тереңге жіберген ойшылдықтың, Ғафу, Өтежан мен Қадырда жиі ұшырайтын тапқырлықтың, жыр кестесін сұлу өретін Қуандықтағы шеберліктің, Сағи лирикасындағы биязылықтың, Тұманбай табиғатында тұнып тұрған сыршылдықтың оның поэзиясына игі әсерін тигізбей қалмағанын анық көреміз. Әсіресе, ұлттық тіл бояуын түрлендіруде Есенғалидың өзінен бір итжейдені бұрынырақ тоздырған Кеңшілік пен Жұматай поэзиясынан мол тағылым алғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Дегенмен, Есенғали ұлтымыздың қадау-қадау ақындарынан көп дүниені үйренгенімен, олардың көлеңкесінде қалып қойған жоқ, өлеңдегі өз жолын таба біліп, қазақ поэзиясына көп жаңалық әкелді, Батыс пен Шығыстың ұлы шайырларымен сөз жарыстыра отырып, адамзаттық ойдың кеңістігіне де шығып, өнердегі өз биігін жасады. Белгілі әдебиет зерттеушісі Сауытбек Абдрахманов бір сөзінде Есенғалидың лирикалық туындыларының ішкі қуатын күшейтіп, оны өзгелерден дараландырып, шоқтығын биік етіп тұратын жырларындағы осы бір қасиеттің, ақынның тырнақалды туындыларының бірі «Шықтың өлуі» өлеңінен-ақ байқалғанын жақсы айтқан болатын. «Әр нәрсені өзінің атымен атаған жөн десек, табиғатпен туыстықтың адам жанын тазартар құдірет-қуатын келісті көрсетіп, Ғаламның шетсіз-шексіз кеңістігіндегі кез-келген нәрсенің өзіне тән қасиеті, өзіне тән қасіреті боларын тамылжытып тұрып танытатын мұндай жырлар Уитменнің «Шөп жапырақтарындағы» ғажайып суреттерден бір де кем түспейтініне дес берер едік».

Тағы оқыңыз: Тұманбай Молдағалиев: Мейірімді болуым – анамның арқасы

Есенғали қазақтың қара өлеңі мен халқымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған сөз байлығы тұнып тұрған фольклорын да өз туындыларында ұтымды пайдаланды. Жыраулар поэзиясындағы, кесек турайтын көркем жырдың келісті мақамын да, ол емін-еркін игеріп әкетті.

Уа, жалт еткен, жалт еткен!

Жай түссе де жасқанбас

Қарағай – менің қарт әкем

Қарағайға қарсы біткен сан бұтақ

Алағайда сыр бермейтін мәрт екен.

Мен айтайын мәрттігін,

Көне Алматы бойында,

Көркем Медеу ойында,

Көк-даңғыра қақты күн,

Көл-дария ғып шат түбін,

Қарлы нөсер құйғанда,

Қара оранды ақ түнім.

Шөгіп қалған нарбас тау,

Нарбас таудың алдында

Меймілдене толды астау.

Қарағайға қарасам,

Су тигізбей тамырына көп бұтақ,

Көлдеңдеп жазылды.

Бұтақ демей,,

Қанат десем болмас па-ау?

Нөсер өтті,

бұл жерге

не кетпеген, не келіп.

Арысым тұр беткейде,

Тамыры сау –

Қысы-жазы көгеріп.

...Бері таман келелік,

Қарындас жұрт – қара орман,

Қарағайдай қалың өскен ел едік,

Тамырыңды көрелік...

Ақын бір сөзінде «Шал мен кемпірдің баласымын. Жаңашылдыққа аса құмар емеспін. Сүйіп оқитыным – ертегі мен фольклор» деген екен. Дей тұрсақ та, Есенғали ұлттық поэзиямыздың тұнығы лайланбаған қайнарынан қанып ішіп, оған келісті көрік беріп, оны әлем әдебиетінің поэзиясымен әдемі ұштастыра білген – нағыз жаңашыл ақын. Ақын өлеңдеріндегі сананың ағысы да асау толқындардың қуатты екпініндей күшті болып келеді. Оқығаны мен көңілге тоқығаны мол, қазақтың тағы бір талантты шайыры Байбота Қошым-Ноғайдың дәл байқағанындай, ежелгі эпос пен жыраулық поэзияның тұмадай тұнық кәусарынан нәр алып, ұлттық үрдіске қайтадан бетімізді бұрған Есенғалидың таңғажайып туындылары көркемдігі және көтерген проблемаларының ауқымдылығы, мәңгілігі, көкейкестілігі жағынан әлем ақындарының алтын қорға лайық жыр жиһаздарымен шоқтық таластырып, бір сапта тұр. Ендеше Данте әулиелікпен айтқанымен, Гете мойындамай қойған «Әке, Бала және Қасиетті Рух» үштігін үйлестіру, яғни, көнені де ұмытпай, бүгінгі күннің де рухын түсініп, келешекпен де сырласып, мәңгіліктің сәулесіне айналу ақындардың пешенесіне жазылған тағдыры болып шықты ғой.

Бозаңға біткен боз жусан,

Боқыраудың күні болғанда

Бозарып барып солар ма,

Мен бозаңды құшып көз жұмсам,

Қара жер қойның толар ма?!

Сөгіле қыстың көбесі

Желкілдеп шығар көк өскін,

Мен неге, тәңірім, неге осы

Боз жусан ғұрлы емеспін.

Жүрегім толы өлеңмен,

Ояна алмаймын ақ таңда,

Бұлттар мен жылдар төбемнен,

Бұрқырай көшіп жатқанда.

Ақын лирикалық туындыларында халықтық фольклорымызға тән әдіспен табиғаттың жалпы көрінісінен бастап, жұмыр басты пенденің жалқы мұңына қарай ойысып, адам баласының бәріне ортақ жалғыздық тақырыбын жеріне жеткізіп жырлайды.

Көлегейлеп тау жақтан тылсым бұққан,

Қара қыжым пердені кім сырғытқан?

Алабұртып аспан тұр тас төбемде,

Хабар айтып реңі бір сұмдықтан.

Бұлттар ма анау, түтін бе будақталған,

Неден үрікті мына өзен тулап таңнан?

Әкем келді тағы да көз алдыма

Әлдеқашан сүйегі қурап қалған.

Көңілім қайтты қауыстан, қарашадан,

Қайтқан көңіл бұйығы, аласа әмән.

«Мен арманда қалдым ғой, білесің бе,

Не көрсеттім перзент боп, ана саған?

Ауырсынып тау жатыр қарашаны,

Қарашаға не десем жарасады?

Тұрып алды зіл аспан тас төбемде,

Менде қандай бар еді алашағы.

Неге қату қабағы салбыраған,

Мүмкін, айтар арызы бар-ды маған.

Неге мені тым жиі шақырады

Қара қыжым пердеден арғы ғалам?

Бір байқағанымыз, табиғаттың кез-келген көрінісі Есенғалидың ақындық жүрегін жұбата алмай, қайта керісінше, жаңа маусымның келуі жанын жылатып, жалғыздық дертін жамап беріп, оны қайғының тұңғиығына батыра түседі. Тіпті, қыстың аяқталып, көктемнің келуі де ақын көңіліндегі жалғыздықтың мұз-қайғысын еріте алмайды.

Есік алды беткей-ді,

Беткей жатқан көктем әнін тыңдаймын.

Қармен бірге еріп неге кетпейді

Мұң-қайғым.

Артта қалды ақ қыс емес,

қара қыс,

Шыныменен көктем келді, жайнап қырү

Тереземнің дәл алдындда бала құс

Сайрап тұр.

Қара боран,

Қатыгез жел,

Сірі қар,

Кешіп өттік біз барын.

Шүкір, әлі таусылмаған түрі бар.

Тұз-дәмім....

Асылы, табиғат пен жалғыздық Есенғали поэзиясының - ең басты тақырыбы, жүрегін жарып шыққан жырларының –жанды күретамыры. Соңғы жиырма жылдың ішінде туған ақын өлеңдерінде, бұл тақырып күрделеніп, тамыры тереңдей түседі. Жалғыздық тақырыбын ол жапон ақындары Сайге мен Баселардай табиғатпен байланыстыра қарастырады. Әсіресе, күз мезгіліне өлердей ғашық ақын, барлық уақытта онымен ең бір ардақты адамын жоғалтқан мұңлықтай қимай-қимай қоштасады. Осы тұрғыдан алғанда Есенғали лирикасы күз мезгілін ерекше сүйген қытай шайыры Ли Боның поэзиясымен қатты үндеседі. Мысалы, Ли Боның өлеңдерінде күз сөзі 312 рет кездеседі, Есенғалида да күз мезгіліне қатысты өлеңдер өте көп. Екі ақынның өлеңдерінде де күз – жалғыздықтың символы.

Келіп тұрмын өзім өскен шағылға,

Қоңыр күз бар жанымда.

Бұл ғаламда мені ұғатын - Күз ғана,

Шешем бар-тын, жатыр әне ол қабырда.

Қоңыр күзім, үндемейді қу маңдай,

Өңір дей ме бұл қандай?

Мына жарық дүниеде ол дағы.

Досы жоғын енді біліп тұрғандай.

«Ол дағы дәл мендей болған сорлы екен».

Неге суық кешегі жаз кең-мекен?

Өмір - өте көңілсіз той,

Жоқ, әлде

Осы тойдан кетіп қалған жөн бе екен.

Лирикалық қаһарманың қас-қағым сәттік көңіл-күйі кестеленген осы туындыда, басы артық дәнеңе жоқ. Бар шеберлігін салып күздің көңілсіз көрінісін суреттеуге де ақын аса қатты ұмтыла қоймайды. Бәрі сондай қарапайым - көңілге жақын, көзге таныс сүгіреттер. Сәтті таңдалған бірнеше деталь арқылы аяқталып қалған күз мезгілінің соңғы салқыны денемізді тоңдырғандай күйдің әсеріне бөлейді. Желдің жоқтығы анық байқалып, табиғат тыныштықтың мұңына батып, ақынның осы бір жерге жалғыздықтан жалығып, жүрегін жандырып бара жатқан сағынышын басу үшін келгенін түсінгендейсің.

Қимасам да, қиянатқа залалға еш,

Қоңыр күзім айтсам ба екен, саған қош.

Сосын қашан дос табасың, жазған-ау.

Сатпайтын дос, адал дос.

Дөңайбат бұлт, дөң асқан жол,

Дөкір күз,

Үнсіз ойда отырмыз.

Иығыма басын үнсіз сүйейді,

Жетім күз.

Оқырманның қиялдануы үшін де өлеңде ойлануға мұрша беретін кеңістік қалдырылған. Лирикалық қаһарманмен бірге ол да күз маусымы алып келген мұңлы сезімнің құшағына құлап, жалғыздыққа жаны бейіл ақын қайғысына ортақтаса алады. Табиғат мезгілінің қас-қағым сәттік құбылысынан үлкен дүниені көріп, мәңгіліктің жұмбағын іздеу – Есенғали поэзияның басты концепциясы. Мұндай өлеңдердің негізінде жапон ақыны Басе өмірге әкелген «саби» эстетикалық қағидаты жатыр. Бұл ұғымның сөзбе-сөз аудармасы жоқ. Оның бастапқы кездегі мағынасы – «жалғыздықтың қайғысы» дегенді білдіреді. «Саби» сұлулықтың ерекше концепциясы ретінде Орта ғасырдағы жапон өнерінің барлық стилін белгілеп берді. Сұлулық бұл қағидатқа сай меңзеуге бейім, күрделі ұғымдарды қарапайым, жарасымды формамен жеткізуге тырысады.

Есенғали поэзиясында күз фон ретінде ғана емес, айналадағы болып жатқан оқиғалардың қатысушысы, лирикалық қаһарманның қайғысына ортақтасып, тіпті, оны жұбатып, әрекет ете алатын жанды бейне ретінде көрініс табады. Шығыс классиктерінің жыр жауһарларымен таныс оқырман ретінде, ақынға мұндай жыр жауһарларды туғызуға қытай классигі Ду Фудың «Күзгі өлеңдерінің» де қатты ықпалы тигенін сезгендей боламын. Содан соң барып, Есенғалидың жаңа жылды неге күзден бастағысы келетінінің себебін түсіне бастаймын.

Бірінші қаңтар – жаңа жыл емес,

Жаңа жыл емес наурыз да.

Жаңа жыл күзден басталуы керек, меніңше.

Несі таң екен аспаннан ақ қар төгілсе.

Несі таң екен қылтиып көк шөп көрінсе?

Жаңа жыл күзден басталуы керек, меніңше.

Күл, мейлің,

Несі таң дерсің бұзылып кенет нілдей күн,

Еңсені басса зілдей мұң,

Жаңа жыл күзден басталуы керек, алайда,

Ал, неге күзден басталу керек?! Білмеймін.

«Құдайым кешіре, гөр. Поэзия ақымақтау болуға тиіс», деген екен орыс әдебиетінің пайғамбары Пушкин, жалғыздықтан жаны қиналғанда, Жаратушыға мұңын шағып. Барлық уақытта да ақын ақылға сыймайтын көбелек сезімдерді жырлап, екі жерде екінің төрт емес екенін дәлелдеумен келеді. Әрине, жаңа жылдың күзден басталмайтыны әмбеге аян ақиқат. Алайда дәл осындай қисынға келмейтін ой ұшқыны Есенғалидың аузынан шыққанда, күзге өлердей ғашық ақынға жақтасқың келіп, жаңа жылдың күзден басталмағанына өкінгендей боласың.

Ақын үшін күз мезгілі табиғатпен үйлесімділік тапқан жалғыздықтың нышаны ғана емес, адамның өтіп бара саналы ғұмырының ең соңғы символдық көрінісі де. Күз мезгілімен бірге адамның өмірін гүлдендіріп, жылу сыйлаған тіршілік аяқталады. Міне, осыдан кейін жанды жерін ұстара тіліп кеткендей қиналған Есенғалидың күзбен қоштасқысы келмеген сезіміне қалайша аяушылықпен қарамайсың.

Қыпша бел өзен жақта анау

Сайрайды бұлбұл тіл безеп.

Қыламықтаған ақ қар-ау,

Кідіре тұршы бір мезет.

Қайтпайтын шақты сағынып,

Қайғысын шегіп арманның,

Қараша қарын жамылып,

Қамығып әнге салған кім?

Жел ме екен жазды еске алып,

Сыңсыған арзу тілекпен?

Мен бе екем әлде кеш қалып,

Кеш қалып сені жыр еткен.

Әйтсе де, жалғыздық тақырыбы ақынның лирикалық шығармаларында тек күз мезгілімен байланыста қарастырылады десек, өтірік сөйлеген болар едік, оның барлық жырларынан, тіпті, махаббат лирикасынан да жаныңды тоңдырып жіберетін жалғыздықтың ызғарлы лебі еседі. Дей тұрсақ та Есенғали тұрмыс-тіршіліктің боданында жүрген бәріміздің де басымызда бар пендешілік жалғыздығын (үйі жоқ, көлігінің жоқ, атағының жоқ т.с.с.) жырлауға құштар, өмір-өлеңіне арқау етуге бейіл ақындардың сойынан емес. Мәңгіліктің шұғыласына шомылған ақын жырларынан адамзат баласының бәріне ортақ рахман нұрындай, иллахи асыл сезімдердің сәулесі жарқырайды. Ақынның тіпті, махаббат жырларынан да жалғыздықтың зары естіліп, жүрегіңді ұстарадай тілгілеп, жаныңды ыстық табады шыжғырғандай азапқа салады.

Ол өксіген қарс айырып көкірегін:

«Үйренісіп өзіңе кетіп едім,

Маған қиын болады жалғыз қалу,

Қалшы осында, қала ғой, өтінемін».

Өмірі үшін, о мейлі құмары үшін,

Ол қимады жанының жұбанышын:

«Маған қиын болады жалғыз қалу,

Ей, тас жүрек,

сен соны ұғамысың?».

Ал сен кетіп қалдың...

Құшағында жаз қалды қоңыр түннің,

Көз алдыңда көйлегі оның күлгін.

Сары шаш күз кездесті, бұрын, тегі,

Күз көрмеген секілді сен ұмтылдың.

Жабығып жүр,

қажып жүр демесін деп,

Күлген болып,

сол баққа келесің көп.

Жаз кіреді түсіңе,

шошып тұрып,

Күздің суық ерінін өбесің кеп.

Сары күзге сенбейсің, шүбәлісің.

Сыбырлайсың...

Қан жылап тұрады ішің:

«Маған қиын болады жалғыз қалу,

Ей, тас жүрек!

Сен соны ұғамысың?»

Есенғали – жалғыздықты сүйетін ақын. Жалғыздық жанын қинағанда ғана ол қолына қалам алып мәңгілік музамен сырласып, шерін тарқатады. Сондықтан да оның өлеңдеріндегі жалқы мұңды күндізгі азан-қазан тіршіліктің базары аяқталып, түннің өлі тыныштығы орнаған сәтте ғана түсінуге болады.

Өмірге екі қадам аттағаннан-ақ адамның жалғыздығы басталады емес пе. Жалған дүниенің қызығы көңілімізді алдағанымен, «адамның жанынан басқа ештеңесі жоқ», екенін Пифагор Самосский айтқан жоқ па еді. Ендеше жаныңның неге қиналып жүргенін түсінгің келсе, алды-артыңа қарайламай, жалғыздығыңа қарай қаш. Әрине, жалғыздық жүрегіңді жабырқатып, дертіңді қоздыратын уайымның улы тырнағы, алайда, адамды рухани түлетіп, жанын тазарта түсетін де – жалғыздық құдіреті.

Түнекті қуып санамнан

Шырағым жанып тұр алда.

- Періште неден жаралған?

- Оттан-дүр, - дейтін Құранда.

Мен жаққан осы шыраққа,

(Шырақ ол – үміт керемет)

Періште келмей,

бірақ-та,

Келеді жынды көбелек.

Періштең едім кекілді

Қайда алып келдің ал, бүгін

Жынды көбелек секілді,

Тағдырым менің,

тағдырым.

«Жалғыздық» деп аталатын лирикалық туындыдағы «жынды көбелек» - дүние жалғаннан орын таба алмай шарқ ұрған Есенғалидің көңіл-күйі ғана емес, жан-сырын айта алмай, жалғыздыққа ұшыраған ақындық тағдырының да көрінісі.

Көшеді бұлт боп ой легі,

Өтетін шығар жаумай-ақ.

Жынды көбелек дейді оны,

Өмірдің өзі саудай-ақ.

... Не деген суық түн еді,

Көбелек тоңып қалдың ба?

Бізді аңдып бір жел үнемі,

Жүреді есік алдында.

Бізді аңдып сол жел

жебе боп,

Ысқыра төніп келеді,

Өшкен от

Өлген көбелек – осы ма оған керегі.

«Ақын болып тумағандар, барлық күш-қайратын салып, мың жерден тырысса да – ақын бола алмайды», деген екен орыс поэзиясының тағы бір классигі Валерий Брюсов. Ақиқатында ақындық Құдайдың үлкен сыйы емес, қайта керісінше, адамның пешенесіне жазылған - ауыр тағдыры, Алланың - қатал сыны.

Елу жыл бұрын ауылда қой бағып жүріп, көк төріне шығып алған Есенин жұлдызына тамсанып, оған қызыға қарап, ұлы шайыр болуды армандаған Есенғали алпысқа келген шағында сөз өнерінің дерт, ал, ақын болудың ұлы азап екенін түсінген шығар. Кім біледі, мүмкін жүз жылдан кейін қазақ әдебиеті әлемді мойындатқанда, халқымыз жалғыздығымен арпалысып, мына жалғанға сия алмай кеткен ақынын есіне алып, аспан төрінде жарқыраған жұлдыздардың біріне Есенғалидың де атын беріп қалар. Дегенмен, ағымыздан жарылып, жүрегімізден шыққан сөз тасқынын тоқтата алмай жатқан біздің әңгімемізге қарап, Есенғали жақсы жырларын халқына беріп үлгерген бақытты ақын деп ойлайтындар қатты қателеседі. Келесі ғасырда қазақ халқы ақынын сағынышпен есіне алғанда оқитын, мүлде жаңа жырларын жазуды ол әлі бастаған да жоқ.

Көк өскін,

Кеше ғана күтті қалай ертеңді,

О, сенбеңдер, мен жыр жазған емеспін,

Оны жазған біреу еді. Ерте өлді.

Таңдарымды таңға ұрам,

Ұзатпақ боп көшті алға.

Сәл қалғысам, тереземнің алдынан

Өтеді бір сықырлаған ескі арба.

Атып тұрып, қара түнге үңілем,

Арба түгіл сайтан жоқ.

Арпалысам түнімен,

Кімге барып, жан сырымды айтам деп...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар