Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Будапештегі домбыра дауыс, қобыз-үн......

03.10.2017 5067

Будапештегі домбыра дауыс, қобыз-үн...

Будапештегі  домбыра дауыс, қобыз-үн... - adebiportal.kz

  1. Алыс та жақын мажарлар

Тарихи деректерде, екі мың, тіпті үш мың жылдан бері, сақтардан бастап, сарматтар, ғұндар, яғни көшпенділер батысқа қарай жорық жасаған. Аттила (Еділ) деген құдіретті бабамыздың ол жақта үлкен мемлекет құрғаны да тарихтан белгілі жәй. Ғұндардан кейін аварлар, оғыздар, одан кейін қыпшақтар да мекендеген мекен бұл. ХІІ ғасырларда Балқаш, Арал, Каспий, Қара теңіз жағалауын жайлаған түркі тайпаларының мекені Дешті Қыпшақ немесе Қыпшақ Даласы деп аталғаны тарихтан белгілі. Тарих бедерінде түрлі қырқысулар мен алапат соғыстар болып отырған.

Тарихқа көз жүгіртсек, ХІІІ ғасырда моңғол шапқыншылығынан күйрей жеңілген қыпшақ ханы Көтен қырық мыңдай қолымен Карпат тауының қойнауында орналасқан Дунай жағалауындағы Мадияр корольдігінің сол кездегі 4-королі Бэладан қоныстанатын жер сұраған. Сол кездегі мажар тарихшыларының жазуы бойынша, Түркі Арпад әулетінен шыққан 4-король Бэла қыпшақтарды бауырым деп қарсы алады. Бұл оқиғаға байланысты Мажарстанның Қарсақ қаласында ескерткіш орнатылған. Король Бэла ұлына Көтен ханның қызын алып береді. Бэланың немересі, Көтен ханның жиені король Ласло билігі тұсында Мадияр патшалығында қыпшақтардың даңқы аспандайды. Қыпшақ тілі сарай тіліне айнала бастайды.

Христиан мемлекетіне түркілердің билік жүргізуінен қорыққан мадиярлар король Ласлоға у беріп өлтіріп, Папа 9-ыншы Иннокентий мажар қыпшақтарына манифес арнап , «Киіз үйде тұрып, көшіп-қонуды қойыңдар, Тәңірге сиынуды доғарыңдар, христиан дінін қабылдаңдар» деп әмір шығарып, қыпшақтарға қысастық көрсетеді. Ата дінін қимаған қыпшақтар атқа қонып Алтын Орда құзырына өтеді. Днепр казактарымен бірігіп, Мадияр еліне соғыс ашады. Пештке дейінгі жерді талқандағанын көрген соң католиктердің қарқыны бәсеңдей түседі. Арада екі жүз жыл өткен соң ғана қыпшақтар христиан дінін қабылдаған. Тарих осындай сыр шертеді.

Осы орайда есімізге Бейбарыс бабамыз түседі. Тарихта Бейбарысты қол астындағы бірде бір халықтың дініне қол сұқпаған әділ билеуші ретінде де таниды. Әлемге әйгілі түркітанушы ғалым, тегі қыпшақ Қоңыр Иштван Мандоки: «Шамандыққа байланысты әдет-ғұрыптарымыз жақсы сақталған. Бізге Ислам діні әсерін тигізгені алыстан ғана байқалады, Құраннан қалған дұғаларымыз бар, олар арабша айтылмайды, төл тілде айтылады» деп жазған.

2. Лакителек

Лакителек Буджапештен қырық шақырымдай қашықтықта орналасқан өте әдемі шағын қалашық екен. Мажарстанда , Лакителек Халык Иституты әлем халықтарынын тілдері мен мәдениетін окып үйретуді қолға алған. «Лакителектің» басшысы әрі спикерлік қызметтегі Шандор Лежактың қолдауымен бұл институт жиырма жылдан бері жұмыс жасап келеді. Жазда Лакителекте оқу_ тынығу лагері өтеді. 2015 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананын басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның колдауымен Будапештегі академиялық кітапханаға іссапармен барған кезімде, осы лагерьге қазақтың салт -дәстүрі мен этнографиясынан сабақ беру туралы ұсыныс болған еді. Сәті биыл түсті. Лакителекте 6 тіл ( қазақ, орыс, украин, монғол, белорусь, мажар) бойынша секцияларға бөлінген сабақтар өтті. Ресей, Қазақстан, Украина, Монғолия, Белорус елдерінің өкілдерін шақырған . Ашылу жиынында сөз сөйлеген профессор -оқытушылардын қатарында болып, институт директоры Шандор Лежак мырзаға " Дина -Dina" атты қазақша-түрікше кітабымды тарту еттім. Қазақстанның Венгриядағы төтенше және өкілетті елшісі Рүстем Нұрбах оқу орталығына келіп, қазақ тобындағы мажар студенттермен кездесу өткізіп, жиналғандардын сұрақтарына жауап берді. Қазақстан туралы фильм көрсетіп, қазақ тіліндегі кітаптарды студенттерге тарту етті.Сондай-ақ, оқу топтарының жұмыстарымен танысу үшін Белоруссияның Мажарстандағы төтенше және өкілетті елшісі А. Хайновский, Моңғолияның президенті Х. Баттулга да Лакителекте кездесу өткізді. Қазақ тобында оқыған мажар жастары арасында студенттер, қызметкерлер де болды .

Бір сабақты қазақтың күй өнеріне , киелі аспабы домбыраға, күй тұлғаларына арнадым. Биыл ғана «Фолиант» баспасынан шыққан " Дина- Дina"атты қазақша-түрікше альбом -диск кітабым жақсы көрнекі құрал болды . Мажар студенттеріне Кадыр Мырза Әлидін бір шумақ өлеңін айтып едім, домбыра туралы. Бұл өлеңді ұнатқандары соншалықты жаттап та алды. Будапештің өзінен және басқа қалалардан жиналған бұл қауым біраз жылдан бері қазақ тілі мен мәдениетіне құмар жандар екен. Биыл Лакителек келушілер санын шектеген. Әйтпесе қазақ тілі тобына жазылушылар көп болады екен. Татар, қырғыз, әзербайжан, түрік тілдері курсына жазылушылар аз болған соң, бұл топтар биыл шақырылмапты. Сегед университетінің Алтаистика факультетінен бір студент болса , қалған сегізі жақын және алыс қашықтықта қазақ тілі мен салт-дәстүрін оқытып үйретіп жатқан Мажарстандағы Қазақ диаспорасының төрайымы, қазақ тіл лекторы Онайша Мандокидің шәкірттері . Көбісі атасы не анасы жағынан қыпшақ қанды боп келеді. Ата-аналары Қазақстанда кыпшақтар тұрады екен, қазақ тілін үйренсеңдер дейді екен. Қыпшақтар бар , олар бір ру аты дейміз біз. Шетінен алғыр, қазақша ән салғанды ұнатады. «Тұла бойым тұнған қыпшақ» дейтін Золтан Хишти "Адайды" өзі интернеттен үйреніп алыпты. Құрманғазы туралы деректер айтып, фотосын көрсеткенімде, кызығып тыңдап отырды. Лакителекте оқумен қатар мәдени –әдеби шаралар да жие ұйымдастырылды. Бір қызығы, жыл сайын өтетін бұл тіл курсында басқа тіл тобында оқып жатқан жастар қазақ тіліне қызығып, келер жылы осы топқа ауысып келе береді екен. Мысалы: былтыр орыс тілі тобында болған Аттила биыл қазақ тілі курсына келіпті. Биыл да қызығы сол, екі мажар қызы оқып жатқан топтарынан , қазақ тілі тобын ұнатындықтарын айтып, ауысамыз деп тілек білдірген . Мажарстан Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері, түркітанушы-этнограф Давид Қараның айтуына қарағанда мажар жастарында қазақтың тілі мен салт-дәстүріне, мәдениетіне деген үлкен қызығушылық бар .

Лакителек - өте жақсы ойластырылған және әлем тілдері мен мәдениетін танытуға арналған ғажап жоба.

3. СЕЧЕНИДЕГІ « ҚАЗАҚСТАН ӘДЕБИЕТІ»

Әр халықтың да қасиет тұтар рухани қазынасы – кітап десек, кітапхана – рухани қазынаның алтын ордасы. Былтыр Будапештегі атақты Сечени кітапханасында Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстандағы Венгрия Елшілігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының әкімшілігі « Қазақстандық әдебиеттер мен мәдениет орталығын» ашқан еді. Орталықтың ашылуы барысында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Сечени атындағы Венгрия Ұлттық кітапханасы арасында ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Сечени кітапханасы 1825 жылы граф әулетінен тарайтын меценат Иштван Сеченидің бастауымен пайда болған екен. Ол өзінің тапқан табысын осы кітапхананы салуға арнапты. Бұл кітапханада Сеченидің жеке қорындағы 12000 кітаптары сақталынған. Кітапхана музейінде алғашқы кітап-қолжазбалар, ежелгі карта-сызбалар, ерте заманғы орындық- шкафтар, сия –қаламдар т.б басқа заттар қойылған. Кітапхана ісіне мол қаражатын аямай салып , кітапхана мәдениетін қалыптастырған меценат Сеченидің құрметіне арнап, Сеченидің және оның ұрпақтарының суреттері ілінген және олардың шығу тегі туралы анықтамалық та бар . Кітапханаға арнайы рұхсатпен ғана кіре аласыз. Сечени кітапханасында Қазақстан, Қытай, Тайвань елдерінің ғана кітап орталықтары ашылған екен. Сечени кітапханасының кітаптарды толықтыру орталығының басшысы Ева Дани ханым кітапханамен таныстырып, сұрауым бойынша «Қазақстан әдебиеті» орталығына апарды. Орталықта Нұрсұлтан Назарбаевтың , Абай, Мағжан, Мұхтар Әуезов, І. Есенберлиннің, Ә.Кекілбаевтың және белгілі түркітанушы-ғалым А. Гаркавецтің кітаптары қойылған. Барлығы 30-дан аса кітап бар. Бұл сөрелердегі кітап коры толығады әлі. Өзімнің " Дина_ Dina"атты кітабымды кітапханадағы «Қазақстан әдебиеті» орталығына сыйладым.

4. Қоңыр салған ізбен...

Атақты түркітанушы-ғалым, этнограф , отыз екі тіл білген полиглот, соңына мол ғылыми мұра қалдырған Қоңыр Иштван Мандоки – екі ел қазақ-мажар арасын біріктірер үлкен тұлға, үлкен қайраткер. «Қоңырдың екі ел арасындағы ұлы тарихи қандастықты жан-жақты дәлелдеп қана қоймай, ел мен елдің бірлігі, ортақ мәдениеттің гүлденуі, өзара қарым-қатынастардың кемелденуі жолында аянбай еңбек еткенін қазақ халқы мақтанышпен жадында сақтайды, үлгі-өнеге тұтады» деп Елбасымыз Н.Назарбаев та үлкен бағасын берген еді. Бүгінде Мажарстанда Қоңыр салған ізбен өсіп келе жатқан жастар көп . Соның бірегейі Венгрия Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері , түркітанушы-этнограф Давид Шомфаи Қара студент кезінен Қоңыр Иштван Мандокиге шәкірт болсам деп армандаған екен. Оңайша апамыз Давидке Дәуіт деп қазақша ат қойыпты. Дәуіт десең, кәдімгідей қуанып қалады. Оннан аса тілде еркін сөйлеп , ғылыми дүниелер жазып жүрген Давид бұл күнде Қоңырдың көзіндей. Қазақ тілінде жатық, акцентсіз сөйлейді. «Алпамыс батыр» эпостық жырын жатқа айта жөнелгенде, осы арадан тоқтай қалшы демесең, ертеден қара кешке жырлауға бар. Мажардың түркітанушы, жас ғалым қызы Жужанна Жидай қазақ тілін Давидтың көмегімен үйрене бастағанын айтады. Алматыда, ҚазҰУ-дің докторантурасында оқып жатқан Жужанна жазғы демалысқа еліне келіпті. Жужанна мені таңғалдырды! Будапештегі әуежайдан түсе сала , чемоданын көтеріп туған үйіне емес, бірден Лакителекке келіпті. Қазақ тілі курстарына қатысу үшін. Қазақ тіліне деген не деген құрмет, не деген махаббат! Ұзын бұрымын қазақ қыздарындай ғып өріп, құлағына қазақша өрнекті сырға салыпты. Бар жаңалығымен бөлісіп, Қазақстанның ұнағанын қазақ тілінде жеткізіп жатыр. Кетерінде Егер қаласында тұратынын айтып, «маған қонаққа келші , сені ата-анаммен таныстырғым келеді» деп шақырып кетті. Бұл жолы қонаққа барудың сәті түспеді. 80-жылдардың басында Қоңыр Иштван Мандоки қойын дәптеріне былай деп жазған екен: «Әлемде қазақтың тіліндей әдемі тіл жоқ, қазақтың дәстүрінде адам ұялатын оғаш нәрсе жоқ, ұлттық киімдері әсемнің әсемі. Сонда қазақтар өз тілінде сөйлеуге, ұлттық киімін киюге неге ұялады екен? Неге салт-дәстүрлеріне жатырқап қарайды екен?». Давидтің айтқаны: «90-жылдары Оңайша апайдың көмегімен Алматыға университетке келіп оқыдым. Будапештке келгенімде әке-шешем таң қалған: «Қалтаңда соқыр тиының жоқ, танымайтын елде қалай оқыдың, қалай күн көрдің?» деп, «қазақтар мені бауыр тұтты, көмектесті, аш болмадым, олар сондай ғажап халық» дегенімде, «Шынымен де ғажап екен! Ондай да халық болады екен-ау,ертегі сияқты» деген еді .Бірақ 90-жылдармен салыстырғанда, қазіргі қазақтардың мінезі көп өзгеріске ұшыраған.»

5. Өтеміс, Басқұншақ бар...

Мажарлар түріктің сазы, қырғыздын комызына емес,

неге домбыра мен қобызға қызығады екен, не құдырет?!

Богларка Фехейр,

мажар қызы, 15 жаста, гимназия окушысы.

"Тұран" этно- фольклорлық ансамблінің концертін көрген сон, қобыз үніне құмартқан. Ата- анасы қобызға тапсырыс беріп ,Еуропадағы бір шеберге жасатқан екен. Қобызды қорабының сыртынан қалың шүберекке орап, баладай баптап, жанынан тастамай арқалап жүргенін көргенде жақсы көріп кетеді екенсің, жүрегің елжіреп. Өзі ән айтады, өлең жазады, әуенін де жазады. Золтан Хусти 17 жаста. «Тұла бойым тұнған қыпшақ» дейді . Домбыранын үніне қызығып интернеттен үйреніп алыпты. Домбыраны өте жаксы көреді екен, домбыраны колына алғанда, екі беті қызыл шырайланып, көздері күлімдеп , арқаланып кетеді . Бұл екі баланың да арнайы музыкалык сауаттары жоқ, мектеп оқушылары, бұл жақта 12 жылдық мектеп. Басында нота арқылы үйреніп жүрген болар деп ойлағам. Сөйтсем, нотамен хабарлары жоқ. Давид Қараның айткан сөзі дұрыс шамасы: « Сенің Құрманғазы атаң мен Дина әжең нота біліп пе?! Аруақ қой , домбыра мен қобыз деген!». Рас –ақ! Taмaш Палчо да қазақ тілі курсына қатысып жүреді. Оңайша апай оған қазақша әндерді үйрете бастайды." Елім-айды» шырқағанда аңыратады , төбе құйқаңды шымырлатып. Орши Ешзени қазақ тіліне ғашық , 3 жылдан бері қазақ тіл курсына үзбей қатысады екен. Қыпшақпын дейді. Аттила Лажош қазақша жыр оқығысы келетінін айтты. Өзі университетте ағылшын-орыс филологиясында оқыса да, өз калауымен қазақ тіл тобына кеп катысып жүреді . Бұл жастардың бәрі де Мажарстандағы Оңайша Мақсымқызы апамыздың басынан сипап бәйге атындай баптап жүрген шәкірттері. Шетелде қазақтың тілі мен мәдениетін насихаттап дәріптеп жүрген Оңайша апамыздың еңбегі зор деп білеміз.

Түскі ас үстінде столға алма қойылыпты. «Алма» дедім қазақша. «Алма» деді олар мажарша. Кезінде Қоңыр Иштван Мандоки қазақ пен мажар тілдеріндегі сөздер мен жер –су аттарының , мақал-мәтелдерінің ұқсастығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп жазды ғой. Мысалы: арқан, арпа, балта, алма, ұршық, қобыз, тезек, шанақ, т.б. сөздер, Өтеміс, Шеңгелі, Жыланшық , Басқұншақ деген жер-су аттары Мажарстанда да бар. Өздері кітапқұмар халық па деп қалдым. Паркте, метрода, трамвайда кітап оқып отырған адам көрсең, таңғалуға болмайды екен. Олар үшін бұл қалыпты жағдай сияқты.Бір жас жігіттің әкесінің төрінде жаткандай шалқайып паркте кітап оқып жатқанын көргенде қатты таңғалдым. Ол жақта кітапқа құрмет бар екен. Оны кітап дүкендеріне барғанда көрдім. Үлкен сауда орталықтарында біздегідей косметиканың не балалар ойыншығының бір бөлігі емес, арнайы екі қабатты кітап дүкені қылған. Сатушы ғана емес, бірнеше қызметкер жұмыс істейді екен. Менің алғашқы сұраған кітабым Орхан Памук болды. Памуктың бірнеше кітабы мажар тіліне аударылыпты. «Сезім музейін» көрдім. Мажарша «Күнәсіздіктің музейі» деп аударылған. «Менің атым Қырмызыны» көрдім, ол кітап «Менің атым Қызыл» деп аударылған екен. Екі кітапты да колыма алып , карадым. Байқағаным, Астанадағы « Фолиант» баспасы шығарған Орхан Памук кітаптарының сапасы Будапешт баспалары шығарған кітаптын сапасынан бір мысқал да кем емес. Бұл қуанышты жағдай. Көпшіліктің есінде болар, былтыр Орхан Памуктың осы екі кітабы түрік тілінен қазақ тіліне аударылып, оқырмандарға жол тартқан еді. «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен ырым-тыйымдары» деген кітапты дайындап беретін болдым, мажарша аударылып кітап боп шығады, бұйырса. «Дина» поэмамды да мажар тіліне аудару жоспарда тұр. Сондай-ақ келер жылы «Қоңыр» атты прозалық туындым мажар тілінде Будапеште жарық көрмекші .

Будапешт – өте әдемі қала. Буда қамалы, Геллерт тауы, Дунайдың аспалы көпірлері, Парламент үйі, Батырлар алаңы туристердің жанын баурайтын әдемі орындар. Мажарстан жер астынан шығатын минералды ыстық суларымен, хауыздарымен де даңқты. Бұл елде орта ғасырлық тарихи орындар мен ескерткіштер сол қалпында жақсы сақталған. Мажарлар ескілікті қатты құрметтейтін ел екен.

Маржан ЕРШУ

Астана-Будапешт-Лакителек-Астана


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар