Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бозбала мен бойжеткен...

05.12.2018 5177

Бозбала мен бойжеткен

Бозбала мен бойжеткен - adebiportal.kz

(поэма)

Шұбырған соқпақ, сияқты тілген таспалар,

Таспа жолменен қайыспай тартар қасқа нар.

Шығысқа қарай, Қошақтан әрі көсіліп,

Маңғыстаудағы Бозащы түбек басталар.

Бозащы бойы басынан кешкен небір сын,

Көнеңді қозғап, қамшысы ойдың өрілсін.

Өзгені қайдам, өзіме бірақ өзгеше,

Талтаңдай басып, тартынбай шығар төрімсің.

Ойдым да ойдым тақырбас сорлар, жалаңаш,

Жалаңаш жер деп жырламай кету жарамас,

Терістік теңіз, түстігі – қырат, жазықтың,

Ақ шөбі менен ащысы өскен аралас.

Қырында киік, құмында қоян секеңдеп,

Құбылма теңіз ұмтылар елге жетем деп.

Орта еспе ауылы орнығып отыр озалдан,

Түбектің осы терістік бетін мекендеп.

Бір жағы Құлтай сораңы бітік, сары-ала,

Бір жағы Тәпей, Құлметен жатыр арада.

Өтірік-шынды әңгіме түрлі өрбитін,

Жол жүрген адам жоламас Шайтанқалаға.

Түрлене түлеп балықшы ауыл өрнегі,

Тоқыла бермек күн сайын өмір өрмегі.

«Путь к коммунизму» колхозы деген атының,

Өзі де дардай, сөзі де дардай көрінеді.

Матайдың ұлы Жақсығат онда басқарма,

Жоспарды артық орындап ылғи басты алға.

Қарауындағы колхоздың әрбір мүшесі,

Жүргендей еді арқасын сүйеп асқарға.

Тәртібі қатал, төске сап соққан темірдей,

Шөнжігін шынжау, ширатып алар шеріңдей.

Құшағы ашық, қардер боп келген кісіге,

Жанына жайлы тиетін, жаздың желіндей.

Қайраны бар ма, ауданнан құдай қылса алыс,

Иықтан басып, бітуін күткен мың-сан іс.

Шаршатқан шаруа , шалғайын жиып алуға,

Жетісе бермес кейде бұған мұрша, күш.

Қашан да халық, қоңторғай күйге қарамай,

Далиған анау, пейілі сайын даладай.

Жұдырық болып жұмылған саусақ сияқты,

Барлығы бейне бір үйден өрген баладай.

Ұйымшыл ұжым тірлікте тынбай, тырысса:

Ынсабы ырғын, ынтымақ пенен ырысқа.

Осылар барда қандай да болса жасығың,

Алдырмас қамал, айналар мықты құрышқа...

...Көтерген шақта қаһарлы жылдар қатпарын,

Ерекше есім қоюды ойлап жатпадым.

Тағдыры талай жандарға ортақ болған соң,

Бозбала менен Бойжеткен қойдым аттарын.

Елестеп маған еңбеккер жандар бейнесі,

Жасаған жұмыс, жабысып термен жейдесі.

Өмірдің өзі оларды ерте есейткен,

Дамылсыз мынау қағылып мезгіл делбесі.

Жастарға мақсат, перзенттік парыз теңдеген,

Орта еспе – Отан, Орта еспе –бесік, тербеген.

Тірлігі күнде толқындай жатар толғанып,

Кіндігі бірге осынау жұмақ жерменен.

Бұйрат құм бүркеп, бауырға қысып боз дала,

Отырушы еді Бойжеткен менен Бозбала.

Кездескен сәтте атқақтай соғып қос жүрек,

Көңілдің сөзін тұратын айтып көз ғана.

Ыстық от шарлап жүргендей тұла бойларын,

Отырар ұзақ, қарауылындай қойманың.

Қиялға еріп, жеті қат көкті кезеді,

Таба алмас едің Орте еспе жақтан ойларын.

Желпіді самал бетінен сүйіп, жай, құмды,

Махаббат – бақтың, мәңгілік жыры айтылды.

Айшықты әсем сырғадай, ару тағынған,

Айтылған сертке куәдай қарап ай тұрды.

Бойжеткен биыл он сегіз жаста, дер кезі,

Құлпырған қызға қанығып қалған ел көзі.

Жиырмаға шығып, қылыштай қылпып Бозбала,

Секілді боп жүр: батыр да өзі, ер де өзі.

Ажалын айдап, батыстан тажал түйіле,

Үрейін үрлеп ауылдың әрбір үйіне.

Астан да кестен болды ғой, соғыс басталып,

Дауылды күнгі сырғыған құмдай дүние.

Табанға түсті қаншама жерлер, қайран да...

Қанды қол жендет шеңгелін созып жайды алға.

Отанға қауіп төнгенде қалай отырмақ,

Бозбала бірден сұранған сонда майданға.

Аттанар күні... Біреудің бармақ жалқысы...

Түгелдей келген шақыру алған бар кісі.

Кетеді бүгін, орталық қала – Кетікке,

Бір құдай білсін, беймәлім одан арғысы.

Бойжеткен мұнда жүгіре жетті, қалмай жан,

Алқынып демі, ондайда болсын әл қайдан...

Ұшатын құстай Бозбала дереу ұмтылып,

Айқасып құшақ, ынтыға сүйді маңдайдан.

Қоштасты қыз да егіліп үнсіз, қия алмай,

Қалайша көнбек, жібермек қалай қиянға-ай?!

«Жасаған ием, жар бола гөр!» деп жалынып,

Дәрмені құрып, отырып қалды құяңдай...

...Қаламы қолда, Бозбала окоп ішінде,

Хат жазып отыр толғанып ойлы пішінде.

Шарадай болған шарасыз басын шайқайды.

Санасындағы сырласып іштей мүсінге.

«Сүйіктім менің! Аман-сау жүріп жатсың ба?

Айтылған сырым, адаспай сені тапсын да.

Күтіп тұр алда шабуыл, алғы шептемін,

Бөлімше біздің таңертең алған тапсырма.

Жартысы елде қалғандай бейне жанымның,

Толғанып тұрып, ауылды туған сағындым.

Шуағын шашып күлетін күні шығыстан,

Тырмыса шығып, төбесін басып шағылдың.

Халдерің қалай? Қайдасың қазір қалқам-ай,

Екеуміз-дағы күй кешіп жүрміз әрқалай.

Бермейді маза өзіңді ойлағаннан ба,

Санамды сұрақ арадай шағып, анталай.

Жүрсең де тылда тимейді оңай, түсінем,

Майданға әркім қосып жүр үлес, ісімен.

«Амандық хатты» көгершін құстай ұшырдым,

Сұрапыл шайқас, алапат айқас ішінен.

«Көгершін құсым» өзіңе самғап жетер ме,

бораған оқтан аман-сау өтсе, бекер ме?!

Халқымды қорғап жүрмін-ау деген бір сезім,

Кеудеге қайнар күш құйып кетеді екен де!

Жырақта қалды жастықтың шаттық-сайраны,

Сайранның соңы – Сталинград майданы.

Жағадан кетпей көлдегі жауыз жыртқыштар,

Қос аққу сынды қауышар күндер, қайда әлі...

Білдік қой енді, тыныштық дәурен бағасын,

Жатырмыз қазір жастанып қалмақ даласын.

Жау жағы алға жылжи алмаған,ашулы,

Қасқырдай ұлып, жазбақшы жалап жарасын.

Сыналар сәтте, көтерер жүгім мол, білем...

Қинасын мейлі, қиындық мені, көндігем!

Мойылдай көзің мөлдіресін деп, мұң шалмай,

Шайқасам сәулем, қалғанша бойда соңғы дем.

Тоз-тозы шығар, торлаған соғыс бұлты да,

Дұғай да дұғай сәлемді жеткіз жұртыма.

Жеңістің туын көтеріп қайтам, күт мені,

Аяулым, жауап хатыңды тосам, ынтыға...»

...Пошташы жүрсе ауылдың ішін аралап,

Үкідей көздер тесіле қарап қалады-ақ.

Кінәлі жандай көңілі жер боп жүргені,

Жүрегін жұрттың жүргендей өзі жаралап.

Жақсылық болса, жеткізгенше асық жан сала,

Жақтырмас біреу, қаралы қағаз алса да.

Торы атқа мінген пошымы бөлек пошташы,

Торы атты шалдан торыққан жандар қаншама.

Бір үйде сонда, шаттыққа толып шаңырақ,

Бір үйде сонда, боздағын жоқтар аңырап.

Торы аттың басы туралап келсе есікке,

Үміт пен күдік тайталас түсер жамырап.

Шыдамы біткен «шиқаны» шалдың жарылып,

Тынысы тіпті кеткендей оның тарылып.

Құйтырқы кәсіп құйрығын кесіп құтылмақ,

Жайсыздау тиген жағдайын айтып, арылып.

Кеңсеге кірген, қырсыққан қарттың қаталы-ай,

Дүр етті қоржын, құлаштап атқан сақадай.

Басқарма аң-таң, шаршаңқы жүзді шал менен,

Қоржынға қарап, ауызын ашқан бақадай.

-Қарағым, мына жұмысың маған қол болмай,

Қайғылы жанмен қосыла жылар, сор болды-ай.

Әкелдім әне, көлігің менен қалтаңды ал!

Торығып келдім, тұзаққа түскен торғайдай.

-Болғам жоқ, әзір, кежегем тартып, керенау,

Жастарды жекпей отыр бұл дерсіз, неге анау?!

Мұндайда, сірә, бала емес, дана өзіңдей,

Басуын айтып, дем берер біреу керек-ау...

Дегенде бастық, шабынған шалың шалқайды,

Дуалы сөзге дау айта алмай марқайды.

Бұрынғы қамыт бұйырар түрін байқайды,

Шарадай болған шарасыз басын шайқайды.

Болған ба себеп, бастықтың берген «сабағы»,

Момақан күйде, ашу жоқ өңде манағы.

Көзіне «күйік» қоржынды қысып қолтыққа,

Қонжиып атқа, пошташы кетіп барады...

...Іргеден дұшпан, жұмыстан қалай тартынбақ?!

Бойжеткен қазір балықшы болған, қарқындап.

Түрінген балтыр талайдың жанын түртеді,

Балықтың анау бауыры сынды жарқылдап...

Қып-қызыл гүлдей, орамал тартқан қырмызы,

Жап-жарық қылып тұрғандай маңын нұр жүзі.

Бір нәзік жылу төгіліп тұрса жанардан,

Қандай да жанның кеткендей еріп сүр мұзы.

Сынбайтын исе, сәмбі талға ұқсап, төнсе сын,

Көтеріп тіке ерлермен бірдей еңсесін.

Атылған оқтай, түсетін ауға әр балық,

Көрсетіп бағып, жатыр-ау жауға ел, сесін.

Табысты жалғап еңбекпен атар әр таңын,

Құлаштай тартып, зілмауыр аудың арқанын.

Ісіне мығым, әйел ғой зады демесең,

«Бір бидай еді ішінде жүрген арпаның».

Ұсынбай сый ғып, еңбекте жеткен жеңісін,

Бәрі де майдан, бәрі де туған ел үшін.

Алынған меже асуын місе тұтпастан,

Ұзарта түспек орындар жоспар желісін.

Бұрала басып, барады қалқып Бойжеткен,

Жанары мұңды, немене екен ойлы еткен?!

Ырғалып қалып, қос бұрым қыпша белінде,

Көлбеңдей өтсе бүрмелі жібек көйлекпен.

Балықшы қосы. Пошташы кейіп, күңкілдеп:

«Бойжеткен қайсың? Алсыншы хатын, бұл кім?»,-деп.

Қызарған алма сияқты жүзі, қымсынып,

Созған-ды қолын, жүрегі құрғыр лүпілдеп.

Аулаққа барып, оңаша жерге тасалау,

Дірілдеп демі, аптығып жүріп ашады-ау...

Тіл қатып тұрды, аймалап қызды әр әріп,

Сулайды хатты, шаттықтан шыққан жасы анау...

...Жүйріктей жүйткіп арада өтті жарты жыл,

Хабар жоқ әлі, баяғы күткен қалпы бұл.

Қайсарлық қана келеді оны құлатпай,

Желбіреп желдің өтінде өскен жалқы Гүл.

Кеудеге басып, қағазды ұстап қамықты-ай,

Қайталап қайта оқудан күнде жалықпай.

Сүйгені жолдап, жіберген тұңғыш жалғыз хат,

Жүрекке сәуле түсірер нұрлы жарықтай.

Сол ғана мұны қолтықтан алып демеген,

Сол ғана мұны саясына алған ер-Емен.

Сәл ғана мұңы көзінде жатты ұялап,

Сол ғана мұны сезімге тәтті бөлеген...

...Мамырдың гүлі жұпарын шашып жердегі,

Сүйінші сұрап жүгірді жандар елдегі.

Қуаныш-тасқын, кеудені кернеп, селдеді,

Жеңіс те келді, сүйгені бірақ келмеді.

Келмеді...қайтсін, қападан құса өлмеді,

«Хабарсыз кетті» дегенге көңіл сенбеді.

«Кебін емес-ті, кебенек киіп кеткен» деп,

Сенімнің әсте шырағы жанған сөнбеді.

Намысқа тиер, налытқан сөзге нана алмай,

Мұның да көкте жұлдызы туып, жанардай.

Үкілеп жүрген үмітітң жібін үзбеумен,

Елеңдей күтті, ертең-ақ келіп қалардай.

Сағымдай көшті, бұлдырап артта сан жылдар,

Бозбала болды кешегі сәби балғындар.

«Келеді елге, келмеуі мүмкін емес» деп,

Шерткендей сырын, сыбырлап бұған шалғындар.

Сағынған шақта шарлайды ауыл шағылын,

Осы ғой, осы... бейнесі ыстық шағының.

Отырар еді... Бозбала бардай жанында,

Аялап, ішкі аяулы арман ағынын.

Солай да солай, сынаптай сырғып жыл деген,

Ұлғайып жасы, ызғырық есті іргеден.

Әлеміш әжім, ағарған шаштың әр талы,

Біле білгенге, киелі неткен сырлы өлең!..

Баяғы түрдің бірі жоқ, беттен әр тайып,

Кейуана боп, тартыпты еңкіш, қартайып.

Айрылмай қойды аяқтан шалып ауру да,

Жиілеп кетті, жатуы ылғи жантайып.

Жазмышқа шара жоқ екен сірә, көнді бұл,

Жаутаңдай қарап, жанардан сөнді соңғы нұр.

Өлерінде де «келді ме?» деумен, қайталап,

Солды ғой ақыр күтумен өткен сол ғұмыр...

...Өмір ғой өмір... Өкінішсіз ол болған ба?!

Түй ін түй содан, тағдырды ойлап толған да.

От шалған жердің орнында қаулап жас шыбық,

Айналып кеткен тамыры терең орманға.

Мәңгілік алау, қарасаң анау көз қақтар,

От кешкен, сонда, түседі еске боздақтар.

Қаныққың келсе, қасірет тұнған күйлермен,

Қаһарлы жылдың қыл ішегін, бар, қозғап қал...

Қаһарман көрсем, батыр ғой десем таң қалма,

Өздері өлген, жол ашып беріп арманға.

Бүгінгі ұрпақ сол үшін мәңгі қарыздар,

Бозбала менен Бойжеткен тектес жандарға

Медет Дүйсенов

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар